• Ақпарат
  • 26 Мамыр, 2020

Күрделі құрылымды терминдердің жазылуы және тіркесімдер сөздігінде қамтылуы

Бағдан Момынова А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., профессор

Әрбір сөздік түрінің ғылыми және лингвистикалық әмбебап заңдылықтар бойынша қалыптасқан өз жүйесі, құрылымы бар. Ол заңдылықтар мен жүйе, құрылым орфографиялық сөздікте де, терминдер сөздігінде де сақталады, ал жүйенің қалыптасуы әдеби тілдің нормасымен тығыз байланысты.

Норма бір жылда болмаса бір күнде жасалып, орындала салмайды. Норма ұзақ жылдар жемісі және кезең сайын тілдің «айтуымен» өзгерістер еніп, толығып, кейде кеміп отырады. Норманың сәтісіз тұстары болуы – ол да, заңдылық. Бірақ сөздік құрастырушылар сөздіктерде белгілі бір ұстанымды біртіндеп қалыптастыра береді.

Күрделі сөздерді, күрделі құрылымды терминдерді шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: кірме және төл сөздерден құралған,  төл және кірме сөздерден тұратын гибрид құрылымдар.

Тілге енген шеттілдік сөздерді тіл заңдылығына бейімдеу бірінші кезекте аудару, баламасын табу және жасалу жолына қарай сөздерді біріктіру, сөз тіркесімен, дефисті сөзбен беру деген белгілі тәсілдермен жүзеге асады. Осы тәсілдер арқылы туындаған күрделі сөздер орфографиялық, терминдер сөздігінде тізімделген. Басқа пәрменді тәсілдер жоқ. Ендеше осы сияқты күрделі құрылымдардың дені терминдер болғандықтан, терминтанушылар тарапынан олардың жазылуы қалай қалыптанғанына назар салуға болады.

Айталық, біріккен сөздер негізінен екі түбірдің бірігуінен құралып (меже ретінде 2013 ж. орфографиялық сөздік [1], салалық терминдер сөздіктері) келсе, осы көрсетілген жылдардан бастап, үш түбірден құралған сөздерді біріктіру нормаланған. Мысалы:  ауыржүктасығыш (көлік), әмбебапшот, аэрорадионивелирлеу (сушар.) т.б. Ауыржүктасығыш сөзіндегі  соңғы сөздің өзі (тасы+ғыш) туынды сөздің ішіндегі  туынды сөз. Жазуда мұндай модельдерге (жоғарыда айтылған ауыржүктасығыш (көлік), көз үйренген, сіңісіп те кетті деуге болады. Бірақ осы модельдерді одан әрі ауырлатпау керек. Өйткені одан әрі күрделендірсе, жазу да, оқу да қиындайды. Оған дәлел ретінде мектепалды дайындық кітаптарында, 1-сынып оқулықтарында ішінара кездесіп тұратын бейнебаян, ғарышайлақ секілді сөздердің ұшырасуы.  Бірақ сандық есеп бойынша мұндай сөздердің кездесуі өте сирек, 10-15 мәтінде бір-екі рет кездеседі. Бірер сөз тұтас оқулықтарға мін бола алмайды. Басты қиындық кішкентайлардың  осындай күрделі сөздердің мәнін түсіне алмай, арнайы түсіндіргеннен кейін барып, ұғынып жататынында. Мәселе осы сынды сөздер көбейе берсе (ол әбден мүмкін) не болады деген сауалдан шығып отыр. Дегенмен болашақта мұндай сөздер көбейеді.  Себебі, халықаралық терминдердің біразын осы модельдермен өзге тілден алу (аэрорадионивелирлеу), баламасын осы үлгімен беру ғылым тілінде жазу әлеуетінің жоғары болуына қарай  қалыптасып болды. Әр сала зерттеушілері ұсынып отырған терминдер сөздіктерге еніп кеткен, оған көп томдық салалық терминдер сөздігі дәлел. Яғни үдеріс жүріп жатыр деген сөз. Сондықтан терминдердің таңбалануына,  жазуға кейбіреулер ойлағандай, тек техникалық құрал ретінде қарауға болмайды.

Жазуда, емле  түзуде жалаң түбірдің бар қасиетін күрделенген атауларға тели салу оңай әрі қиын. Оңай болатыны дара сөз сияқты ол да атау, атаудың бөлектен гөрі бірге жазылғаны абзал. Біріккен сөздерге атау ретінде реляциялық, лексика-грамматикалық мағына тудыратын және деривативтік  қосымшалардың жалғануы да заңдылық. Жалғағанда сөз тұрқы қалай ұзаратынына мысал:

аэрорадионивелирлеу

аэрорадионивелирлеу+ші

аэрорадиониверлеуші +лер

аэрорадионивелирлеушілер+і

аэрорадионивелирлеушілері + міз

 аэрорадионивелирлеушілеріміз+дің т.б.  

Бұл модель, сөзді біріктірудің және оның түрлену моделі,  күрделі атаулардың жазба тұрқының қалай ұзаратынын көрсетеді. Әрине, аэро префиксі сөзге біріктіріліп жазылады, ол заңдылық, бірақ тек түбірлердің бірігуінен жасалған терминдер де бар. Жазылуын одан әрі қиындатпау керек дегенде олардың бірге жазылатын компоненттерінің санын көбейтпеу туралы айтылып отыр. Соған орай: 1. Тым күрделі модельдер кейде дәптерге жазғанда бір жолды жартылай (балықшаруашылық, мұнай-газшаруашылық), құрамындағы сөздер бірнеше буыннан тұратын сөздер болса, онда жолды тұтастай алып кетуі мүмкін;  2. Ондай сөздерді оқу да қиын. Оқу барысында көзшалым аясына сыйыңқырамай, көзбен қамтуға күш, уақыт көбірек жұмсалады; 3. Ал мағынасын түсіну (әсіресе оқушылар үшін, өйткені мектеп оқулықтарында терминдер көп екені түсінікті) ауырлау тиеді, мағынасын бірден түсіну, қабылдау қиын; 4. Жазуда қол талады, өйткені күрделі сөздерді жазғанда үзбей, қолды дәптер бетінен алмай жазу керек;  5. Болашақта осындай екі-үш түбірден я негізден біріккен терминдер көбейе береді. Сондықтан терминтанушылар аударғанда, баламалар іздегенде терминнің мазмұнын, мағынасының берілуін қуып кете бермей, жазу мен оқудың ыңғайлы болуын да ойлағаны жөн. Жаңа атауларды осы үлгімен жасау бір кездегі ат үстінің атүсті түрінде бірге жазуынан әлдеқайда күрделі мәселе.

Ал мынадай құрылымдар төл сөздерді біріктірудің одан әрі күрделеніп бара жатқанын байқатады:  ақбауыр сұрқарлығаш, аққұйрық субүркіт т.б. Бір ғана құстың атауы төрт сөзден құралған. Әзірше екі түбірден құралған екі туынды сөз екі бөлек  жазылып тұр.

Не байқалады? Біріншіден, сөздердің бірге яки бөлек жазылуы грамматикалық өзгерістерге әкеліп отыр; екіншіден, лексикалық өзгерістерді  тудыруда. Морфологиялық үдеріс лексикаға, синтаксиске әсер етуде:  а) өйткені бір кездерде сөзді анықтау қызметіндегі сөздер атаудың өзіне айналған; б) бір кездердегі тіркестердің компоненттері атау құрамына еніп, сөйлемде компоненттерінің санына қарамай, бір мүше ретінде танылады; в) Бұрын морфология мен синтаксистің нысаны болған тілдік бірліктер тек лексиканың зерттеу нысаны болып кетуде. Осы арада аң, құс атаулары, жер-су атаулары, кісі аттары тіркесімдер сөздігіне енгізілмеуін кұптайтын ұстанымдар барын ескерте кету керек. Ал келтіріліп отырған сөздер осы сөздердің қатарынан орын алады.

Сонымен қатар, терминдерді мағына қуып аударуда қателіктер кетеді.  Сондай мысалдардың бірі ретінде выпускающая кафедра шығарушы немесе бітіртуші кафедра болып, ресми құжаттарда қолданыс тауып кеткенін айту артық болмас. Бұл турасында да академик М.Серғалиевтің: «студент-выпускник-ті шығушы студент деп атаудың ерсілігі сияқты, выпускающая кафедра–ны бітіртуші кафедра деп, әріп қуаламай, маман даярлаушы кафедра деген ақылға сыйымды көрінеді»  [2] деген сияқты пікірлерін ескеру жөн. ЖОО-ларда бітіруші кафедра да, шығарушы кафедра да құжаттарда кездесетіні жасырын емес. Ал выпускающая кафедра-ның дұрыс баламасын қолданатын уақыт жетті.

Сәл ілгеріге көз салғанда, күрделі ұғыммен келетін биологиялық, ботаникалық атаулар, техникалық жаңалықтардың атаулары одан да күрделеніп, құрамындағы сөз саны көбейіп, шыққан тілінің нұсқасын сақтап тілге тоқтаусыз енетіні шындық,  ал оларды аударып, баламасын тауып,  қазақ тіліне бейімдейтініміз де рас. Яғни күрделі сөздердің құрамындағы компонентерінің саны әлі де көбейеді деген сөз. Сондықтан осындай күрделі атаулардың бірігуін жазуға қолайлы мөлшерден асырмауды ойлау керек. Өйткені құрамындағы компоненттерінің өзі күрделі (ақ+бауыр; сұр+қарлығаш) күрделі атауларды одан әрі біріктіру жазуды қиындатады, жаңа ұғымдар мен түсініктер көбейген сайын жазу мәселесі де күрделене береді.

Нақ осы арада нөлдік форма проблемасы (абсолютті нөлдік – Б.М.), жай ғана жасырын тұрған, бірде жазылуы міндетті (стильге байланысты), енді бірде түсіріліп жазылатын қосымшалардың, сондай-ақ изафеттік құрылымдардың тіркесімдер сөздігін құрастыруға әсері барын айту керек.

Енді осы айтылғандарға қарап, орфографиялық сөздік және терминдер сөздігі мен тіркесімдер сөздігі арасына қандай сабақтастық болуы мүмкін деген сауал туындайды.  Сабақтастық бар. Тілдегі болып жатқан үдерістер тіркесімдер сөздігіне материал жинауға тікелей әсер етеді.

Әдебиет:

  1. Орфографиялық сөздік/Алтыншы басылым. Құраст. Н.Уәли т.б.-Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. - 720 б.
  2. Серғалиев М. Тілім менің – тінім менің. - 1 том. Мақалалар, баяндамалар. - Астана, 2013.
 

1536 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы