• Әдебиет
  • 09 Шілде, 2020

КҮЛШЕ НАН

Қазақ – хандарымен, ақылман абыздарымен, қара қылды қақ жарып, көркем сөзден күмбез орнатқан билерімен, тұтам жер үшін жанын пида еткен батырларымен мақтана алатын халық. Жаңалыққа құлақ салдым. Әлемді жайлаған мына бір індеттің кесірінен Африка мемлекеттеріндегі елдің аштыққа ұшыраған жағдайын, Нигерия, ОАР, Самали жеріндегі аштықтың халқына тигізген зардабын айтып жатыр екен. Бір үзім нан таба алмай, күні бұрын сойылған сиырдың қанын алуға кезекке тұрған елді көргенде жағамды ұстадым. Әрине, оған берер көмегің жоқ, дәрменсіз күйдесің. Бұл зауал өткен ғасырда біздің елді де айналып өтпеген. Тіпті ол зобалаңның арнайы ұйымдастырылғанын қаншама ғалым мен зерттеушілер жазды... Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 25 маусымда респуб­ликалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп аталатын арнайы сұхбаты көп елге ой салды.

Газеттің бас редакторы Жанарбек Әшімжан елдің көкейінде жүрген біраз мәселелерді қозғап және де тұшымды жауап та алған. Мені президентіміздің мына бір сөзі қатты толғандырды. «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей техноло­гияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мем­лекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деген сөзі, көптің көкейіндегі ойды қозғады десек болар. Кейінгі жылдары біздің қазақ, тіс шұқитын ши шығара алмаса да, шын мәнінде той тойлаудан алдына жан салмай, бәйгенің алдын бермейтін араптың қызу қанды жүйріктеріндей аршындағанын несіне жасырайық?! «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, үш төрт ай бұрын кезекке тұрып, кейбірі несие алып, аптаның жеті күні той тойлау үрдіске айналды. Дастарқанына жүздеп емес-ау, мыңдап кісі шақырғандардың куәсі болдық. Он мың теңгенікін місе тұтпай, алпыс мың доллардың тортын алдырып жейтіндерді де ел айтып, Фейсбук, Инстаграмм парақшаларында жазып жатты. «Той – халықтың қазынасы» деген сөз де бар қазақта. Бірақ, қаншама қалаларда өтіп жатқан той, тойдан қалған мол ас-тамақты тастау қай қағидаға сай келеді? Әр нәрсенің обал-сауабы бар емес пе? Бұл астамшылдық па, ысырапшылдық па, оны өзіңіз саралай берерсіз. Осыдан біраз жыл бұрын діни басқарма «ас, құдайы тамақ беретіндерге ысырап болмау үшін дастарқан мәзірі ықшамдап жасалсын» деген пәтуә беріп, жақсы бастама көтерді. Астана мешіттері осы тәртіпке бағынып, ретке келген сияқты еді. Айтылған сөзді құлаққа іле бермейтіндер қойсын ба, дастарқан мәзірін күшейтіп, сере қазылар дастарқанның сәнін кіргізіп, имамдардың да көзі де оған үйрене бастағандай болды. Осының бәрін көріп отырып, кешегі өткен күн еске түсіп, үлкендерден естіген әңгімемді жазуды лайық көрдім. Менің әкем, ел басынан өткен талай тауқы­меттің куәсі болғандардың бірі еді. Өзі соғыс ардагері, бір аяғын Украина майданында беріп келген сұрмерген. Ат әбзелдерін жасайтын, ұсталығымен қатар домбыра шабатын шебер-тін. Анам да тігіншілікпен айналысып, көрші-қолаңға оны-мұны тігіп беру, сырмақ, киіз басу, құрақ құраудың қас шебері болатын. Әкемнің екінші мамандығы – шаштараздығы. Ол кезде ауыл халқының іргесі сөгілмеген, үлкен үш бөлімшенің ақсақал, қарасақалдарын тегіс келіп, аптаның екі күнінде шаш алдыратын. «Қартайдық, қайғы ойладық ұлғайды арман» деп һакім Абай қырықтан жаңа асқанда айтқан екен. Сол уақыттағы ақсақалдардың бәрі сол бір қағиданы берік ұстағандай көрінеді маған. Әкеме келетін кісілер де сақал-мұртын қияқтай етіп басып, баптап жүретін. Үлкендердің алды келіп жайғасқанда соңынан келгендеріне бас иіп сәлемдесіп, қарсы алатын. Ал қазір, балағын шорт кесіп, мұртсыз сақалы беліне түскен, елді шошытатын пірадар жастарды көргенде зама­ныңның өзгергеніне таңғалмасқа шараң жоқ. Ол кезде менің жасым алты-жетілер шамасында, ағам ­Садан он жаста. Міндетім ақсақалдардың қолына су құю да, ағамның міндеті аттарын байлау. Ақсақалдар тегіс жиналғасын әңгіменің көрігі қызып, сексеуілдің шоғындағы самауырдай бұрқырайды. Сондағы әңгіменің төркіні – елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Қазіргі той-томалақта елдің амандығын айтатын есі түзу адам таппай қиналатын кездер де барын несіне жасырамыз? Біздің бала күніміздегі ақсақал-қарасақалдардың алды кезіндегі оба індетінен аман қалып, кейінгі буындары ашаршылықты бастан өткеріп, орта буыны соғыстың қан майданын бастан кешкендер еді. Оң аяғы тізеден жоғары жоқ әкем, кіші балдағын аяғының орнына тіреп қойып, таң атқаннан қара кешке дейін тапжылмай тұрып, келген елдің шашын алатын. Сол тұрысын өзі бақытқа балайтын. Кешкісін інілерімен шайға отыратын. Шиеттей сегіз баламыз, әкеміздің шаршаңқы жүзіне жаутаңдай қарап, кейде қарындасы Бүбүкүл, кейде шешем Тұрған жандары ашып күңкілдесе, әкем оларға күле қарап, өз ісіне өзі жігерленіп, мырс етіп қана қоятын. Ауылдың мал доғдыры болып істейтін інісі Жайнақ Тастанов деген ағамыз келіп шаш алдырады. Ол кісі әкем 1944 жылы соғыстан аяқсыз оралғанда, жастау кезі екен, жеті шақырым жерден өгіз арабамен барып, шешемді әкеме алып қашысып келіпті. Орта бойлы, сұлу жүзді керемет адам еді. Шешеміз нанның қоқымына дейін қалдырмай қағып-сілкіп алып, «Аяқ асты болмасын, әр нәрсе өзінің есесін, теңдігін алады» деп шырылдап отырар еді. Қорада азын-аулақ мал бар, бүкіл ел сол малымен жан баққан кез ғой. Әкеміз жазда жантақ шауып әзірлеп, үйде үш-төрт жасар, бір-екі ісекті жылда соғымға байлайды. Желтоқсанның басында біреуін сойып, қамыспен үйітіп, саба-саба ет дайындап, соғым басына ағайындарын шақырады.Үлкен ағасы Мырзахмет бастаған, өзге де көрші-қолаң бар, үш ауыз үйге қонақ күтетінбіз. Ет жеп, сорпасын ішіп, әңгіме-дүкен құрып, түн ортасы ауа қонақтар үйлеріне қайтатын. Ол кезде ағайынның үлкеніне ауыз тигізбей, ешкім асқа қол тигізбейтін. Қауын піскенде де үлкендерді шақырып, батасын алып дәм татқызатын. Бұл, міне біздің замандағы «тойдың, молшылықтың, беркенің» түсінігі осы еді. Қазір сол ұғымның өзі өзгеріп бара жатқанына қынжыласың. Апам марқұм қонаққа күнде дайындалады. Бауырсақтың, шелпектің түр-түрі, қарындағы сары май, құймақ дейсіз бе – қолынан келгенінің бәрін жасап бағады. Бізге «Сендерге күлше нан пісіріп берем» деп құлағымызды көтеріп қоятын. Шоққа көміп, күлше нан пісіреді. Шоққа күйіп піскен нанның исі де, дәмі де бөлек. Қазандағы ет қайнап, исі мұрынды жарып, ошақ басындағылар қара сорпадан ұрттап жүреді. Қонақ келер алдында апам сорпаның бетіне шыққан майын қалқып алып, күлше нанды соған майдалап турап қоятын да, тура қонақ келер алында бізді шақырып алып, асататын. Майға бөккен күлше нан неткен дәмді десеңізші? Қонақ тегіс жиналғанда Мырзахмет атам қойдың бір құлғын кесіп береді, кей балаларға сирақ тиеді... Бір күні Жайнақ Тастанов ақсақал үйде отырып, есіне түскен бір әңгімені бастады. Бұл 1944 жылдың күзі еді дейді. Ол кезде колхоз бастық Мейірманқұл Байсеркеев деген кісі болыпты. Өзі коммунист, жұмыста өте қатал болса керек. Ауылдағы азын-аулақ егін орағының жүріп жатқан кезі. Орталық қырманға әкемді қарауыл, әрі ұста ретінде жұмысқа қабылдапты. Сынған араба, үзілген божы, жүген, кетпен, күректерді саптап, орақ, шалғыларды шыңдап, ретке келтіреді екен. Жалақы жоқтың қасы, бастық әкеме еңбек ақысына бір уыс бидай, орташа жүгері сотасын алуға рұқсат етіпті. Әкем күніге түскі, кешкі асқа келгенде, бастық айтқан затты шекпенінің екі қалтасына салып әкеліп жүріпті. Шешемнің аяғы ауыр, әкелген жүгері мен бидайды екі ала дорбаға салып жинай беріпті. Сонымен қатар, мемлекетке күніге бір таба нан өткізетін тапсырма болыпты. Өкімет берген ыржанай қара ұнға қол диірменмен бидай, жүгері тартып араластырып, қызылқошқыл етіп, әдемілеп нан пісіріп, өткізеді екен. Бір күні түскі асқа дайындық жасап жатса, үйдің жанына колхоз бастық келіп: «Жоғалтқанымды таптым, таптым» деп аттан түсе бастапты. Қасында есепші бар. Шешем жерошаққа нан пісіріп, бір-екі таба нанды пештің ернеуіне қойып отырса керек. Әлгі сөзді естіген анам аяқ-қолы дірілдеп, орнынан тұра алмай қалады. Сол сәтте әкем де төбеден асып, есекпен келе жатса керек. Бастықтарға: «Оу, жол болсын, үйге кіріңдер» деп дауыстапты. Үйлері – қамыстан тұрғызып, сыртын сары балшықпен сылап, терезесіне қойдың қарынын тартқан, екі бөлмелі тоқал, жаппа там. Колхоз бастық: «Бір нәрсе жоғалтып жүр едім, соны осы үйден тапқан сияқтымын» депті. Оны естіген шешем одан бетер дірілдеп, екі көзі қарауытып, басы айнала бастайды. Ол кезеңде бір пияла бидайға соттайтын кез! Әкем даусын көтеріп, шешеме: «Неғып отырсың, қонақтарға шай дайындамайсың ба?» деген кезде, есін жиып, үйге жүгіре басып барып, бүйірі томпиған ала дорбадағы бидай, жүгерінің бетін алашамен жауып, келесі бөлмеге шай дайындапты. Дастарқан мәзірі, қуырған бадырақ жүгері, құрт, пәтір нан, не керек, үйде не бар, барын салып, апам дастарқан жасапты. Бастық, есепші, әкем үшеуі үйге кіріп жайғасып, әкемнің қақпан сап ұстап әкелген қоянының сорпасын ішіпті. Шайға қанғасын әкем: «Ал айтыңыз, не жоғалтып жүрсіз» дейді ғой баяғы. Сонда бастық, есепшісіне қарап: «Ауылдағы ел өкіметке бір таба наннан өткізетінін білесіз, соның ішінде бір ерекше піскен күлше нан келеді, дәмді. Орнына басқа таба нан өткіздім де әлгі күлше нанды алып, әйеліме апарып беріп, «нанды осылай пісір деп» тапсырма бердім. Ол да «кім пісірді екен» деп жүр еді. Нанның иесін таппай жүрсем, осы келін екен ғой» деп күліпті. Сол кезде барып шешемнің аласұрған жүрегі орнына түскен екен. Бір күлше нанды мемлекет мүлкіне балап, оған қол салмай, орнына нан өткізуі, сол кездегі елдің адалдығы болса керек. Басшылар шай ішіп болып, рақмет айтып, орындарынан қозғалады. Шешем колхоздастыру кезін, өткендерін есіне алғысы келмейтін. Жетімдіктің зардабы бар, ауыр тұрмыс, ауыр жұмыс істеп, балалық, жастық дегеннің не екенін білмей өскен ғой. Садан ағам екеуміз апама қолғабыс болып, ауыл сыртынан тезек теріп, отынын әкеп беретінбіз. Алдыңғы буын ел басқарған ағаларымыздың бәрі осы бір қиын кезеңді бастан өткізді. Астатөк той жасағандардың жайын көргенде сол анам пісіретін күлше нан, елдің бір таба нанына да қиянат жасамайтын ел ағалары еске түседі. Біз сол мінезімізден айырылып бара жатқан жоқ па екенбіз деген бір ой мазалайды. Президентіміз сұхбатында тіл мәселесіне де көңіл бөліпті. Тіл мәселесі – ұлт мәселесі. Мұны әркез есте сақтап жүрейік. Егемендік алғалы қазақ елі көп дүниеге қол жеткізді. Аяқ астынан әлемді жайлаған мына індет халыққа салмақ түсіре бастады. Ел аман болса, бұл күндер де өтер. Қазақтың шығатын биігі мен алар асуы әлі алда деп білемін.

Қошан МҰСТАФАҰЛЫ

1917 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы