• Ақпарат
  • 16 Шілде, 2020

Бірлігіміз жарасқан...

Алматы облысында алғашқы этномәдени орталықтар өткен ғасырдың 80-90 жылдары құрылып, Жетісу халықтарының қауымдастығы атты бірлестік ұйымдастырылған. Кейін облыстық ассамблея құрылғаннан соң өңірдегі барлық этномәдени орталық ассамблеяның құрамдас бөлігі болып енді. Біз осы жолы корей этномәдени бірлестігі туралы жазуды жөн көрдік. 

Өңірдегі корейлердің этномәдени бірлестігі 1996 жылдың сәуірінде тіркелген. 2002 жылы Алматы мен Талдықорған облыстары біріккен уақытта, бірлестік аймақтық корей мәдени орталығы ретінде қайта құрылып, 2006 жылы Қазақстан корейлері қауымдастығының құрамына енді. Бірлестіктің мақсаты – корей этносының адамгершілік-сауаттылық құндылықтарын сақтап, жастарды ата-ананы және отбасы мен қоғамның игілігі жолындағы таза еңбекті құрметтеуге тәрбиелеу. Этномәдени бірлестіктің қызметі тілді дамытуға және ерекше ұлттық мәдениетті сақтауға бағытталған. Сондай-ақ қайырымдылық шараларға барынша атсалысып, материалдық көмек көрсету жұмыстарында белсенділік танытады. Орталық өз жұмысын аудандық этномәдени бірлестіктер төрағалары арқылы жүргізеді. Ал «Қазақстан – Корея» достық қоғамы аймақтық қоғамдық бірлестігі 1995 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Бұл азаматтардың ұлттық, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамайтын ерікті негіздегі бірлестік. Аталған бірлестіктің төрайымы Клара Ханның айтуынша, қоғамның негізгі мақсаты – еліміз бен корей халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту. Сонымен бірге екі елдің арасындағы мәдени, іскерлік және ғылыми байланыстардың дамуына қолдау көрсету. Ұйым қоғамдық қозғалыс белсенділеріне сүйеніп, әкімдік пен Алматы облысындағы ҚХА өткізген шараларға белсенді түрде қатысып отырады. Бірнеше жыл қатарынан жыл бойы мәдени қоғамның ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің тарихы. Ұлы дәстүрлер» атты форум өткізіліп жүр. Алматы облыстық КХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай «Бірлестік ұлттық дәстүрлерді қайта түлетіп сақтауда, корей халықтарының тарихы мен тілін үйренуге бағытталған мәдени-ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыруда зор үлес қосып келеді. Бірлестік өкілдері республикада азаматтық қоғам қалыптастырудың өзекті мәселесі жөніндегі бұқаралық пікірталастар мен дөңгелек үстелдерге белсенді түрде қатысып, басқа да этномәдени орталықтарымен бірге ұйымдастырған барлық мемлекеттік шараға атсалысады. Сондай-ақ әр түрлі кеш пен көрме, өзге де шараларды өткізуде де белсенді» дейді. Алматы облысындағы «Қазақстан – Корея» достық қоғамының мұрындық болуымен бірнеше мәдени шара өткізілуде. Бүгінде қоғамның бастамасымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік жобалар бойынша Оңтүстік Кореяның тиісті мекемелерімен қарым-қатынас орнатылған.

Назерке Кәкімова

Талдықорған қаласы

2881 рет

көрсетілді

248

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы