• Тұлға
  • 09 Шілде, 2020

Рамазан Тайманов, композитор: ТЫҢДАРМАНДЫ ЕСТІ ӘН ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Жуырда Алматыда белгілі әнші, марқұм Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған музыкалық байқаудың баспасөз конференциясы өткен болатын. Іс-шараны ұйымдастырушылар Батырдың көзін көрген әріптес-достарын, есімдері елге мәлім композиторларды, музыканттарды шақырған екен. Конференцияның ресми бөлімінен кейін жас журналистер Әли Оқапов сынды қазіргі эстрада жұлдыздарының маңайына балға қонған арадай үймелей кетті. Ал біздің назарымызды аударған «попсаның жас перілері» емес, эстрадамыздағы есті әндердің авторы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, ән әрлеуші Рамазан Тайманов еді. Сол әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазақ эстрадасының қалыптасуына зер салсақ, 1960-70 жылдары Садық Кәрімбаев, Мұқан Төлебаев, Әбілахат Еспаев сияқты кәсіби деңгейі жоғары музыканттар ізашар болған екен. Олардың қатарына Шәмші Қалдаяқов келіп, қазақ эстрадасында төңкеріс жасады. Бұл композиторлардың әндерін жүзден жүйрік әншілер ғана айтты. Одан кейін Тілес Қажығалиев, Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиевтардың әндерін Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова сияқты үздік әншілер орындады. Сіз қазақ эстрадасына келген тұстағы ән мен әуен қандай еді?

– Өнердегі ұстазым Кеңес Дүйсекеев консерватория бітіріп, жұмысқа тұрған кезінде атақты композитор Әбілахат Еспаев: «Әй, Кеңесжан-ау! Соңғы кезде композитор көбейіп кетті ғой» депті. Ол кезде бүкіл Қазақстанда композитор деген саусақпен санарлық. Ескендір Хасанғалиевтың, Әсет Бейсеуовтің жаңа шығып жатқан кездері. Соның өзі Әбілахат ағамызға көп болып көрініпті. Қазір композитор, сазгерді ол кезбен салыстырсақ жүз есе көп. Өзім білетін Жаңақорған ауданында ғана осыдан 2-3 жыл бұрын 94 композитор болды. Арасында шын сазгері бар, әшейін ән шығарғыштары бар, оның бәрін уақыт өзі екшеп алады.

1985 жылдары қазақ эстрадасында жаңа буын композиторлардың әндері сахнаны жау­лады. Бұлар алдыңғы буындай мәңгі туындылар болмаса да, халыққа ұнайтын әндер еді. Марат Омаровтың «Қыз сыны», «Ана туралы ән», «Әке туралы ән», мен жазған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» сияқты әндер анау айтқан ­шедевр емес, бірақ тыңдарманның көңілінен шықты. «Тамаша» ойын-сауық ­отауы оларды бүкіл елге жайды. Енді алдыңғы буын ағаларымыздың философиялық, ойлы әндері көмескі тарта бастады. Мүлдем айтылмай қалған жоқ, бірақ жеңілдеу әуендерге көшті. Міне, осыдан былай қарай тыңдаушы қауым ойнақы, жеңіл әндерге үйрене бастады.

1999 жылы мен «Қорқыт қобызы» атты әніммен «Азия даусы» фестиваліне қа­тыстым. Сонда продюсер Мұрат ­Иргалиев «Сен эстрадада төңкеріс жасап тұрсың. Қазақтың күй мақамын эстрадаға алып келдің» деген еді. «Қорқыт қобызының» қайырмасында күй сарыны бар. Шынымен бұл ән өзгеріс әкелді, осыдан кейін эстрада қазақыланып, терме, күйлердің мақамдары кеңінен қолданыла бас­тады. Сахнаға қазақша шапан киіп шығып, фольклорлық музыканы эстрадамен айту сән болды.

– Сіз ән мәтініне баса мән беретін буынның өкілісіз. Қазіргі әндерді солай жазуға не кедергі?

– Жақсы ақын көп, бірақ барлығы бірдей әнге сөз жаза алмайды. Былай қарасаң ұйқасы да, айтар ойы да керемет, бірақ әнге жарамайды. Шөмішбай Сариев, Әбдрахман Асылбеков, Ибрагим Исаев сияқты санаулы ақын ән мәтінінің шебері. Мысалы, менің бес әнімнің сөзін жазған Құдайберген Қазыбеков деген мықты ақын болды. Студент кезімізден дос едік, көп жыл телевизияда жұмыс істеді. Марат Ілиясовтың көптеген әнінің сөзін жазған ақын. Сол Құдайберген тапшылықта өмір сүрді. Міне, әннің сазы мен сөзін жазатындардың еңбегі бұрын да, қазір де осылай бағаланады. Маған әннің сөзін таңдауды, оған жауапкершілікпен қарауды үйреткен сол Құдайберген Қазыбеков. Өлеңнің әр жолында, шумағында айтылатын ой қалай болуы керек, осының барлығын тәптіштеп түсіндіретін. Соның арқасында әнге сөз жазатын ақынға талап қоя алатын деңгейге жеттім.

Құдайберген марқұм «Маған идея беріңдерші, махаббаттан басқа тақырыпты жырлағым келеді» деуші еді. 1992 жылы Алматыға, Құдайберген досыма келдім. Ол кезде дүниежүзі қазақтарының құрылтайы әлі өтпеген, ол жайында сөз де жоқ. Содан шетелдегі қазақтар жайлы «Қазағым» деген өлеңіне ән жаздым. Сол ән сахнада айтылғаннан 3-4 жылдан кейін шетелдегі қазақтардың басын қосқан құрылтай өтті. Басында Гүлнар Сиқымбаева орындағанда «Неге шетелдегі қазақтар зарлап жылау керек?» деп тыйым салды. 1999 жылы Мәдина Сәдуақасова «Жас қанат» байқауында осы әнмен бірінші орын алды, мен үздік композитор атандым.

– Қазіргі қазақ эстрадасы сын садағына ілінгелі көп болды. Бұрынғы көше әндері бүкіл эстраданы жаулап алғанымен қоймай, жеңіл-желпі той әндері концерт залдары мен теледидардан түспей, тіпті үлкен сахнаға шығып кетті. Бұл үрдістің себеп-салдарын айтып беріңізші.

– Бұрын әрбір әнді сахнаға шығару үшін арнайы кеңестің сүзгісінен өткізетін. Содан өткен ән ғана телеарна мен радиодан айтылатын. Нарыққа өттік деп кімнің ақшасы бар, сол әнші болды. Олар халықтың талғамын бұзды. «Ұра берсе құдай да өледі» деген, бір әнді күндіз-түні тыңдата берші, бір күні сол әнді бәрі жақсы көріп кетеді. Қазір сондай жағдайда отырмыз. Егер теледидардан, жалпы сахнадан тек таңдаулы, жақсы әндер берілсе, тыңдарманның да талғамы өседі.

– Бұл әндер сахнадан кететін күн бола ма?

– Болады. Ғасырдан-ғасырға кететін музыканың үш түрі ғана, олар – классика, фольклор және джаз. Қалғанының бәрі уақытша: поп, рок, рэп, т.б. Қазіргі эстрададағы көп әннің негізінде халық әні жатыр, түрлі аспаптың сүйемелдеуімен айтыла береді. Джаз да өркендей беретін өнер, өзіндік ерекшелігімен дүниежүзін жаулап алды. Оны екінің бірі орындай алмайды, кәсіби музыкант қана игере алатын музыка.

Қазіргі сән болып жүрген әндерді мен де шығара аламын, бірақ ол маған қажет емес. Ал терең мағыналы, ойлы әнді қазіргі жастар тыңдамайды, олардың есіл-дерті – Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі. Солардың дәурені жүріп тұр ғой. Әрине, олардың халыққа ұнайтын жақсы әндері бар, бәрін нашар деуге болмайды.

Бұрын радиодан ән тыңдасақ, мынау Нағима ғой, не Бақыт Шадаева деп бірден танитынбыз. Қазір әншілердің бәрі бір-бірінен аумайды, Сәбит пе, Сәрсенбай ма, бәрібір. Өзіне ғана тән табиғи ерекшелігі жоқ. Көбі Төреғали мен Қайратқа еліктеп, өз бет-бейнесін жоғалтып алған.

– Біз тыңдарманды есті әнмен тәрбиелеуді естен шығарып алған сияқтымыз.

– Өнердің деңгейін түсіріп, зиянын тигізіп отырғандар қырғыздың, сығанның әнін көшіріп айтып жүргендер ғой. Негізі, үлкен сахнада әнді кәсіби әнші, жырды жыршы айту керек, күйді күйші тарту керек. Әлібек Дінішев, Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева, Бақтияр Тайлақбаев сияқты кәсіби маман әншілердің жөні бөлек. Ал Әміре сияқты туабітті дарындар сирек кездеседі.

– Ақылды адам кедей болмауы керек деген тұжырым бар. Талантты адам ше?

– Бір қызығы, біздің талантты адамдары­мыздың көбі кедей. Әсіресе, композиторлар мен әннің сөзін жазатын ақындар. Олардың әнін айтқан әншілер конкурстарда бас жүлде алып жатады.

– Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев –сіз сахнаға шығарған әншілер. Қазір де жас таланттарды іздейсіз ғой.

– Мен өнерге келгелі бері таланттарды іздеумен келемін. Ауылда не бір дарынды әншілер, композиторлар бар. Бір шеті Аралдан бастап жергілікті өнерпаздардың әндерін жинап, насихаттаймын. Біздің қателіктерімізді қайталамасын, өнерден өз жолын тапсын деп білгенімді тегін үйретемін. Бас жүлде алып жүрген шәкірттерім көп. Көпшілігі қарапайым отбасының балалары. «Таланттарды қолдау керек, бейталанттар өздері шығады» деген рас. Шын таланттар кеудесін кермейді, тасада қалатын да солар. Ал ақшасы барлар мен еті тірілер жететін жеріне өзі-ақ жетеді.

Аймақтардағы талантты әншілердің бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі жарқ етіп шыққанмен ары қарай өнерін дамыта алмайды. Себебі – қаражаты жоқ. Мәдениет басқармасы көмектесе алмайды, олардың да қаржысы шектеулі. Кезінде лауреат болған талай әнші ауылда жүр. Оларды насихаттайтын жүйе де жоқ. Облыстық, аудандық мәдениет бөлімдерінің жұмысы – мерекеде немесе әкім қатысатын жиында концерт ұйымдастыру. Мұндай көзқараспен өнер дамымайды. Сол үшін біздің мәдениет саласына үлкен өзгеріс, реформа керек. Жүйелі жұмыс жүргізілмей, сахнада тазалық болмайды.

– Қазір жақсы танымал Серік Ибрагимов та сіздің шәкіртіңіз екен. Оның жолын қалай аштыңыз?

– Ол Жаңақорғаннан қалалық байқауға келіп қатысып, жүлде ала алмай қалды. Ереже бойынша республикалық сайысқа бас жүлде алған әнші барады. Шынымен дарынды бала ғой Серік. Содан продюсер Қарлығаш Әжиеваға өтініш айттым. «Сен анау-мынауды ұсынбайсың ғой, алып кел» деді ол. Алматыға барамыз деп дайындалып жүргенде ауылдан әке-шешесі хабарласты. «Серік бара алмайды» дейді. «Неге?» «Сахнаға шығатын киімі жоқ». Көлікке отыра салып Түгіскенге тарттым. Керек-жарағын әперіп, Алматыға келдік. Бас жүлде алған балалар орын ала алмай, Серік 2-орынды иеленді. Екі жылдан кейін консерваторияға түсті. Сол күні қолды сілтей салсақ, ауылдың талантты бір баласы мал бағып жүрер ме еді, кім білсін.

Гүлнұрды ауылға қайтып бара жатқан жерінен тоқтатып, жұмысқа орналастырдық. Келесі жылы «Жас қанатқа» қатысып, жүлделі орын алды. Мәдинаны мектепте оқып жүрген кезінен білеміз. Рашид Ботбаевтың «Музыкальный вояж» деген байқауы болған. Соған Қызылордада іріктеу турын өткіздік. Қазылар алқасында үш адам – Рашид, музыкалық колледждің директоры Кеулімжай және мен. Байқау бітті, жүлдегерлер анықталды. Енді орнымыздан тұрайын деп жатқанда Мәдинаға көзім түсіп кетті. «Осы қыздан сахнаны гүлдендіретін әнші шығады» дедім ­Рашидке. Ол кезде Мәдина 8-сынып оқушысы. «Төмен баға қойдық қой» деді Рашид. «Маған салсаң бас жүлдені осы қызға берер едім» дедім, ­Рашид келісті. Сөйтіп дипломдарды қайта жазып, Мәдина Алматыдағы байқауға қатысты. Кез келген әнші ә дегенде-ақ байқалады. Мәдинаның өзіне тән даусы бар, әнді таза айтады, нәзіктігімен тыңдарманды баурап алады. Кеңес одағы кезінде Валентина Толкунова, Людмила Сенчина деген әншілер болды, алып бара жатқан даусы жоқ, бірақ әнді жақсы жеткізеді, тартымды. Мәдина да дәл солай. Гүлнұр Оразымбетованың ешкімге ұқсамайтын даусы, қазақи бояуы бар. Оның бағын ашқан ән «Қорқыт қобызы» болды.

– Бұл әнді Гүлнұрға арнап жаздыңыз ба?

– Жоқ, бұл әннің тарихы бар. Өзі бір түнде жазылған. Бірде продюсер Сәрсен Ибрашева хабарласып, «ертең конкурсқа жүргелі отырмыз, ән керек» деді. Біраздан бері Қорқыт туралы ән жазу ойымда жүрген, ноталары да дайын боп қалған. Содан түнімен жазып, ертесіне пойыз жүрер алдында апарып бердім. Алматыға жеткен соң Сәрсен «Әнің Пономаревқа ұнады, қайырмасындағы мелизмдер керемет, ерекше ән екен деді, енді өзің келіп осы жақта аранжировка жаса» деп қоңырау шалды. Алматыға келіп, әнді әзірледік. Конкурстың дыбыс режиссері А.Пономаревтың көңілінен шықты. Бірақ мен жазған мақам басқа болатын, ол Гүлнұрдың даусына келмеді. Содан өз ыңғайына қарай айтып шықты. Бұл әнде Сыр өңірінің жыршы-жырауларының сарыны, Қорқыт күйінің мақамы бар. Сол менің жазғанымдай түпнұсқа мақаммен «Қорқыт қобызын» әлі күнге ешбір әнші орындай алмай жүр. Гүлнұр 2000 жылы «Жас қанатта» 1-орынды иеленді, сол жылы «Азия даусы» халықаралық байқауында 3-орын алды. «Қорқыт қобызы» үздік ән атанды, мен Қазақстан композиторлары арасында 1-орын алдым.

– Бұл әннің сөзін жазған Оңталап Нұрмаханов екен, ол кісі ақын ба?

– Оңталап өзіміздің жергілікті ақын. Ән үшін бес нұсқа жазып, ақыр аяғында төбелесе жаздағанымыз бар. Кейде әннің мәтіні үшін қызылкеңірдек болып айтысамын, «мен ақын ба, сен ақын ба?» дегенге жетем. Сол үшін ақындар ренжиді. Ал маған әнге лайық, қарапайым әрі түсінікті, тілге жеңіл мәтін керек. Мәтінге мұндай талап қоюды Құдайберген Қазыбаев үйретті. Кейбір әнімнің сөзін ақындардың кітабынан ­тауып аламын. 1992 жылы шығарған «Сыңсу» деген әнім солай туды. Бастапқыда Жеңіс Ысқақова, кейін Мөлдір Әуелбекова айтты. Қазақтың салт-дәстүріне сай жазылған ән, жұртшылық жылы қабылдады.

– Кез келген интеллектуалдық еңбек бағалануы тиіс қой. Әндеріңізді сатасыз ба?

– Мен елге танымал әндерім үшін ақы алған емеспін. «Азия» тобы орындаған «Сыр-Ана» деген әнім Қызылорда облысының гимніне айналды. Бұл туындының сөзін талантты ақын, досым Шәкизада Әбдікәрімов жазды. Әннің мақсат-мұратын терең ұғып, негізгі айтар ойдың өзегін дөп тапты.

– Халық әндерін, термені эстрадаға салуға қалай қарайсыз?

– 1980 жылы Роза Рымбаева гастрольмен Аралға келді. Осы өңірде Рысбек Әшімов деген керемет жыршы болды. Рысбек – Әміре Қашаубаевтан кейін Францияда ән айтқан қазақ. Сол бір отырыста «Қанеки тілім, сөйлеші» деген термені айтты. Сонда Роза осы әнге бірден көңілі құлап, эстрадаға қосып айтатынын білдірді. Бұл үрдіс сол кезде басталды. Дегенмен, халық әнінің, терменің өз мақамы, мелизмдері болады, оларды эстрада әншісінің келтіруі қиын. Тіпті бізде Қармақшының мақамын Аралдың жыршысы айта алмайды, ол үшін Қармақшыда туу керек. Ақын, әнші топырағына тартып туады, бұл текпен, генмен берілетін құбылыс. Қазір эстрадада халық әнін жақсы айтатын бір-ақ әнші бар, ол – Өмірқұл ­Айниязов. Ол Қазалыда туған, кезінде дәстүрлі ән айтқан жігіт. Оның өзі әнді 100 ­пайыз жеткізеді деп айта алмаймын. Өйткені эстраданың ерекшелігі бөлек. Қазір көптеген әншілер, топтар дәстүрлі ән-термелерді айтып жүр, бірақ сол әндердің құр сүлдері қалғанын өздері байқамайтын сияқты. Әнді тыңдаушыға дұрыс жеткізу үшін оның мән-мағынасына, сазына терең бойлау керек, сезініп айту керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Дина Имамбаева

44917 рет

көрсетілді

23304

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы