• Руханият
  • 09 Шілде, 2020

ДҮНИЕ-КЕРУЕН

РӘБИҒА СӘТІҒАЛИҚЫЗЫ СЫЗДЫҚ 

2020 жылғы 4 шілдеде көрнекті ғалым және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының, І дәрежелі «Барыс» орде­нінің иегері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық 96-ға қараған шағында дүниеден озды. Ол 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл қалашығында туған. Рәбиға Сыздық 1938-1940 жылдары Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945 жылдары – Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1945-1947 жылдары – Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында, 1947-1951 жылдары – осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 жылдан бастап – Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгеру­шісі, 1980-1994 жылдары – Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылдан – бас ғы­лыми қызметкер болып жұмыс істеді. «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерек­шеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959), «Абай шығарма­ларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксис­тік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994). Диссертациялық зерттеу еңбектерінен бөлек, Р.Сыздық қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы, қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі, тарихи лексикология, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті және орфография, орфоэпия бағыттарымен айналысқан. Сонымен бірге, әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырған. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі – осы саладағы ізденістің нәтижесі. Тарихи лексикология ­бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек 1994 жылы толықтырылып, өңделіп, екінші рет жарық көрді. Кітапта тарихи, лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар тілінде, тұрақты тіркестер құрамында, мақал-мәтелдерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, семантикалық өзгерістеріне талдау жасалады. Сондықтан аталмыш еңбек тек тіл мамандары ғана емес, байырғы көркем мұраларды сүйсіне оқитын былайғы жұртшылық үшін де бағалы зерттеудің бірі болды. Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді. Р.Сыздықова лингводидактика саласындағы жұмыстарға ерте кезден араласып, оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, бағдарламалар түзді. Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р.Сыздықова алғашқы болып, ғылыми очерк жазып, кітапшалар шығарды. Көрнекті ғалым 1971 жылы «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, оның есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды. 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2004 жылы «Парасат» орденімен, 2019 жылдың 29 тамызында І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған еді. Ардақты азамат, парасатты ғалымның жарқын бейнесі жүрегімізде әрдайым сақталады.

«Қазақ газеттері» ЖШС

1044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы