• Әдебиет
  • 09 Шілде, 2020

ЖҰБАН ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК МҰРАТЫ

Азаттық пен азаматтық егіз ұғым. Халық азаттық үшін арпалысқан асыл ұлдарын азамат деп ардақтап, әулие тұтқан. Ал, Жұбанның сондай азамат болып қалыптасуы да бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес екендігі рас. Оның қиыры мен шиыры мол өмір жолы әрқашан да ақын бойынан қайсарлық пен жігерлілікті талап етіп қана қоймай, білімінің де ұштала түсуіне, айналасына салиқалы салмақты оймен таразылай қарауға үйретті. Ол жетімдіктің тақсіретін тартты, өмір мен өлімнің айқасында сыналды, ақындық өнерінде үлкен жетістікке жетіп, ел құрметіне де бөленді. Осынау күрделі өмір жолы оны өмірді сүюге, ұлтын ардақтауға, елі мен жерінің қадірін түсінуге үйретті. Ол сол өмірден көрген, түйген, ой салған құбылыстарды өлеңге айналдырды. Ж.Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» поэмасы ақынның өмірлік тәжірибесінің жинақтала келіп, ой елегінің сүзгісінен саралана өткен саналы даярлығынан туған туынды. Поэмада публицистикалық сарынның басым екені рас, оның лирикалық кейіпкер атынан монолог түрінде баяндалатынына да талас жоқ. Сондықтан, лирикалық-публицистикалық поэма деген тұжырымға біз де қосыламыз, бірақ екінші бір мәселе осы шығарманың тарихи болмысы туралы, оның шығармадағы мәні мен маңызы қандай дегенге келіп тіреледі. Бұл да осы кезеңге дейін екіұшты пікір тудырып келген проблеманың бірі.

Шығарманың тарихилығын немесе тарихи еместігін айқындау біздіңше мынандай талаптарға жауап беру белгісімен қанағаттануы тиіс: 1. «Халық тағдырында маңызды рөл атқарған тарихи ірі құбылыстарды» арқау етуі; 2. Бас кейіпкерлердің нақты тарихи тұлға болуы. «Мен – қазақпын» поэмасында осы екі талапқа да жауап берерлік дәлелдер бар. Біріншіден қазақ халқы басынан өткерген бүкіл ірі тарихи оқиғалар шығармада жүйелі баяндалады, екіншіден «Мен – қазақпын» деп халық атынан сөйлеп отырған лирикалық қаһарман – ақынның өзі және тарихта болған Абай, Шоқан, Махамбет, Жамбыл, Әлия, Мәншүк, т.б нақты ұлы тұлғалардың реалистікпен бейнеленуі поэманы тарихи шығарма ретінде тануымызға негіз болады. Поэма он тараудан тұрады. Әр тарау ұлты­мыздың сол кезге шейін поэзияда жырланбаған, тарихымыздың сол кездері мүлдем айтуға тыйым салынған оқиғаларын поэтикалық үлгіде сөз етуге құрылған. Ақын қазақ халқының тарихынан ең айшықты оқиғаларды екшеп алып, көлемді эпикалық шығарманың дамуына негіз ете отырып, композициялық құрылымын ширақ та жұмыр күйінде сақтаған. Сондықтан да шығармада оқыс оқиға, артық деталь кездеспейді. Тарихи-философиялық идея лирикалық кейіпкер – ақынның жүрегінде сүзіліп, санасынан синтезделіп қорытындылап шығады. ­«Поэма лирикалық-публицистикалық болған соң, онда халықтың интеллектуалдық характері» тек қана бірінші жақтан баяндалады. Сондықтан бұл поэманың басты элементі образды бейнеге құрылған ақиқат ой. Бүтін болмыс авторлық ой арқылы ғана танылады. Ал мұндай тәсілдің ақынға үлкен жауапкершілік жүктейтіні түсінікті жайт. Қазақ тарихы, қазақ даласы, ондағы үлкен тарихи оқиғаларды жинақтап дастанға айналдыру дәстүрі бізде ертеден келе жатқан құбылыс. Керек десеңіз Қашқари, Дулати, Жалайрилар осы дәстүрдің бастау негізін салған ғұламалар. Онан кейінгі І.Жансүгіровтің «Дала» поэмасы да кезінде дәл осы «Мен – қазақпын» дас­таны іспетті өзіндік ерекшелігімен танылған шығарма. Жұбанның тұстастарының ішінен бұл тақырыпқа қалам тартқан М.Әлімбаев («Менің Қазақстаным» поэмасы). «Бірақ Жұбан Мұзафар мен Ілиясты қайталаған жоқ. Қайта көп ретте жаңарту, жаңғырту бар, шағындау, шыңдау бар». С.Қирабаев, М.Базарбаев, М.Қаратаев, Ә.Нарымбетовтар бұл поэмалардың жанрлық, тақырыптық, идеялық, көркемдік жақтарын салыстыра зерттеп, жеріне жеткізе айтқан болатын. Сондықтан біз Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» поэмасына бүгінгі күн тұрғысынан, жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, егемен елдің еркін азаматы ретінде ақын жырларының астарын ашып, қайта бір сүзіп шығуды дұрыс деп таптық. Халқымыз ел намысын қоғаған ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақын мен азаматтың өз биігі бар десек, ұлт тарихында сондай бір асқар биіктен көрінген ақын – Жұбан Молдағалиев. «Қазақпын» деуге ұлтшыл атанудан қорқып, көбіміз жалтақтап жүрген заманда, 1963-64 жылдары-ақ: Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген – деп өз ойын батыл айта алған азамат. Шынында да қай қазақ та бұл поэманы тебіренбей, толқымай оқи алмасы сөзсіз. Себебі, тіршілігі, тұрмысы, құлқы кең дала, табиғат анамен тұтастырыла суреттелген ұлттық ерекшелік ә дегеннен-ақ көзіңе оттай басылып, санаңдағы беймәлім бір сағыныштың сым пернесін басып өткендей әсерде қаласың. Ғасырлар бедерінде халқымыз жүріп өткен талайлы жол, ата-бабалар дүбірлетіп өткен тарих атты ұлы көш көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады. Прозаға қарағанда поэзия тілі бейнелеп, салыс­тырып айтуға, кестелі сурет салуға бейім келеді. Өлең тілі тек айналадағы нақты заттармен ғана шектеліп қоймай, абстрактылы құбылыстарды да, образды тілмен бейнелеп жеткізуге қабілетті. Қазір халық арасында мәтел сияқты қолданылатын Ж.Молдағалиевтың «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолын таратып баяндар болсақ, мұнда халықтың тұтастай ғұмырының жинақталған тарихы жатыр. Поэманы толқымай, бей-жай оқи алмайсыз. Онда адам сезіміне еріксіз әсер ететін өзгеше бір жігер бар, жүйкеңнің әрбір талшығын дір еткізетін отты қызулық бар, өмірдің сырлы оқиғасы емес адуынды тасқынымен кездескендей күйді бас­тан кешетінімізді бәріміз де іштей сеземіз. Сол ұлттың өкілі ретінде өзгеше бір тәкаппар күйге енеміз. Жаның да, санаң да күйкі тірліктен алыс­тап кеткендей айналаға биіктен көз саласың. Ол сөз өнерінің құдіреті екенін сеземіз, бірақ тілмен жеткізу қиын, жаның бір рахат күйге бөленеді. Ол өмірге деген іңкәрлік, өнерден алған рахаттану сезімі. Поэмада қарапайым өмірдегі тіршілік мәселесі сөз болмайды, онда макро кеңістіктегі макро оқиғалар ғана сюжетке арқау болған. Поэмадағы көркем кеңістікте де шектеу жоқ, оқиға дәл мына жерде өтіп жатыр деп кесіп айта алмайсыз. Вертикальді және горизантальді әлем тұтастай қамтылған. Яғни тек жердегі оқиғалар ғана емес, ғарыштағы оқиғалар да шығарма сюжетіне арқау болған. Шығармадағы көркем уақытқа да кесімді мөлшер бере алмайсыз. Мен –Қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске – Айта бергім келеді, айта бергім! Ақын тарихшы емес, бірақ ол тарихта күллі адамзат баласының жасаған ортақ жетістігі бар деп түсінеді. Сондықтан да өткенді тек өз ой-өресімен, ақындық көзқарас тұрғысынан таразылайды. Көне дүниенің шындығы мен болмысын образды сурет арқылы көреді, космос дәуіріндегі адамның қиялы арқылы таниды. Өткен тарихи оқиғаларға өз көңіліндегі интуиция арқылы баға береді. Осындай асқақ пафоспен, сыршыл сипатты бойына қатар дарытқан «Мен – қазақпын» поэмасының қазақ топырағында туу себебі неде? Біздіңше бұған жауапты тереңнен толғап, ақын ойының астарынан іздегеніміз жөн. Ақын шығармашылығына саралай қарағанда соғыс кезінің өзінде Жұбанның сол кезең саясатына қабыса қоймайтын тақырыпқа қалам тартуы тегін болмаса керек. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары «Социалды Қазақстан» газетінде басылған «Қазақ» деген өлеңі оның болашақтағы азаматтық бағытын айқындап, мәнер-машығының қалыптаса бастағандығын аңғартатын өзекті шығарма. Бұл туралы ақын кейін «Мен – қазақпын» поэмасына даярлық «Қазақ» (1943) өлеңінен басталған еді деп есіне алады. Үлкен эпикалық шығарманың тууына кейде шағын лириканың идеялық мұраты негіз болатындығы да рас. Мысалы, Ж.Молдағалиевтың өзі пір тұтқан дарабоз ақын І.Жансүгіровтің «Бүгінгі дала» (1928) өлеңінің кейін «Дала» поэмасына арқау болып, «мол сарынға айналғандығын» профессор Р.Нұрғалиев та атап көрсетеді. Олай болса «Мен – Қазақпынның» түпкі идеясын соғыс жылдары жазылған «Қазақ» өлеңінен қарастырғанымыз дұрыс. Әлі де болса шеберлігін шыңдай қоймаған жас ақынға тән кейбір кемшіліктеріне қарамастан, көкейіңде көпке дейін ұмытылмай қалып қоятын бір қасиет осы «Қазақ» деген өлеңнің өн бойы­нан да аңғарылады. Ол қасиет ұлтжандылық, туған халқын жан-тәнімен сүю, сол ұлттың өкілі болғандығы үшін мақтаныш сезімінде болу. Өлең Жұбанның жыр жолдарында көп кездесетін диалог арқылы басталады. Біздің ойымызша ақын тілдесетін жауынгер қазақ тек деталь ғана, негізгі ойды автор өзіндік «мен» арқылы сабақтаған. Майданның алғы шебінде, Жолықтым бір жігітке, Көз шалғаннан таныдым, Бір сыр барын жігітте. Білдім қазақ екенін, Тідесу болып құмарым, – Қай ұлтсың? – деп жігіттен, Орысша жорта сұрадым. Оқтай отты көзімен Қадалып маған қарады – Қазақ, – деді тек қана, Сол болды берген жауабы. Осылайша ақын жауынгер қазақты сөйлете отырып, өз ұлтының мінез-құлқын, таным түсі­нігін, ерлік дәстүрін баян етеді. 125 жолдан (кейінгі басылымда 85 жол) тұратын шығарма­сында ақын ұлттық ерекшеліктің дара сипаттарын ғана көрсетуге күш салады. Қазақтың ісі тарихта Алтынменен жазылған Әр бір сөзі антпен тең, Ешқашан екі айтпаған. Халқының ерлік дәстүрін Ең жоғары сақтаған – деген шумақтардан осыдан жиырма жыл кейін дүниеге келген «Мен –қазақпын» поэмасының идеялық желісін танимыз. Бұл кезде Ж.Молдағалиев бары-жоғы жиырма үштегі жап-жас жігіт болатын. Өлең: Мен де бірі қазақтың Болғаныма мақтандым, – деп аяқталады. «Халқым», «Қазағым» деп емірене елжіреудің өзі қылмыс болып саналған социализм тұсында, «қазақ болғаныма мақтанамын» деу ерлік еді. Сондықтан да «Қазақ» өлеңі Жұбанның туған халқына деген сүйіспеншілігінен туған алғашқы шығарма деп сеніммен айта аламыз. Әңгіме «Мен – қазақпын» поэмасына келіп тірелетін болғандықтан ол шығарма жазылған кезең – алпысыншы жылдардағы саяси-әлеуметтік жағдайға да соқпай өте алмаймыз. Талай қазақтың оқыған зиялыларын баудай отағаннан кейін қанды қол И.Сталиннің өзі де өмірден өтіп, бұл дәуір шамалы да болса демократиялық бостандықтарға қол жеткізген, жеке басқа табынушылықты сынап, келесі «данышпан» Н.Хрущевтің культін жаңадан сомдай бастаған кезең болатын. Бірақ қалай десек те, бұл тұста ғылым мен техниканың т.б салалардан Кеңес өкіметі алдыңғы орындардың бірінде тұрды. Компартия бүкіл елдегі билікті тұтастай өз уысында ұстады. Тың көтеру желеуімен Ресей мен Украинаның ішкергі аймақтарынан түрлі халықты Қазақстанға әкеліп, жергілікті тұрғындармен мидай араластырды. Бүкіл халық бір лабораторияда қорытылып, орыстандыру саясаты жедел қарқынмен іске асырыла бастады. Қазақ өз жерінде өзі көзтүрткіге айналды. Діні мен тілінен айырылу қаупі туды. Осынау қиын-қыстау кезенде қазақтың қамын ойлаған ұлтжанды азаматтар ұлттық тілінің, салт-дәстүрінің жоғалып кетуіне алаңдап, үкімет саясатының астарына өз ойларын да сыналап кіргізуге тырысты. Қандай да бір арман мен қиялдың, мақсат пен мұраттың пайда болуына негіз іздеді. Кейінгі жас ұрпақ ұмытуға тиіс емес тарих тағылымдарын коммунистік партия саясатымен бүркемелей баяндап, халық көкейіне ұлттық патриотизм ұрығын еге білді. Жұбан Молдағалиевтың өлең-дастандарын оқи отырып, сөз саптаудағы кейбір ұқсастықтар ғана емес, идеясындағы батыл айтылған пікірлердің де түп қазығы ұлтшыл деп жазықсыз жапа шеккен қаламгерлерімізбен сабақтас түсіп жататынын байқаймыз. Кеңестік империяның қазымыр идеологиясы селкеу тартып, әлсірей бастаған тұста арамызға оралған А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев тағы басқаларды біздің ұрпақ жарты ғасыр бойы естімей, білмей келді. Олар көтерген азаттық ұраны өз арнасын таппай тұйықталып калып еді дегенді де көп айтамыз. Рас, көпшілік қауым үшін солай болды десек те қазақ зиялылары оларды әр кезде де жадында сақтап, өзінен кейінгі толқындарға сыр ғып айтатын. Егер олар өсиет еткен елдік, азаттық идеясы әр қазақтың жүрек түкпірінде жатпаса, 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шығып атой салмаған да болар ма едік, кім білсін... Біздіңше азаттық идеясының желісі үзілмеді. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжандар шейт болса да олардың ой-пікірін астарлап болса да бізге әкелуші Қасымдар мен Жұбандар болды. Поэмадағы әр тараудың «Мен –Қазақпын» деп қайталанып келуінде де терең мән бар. Оның үстіне әр қайталау қазақ тарихының жаңа бір бетін ашып, оқырманына өткен дәуір оқиғаларынан тағлымы мол ақрапарат береді. Әр тараудағы тарихи оқиғаларға құрылған сюжеттерден қазақтың қасіретін, қазақтың ерлігін, қазақтың асып-тасыған қуанышы мен мақтанышын көргендей боламыз... Мен – қазақпын, қаныммен, сүйегіммен, Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен. Бақ орнатам басына моланың да, Мұрагермін оған да, иемін мен, – деген шумақтан ұлан-ғайыр жерге, ата-бабамыздың ерлік даңқына деген асқақ та тәкаппар мақтаныш сезімі сезіледі. Әсіресе, соңғы екі жолдың айтар ойы тереңірек сияқты. Молаға ие болу түркі халықтарының дүниетанымында, соның ішінде көшпелі қазақ үшін елге ие болу, жерге ие болу деген сөз. Жердің кімге тиесілі екендігін аталарымыз сол жерде жатқан ата-баба сүйегіне қарап ажыратқан екен. Ол біздің аталарымыздың пайым­дауында шекараны белгілейтін негізгі белгі, тапжылтпас дәлел қызметін атқарған. Сондықтан біздің халықтың түсінігінде моланы қорлау, ол шекараны бұзу, елдің тұтастығына шәк келтіру болып саналған. Оны тарихи деректер мен ауыз әдебиеті материалдарынан көптеп кездестіруге болады. Молаға мұрагермін дегенде ақынның астарлап жеткізіп отырғаны сол көне дәстүр, атадан балаға ауысып жетіп келе жатқан ескі салт. Яки бұл жерде ақын менің ата бабаларымның сүйегі жатыр, бұл жердің иесі мен дегенді ашық айтып отыр. Ақын ата-бабаларымыздың ұлылығына осылайша бас иеді және оны асқақтықпен жырға қосады. Азулы екі империяның қыспағында тұрып бес Франция сиярлық территорияны аман ұстап тұру – «ұлылықтың белгісі» емес деп кім айта алады? Қай қаламгер болса да өзі өмір сүрген дәуірдің ақиқат шындығынан алыстап кете алмайды, онымен бірге жасап, көңілдегі ойын сол заманының проблемалары арқылы көтереді. «Адамды заман билемек» деп Абай тегін айтпаған. Заманмен кереғар болып, онымен ашық тартысқа түсудің соңы неге апарып соқтыратынын әрине ақын жақсы білді. Сондықтан да ол қытымыр ипериялық саясатпен ымырға келе отырып, замана қайшылығын көркем образдар арқылы астарлай жеткізудің өзіндік жолын тапты. Азаттық тақырыбы қазақ әдебиетіндегі тамыры терең тарихи тақырып. Оның бастау алар көзі ауыз әдебиетіне тірелетіні де заңды құбылыс. Өйткені, адамзат жаралғалы біріне-бірі зорлық көрсетпеген, бірін-бірі езгіге салмай, өмір сүрген кезі жоқ. Ал, төңкеріске дейін бұл тақырыпты еркін жырлаған Міржақып, Мағжандар болса азат күнді көре алмай Сталиндік репрессияның құрбандарына айналды. Бірақ, олар арман еткен тәуелсіздік туы құлаған жоқ. Арыстардан мұраға қалған ұлттық рухты Қасым Аманжолов жалғастырса, тәуелсіздік межесіне жеткізген Жұбан Молдағалиев болды. Ол ешқашан ұлт тағдырына селқос қарай алмады. «Егер жұмыр жерге сызат түсер болса, ол міндетті түрде ақын жүрегін көктей өтер еді» деп ұлы Гете айтқандай 1986 жылғы желтоқсанындағы найзағай оның жүрегін паршалап-ақ кеткен еді. Ол қазақ халқының болашағына үлкен сеніммен қарады. Оның поэзиясында азаматтық әуен ертеден-ақ негіз салып қалыптасты да, кейін жаңа көркемдік табыстарға жетіп, соны мазмұнға ие болды. Ойымызды тұжырымдай келе айтарымыз, Ж.Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» поэ­масы көркемдік деңгейі жоғары, идеясы терең шығарма. Өлең өміріндегі ғаламат интонациялық қызулық, қазақ қара өлеңінде бұрын кездесе бермейтін үйлесімді де мағыналы ұйқастар, үлкен философиялық түйіндеулерге негіз боларлық фразеологиялық тұтас ойларды топтап көрсетуге болады. Ақынның көздеген мақсаты салтын, дәстүрін, тарихын ұмыта бастаған жас ұрпаққа өткенін таныту болғаны анық. Бұл ойын поэмада былайша келтірген екен: Атымның да кеше ғой танылғаны, Оған дейін не таңба таңылмады. Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз – Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары. Бүгінде тәуелсіздік алған еліміздің «шолпан қыздары» мен «таң ұлдары» өз тарихын өзінше зерттеп, тәуелсіз елінің қожасы болып отыр. Ақын арманы орындалуда. Жұбан Молдағалиевтің бұл поэмасы ұлтымыз­дың рухани әлемінде өзінің көтерген жүгімен, өршіл де биік пафосты дауысымен кезінде қазақ қоғамы үшін ерекше құбылыс болғаны рас. «Мен-Қазақпын» поэмасы қазақтың намысын оятты, ұлттың рухын көтерді. Жұбан мен Қазақ егіз ұғымға айналды. Сондықтан да Жұбан ақын 1986 жылдың желтоқсанында азаматтық арын ту етіп көтеріп жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарына араша түсті, тоталитарлық жүйені батыл айыптады, халқы үшін өзін тайсалмастан құрбандыққа шалды. Жазушы Садықбек Адамбековтің «Жұбан –Жұбан боп туып, Махамбет боп өлді» дегені ақиқат шындық.

Жолдасбек Мәмбетов, филология ғылымының кандидаты, Сүлеймен Демирел университетінің доценті

3275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы