• Руханият
  • 16 Шілде, 2020

Ғылымның шыққан шыңына

Қазақ химия ғылымы аса ауыр қайғыға ұшырады. 2020 жылдың 9 шілдесінде «А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» бас директоры, көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымының докторы, профессор Еділ Ерғожин 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Еділ Ерғожаұлы Ерғожин 1941 жылы 7 қарашада Алматы облысы, Ескелді ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірді. 1974 жылы «Жаңа ионалмастырғыш және тотығу-тотықсыздану полимерлерінің синтезі және түзілу заңдылықтарын зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын өте жақсы қорғады. Қазақ КСР ҒА Химия ғылымдары институты Ионалмастырғыш шәйірлері зертханасының меңгерушісі, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситеті Химия факультетінің Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі, деканы, бірінші проректоры және ректоры, «А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ директоры, бас директоры және Ионалмастырғыш шәйірлер және мембраналары зертханасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА вице-президенті (1994-1995), Білім және ғылым вице-министрі (1999-2002) болып жұмыс істеді. ҚР ҰҒА академигі E.E.Ерғожин «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының заңын, Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасын және «Ғылым» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуші жұмыс тобын басқарды. Ол алғаш рет сорбцияланатын иондарға қатысты олардың өткізгіштігі мен селективтілігін реттеудің және басқарудың ерекше әдістерін жасады. Алғаш рет үлгі ретінде төмен молекулалық қосылыстармен сызықты және тігілген полимерлердің полимер тәрізді түрленуінің механизм­дерінің және металл иондарымен, орга­никалық қосылыстармен кешен түзуінің салыстырмалы бірқатар ерекшеліктерін анықтады. Ол металл-кешентүзуші ионның қатысуы мен иондану дәрежесі мен молекулааралық өзара әрекеттесу дәрежесінің өзгеруін ескере отырып, Бьерум түзілу функциясы мен ионит кешендерінің тұрақтылық мәндерін есептеудің өзіндік алгоритмін жасады. Ол жетілдірілген физика-химиялық және элек- трхимиялық сипаттамалары бар жаңа гетерогенді, гомогенді, интерполимерлі және биполярлы ионалмастырғыш мембраналар алудың перспективті әдістерін жасады және олардың негізінде өнеркәсіптік электрдиализ қондырғылары мен суды тұзсыздандыру қондырғылары әзірленді. Әзірленген технология Алматы электрмеханика зауытына енгізілді. 1982 жылы Е.Е.Ерғожин жаңа мембрана технологиясы саласындағы приоритетті ғылыми бағытты дамытқаны және ғылыми жетекші ретінде «EDUсериялы электрдиализ қондырғыларын жасау және халықшаруашылығына енгізу» еңбегі үшін ғылым және техника саласы бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Академик Е.Е.Ерғожин Лейпциг (Германия), Чарльз (Чехия) университеттерінде, 1 Ренн (Франция) университетінде, Аризона және Техас (АҚШ) университеттерінде, Анкара, Ыстанбұл, Ескишехир (Түркия) университеттерінде дәріс оқыды. «XXI ғасырдағы ғылым. Жаңа міндеттемелер» атты Будапешт қаласында өткен I Дүниежүзілік ғылыми конференциясында Қазақстан Республикасының ғалымдар делегациясын басқарып, Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде өткен Халықаралық дөңгелек үстелге (2000 ж.) Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған баяндамамен қатысты. Академик Е.Е.Ерғожин жоғары молекулалық қосылыстар химиясы, ион алмасу және мембраналық технологиялар саласында жемісті жұмыс істейтін химиктердің әлемге әйгілі ғылыми мектебін құрды. Ол 13 доктор, 95 химия ғылымдарының кандидатын және 4 философия докторын (PhD) даярлады. 32 іргелі монографияның, 7 оқу­лықтың, 72 шолу мақаланың, 1410 ғылыми мақаланың авторы, оның 550-ден астамы халықаралық, сонымен бірге 348 КСРО авторлық куәліктері, ҚР және шетелдердің алдын ала патент­тері, инно­вациялық патенттері алынды. ­ҚР ҰҒА академигі Е.Е.Ерғожиннің редакциясымен 20-дан астам монографиялар, био-библиографиялар, Қазақстанның жетекші ғалым-химиктерінің таңдаулы еңбектері, республикалық және халық­аралық ғылыми конференциялар материалдары жарық көрді. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы 3 кітап, түрлі энциклопедиялар, журналдар мен газеттерде 200-ден астам мақала жарық көрді. 1989-2002 жж. Аралығында «ҚазКСР ҒА-ның хабарлары, химия сериясы» журналының бас редакторы болды. 2003 жылы академик Е.Е.Ерғожин «Қазақстанның химия журналы» ғылыми журналының негізін қалады. Академик Е.Е.Ерғожиннің аты Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына енгізілген, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, С.И.Вавилов атындағы медальмен, Әл-Хорезми алтын медалімен және дипломымен (Иран, Тегеран) марапатталған. Ол тәуелсіз халықаралық «Платиналық Тарлан» меценаттар клубы, «Алтын Адам-Жыл Адамы» сыйлықтарының лауреаты. Ғылым мен білімнің дамуына, жас ғалымдар мен мамандарды даярлауға, Қазақстанның химия ғылы­мының нарықтық жағдайға бейім­делуіне және әлемдік аренаға шы­ғуына қосқан орасан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаев алғыс жария­лап, «Алтын барыс» белгісі беріліп, «Ғы­лым мен ғылыми серіктестікке қос­қан үлесі» үшін Алтын медалімен және РФ Президенті жанындағы Ресей мемле­кеттік басқару академиясының «Па­расат» орденімен марапатталды. Оған «Франция ғылымының маршалы» құрметті атағы беріліп, Өнеркәсіпке көмек ассоциациясы (Франция) Напо­леон медалімен марапаттады, «Бай­қоңыр» ғарыш айлағынан зымы­ран ұшырудың қоршаған ортаға әсерін бағалау» Ресей-Қазақстандық бағдар­ла­масын жүзеге асыруға белсенді қатыс­қаны үшін ҚР медальдары беріліп, Ресей Федерациясының Космонав­тика федерациясы С.П.Королев атын­дағы медальмен марапатталды. Сұлтан­махмұт Торайғыров атындағы Алтын медалімен марапатталды. Оксфорд әлемдік ғалымдар саммитінің Сократ комитеті шешімімен ғылыми-зерт­теу­лер саласындағы Халықаралық сый­лыққа ие болып, «The Name in Science – Ғылымдағы есім» құрметті атағы берілді. Аты әлемнің көрнекті ғалым­дары­ның дүниежүзілік реестріне енгі­зіліп, «Дүниежүзілік ғылымға қосқан үлесі үшін» Даңқ медалімен марапатталды. Е.Е. Ерғожин АҚШ-тың Нью-Йорк академиясының академигі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситеті, С.Торайғыров атындағы Пав­лодар мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Вена қаласының Халықаралық университетінің Құрметті профессоры, Америкалық химия қоғамының мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Ескелді ау­данының және Алматы облысының құр­метті азаматы болды. Еділ Ерғожаұлы Ерғожиннің жарқын бейнесі ха­лықтың жүрегінде мәңгі сақталады. «А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылым­дары институты» АҚ ұжымы және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Еділ Ерғожаұлы­ның мезгілсіз қайтыс болуына байланыс­ты марқұмның туыс тары мен достарына қатты қайғырып қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті

1538 рет

көрсетілді

387

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы