• Ақпарат
  • 16 Шілде, 2020

«АДАЙ» КҮЙІ АСҚАҚ РУХ СЫЙЛАЙДЫ

Александр Сон – қазақ тілінде таза сөйлейді. Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылында туып, қазақы тәрбие көрген. Бүгінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенті. Қазақ тобында оқитын ол мемлекеттік тілде эссе, әңгімелер жазып қана қоймай, Абай, Ілияс, Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды.

Александр бала кезінен көршілері, достары қазақ болғандықтан: «Мен неге қазақша сөйлемеймін» деп ойлайды. «Қазақ тілін меңгеруде ешқандай қиындық тумады. Бір-екі жылдың ішінде толық меңгеріп кеттім. Өйткені, 4-5 жасымнан бастап қазақпен қазақша сөйлестім» дейді кейіпкеріміз. Кәріс кейіпкеріміз қазақ мектебін бітірген. «Бастауыш сыныпты орыс тілінде оқыдым. 5-сыныпқа көшкенімде орыс сыныбы жабылып, ата-анам: «Үштөбедегі мектепке ауысасың ба, әлде жоғары сыныптарды қазақ тілінде жалғастыра бересің бе?» деп сұрады. Сонда ата-анамнан алыстағым келмеді ме, достарымды қимағаннан ба, қазақ сыныбына барамын деп шештім. Алғашында сыныптастарым орысша сөйлеп, қиналған еді. Сөйтсем, олар мені қазақша түсінбейді деп ойлаған екен. Өзара тіл табысқан соң еркін сөйлесіп кеттік. Арамыздағы «тіл қақпаны» жойылды» дейді Александр. Жүрегі қазақ деп соққан жан ата-анасына айтып, қарындасын да қазақ мектебіне бергізген. Көркем әдебиетке қызығушы­лығын 5-сыныпта пән мұғалімі Эльмира Бақытқалиқызы оятқан. Өлеңдерді мәнерлеп оқып үйренгеннен кейін жарыстарда бағын сынай бастайды. Сөйтіп, кейіпкеріміз 7-сыныпта республикалық «Жарқын болашақ» байқауында «Сөз шеберіне» қатысып, ІІІ орынды қанжығалап қайтады. Одан бөлек, «Жарқын болашақтың» «Жазушы» номинациясында ІІІ орын, облыстық «Көркем сөз – көркем ой» байқауынан І орын иеленген. «Қазақ әдебиетін қатты ұнатамын. Бірақ тіл ережелеріне келгенде осалдығым байқалып қалады. Ал әдебиетті жаныммен жақсы көремін» деген Александр Абай, Ілияс оқу­ларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Сондай-ақ, ол Абай, Ілияс, Мұқағали, Мағжан, Фаризаның өлең­дерінен бөлек, І.Есенберлиннің «Көшпенділерін», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын» жастана оқыған. «Алғашында өлең, проза, поэмаларды оқыған кезде көп қиналдым. «Қазақ астарлап айтуды жақсы көреді» деп ұстазым көп айтатын. Оған өлең, проза, поэмаларды оқығанда көз жеткіздім. Өйткені, бір оқығаннан автордың оқырманға жеткізгісі келген ойын түсінбейтінмін. Үшінші, төртінші рет оқығаннан кейін ғана ұғатынмын».Міне, Ескендірдің басынан өткен осы оқиға оның көркем әдебиетті таңдауына ықпал еткен. Айпақшы, Александрдың қазақша есімі – Ескендір. Жоғары оқу орнына түскенінде ұстаздары, топтағы достары қазақшасының тазалығына тәнті болып, есімін қазақшалайды. Ойлана келе Ескендір деп атауды ұсынған. Оған қуана келіскенін айтқан ол: «Абайдың «Ескендір» поэмасындағы Александр Македонскийге балап, мені Ескендір деп атаймыз дегенде бірден келістім. Себебі, есім ұнады. Содан бастап кәрістің Ескендірі атандым» дейді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, Ескендір домбырада ойнауды да үйренген. «Адай» күйін тыңдаудан жалыққан емеспін. Асқақ рух сыйлайды. Не үшін екенін білмеймін, күй тыңдасам жүрегім атқақтап, толқып кетемін» деген кейіпкеріміз домбыра үйрену курсына жазылып, үш ай қатысқанын айтты. Нәтижесінде, «Еркем-ай» сынды үйренуге оңай күйлерді меңгерген. «Қазақ тілінің өміріңде алатын орны қандай?» деген сауалымызға: «Тілді білгенім, ең алдымен мол мүмкіндіктерге жол ашты. Туып-өскен елімнің тілінің тарихын, сөздік қорының байлығына, тазалығына тәнті болдым. Бүгінгі таңда жеткен жетістігімнің барлығы – ұлттық тілдің арқасы. Соның арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-ші сессиясында Елбасы Н.Назарбаевпен жүздестім. Одан бөлек, республикалық «Мың бала» жобасына қатысып, бас жүлдені ұтып алдым. Егер мен қазақ тілін жетік білмесем, осындай дәрежеге жетпес едім» деп жауап берді. Ескендір еліміздегі түрлі ұлт өкіл­дерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында деп біледі. Ол кең-байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін меңгеруге тырысуы қажет деп ойлайды. «Үй-ішіммен орыс тілінде, әжеммен ара-арасында кәріс тілінде сөйлесемін. Соның өзінде, кәріс тілін жақсы білмеймін, тек қана түсінемін. Отбасым қазақ тілін түсінгенімен, ойларын жеткізе алмайды. Кейде бірден қазақша әңгімелесіп не болмаса жауап беретін кездерім болады» дейді Ескендір. Ол дүние есігін ашып, мекен еткен еліңнің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін игеріп, әдет-ғұрпымен таныс болудың да өз артықшылығы бар екенін айтады. Мінеки, еліміздің ертеңіне айналып, «Мәңгілік Ел» жолында аянбай тер төгетін осындай өскелең ұрпақ­ты көріп, бір жағынан оларға сүйсініп, төбең көкке бір елі жетпей тұрса, ал енді екінші жағынан кейбір өз тілін өзекке тебетін, мұрнын шүйіре қарайтын қаракөздерімізді ойлап, қатты қынжыласың. Шіркін, осындайда олар жүрегі қазақ деп соққан Ескендірдей жандардан үлгі алса ғой дейсің.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

3914 рет

көрсетілді

174

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы