• Тіл
  • 09 Шілде, 2020

Le-Te-Re (Риторикалық-пессимистік трио)

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ

Өкінішті! Адамзаттың тағдыры – адамның қолында. Владислав Гжегорчик (польша нақылшысы)

Тәтті оптимизмнен ащы пессимизм артық. Автор

1.Лексика (грек. Лексикос – сөздік) – тілдегі сөздердің жиынтығы, сөздік құрам (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6-том, 245-б.).

Көріп отырғанымыздай, лексика – кең мағыналы ұғым. Менің айтпағым – соңғы ширек ғасырда лексикология­мыздан берік орын алған бірнеше сөз тіркестері ғана.

Қазақ газеттерінің соңғы 20-30 жылдық тігіндісіне көз жүгірткен адам «ескі түсінік!», «кеңестік көзқарас!», «құлдық сана!» деген секілді өктем де зілді сөз тіркестерін көптеп көретіні сөзсіз. Мұндай сөз тіркестерінің авторлары – жолдасын аюға тастап, өздері ағаштың басына шығып алғандар демеске лаж жоқ. Қазақ ондайларды «жаман жолдас» деуші еді. Абай атамыз айтқандай, заманның күйін күйлеген мұндай адамдар бейне бір асқан ­патриот, аса білімді, санасы жоғары адамның кейпіне түсе қалғысы келеді. Бұлардың әбігері жел диірменге қарай атой салған Дон Кихоттың қылығын еске түсіреді. Немесе қағаздан «жау» жасап, атысып ойнайтын балалардың «соғысына» ұқсайды. Осылайша олар өздеріне-өздері «патриот» атағын береді, айналдырған аз қазақты «патриот» және «репатриант» (бұл жерде – «сенімсіз адам» дегенді білдіреді) секілді екі лагерьге бөліп тас­тайды.

Ал бұл не: ұлтты, халықты қақ айырып бөлу емес пе? Қайсыбір автордың жазғандарынан «советикус» деген шыттай жаңа «модерн-терминді» кездестіреміз. Термин авторы өзінің оппоненттерін «советикус» деп атайды, яғни «кеңестік идеалға адал берілген, ұмыта алмай, аңсап жүрген» адамдар дегені. Алайда сол адамдардың «советикус» екеніне ешкімнің сенбейтіні анық. Өйткені қазір жер бетіндегі жеті миллиард адамның ішін ашып көрер болса, одан «валютаикустен» өзге ештеме таппайтынына кім күмән келтірер еді. Онда қаңғып жүрген қайдағы «советикус»? Тіпті сол адамдарды «демократикус» деп атаса да, оған біреудің илана қоюы екіталай. Өйткені «аузы аппақ демократикустердің» көбінің қолы қап-қара «диктатураикус», тіпті «фашистикус» екенін бүгінде екінің бірі біледі. Демек, жаңа ғасырдағы күллі адам баласының жалғыз идеалы – Ақша (валюта) тұрғанда, оның орнын әлдеқашан сүйегі қурап қалған әлдебір «советикустерге» босатып беретін есуасты енді таппайсыз. Онда бір қазақты бір қазақтың «кеңестік көзқарас», «советикус» бомбасымен атқылауына не жорық? Бір ғана мақсат: қолынан басқа ештеме келмеген адамның өзгеден өзін жоғары қоюы үшін, одан өзінің эгоистік кегін алу үшін ойлап тапқан жалғыз жолы осы десек қисынға келеді. Бұлар – онсыз да келмеске кеткен «кеңеске» қарсы қалың тобырлы «бесплатно» шулатып қойып, өздері ойына келгенін «спокойно» жасап отырған «игі-жақсылардың» қыбын қандырып, сойылын соғушылар ғана. Мұндай жатыпатар шабуылдан қашып құтылу да оңай емес. Шындап келгенде, «валютаикустың» жауы – «советикус» те емес, «социалистикус» болса керек. Бірақ лексикалық сауаты төмен «пафос патриотрикустер» үшін сорпасы қосылмайтын ұғымдарды теңестіре салу – түкіре салудан да оңай.

Күнтәжді ханды мұзтәжді шыңда

Қарақұрт қалай шықты екен, Алла-ай.

Орансаң отқа, бөленсең суға –

Аңдыған дұшпан тынар ма алмай.

Ендігіде «Қызғаныштан – махаббат» емес, Қызғаныштан – өшпенділік, Өшпенділіктен – зұлымдық па деп қалғандаймыз. «Іштарлық, бір аттасаң – дұшпандық» демеске лаж жоқ.

Өлген жылан! Өзіңе риза қулар,

Сен кеткенмен, запыран бір жалын бар.

Шаруаң біткен. Басың жоқ. Бірақ әлі

Құйрығыңды ойнатып жүр залымдар.

Ал «құлдық санаға» келер болсақ, айталық, қандай да бір «батысқа» табынудың сондай да «шығысқа» табынудан қай жері артық немесе кем? «Сары аю, ақ аю – жеме-жемде бәрі аю» емес пе. Іс жүзінде қазір осындай үрдіс (шетке табыну синдромы) жүріп жатқан жоқ па? Және бұл үрдістің алғы шебінде жүргендер – дәл сол «жаңа» түсініктегілер. Онда олардың патриоттығы қайда қалды? Ауық-ауық Абайды, Шоқанды, Алтынсаринді, ­Жамбылды, Сәкен Сейфуллинді күстаналап жүретін, заманның «қате­лес­пейтін» сөздерін жаттап алғыш көшепатриот-ұранқайлар алдынан қандай қоғам шықса да, таңдап-талғап жатпас­тан, «қош келдің!» деп тұратыны бүгінде әркімге белгілі. Әйтпесе, Ыбырай­дың «әліпті-таяқ» деп білмеген қазақ баласына хат танытқаннан басқа жазығы не? Патшалық кезеңінде Бөкейхан мен Байтұрсынұлын көре алмай, нақақ жала жауып, түрмеден-түрмеге тоғытқан – Сейфуллиндер емес, сол кездің ұрдажық ұраншылдары еді ғой. Сондайлардың сойылынан Сәкеннің өзі де аман қалмай, атаман Анненковтың азап вагонында сегіз ай жатып шықпады ма? Ал егер Сәкен: «Өзге кейбір оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деген болса (деген!), бұдан ұлт сатқынының сасық иісін тауып жүргендердің өз ауыздары таза екеніне кім сенеді?

Ауызда пәтуа жоқ – қуыс қауыз,

Байқасаң, оның өзі – сайқал, жауыз.

Жалғандық тақсыр болып таққа мінсе,

Жабыла соның әнін айтады ауыз.

Сондықтан ендігі адамдарды «ескі түсінікпен» қорқытудың өзі – ескіріп қалған тәсіл екенін түсінетін мезгіл жетті. Бірақ түсінбей келеміз.

Ішке кемдігіміз осындай болғанда, сыртқа кеңбіз. «Америка – әкеміз, Еуропа – көкеміз» дейміз. Шоқанды «орысшыл» деп, бетіне шоқ шашамыз да, Достоевскийді дос санап, құшағымызды ашамыз. Бірақ Дос­тоевскийдің Шоқанмен достығы қазақпен достығы емес екенін біл­мейтіндер болса, Қожанасыр әпенді айтпақшы, білгендерден сұрап ала жатар. Жазушының патша режиміне жақпай қалуы оның шовинист еместігін білдірмейтіні қандай анық болса, қазақ даласына жер аударылуы қазақты жақсы көргендігін білдірмейтіні де дәл сондай екенін енді білдің не, білмедің не. Мақсат – біреуді күстаналау емес, өзімізге ой салу. Ішімізден жау іздеп, шала бүлінуді қоймасақ, сырттағыларға жем болғанымыз үшін оларға артар өкпеміз қайсы?

Сыртқа бәйек, ішіңе ірісінген

Мінезіңді білгендер – тым ісінген...

Іші бүлінген елдің одақтасты сырттан іздейтіні әлмисақтан белгілі. Отарлық қамытын да мойнымызға солай ілгенбіз. «Құлдық сана» дегеніміз – ең алдымен үй ішінен жау іздеу психологиясы. Сол арқылы аңдыған сырттың сырығына құрық жалғап береміз. Сары аюдан қашып, ақ аюдың құшағына тығылғандай абсурдқа барамыз.

Менің сөзім – ақ қамшы, түсінбе жат,

Арда намыс оянса – құсың да азат.

Қойдай жуас, жылқыдай текті едің ғой,

Сыртың қоңыр, болсыншы ішің ғажап.

Сонымен, ұлттық менталитетімізге тән кейбір ұғымдардың лексикологиялық мағынасын өзімізше топшылауға тырыстық. Кім алып, кім тастайтынын әркім өзі біле жатар.

2.Техника (грек. techne – өнер, шеберлік, іскерлік) – өндірістік процестерді жүзеге асыру және қоғамның бейөндірістік мұқтаждарына қызмет көрсету мақсатында адамдардың іс-әрекеті нәтижесінде жасалған құралдар жиынтығы. Сондай-ақ ол – қоғамдық өндірістің даму процесі кезіндегі адамзат жинақтаған өндірістік тәжірибелер мен білімдердің материалданған жемісі.

Анықтамаға қарағанда, техникадан шошынудың керегі жоқ. Тіпті ХХІ ғасырда адам баласы өзінің мың жылдар бойы аңсаған арманына жетіп-ақ қалғандай болып көрінеді: компьютер, қалта телефоны, интернет, сандық технология... Осындай жетістіктерге басы айнала ма, кім білсін, бүгінде адам байғұстың кей мінезі ойыншығын қызықтаған баланы көз алдыға елестетеді. Ол (адам) осылайша масайрап, масаңсып жүргенде өркениеттің кілті сол өзі жасаған техниканың қолына өтіп те кеткендей. Ал техниканың қолы – темірден болса, қаны – қара май, жүрегі – көмірден бе деп қалғандаймыз. Егер осы қисын шындыққа келетін болса, онда қуанудың орнына құтымыз қашып шошынамыз ба, қайтеміз?!

Бір фильмде ғайыптан кішкентай құбыжық пайда болады. Белгілі бір уақыттан кейін тағы да «ғайыптан» оның саны екеуге, үшеуге, одан әрі көз ілеспес шапшаңдықпен көбейіп, миллионға, миллиардқа жетеді де, бүкіл қаланы басып алады. Қаладағы өмір дүрбелеңге айналып, дүние төңкерілгендей жағдайға ұшырайды. Қазіргі әлемдік үрдіс осы көріністі көз алдыға әкеледі. Фильмдегі ергежейлі құбыжық адамның өзі ме деп қалғандайсыз. Ол (адам), әрісін айтпағанда, осыдан екі мың жыл бұрынғы тоңмайындығы мен топастығынан әлі де арылғысы келмейтіндей.

Миллион жыл деп кім айтты –

Үңгір мен үйдің арасы.

Өсті ме содан бір сүйем

Сорлы адамның санасы.

Кеңірдектен қанша алыс –

Сол санаңның қарасы?

Қара бақыр ендеше –

Маған да оның бағасы.

 Тәтті алманы жеп қойған

Хауадайын анасы –

Арылды ма күнәдан

Байғұс адам баласы.

Қабыл, Абыл атанып –

Қорқауы мен данасы,

Нәпсі деген нәжіске

Бітер емес таласы.

Шынтуайтқа келгенде, жоқтан өзгеге қырқысып, қырылысып, қырық­пышақ болып жатқан бүгінгі әлемнің бойындағы қырсығы да, кеселі де осы – тойымсыз нәпсі екені Айдан анық болып отыр. Мұндай жағдайда адамның жемтігі болуға Жер шары секілді жеті ғаламшар да жетпей қалатыны сөзсіз. Бірақ бүгінмен ғана өмір сүретін адам байғұс алыс болашақ тұрмақ, сөздің тура мағынасындағы ертеңгі күнін ойлауға да қабілетсіз екенін көрсетуде. Экстремизм, терроризм, диктатура, демократия секілді алуан түрлі «лексикустер» барға да, жоққа да таласып текетірескен тараптардың бірін-бірі күстаналап, кінәлайтын қаруынан өзге ештемеге жарамауда. Өзінің осы бір бейшара халіне қарамай, «есірткімен күрес» жүргізетін адам байғұс, бүкіл адамзаттың өмірін қиятын ең қатыгез есірткі нәпсі екенін білсе де, білмегенсіп келеді. Өкінішке қарай, адамзаттың бұл «тәбетінің» өтеуі экология, жыртқыштық, азғындық, ашкөздік, соғысқұмарлық, әлімжеттік-әпербақандық деген сыңай­дағы әлдеқашан архаизмге кетуге тиісті лек­си­кондармен сипатталады. Сөйтіп, адам баласын ғарыш ғасырының тағына отыр­ғызған техника оның санасы мен психикасын жабайылықтың ең масқара алыс ғасырынан алып шыға алар емес.

Көкектен – би, көжектен

батыр сайлап,

Қыранға ақыл қарға айтса

батыл сайрап,

 Тұлпар тұрып, жабыны жұрт мақтаса,

Сұңқар құрып, қоңыз бен құрт қаптаса...

 

Судың кілтін тапсырса сұмырайға,

Ыстық тілек айтқызса суық ойға,

Күнәһарға – шен-шекпен, куәға – сот,

Қыран сөздің тажалы – жылан өсек...

Адамзаттың өзі данышпан деп мойын­даған Лев Толстойдың: «Бұл адам деген – неткен хайуан!» деп түңілуі де бекер емес шығар.

Қазіргі кезде ауа райының қолайсыз­дығынан ғана жылына 70 млн адам өледі екен. Бұл цифрды 1% десек, онда 18 млн қазақстандықтың жыл сайын 180 мыңы тойымсыз нәпсінің топан суына тоғытылып кетіп жатады деген сөз. Егер тууды ойша «тоқтатып» қояр болсақ, онда 70 жыл ішінде адамдар «өзінен-өзі» құрып бітеді.

Нақты жағдайды ескерсек, осы ғасырдың өзінде-ақ, демографиялық кері үрдіс аққан селдей, көшкен желдей қатты қарқынмен жүруі әбден мүмкін. Өйткені адамзат техникалық өркениеттен енді «өлсе де» бас тартпайды. Ал нәпсінің құлдығынан босануы одан да неғайбыл. Демек, эко­логияның да, әлеуметтік пробле­малардың да қарқыны күшейе түспек. «Классикалық», «модернистік» ауру-сырқау дегеніңіз салақ үйді басынған тарақандарша тайраңдай бермек. Жұмыссыздық пен кедейшілік, амбицияшылдық отбасы институтының дәстүрлі формасын жарамсыз етіп тастауы ғажап емес.

Нобель сыйлығын алу рәсіміне 20 жыл бойы сүйреткен көне пальтосын киіп бара салған Эйнштейн секілді байлық атаулыдан «баз кешкен» ғұлама ғалым «байғұстар» ойлап табатын техникалық өркениеттің барлық игілігі мен тәтті жемісін көбінше месқарын мекерлер жейтін заманда, мың адамның жұмысын бір машина атқаруының арқасында (әлде кесірінен бе?), «жұмыссыздық» дейтін мәңгілік проблема барған сайын шиеленісе түспек. БҰҰ есебі бойынша, бүгінгідей құқықты әлемде ресми «құл» мәртебесі бар (босқындардан тыс) 27 миллион адамның қарасы одан әрі қалыңдай беретіні де белгілі.

Сөйтіп, бір кездері қазіргі түсініктегі отбасылар санынан жұмыс істеп, ақша табуға болатын компаниялар саны асып түсуі ықтимал. Мұның ақыры, кең ауқымда алғанда, отан деген ұғымды архаистік қоқыс алаңынан бір-ақ шығара ма деп қорқасың. Ол тұста ақша табатын компаниялардың рөлін мемлекеттер атқарса да, «өзі біледі».

Егер И.Кант ақсақал (ХІХ ғасырдағы неміс философы) шын айтқан болса, онда «Баққұмарлық, билікқұмарлық, жекеменшік адамдарды бір-бірімен жауықтырады» екен. Әрине, байлық пен билікті парасатқа қарсы қару етіп жұмсау – пақырлық. Ал бүгінгі таңда байлық пен биліктің кілті мен тұтқасы кілең бір өресіз адамдардың қолына өтіп кеткендей әсерде жүресіз. Кейде тіпті әлем үлкен бір психикалық ауруханаға ұқсап кетеді.

Адамды адам мерт етпек

Улы тілдің ұшымен.

Жаннан тәнге дерт өтпек

Жылы қанның ішімен.

Жалпы, техникалық өркениет – ғылымның жасампаздығы. Бірақ ол жүре келе саясаттың қаруына айналатынын адамзаттың бүкіл тарихы дәлелдеп келеді. Бұған қарағанда, ғылымның тағдыры да кісі қызығарлық емес. Өкінішті-ақ! Өйткені байлық – адамдар мен елдердің билікке жетуінің баспалдағы болған кезде, биліктің таққұмарлық, империалық тәбеті қозбай тұрмайтыны белгілі. Мұны әрбір қарапайым адам бүгінгі әлемнен бинокльсіз көріп отыр. Ғаламдастыру идеясының өзі де – империялық аңсардан туатыны ақиқат. Олардың да, кешегі кеңестік интернационалистер секілді, барлық халықтар мен ұлттарды «құшақтастырғысы» келетіндей. Мұны демократия атрибуттарының бірі деп түсіндіреді. Бірақ «көп ұлтты қоғамда демократия орнату мүмкін емес» (Дж. Ст. Миль) дегенді сол либерал демократтардың өзі айтқан жоқ па. Оның үстіне, «Империалық биліктің негізі отаршылдық менталитеттің ұстанымдарына сүйенеді» (Д.Фильдхауз) десек, онда бүгінгі таңда «Империя дегеніміз – сауда» (Дж. Чемберлен) екені де өтірік емес. Ал сауда жүрген жерден адалдық пен шындықты іздеудің өзі – абсурд десек, қателеспеспіз. Осылайша, адамзатты бақытты өмірдің биік белесіне көтеруге тиіс болған техникалық өркениеттің алдынан екі айрық жол шығып отыр – махаббат (ізгі сүйіспеншілік) пен ғадауат (мейірімсіздік, дұшпандық, қаскүнемдік) жолы. Адамзаттың тағдыры осы екі жолдың қайсысын тыңдайтынына байланысты болмақ.

3.Реплика (фр. – жауап, теріске шығару, қарсылық, ежелгі лат. Replicare – қарсы болу) – қарсы пікір.

Сонымен, триомыздың соңғы нотасына да келіп жеттік. Шындап келгенде, бұл да – Өмір атты симфонияның алдыңғы екі Lе, Те ноталарымен үндес ырғағының бірі. Балақайды алақайлап қуандыра беруге болғанымен, қолын «қалақай» шақпаған ересек адамның сезімін тот басып, топастанып кететіні бар. Біздің жағдайда Реплика – осы қалақайдың рөлін атқарады. Саясатта мұны пікір алуандығы (плюрализм) деп те атайды.

Байқап қарасақ, осы оппозиция, демократия, плюрализм, либерализм, т.б. деген сөздер мен түсініктердің барлығы дерлік – Жер шарының Батыс деп аталатын аймағынан шыққан «көшет» терминдер; орыстікі де, жапондікі де, ал екібастан қазақтікі емес. Бірақ, әдеттегідей, бұл ұғым да бүкіл «әлемдікі» болып кеткен. Осыдан келіп, өз-өзінен бір сұрақ туындайды. Неге осылай?

Бұл сұрақтың жауабы баршаға бағзы замандардан бері белгілі. Әрісін айтпағанда, ХV ғасырдан басталған техникалық өркениеттің тетігін тауып, тегершігін айналдырып келе жатқан – дәл осы Батыс. Сондықтан біз де «Лексика. Техника. Реплика» деп атаған триомыздың «Lе-Те-Rе» ноталарын еуропалық энциклопедиялық сөздіктерден алып отырмыз. Өйткені Батыс деп аталатын аумақтың берісі «халықаралық», әрісі әлемдік дейтін әмбеге ортақ болып кеткен биік те беделді мәртебесі бар. Осыдан туатын тағы бір сұрақ: Батыс бұл құдіретке қалай жетті?

Бұл сұрақтың жауабы да құпия емес: білім, білім және білім! «Оқы, оқы және оқы!» дейтін әйгілі сөздің мәні де осында. Өйткені, «Оқысаңыз балалар, Шамнан шырақ жағылар» (Ы.Алтынсарин). Алла тағаланың пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жіберген бірінші аятының «Оқы!» деген сөзден басталуы, Құранда білімнің пайдасы туралы жеті жүз рет айтылуы да тегін болмаса керек. Бүгінгі техникалық өркениеттің ататегі де білімнен басталатыны анық.

Айтпақшы, еуропалықтар ғылым шаңырағын көтере бастаған сол бір тұста (ХV ғасырдың ортасы) біздің қазақ та өзінің Хандық (мемлекеттік) ордасының шаңырағын көтерді емес пе. Егер «жоңғармен соғыстым, орысқа бодан болдым» деп, бес ғасыр бойы ұйықтап жатпағанда, соның алдында ғана Отырардай қалалары, Фарабидей ғұлама даналары болған көшпелі жұртымыз, кейін бәрі қырылып қалатын (қырылып қалды да ғой) мың-миллиондап мал айдап жүргенде, ең болмаса, кең-байтақ жерімізге шағын да болса қалалар тұрғызып, егін салып, мектептер ашар еді ғой. Ашқан жоқпыз! Осыны кеш біліп, бармақ тістегенімізге өкінген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өркениетті елдерде (Еуропаны меңзеп) білім жарысы болатынын, ал қазақтар ысырапшылдықпен той жасап, ас беріп, ат жарысын өткізумен шектелетінін айта келе («Қазақ» газеті, 1913 жылдың 13 мамырындағы 16-санында жарық көрген «Білім жарысы» атты мақа­ласында), «Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасына білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм қазақ арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы» деген еді. Өкінішке қарай, біз күні бүгінге дейін ой жарыстырудың орнына бой жарыстырып, білім жарысының есесіне мақтан жарысын өрістетіп жүрген жоқпыз ба? Жапония Еуропаның «Білім – билік» концепциясын аса ақылдылықпен пайдаланудың арқасында, бүгінде Еуропаны қойып, азу тісі алты қарыс АҚШ-тың өзімен бейбіт бәсекеге түсіп отырғаны әмбеге аян.

«Білім – билік» концепциясы дедік. Бұл – еуропалықтардың ежелден-ақ ойларынан бір сәт те шығып көрмеген, ал ХІХ ғасырдың орта шенінен бас­тап ресми саясатқа айналған басты бағдарламасы. Мән-мағынасы да, мақсат-мүддесі де – білім арқылы билікке, билік болғанда да, «анау-мынау» емес, әлемдік билікке жету еді. Барша әлем куә болып отырғанындай, олар (еуропалықтар) сол мақсатына жетті де! Егер «Әркім – еңбегіне қарай» дегенді әділеттілік деп түсінсек, онда еуропалықтар өз еңбегінің жемісін жеп отыр! Ал біз техника, технология сияқты заманауи кәсіпті меңгеруге шорқақ­пыз. «Кәсібіміз» – сауда-саттықтың маңайынан аспай тұрғаны, кәсіпкер дегеніміз – түгелге жуық саудагер екені де содан. Біз «білім жарысы» дегенді тау­сылмайтын жобалар мен тест жарысы деп түсінетін секілдіміз. Бұл жарыстың біздегілерше мақсаты – Еуропадағыдай белгілі бір кәсіптің білікті маманын дайындау емес, керісінше, әлдебір шет елдерде өтетін «халықаралық» дейтін мәртебесі бар жарыстардың куәлігін (сертификат) алуға ұқсайды. Өзімізде қалт-құлт етіп жүретін бірулердің мүйізі қарағайдай шетелдік, халықаралық жарыс, конкурс, фестиваль, сыйлықтардың жеңімпазы, иегері, лауреаты атанып жүретіні көңілге көп күмән ұялатады. Сірә, бизнес (туған отаны мен атамекеніндегі түпкі мағынасы – пайда табу, қазіргі түсінікте – ақша жинау) заманында саңырауқұлақтай қаптаған сол бір халықаралық «жарыстардың» мән-мағынасы да – сату мен сатып алу ма деп қаласыз. Сондай «алмағаны да жоқ, болмағаны да жоқ» «үздіктердің» көбі өзінің жарты беттік өмірбаянын сауатты жаза алмайтынын айтуға ауыз да қиналады.

Бізде Еуропаны идеал тұту, үлгі ету үрдісі – үйренуді емес, соларға ойсыз (механикалық) табынуды білдіретіні жасырын жайт емес. Шындап келгенде, білім берудің мақсаты – жоғары білікті кәсіби маман дайындау болса керек-ті. АҚШ-тың өзінде интеллектуалдық потенциал 2%-дан аспайды, фермер өз малына беретін жем-шөбінен басқаны білмегені үшін жаза шекпейді, ал біз сыныптағы 25 оқушыны түгел академик еткіміз келетін секілдіміз, содан да барып, кейбір профессор-академиктеріміз шала сауатты болып шығады әрі бұған ешкім ұялмайды, өйткені ортаның өзі осындай. Әйтпесе, жоғары сыныпқа арналған әдебиет оқулығының авторлары: «Романда жүз жылдық уақыт қамтылған, сондықтан мұндай ауқымдылықта халқымыздың салт-дәстүрлері, т.б. жағдайлар суреттелген. Атап айтқанда, ұшықтау, құда түсу, шілдехана, т.б. қамтылған. Жазушы қазақтың бір ғасырлық тарихын суреттегендіктен, бұлардың бәрі шынайы суреттелген» («Ұлпан» романы туралы) деп жазуға ұялған болар еді. Мәселе – тек бір сөзді қайталай бергенінде ғана емес (ол да үлкен мін ғой!), сақау адамның былдырағы секілді ойсыз, пікірсіз сөйлемнің өзінде. «Аға сұлтан дегеніміз – сұлтандардың ағасы», әдебиеттану дегеніміз – әдебиетті танып-білуді зерттейтін ғылым деген сыңайда «анықтама» берген «номенклатуралық» авторларды да көргенбіз. Бірақ біз «иновациялық» оқытудың «арқасында», мұндайға ұялмайтын болып алдық. Себебі: «Тоғышарлық, дүмбілездік үстемдік құрған жерде сара сана мен кемел парасаттың күні қашанда қараң. Кешегі отыз жетіні де, ең алдымен, біз көппіз деп кеудесін төмпештейтін дүмбілез сана тудырған. Ол біреуді жау, біреуді дос санап, атыстырып-шабыс­тырмай тұра алмайды. Ол дүниедегінің бәрін ақ пен қараға бөлуге құштар. Ол барлық уақытта «бізге анау керек емес, мынау керек» деп, үзілді-кесілді тон пішуге құмар. Күмән айтқандарды, алды-артын салмақтап, саралап сөйлейтін сарабдалдықты кемшінге санайды. Тепсінгенді ерлік көреді. Күші асқаннан қорқады, білімі асқанды жек көреді. Ол ылғи көптің атын сатып күн көреді. Тоғышарлықтың көзге ұрып тұрған сипаты – осы» (Әбіш Кекілбайұлы. – Жиырма томдық шығармалар жинағы. «Жазушы» баспасы, 2011. – 11-том, 261-бет). Бұл үзіндіні келтірудегі мақсатымыз – Шоқанды, Ыбырайды, Абайды, Сәкенді, ақыр аяғында Олжас­ты да кеуделерімен соғып өтетін «сабаздар», ең болмаса Кекілбаевтан «ұялар» (именер) деген бір үміт. Сондықтан, триомыздың соңғы қайырымында айтпағымыз: «Көп айтты – көнді, жұрт айтты – болды – Әдеті надан адамның» (Абай) екенін түсініп, ұлттық лексикамызды ұрда-жықтыққа ұрындырмай, заманауи техника мен технологияның тегершігін білікті қолдарға ұстатқанда ғана көзбояушылықтан ада, таза білім арқылы билік биігіне көтеріле алатынымызды ұғынсақ деген ой еді. Өтірікті – өнер, өсекті саясат деңгейіне көтерген бүгінгі замана мінезі күні ертең қалай қарай бұлт етерін кім болжапты. Сонда өкініп қалмайық!

Сондай күн туса, адамзатты да, қазақты да надандық пен топастықтың топан суынан құтқаратын Нұх кемесі де осы – ар білімі екенін кеш біліп жүрмейік, ағайын!

Сондықтан, «жаман айтпай – жақсы жоқ» дегендей, пессимистік трионың соңын көтеріңкі пафоспен аяқтайын.

Саналы ел сенен сайлар бас қаруын,

Өзіңмен сергек те нық асқақ үнім.

Елімді жас шәкірттей елеңдеген

Парасат биігіне баста, білім!

115418 рет

көрсетілді

35342

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы