• Руханият
  • 09 Шілде, 2020

ҚОШ БОЛ, АПА!

Қазыналы қарт Қаратаудың бөктеріндегі Майбұлақ ауылында туып-өскен Ұлмекен апа кешегі өткен тарихтың көзі тірі куәсіндей еді. Осы өңірде болған айтулы оқиғаларды, тіршілік тауқыметтерін әңгімелегенде біз бір көркем, қызық хикая тыңдағандай ұйып қалушы едік. Ұлмекен апаның әкесі Жаманқұл қария Қаратаудың Жыланды, Ақтау деп аталатын шыңдары мен шатқалдарында колхоздың жылқысын бағып, кеудесіне орден, медаль тағып өткен атақты жылқышы. Ал анасы Бибісара әжей екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аянбай еңбек етіп, сол кездегі «жеке гектар» деп аталған науқанда бір өзі бірнеше гектар жерге мақта егіп өсірген тыл ардагері. Жазда жаяу кісіге, қыста аттылы, арбалы жолаушыға асу бермей қинайтын Мұзбелдің үстінде тұрып Ұлмекен апа сол бір жылдардағы адамдардың еңбегі мен ерлігін еске алғанда, қазіргі жастар біле жүрсін, бүгінгі күнге қандай қиындықтардан өтіп жеткенімізді ұмытпасын деп отыратын-ды. «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» деп аялап, алақанына салып, мәпелеп өсірген ата-анамыз «Қыз – жат жұрттық» деген қағиданы да жастайымыздан құлағымызға құйып өсірді. Тағдыр жазып, жас күнімде Қанекеңмен – қазіргі Қансейіт Түймебаев аталарыңмен танысып, Қайнар ауылына келін болып түстім. Менің өмір жолымдағы бір биік белес осы – Мұзбел. Одан асқанда өзім туып-өскен өлкеге қош-қошымды айтып, қол бұлғап, ары қарай бұрылсам, қарсы алдымнан аналық бақытқа бөлеп, перзент сүйгізген аймақ құшағын жайып, күтіп тұрады» деуші еді Ұлмекен апа. Ол кезде Майбұлақ пен Қайнардың арасы аттылы адамға бір күндік жол еді. Қазір ғой, жеңіл машинамен зымырап бір-ақ сағатта жетіп барасың. Жол тегіс. Асфальт. Қайнардағы Түймебай ақсақалдың қара шаңырағына келін болып түскен Ұлмекен апамыздың қадамы құтты болды. Отағасы Қансейіт аға Қаратаудың бөктеріндегі шағын-шағын ауылдар бірігіп, Қайнарбұлақ атты үлкен колхоз құрылғанда жаңа қоныстың жобасын сызып, құжаттарын жасап, елді көшіру жұмыстарына қызу араласты. Бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға еді. Бүгінде Қайнарбұлақ орта мектебіндегі мұражайдан Қансейіт Түймебайұлы дайын­даған құжаттар мен оларды алып жүрген қоржынын, сөмкесін көруге болады. Ол кісі Қайнар, Үсіктас, Ленин, Қайнарбұлақ колхоздарында есепші, бас бухгалтер, Шаян, Созақ аудандық партия комитеттерінде нұсқаушы, Қаратау кеңшарында партком секретары болып қызметтер атқарды. Отағасы жұмыс бабымен көшіп-қонып жүрген кездерде үй-ішінің берекесі арта түспесе, кеміген жоқ. Дастарханы мол, қонақжай, пейілі кең шаңырақ еді. Қансейіт аға мен Ұлмекен апа 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қарашаңырақтан қанаттанып ұшқан перзенттері мемлекет және қоғам қайраткері, ғылым докторы атанып жатты. Олардан сүйген немере-шөберелері жоғары оқу орындарына түсіп, білім іздеп алыс-жақындағы шетелдерге сапар шекті. «Шүкір, – деуші еді Ұлмекен апа. – Сол балаларды өсіру үшін таң атқаннан күн батқанға дейін бел жазбай еңбек еткен күндерім өтті ғой. Енді міне, соның жемісін теріп жүрген бағбан секілдімін. Қарашаңыраққа келген сайын бәрі маған сыйлық әкеледі, үйлеріне қыдырып барған сайын көл-көсір қошамет, құрмет көрсетеді. Тек Қанекеңнің менен ертерек қайтып кеткені болмаса... Одан кейін ұлдарым Байсейіт пен Бақыткелдіден де айырылып қалдым... Қайтейін, Алланың жазуына амал бар ма? «Көресің, көресің де көнесің » деген екен ғой бұрынғының адамдары»... Ұлмекен апамыз келер жылы 90 жасқа толады, алыс-жақыннан бәріміз құттықтап барамыз деуші едік. Бірақ, мынау «Бір кем дүние» ол күнге жетуді бұйыртпапты. Біріңе – ана, біріңе –апа, біріңе – әже болған ақ жүректі, ақ көңіл Ұлмекен Жаманқұлқызы дүниеден өтті деген суық хабар келді ел жақтан. «Өмір бар жерде – өлім бар екенін» білсек те, бұл қаза бәрімізге ауыр тиді. Тоқсанның табалдырығына жетіп тоқтағанына тәубе, шүкір дегенімізбен, көңіл шіркін, жақсы адамды қимайды. Қош болыңыз, Ұлмекен апа!..

Нұрғали ОРАЗ Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы.

1632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы