• Мәдениет
  • 02 Шілде, 2020

Абай жолындағы арна

Ұлттық мәдениет тәуелсіздігіміз бен болашағымыздың алтын діңгегі. Мұхтар Әуезов «Кімде-кім өзінің ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса оны мәдениетті адам деп санауға болмайды» деген еді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өскелең ұрпаққа дәріптеу біздің парызымыз. Ескімізді жаңартып, көнемізді көркемдеп, өшкенімізді қайта жағатын «Абай TV» арнасы ашылды. 

«Әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, 2020 жыл еліміздегі ерекше маңызды оқиғалармен есте қалатындығы анық. Соның бірі – Абайдың 175 жылдығы. Биыл ұлы ақынның мұрасын дәріптеуге арналған ауқымды жұмыстар басталды. Іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр. Бұл – барымызды бағалайтын, болашағымызды бағдарлайтын нақты қадам болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген қоғамдық сананы қайта түлету ісінің мән-маңызы осында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «ақынның мұрасы бүкіл адамзат баласының рухани азығы» деп лайықты баға берді» деді телеарнаның ашылу салтанатына қатысқан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев. Оның атап өтуінше, тұсауы кесілген жаңа телеарна мәдени-ағарту саласына үлес қосып, ұлт қазынасын толтыруды көздейді. «Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғас ады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшылдың «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек... Ұлы ақын тағы бір сөзінде адам баласын заман өсіреді дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді» деді Дәурен Абаев. Айта кетейік, телеарнаның ашылу шарасына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты. ҚР ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі Аида Балаева ҚР Президенті жанын­дағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен халық алдында есеп беру кездесуінде: «Министрлік отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілет­ті­лігін дамыту және арттыру бойынша дәйек­ті жұмыстар жүргізуде» деп хабарлаған еді. «Абай» телеарнасы 30-шы маусымнан бастап жұмысын бастады. Ол «Qazaqstan» ТРК кеңістігіне кіреді және жалпыға ортақ мәдени мұрамыз бен ұлттық мұрамызды дәріптейтін арна болады. Ал «Әл-Фараби» телеарнасы «Хабар» агенттігінің құрамында жаңа оқу жылының қарсаңында іске қосылады. «Әл-Фараби» телеарнасы 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу-ағарту телевизиялық платформасы болады. «Бұндай телеарнаның керек екенін пандемия жағдайында түсіндік» деді Аида Балаева өз сөзінде. Сонымен қатар министр отандық сериалдар өндірісі жалғасатынын айтты: «Биыл 42 сериал өндірісі жоспарланған. Көрермен назарына отбасы құндылықтары, волонтерлердің қызметі туралы қызықты жобалар, педагогтар, дәрігерлер, полицейлердің имиджін көтеруге арналған, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған сериалдар ұсынылады» деді. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл-ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Абай» телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады. «Абай» арнасының ашылуы қазақ қоғамы үшін үлкен мереке. Өркениетіміз мен мәдениетіміз үшін маңызды арналардың бірі болады деп сенемін. Мәдениет саласындағы азаматтарды телеарнаға өнімдері мен өнерлерін ұсынуға шақырамын» деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Жаңа телеарна Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылды және қазақстандықтарды ұлы Абай мұрасы, Қазақстанның және бүкіл әлемнің мәдениеті мен өнерінің жетістіктерімен таныстыруға арналады. Осы бағыттағы «Абай жолын бірге оқиық», «Сарасөз» бағдарламалары жарыққа шықты. Одан бөлек, бағдарламалар кестесіне қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларын талдауға арналған «Үркер», жастардың «Жыр майданы», қазақ музыкасы мәде­ниеті мен тарихы жайындағы «Музыка Великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Премьеры» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар тарататын болады. Арна «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар.

Талаптан ИМАНБАЙ

941 рет

көрсетілді

22

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы