• Ақпарат
  • 16 Шілде, 2020

ДОСТЫҚ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

Еліміздің басты байлығы – халықтың бірлігі, осы баға жетпес байлықтың арқасында елімізде ынтымақ, тыныштық пен тұрақтылық қалыптасқан. Бұл маңызды негіздер Қазақстанның дамуына жол ашқаны баршамызға белгілі. 

Қазақстан Республикасының дамуы, әрине, халықтың жағдайының жақсаруымен тікелей байланысты. Орталық Азиядағы өзге елдердің тұрмыс-ахуалымен салыстырғанда, біздің жағдайымыз біршама жақсы екені бәрімізге белгілі. Осындай керемет мемлекетте өмір сүруді нәсіп еткен Жаратушы иемізге шүкіршілік айтуды ешқашан ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Халық бірлігін қамтамасыз етуге Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен үлес қосты. Барша ұлттардың басын біріктіріп, бір халыққа айналдырды. Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та татулық жолын жалғастырып, Қазақстан халқына Жолдауында татулық пен ынтымақты сақтай білуіміз керек екенін баса айтты. Сондықтан барша ұлттың айрандай ұйыған бірлігін сақтау үшін, бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Ол еңбектің бірі – мемлекеттік тілді ұлтаралық тіл ретінде қолдану дер едім. Мен үшін осы мәселе өте нәзік әрі бүгіннен қалдырмай қолдануымыз керек қадам деп есептеймін. Осы бағыттан ауытқымасақ, келешегіміз жарқын болады деп сенемін. Ең бастысы әрі бірінші жайт, жастар арасында отансүйгіштік сезім күшейген. Екіншіден, тілге деген құрмет, сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де байқалып келеді. Ең бастысы мемлекеттік тілдің аясын қоғамның әр саласында да кеңейте білуіміз керек. Иә, өкінішке қарай: «Қазақ тілінсіз де өмір сүре аламыз, тіл үйренуге қабілетіміз жоқ» дейтіндер де бар. Бұл сөзімізбен жастарға қандай үлгі-өнеге көрсетеміз? Болашақ жастардың қолында дегеніміз – барлық жауапкершілікті оларға жүктеп қою ғана емес қой. Үлкендердің көрсеткен жолы, берген тәрбиесі, насихатты сөзі, ұлағатты үлгісі арқылы да болашағымызды айқындаймыз. Жастарға өсиет етіп, бірлікті сақтай білуіміз керек деген сөзді ұдайы айтып жүрміз. Ал мемлекеттік тілді негізгі тілі ретінде қолдануға мүмкіндік берсек, мақсатымызға жеткеніміз емес пе? Қазақстан – небір зобалаңды, небір қиындықты бастан кешкен мемлекет. Бірақ, әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың өткелектерінен аман өтіп келеді. Соның нәтижесінде, қазақ халқы – тәуелсіздігін алды, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында. Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан аса ұлт өкілі тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім бар. Олардың күллі арманы мен болашағы Қазақстанмен байланысты. Еліміздің тату-тәтті шаңырағының астында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Алланың жазғаны, екінші xалқымыздың түзу пейілінің арқасы. Арманы мен мақсаты бір, кемел келешекке бір ниетпен қол созған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұлт болмаса, республикамыздың бірлігі баянды болмас еді. Дегенмен, әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда. Себебі, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын алтын асықтай ұлдары, күміс қасықтай қыздары, данагөй қарттары бар. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Әрі ол – ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, оның қолданылу аясын кеңейтуге, дамытуға атсалысу, сонымен қатар білім ордаларынан бастау алуы тиіс. Адам баласы тек қана білім арқылы дүниенің құпия сырын ашады. Білімнен тағылым алып, болашағын болжап, келеше­гіне бағыт белгілейді. Білім алдымен тіл арқылы игеріледі. «Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялай­ды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады» деген Асылы Османованың сөзімен толық келісемін. Еліміздегі бірлікті мақтана да, тамсана да ән-жырымызға қосуға болады, қосып та келеміз. Жыл сайын дүркіретіп атап өтілетін 1 мамыр – ұлттар достастығы мерекесі оның айқын мысалы емес пе?! Сондықтан да, елімнің жанашыр патриоты ретінде, ұлтым татар болса да, жаным қазақ екенін айтқым келеді. Қазақстанымның әр жетістігін, әр бақытты сәтін кеудемді көкке көтере мақтана айтамын. Татулық пен ынтымақтың не екенін көріп өскеннен кейін, оны жалғастыру – азаматтық парызымыз. Ата-бабаның маңдай терімен, төккен қанымен келген киелі аманатқа тәуелсіз елдің ұландары қиянат жасамайды деп сенемін. Көгімізде Көк Тудың мәңгі желбіреуі, асқақ әнұранның шырқалуы үшін мен де, сіз де, ол да қолдан келгенше еңбек етуі керек. Адамның адал әрі таза еңбегі ғана оны биікке көтереді. Біз үшін ең бастысы мемлекетіміздің биіктен көрінуі. Сондықтан, еліміздің еңселі, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында аянып қалмайық. Қазақстан – Ұлы Дала Елі! Қазақстан – татулық пен бірліктің мекені!

Руфина ИВАНОВА, татар диаспорасының өкілі ТАЛДЫҚОРҒАН

1912 рет

көрсетілді

32

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы