• Тарих
  • 09 Шілде, 2020

ДАЛАНЫҢ НАҒЫЗ АКАДЕМИГІ

[caption id="attachment_57842" align="alignright" width="1000"]Нұр Оңдағанұлы қосағы (зайыбы) Айым Серікбайқызымен Нұр Оңдағанұлы қосағы (зайыбы) Айым Серікбайқызымен[/caption]

Маңғыстаулық жазушы-журналист, өлке зертетушісі Әбілқайыр Спанның «Маңғыстау мақтаныштары» сериясымен жазған «Аңшы Нұр» кітабын оқи отырып, шығарманың бас кейіпкері, аты елі арасында аңызға айналған Нұр Оңдағанұлы туралы қызықты деректерге қаныға отырып, одан әрі біле түсуге құмарлық артып, қолға қалам ұстадым. 

«Маңғыстау Энциклопедиясының» (Алматы, 2009 ж.) 484-ші бетінде: «Оңдағанұлы Нұр (1894, Адай у, Кендірлі жері – 1978) – аңшы. Жас кезінен ата-бабасынан жалғасып келе жатқан аңшылық кәсіпті меңгеріп, көрік ұстап, темірден бұйым соғатын ұста да болған. Оқып білім алмаса да, мұсылмандық парызын ұстанып өткен пірадар, тақуа. Н.Оңдағанұлы Екінші дүниежүзілік соғыстан жараланып, 1943-ші жылы елге келгеннен кейін аудандық шикізат дайындау мекемесінің шартты аңшысы болып, Маңғыстаудың Кендірлі, Тау бойындағы және Ұштаған ауылдарын мекен еткен. Маңғыстаудың аң-құсы, дәрілік шөптері, ерекше табиғи құбылыстары жөнінде КСРО ҒА-ның зоогеография қоғамына мол мағлұмат берді» деп көрсетілген. Бұл әулеттегі аңшылық өнер Маңғыстаудың «Сенек-Сұмса» аймағында, Түркімен еліндегі ұстадан «Қырылы» мылтық (оқ-дәрі ауызынан салынып оқталады) сатып әкелуінен басталған екен. Осылайша, Сүйіндіктен басталған аңшылық өнер баласы Оңдаған мергенге, оның баласы Нұр аңшыға жалғасқан. Нұр Оңдағанұлының Маңғыстаудың ойы мен қырындағы аңшылық қызметі, айналасына, ауылына қайырымдылығы туралы Маңғыстау аудандық «Сталин жолы», «Жаңа өмір» газет­терінде жазушы Маршал Әбдіқалықовтың, журналист Асан Әбдіровтың, Гурьев облысының «Коммунистік еңбек», «Алтын орда» басылымдары мен Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол», «Маңғыстау» газеттерінде облыстағы ауылшаруашылығы басшысы болған, жазушы Сәбит Әбішевтің, журналист-жазушы Тәжіназар Шадықұловтың, Әбілқайыр Спанның мақалалары жарық көрді. Мақаламыздың басты кейіпкерінің тағы бір асқан қайырлы жомарттығы өз өмірі хақында сыр шертетін «Аңшы Нұр» кітабында: «...Аңшы жаратылысында сахи, жомарт адам болған. Ең соңғы асым етін қонағының алдына тартқан. «Ертеректе Жазыгүрлі жерінде тісімізге тісімізді басып отырғанда бір арықтау қошқар атып әкеліп, 12 үй көршісіне 12 бөлікке бөліп берді» дегенді айтады қариялар әлі. Сонда арқарды жіліктеп жүргенде өз үйі де аш отыр екен. Егер сонда ол арқардың жарты тіпті төрттен үшін асып, қоңсыларымен бөліп жеп, қалғанын өз бала-шағасына нәсіп етсе де ешкім ренжімес еді ғой» дейді автор, жазушы Әбілқайыр Спан. Нұр Оңдағанұлы шөптің емдік қасиетін таныған, соның нәтижесінде кәнігі емшілермен пікірлесіп, «Ерғұны», «Кеспе жусан», «Киікоты» т.б. дала мен тау шөптері мен тамырларының ағзаға пайдалы, кеселге емдік қасиеттерін зерделеген. Қара таудың жарқабақтарынан сынған сүйекті тез біріктіретін мумия тастың да шипасын жаралы арқардың сол тасты жалап тұрғанын байқау арқылы біліп, халықтың қажеттілігіне пайдаланған. Көрік ұстап, темір соққаннан басқа атқа салатын құрамалы ер-тұрман, қарақұйрықтың мес қылып сойылған терісінің иін келтіріп ұлтан жапсырып, өзі дайындаған таспамен аяқ киім (шоқай) тігіп беретін болған. Жас кезінде, оншақты жыл әлетінде туған інісі Пірімжар екеуі ­Захар Дубскийдің жалдамалы қайығымен тереңнен балық шаншуда үлгі көрсеткен, жоспарын асыра орындап тұрған, озат балықшылар бригадасы аталған. Қарақұйрық етінің жас сорпасына шомылдыру немесе жағып, майлау арқылы күн өткен балаларды құлан-таза сауығып кететініне көз жеткізген, өмірде жиі пайдаланған. 1955 жылы осы өңірге табиғаты мен аң-құстарын, жәндіктерін зоогеографиялық жағынан зерттеуге келген 25 жастағы Владимир Сергеевич Залетаев Нұр аңшыны аудан, колхоз басшыларынан сұрап алып, тілмәштыққа сол кезде кеңес армия­сы қатарынан келген ауылдың жас жігіті Жұмахан Қазақбаевты қосып, маусым айында жолға шығады. Қызылсай, Талақ, Көгесем, Қарамая, Кендірлі, Базыгүрлі, Қауынды бағыттарын толықтай аралап, мәліметтерін жинақтап, рақметін айтып кеткен. Кейіннен де хабарласып тұрған екен. В.Залетаев 1952 жылдан, яғни студент күнінен түркімен, Маңғыстау жерін зерттеген, осы тақырыпта ғылыми атақ қорғаған, ғылым докторы, ірілі-уақты аң-құстарды, арқарды да, кесірткеге дейін сойып, ішін толтырып, өзінің қалпынан айнытпай алып кетіпті. Шөптің көптеген түрін жинаған, қысқасы Маңғыстау өңіріндегі зерттеу жұмыстары сәтті өткенін жазып та, айтып та жүрген. Туып-өскен даласының сырын жете біліп, сол даланың сәні мен салтанаты деп өзі бағалаған аң-құсымен қоштасқандай 81 жасында атына мініп, қосқаттарды аралап келіп, қолындағы баласы Түгелбайға: «Енді атты жылқыға жібере беруіңе болады» деген екен, қайран Нұр ақсақал. Үй ауласындағы өзі қаздырып, шегендеген құдық суына еккен, немерелеріне ектірген ағаштары бүгінде биіктей түсуде, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөздің қадіріндей ұзағынан сүйіндіргей!

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ Маңғыстау облысы

3867 рет

көрсетілді

353

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы