• Руханият
  • 09 Шілде, 2020

ӨТКЕН МЕН БҮГІННІҢ ҚҰТТЫ МЕКЕНІ

Қазақ хандығының астанасы болған, тағдырлы шешімдер қабылданып, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өткен шежірелі шаһар енді Қазақстанның туризмін жаңа деңгейге көтермек. Өйткені, облыстың алдағы жылдардағы негізгі даму бағыты осы саламен үндесіп жатыр. Өткерген кезеңдерді бағамдап, ой таразысынан өткізу мақсатында елге белгілі тұлғалардың пікірлерін топтастырғанды жөн көрдік.

Оңайгүл Ізтұрғанқызы, филология ғылымының кандидаты, доцент:

– Баяғыда Ресей патшасы І Петр Санкт-Петербургті нағыз батпақтың ортасына салдырған кезде қол күші де, құрылыс материалдары да жетпеген екен. Сол кезде ол: «осы қалаға кіріп келе жатқандардың әрқайсысы ағаш, тас ала кірсін» депті. Әрине, жаяу келе жатқандарға емес, пәуескемен немесе жәй арбамен келе жатқандарға айтқаны болар. Ми батпақ жерге қаланы осылай тұрғызған ғой. Былайша айтқанда, ол жәй бір жатқан батпақты жер еді, гүлденген мәдени орталыққа айналды. Мақсаты – Ресейдің шекарасын нығайту, екінші жағынан өзінің даңқын шығару. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауиге алып кесене салдырып, Темірлан – Ақсақ Темірдің де рухани бай адам екені туралы даңқы қалды. Ол осы жердің Қожа Ахмет Ясауиден қалған киені халықтың игілігіне айналдырмақ болды. Әрине, оған айналды да. Кеңес Одағының рухани орталықтарды көлеңкеде ұстау саясаты – халықты рухани жұтаңдыққа ұшырату мақсатынан шыққан болатын. Олар сол жоспарын жүзеге асырды. Сол жұтаңдықтың зардабынан құтылу әрекетіміздің бір парасы – Түркістанның облыс орталығы болуы деп есептеймін.

Түркістан – «Ер түріктің бесігі» және дәстүрлі дініміздің есігі. Тас болып жабылып қалған сол есігімізді ашып, оған күллі әлемнің назарын аударту – біріншіден, өзіміздің деңгейімізді танытады, екіншіден, рухани бай халық ретіндегі имиджімізді айғақтайды, үшіншіден, күллі түркі халқы үшін абырой. Ежелгі орталығы барлардың бүгінгі абыройы да биік болатынына көзіміз жетті. Қазір күллі әлем имидж үшін күресуде.

– Облыстың алдағы жылдардағы негізгі даму бағытын немен байланыстырасыз?

– Облыстың ендігі даму бағыты, негізінен, туризммен байланысты болады. Қазіргі заман адамдары үшін туристік сапар нағыз хоббиге айналды. Бірақ бұл тек біздің заман адамдарының ғана хоббиі емес екен. Туризмнің тарихына қарап отырсақ, көне дәуірлердің өзінде де адамдар бір жерде отыра бермеген. Туризм тарихын зерттеушілер б.з.д. V ғасырда өмір сүрген Геродотты тарихшы десе, енді бір ғалымдар оны саяхатшы дейді. Кім қалай атаса да, мұндай саяхатшылардың бағзы замандардағы деректері қазіргі дәуір адамы үшін аса құнды құжатқа айналды. Міне, сол құжаттардың өзі бүгінгі заманның нарықтық туризмін дамытуға ықпал етіп отыр. Көне дүние жәдігерлері немесе тарихи жазба деректері жер шарының аса белсенді туристерін өзіне шақырып тұратын ғажайып маяк сияқты қызмет атқаруда.

Түркістанда әлемдік дін басылардың ғана емес, жәй қарапайым діндар адам­дардың жыл сайын келіп тәу етіп кетуіне ықпал ететін қандай да бір ауқымды іс-шаралар атқарылуы керек деп ойлаймын. Әрине, келіп те жатыр ғой. Бірақ өте аз. Әлем дінбасыларының кездесуін Елордада емес, Түркістанда өтуі – оның даңқын бұрынғыдан да кеңірек танытар еді.

 Тұрсынбек Әлиұлы,

жеке кәсіпкер:

– Қазіргі заманда өркениет жетістік­терімен ешкімді де таң қалдыра алмайсың. Олар барлық жерлерде де бар. Жалпы турис­тердің тоқсан пайызы теңізге түсіп, суға шомылып, дем алуды ғана көздейді. Бұл бағытта Түркия, Тайланд секілді елдер бар. Олар бұл бағытты қатты дамытқан. Олармен бәсекелесу қиын. Ал әлемде тарихи орындар мен қасиетті жерлер аз. Мекке, Иерусалим т.б. Бұл қала­ларға көптеген адамдар келеді. Сондай жерлердің бірі – Түркістан. Түркістанда бүкіл түркі дүниесіне танымал, әулие Қожа Ахмет Ясауидің жатқаны белгілі бір мөлшерде туристерді тартуға сеп бола алады. Түркістан Кеңес Одағы кезінде Орталық Азияның Меккесі ретінде қабылданатын. Ата-бабаларымыз да Түркістанды қасиетті, киелі жер деп санайтын. Қазақтың барлық беделді адамдарының, хан-сұлтандарының, би-бектерінің, батырларының сонда жатуы сөзімізге дәлел. Менің ойымша, алдағы уақытта да қаланың барша мұсылман қауымы қадірлейтін, түркі әлемі сыйынатын имиджін дамыта беру керек. Жыл сайын біздің елімізден ғана қаншама мың адам Меккеге қажылыққа барып жатады. Түркістанға баруды да кіші қажылық ре­тін­де санап, соны адамдарға насихаттап, са­на­сына сіңіре беру керек. Түркістанның ту­ристік имиджін осы бағытта дамытсақ біраз табысқа жетуге болады деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, туристер ағылып келуі үшін қандай мәселелерді бірінші кезекте шешу керек?

– Ең бірінші, қалаға әкелетін жол жақсы болса деймін. Жақсы инфра­құрылым, әуежай болуы тиіс. Әдемі, жақсы, ыңғайлы қонақ үйлер де керек. Шетел­­діктердің біздің елге виза алуын жеңілдеткен жөн. Қазір белгілі бір топтар әулиеге, аруаққа сыйынуға болмайды, бұл дұрыс емес деген секілді сөздер айтып жүр. Бұл насихат күшейе берсе Түркістанға келетін адамдар азайып кетуі мүмкін. Сондықтан осы бағытта белгілі бір түсіндіру жұмыстарын жолға қойып, насихат жұмыстарын күшейту қажет. Сонда Түркістанның қасиеті мен қадірі арта түседі. Бұл бағыттағы жұмыстарды көрші елдерде де жүргізу керек.

Марат Тұяқбаев,

тарихшы-археолог:

– Төрт қақпалы Түркістан – тоғыз жолдың торабында орналасқан көне шаһар. Орта ғасырларда қала қайнаған сауда-саттық ордасына айналған. Мұнда  шығыстық үлгідегі базарлар жұмыс істеген. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы­ның бойындағы бұл қалаға жылына мыңдаған сауда керуендері келіп-кетіп жатқан. Біз алдымен қала ішіндегі көше базарына тоқталсақ. Орта ғасырларда, одан кейінгі Қазақ хандығы дәуірде, тіпті кешегі XIX ғасырда да қала көшелерінің барлығы базар ретінде пайдаланылған. Жолдың ені 5 метр болса, екі жағындағы үйлердің алдында бастырма болған. Соның астында сауда орындары мен шайханалар, шаштараздар мен шеберханалар жұмыс істеп, саудагерлер сауданың көрігін қыздырған. Шаһарда негізгі базар үшеу болған. Түркістан Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, мұнда дүниенің түкпір-түкпірінен керуен­дер келген. Оған киелі шаһардағы көне Күлтөбе, Яссы шаһарларына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған ескі бұйымдар мен көне жәдігерлер дәлел.

– Ұлы Жібек жолының бойында орна­лас­қан киелі мекендегі көне базарлар қалай аталған және олардың бүгінгі жай-күйі қандай?

– Бұрынғы замандарда Түркістанда сауда-саттық дамып, базарлар көптеп салынғанын білеміз. Соның бірі – орталық базар. Біз қазба жұмыстарын жүргізген кезде ыдыс-аяқтардың қарасы көптеп жиналды. Солардың ішінде, мысалы Пәкістан мен Түркияның ыдыс-аяқтары едәуір көп болды. Қытайдың фарфоры, қоладан жасаған айналары кездесті. Үндістанның керамикасы да бар екен. Базар қаланың қақ ортасында қалып қойғандықтан, қазіргі күні оны сыртқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаланың сыртынан 3 бағытта жер бөлінген. Базар басшыларына ұсынылған эскиздер бойынша алдағы уақытта заманауи форматта салынып шығады деп болжап отырмыз.

 Асылы Осман,

тіл жанашыры:

– 2018 жылы киелі Түркістан облыс орталығы атанғанда, қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады. Мұндай тарихи шешім бір ғасырда бір рет қабылданады. Түркістанның өзі сонау ғасырлар бойғы исі түріктің рухани орталығы болып келе жатқан шаһар. XX ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевтың өзі «Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп бостан-босқа жазған жоқ. Түркістанның түркі әлемінде алар орны ерекше. Сондықтан барлығын ескере келіп, Түркістан облысын құрып әрі орталығы ретінде Түркістан қаласын таңдау мені қатты қуантты. Жалпы мені ғана емес, жүрегі «түркі» деп соғатын адамдардың бәрін бұл жаңалық қуантты деп ойлаймын. Маған сенсеңіз, Түркиядағы азаматтардың, ол жақтағы бауырларымыздың қуанышында шек жоқ. Өйткені, олардың бәрі бұл жерді ата-бабамыздан келе жатқан құтты мекен, мейірімді мекен, тарихи өлкем деп санайды. Мен өзім Түркістан шаһарында 1957-1961 жылдары 4 жыл бойы оқығанмын. Сол кездің өзінде үйге Түркістанның әулие құдығынан су алып, топырақ алып баратынмын. Ауыл азаматтары сол суды ішіп, топырақты бөліп алатын. Осыдан-ақ қазақтың ата-бабасын, әулиелерін құрметтейтінін байқауға болады. Түркістанды әспеттеп, ­облыс ста­тусын бергені үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа разымын. 1959 жылы Қа­зақ­станның жазушы­лары Түркістанға келген болатын. Арасында қазақтың біртуар ақыны Сырбай Мәуленовтің: «Түркістанды Гүлістан демей немене» деп айтқаны бар. Ендеше, Түркістан шын мәнінде Гүлістанға айналуы тиіс. Өз басым Түркістанды туризм орталығына айналдыру үшін жатпай-тұрмай еңбек ету керек деп санаймын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «сөзден іске көшу керек» деп айтты ғой. Ол үшін жақсылап ұйымдастырып, бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жасауға тиіспіз. Ел үшін, жер үшін аянбауымыз қажет. Күні-түні тер төгуіміз керек. «Түркістанның сүйем жері сүйкімді, қадам жері қасиетті. Бір уыс топырағы киелі». Қалай болғанда да, Түркістанды жақсартуға да, жайнатуға да, түлетуге болады. Бұл мүмкін деп ойлаймын.

Аманжол Әлтай, айтыскер-ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

– Түркістан – исі түркі жұртының рухани астанасы. Мағжанша айтар болсақ Түр­кістан екі дүние есігі, ер түріктің алтын бесігі. Кешегі Ахмет Ясауи бабамыз кемелдендірген ислам ілімінің орта­лығы болған ордалы өлке. Түркістан – хан­дарымыз, билеріміз, батырларымыз, басқа да тарихи тұлғаларымыз жатқан тарихи санамыздың алтын тамырына айналған өлке. Оның облыс орталығы болып қайта ашылуы ұлттық санамыздың сәулеленуіне, тарихымыздың тереңдеуіне үлкен әсер етті деп ойлаймын. Сондықтан да қайта жаңғырып жатқан Түркістан шаһарының болашақ келбетінде кешегі шаһарларымыздың белгілері, тарихи тұлғаларымыздың мұражайы болуы керек деп ойлаймын. Көше атауын қойғанда да ерекше мән беруіміз керек. Тарихымыз тіпті сол көшелерімізде де жаңғырып тұруы тиіс. Түркістан туризмнің де ордалы өлкесіне айналуы керек деп ойлаймын. Облыс атанып жатқан кезде осындай үлкен мәселелерге мән беруіміз қажет. Болашақта біздің Тәуелсіз Қазақстанның үлкен бір рухани орталығы, рухани қазы­насы осы Түркістан болады. Түркістан – қазақ ұлтының тірі ескерткіші. Бұл біздің тари­хымыздың тереңдігін, ұлтымыздың даныш­пандығын, халқымыздың қасиетін, бабалардың өсиетін өлшейтін куәлік. ­Елбасы өте данышпан саясаткер. Бұл кісінің аталмыш шешімі болашаққа жасал­ған ұлы қадам. Ендігі кезек біз ел болып осы миссияның орындалуына үлес қосуы­мыз керек. Түркістанды қазір мақтау асылық. Бұл киелі атырап мақтауға тәуелді емес. Кесек тұлғалардың кесенесімен, Патша-билердің пешенесімен ғана емес, бұл то­пырақ болмыс бітімімен қасиетті ғой. Күллі түркі жұрты тамсанып отырған тарихи мұраға – аманат ретінде қарай бас­тауы­­мыз рухымыз оянды дегенін білдіреді. Тәңірі көтерген туымызды жықпай, мұратымызға жеткізсін деп тіледік.

Түркістанның келісті келбеті одан сайын ерекше реңк алып, қаланың өзіндік бітім-болмысы ұлттық нақышта қайта түлейді деген сенім мол. Алдағы уақыт­та атқарылар ауқымды жұмыстар арқылы кербез мекеннің алып шаһарға айна­лып, жер беті таңдай қақтырар қала атанарына шүбә жоқ. Бұл күнгі Түр­кістан – облыс орталығы ғана емес, өткен мен бүгіннің үндескен құтты мекені. Ұлыларды түлеткен ұлы мекен ұлты­мыздың айшықты аймағына айнала берсін!

Тимур АТАБАЕВ

 

996 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы