• Әдебиет
  • 16 Шілде, 2020

Менің мұңым...

Мақсат ЕРЕЖЕП

Ер жiгiтке... кеуде керген, жарамас. Бай емеспiн, кедей емес, ортамын. Қайғысы мен қуанышы аралас, Жолаушымын, ...өз жолыммен жортамын!

Тас қаланың... талғамынан өте алмай, Ауыл жаққа бұрып кетем ат басын. Арман, Мұрат, Мақсаттарға жете алмай, Орта жолда қап қойғаннан сақтасын !

Өзiме тән... биiгiм бар шығатын. Таусыз орта көрiнедi жат маған. Табиғаттың тылсым сырын ұғатын, Әлi талай орталардан бақ табам!

Сын сағаттың... қоңырауы соғады. Орта мектеп, орта бiлiм алғаным. Бiлгенiмнен бiлмейтiнiм көп әлi, Өмiр өзi оқытады қалғанын.

Жырға толы... Сырға толы нар-кеуде. Отырамын тауларымды тақ қылып. «Ұлы Дала дипломы» бар менде, Қырда жүрiп қой бағатын, ат мiнiп!

АРША

Жұпарын жұтып аршаның, Көк қия тауды аңсадым! Жанбағыс үшiн қам қылған, Күйбеңнен мынау шаршадым...

Сергiтiп ойды, миымды, Көтердiң көңiл күйiмдi! Ниетi жаман бәледен, Аластап тұршы үйiмдi?!

Пендеңе дарыт киеңдi, Сақтап жүр дәйiм иеңдi?! Көрeйiн сенi төрiмнен, Жап-жасыл арша, жиi eндi!

Жаратқан сенi, Құдайым! Жақсылық әкел ылайым! Жартасқа бiткен аршадай, Қасқайып мен де тұрайын.

ТАУ БҰЛАҒЫ

Қаталасаң – шөліңді қандырады. Жабырқасаң – жаныңды жандырады. Шымырлатып жіберер тамырыңды, Қасиетіңнен айналдым, тау бұлағы!

Сенің мөлдір тамшыңнан нәр аламын. Тіршілікке тамырдай тараламын. Кәусәріңнан тамсанып ішкен сайын, Қайта келіп өмірге жараламын!

Қасқа бұлақ қайтадан туылайын? Туылайын оңымнан туып, Айым! Арылайын бойдағы былғаныштан, Тазалашы жанымды, жуынайын... Өзіңді аңсап жеткен ем, жырақтардан. Саған ғана мөлдірім, сыр ақтарғам. Шабытымның шапқыла, қайнар көзі, Бастау алған өлең ғой бұлақтардан!

Таусылған ба адамның арман, мұңы? Татымайды тамшыңа, Жалған құны. Өлең – Өмір үзіліп кетері анық, Сен суыңнан тартылып қалған күні...

ҚОБЫЗДЫҢ ҮНІ

Қобыздың үні... Оғыздың күні кешегі. Аласапыран дүние, алайда-дүлей еседі. Шетсіз де шексіз, осын-ау сайын далада, Керуенін керіп, Сақтар мен Ғұндар көшеді.

Қобыздың үні... Ұлытты Ұлы Даланы! Бабалар кешкен, зұлматтар зулап ағады... Қаңбақтар қаңғып, бөрідей соққан бораннан, Боздала боздап, бозінген даусы талады.

Қобыздың үні... Қазақтың көші – «Ақтабан» Шұбырып талай, тар жолды тайғақ таптаған. Алапат аштық, Көрсе де қорлық-сұмдықты, Алашым аман, дәстүр мен салтын сақтаған!

Қобыздың үні... Зарлы да мұңлы, қайғылы. Қанменен келген, жерімнің бар байлығы. Ұлтымды сақта, Рухымды оят, құдірет, Аспандап тұрсын, Алаштың асқақ айбыны!

Қобыздын үні... Қорқыттың көрі – азалы. Әркімнің бар ғой, алдынан тосқан ажалы. Қызықтырғанымен қайыры жоқ ешкімге, Өмірдің мынау, қызыл да жасыл базары.

Қобыздың үні... Көңілдің шерлі күйі еді. Аманат кылған, ұрпаққа Ұлы сыйы еді! Сүйемдей жерде, сүйегі жатыр бабамның, Сатылып кеттің, Өзегім өрт боп күйеді...

АЛТЫН САҚА (Бекзат Саттархановқа)

Жиырма жасын – жасын, жарқ етіп тосын жайылды. Жаңғырып жатты жаhан мың! Атағы аспан айырды, Сиднейде «Алтын сақамның»!

Сақамның жанып шоқ түсі, Осылай бағын сынайтын! Ал, оның шымыр соққысы, Қуаты берген, Құдайдың!

Жеңістің жыры шат әнді, Мақтанып мәз боп жүрдім мен! Күндердің күні сақамды, Жоғалтып алдым, Кім білген?..

Жүрсем де жылап, қайтейін бірақ... Маңдайға сені жазбапты. Жиырма жас қалды қиылып. Ертегі – Өмір-ай, Алдапты... Әкетті ажал иіріп. Әкетті ажал иіріп. ...Иіріп «Алтын сақамды»!

МЫНА КӨКТЕМ...

Әр көктемнің мінездері әрқилы, Қанша көктем жаңбыр көрмей жан қиды? Бұл көктемнің көк белінен шынымен, Қардың исі, Ардың исі аңқиды...

Алматының мүлде бөлек,түр-түсі... Бұл көктемнің бұлт астында күлкісі. Қар жамылып жатқан анау ауылдың, Қыр үстінде кісінейді жылқысы.

Мына көктем менікі ме, шынымен? Жыр тілеген, Сіркіреген үнімен. Қаламымды – қол шатыр қып отырмын, Ағыл-тегіл жаңбыр жауды түнімен!

МЕНІҢ МҰҢЫМ

Менің мұңым, Мұң емес қой, ұғынам... Тәуелсізбін, ашық аспан, тұнық ән! – Сенің мұңың, Қасірет пе мәңгілік, Тілсіз, дінсіз мәңгүрттердің мұңынан?..

Менің мұңым, Мұң емес қой, ұғынам... Тауда тудым, тауға қарап ұлығам! – Сенің мұңың, Қайғылы ма, жоқ әлде, Елсіз, жерсіз босқындардың мұңынан?

Менің мұңым, Мұң емес қой, ұғынам... Жылу алып жүрген жанмын, жырынан! – Сенің мұңың, Қаралы ма ақыры, Аш, жалаңаш азған елдің мұңынан?..

Менің мұңым, Мұң емес қой, ұғынам... Тобамды айтып, төсегіме жығылам! – Сенің мұңың, Естігенге жайсыз ба? Үйсіз-күйсіз жүргендердің мұңынан?..

Менің мұңым, Мұң емес қой, ұғынам... Ақиқаттан қайда қашып тығылам? – Сенің мұңың, Айтшы досым, ауыр ма? Жетімдердің жүректегі мұңынан?..

ӘЛМЕРЕК АБЫЗ БАБА!

Аңыз Дала – күңіренген күй едің, Абыз Баба – Әулие, Көсем, Би едің. Жау жағадан алғанда, Қонысқа қол салғанда, Саған арқа сүйедім. Жандары сірі ел үшін, Сүйемдей ғана жер үшін, Шашылып кеткен сүйегім. Рухың әр-кез қолдасын, Ұрпағың жолын оңдасын, Қасиеттім, Киелім. Ұланғайыр жерге де, Ұлағатты елге де, Иемін Баба?.. Иемін!

...Иемін деймін, Ен далам жатыр сатылып. Ақиқатын айтатын, Арыстар кетті атылып. Белінен басып заңдарды, Елге тұтқа жандарды, Қамады торға қатырып... Бөгделер бұзып қанымды, Саудаға салып арымды, Ұрпағың шықты шатылып... Айдың күнің аманында, Жаhандану заманында, «Аh ұрып» қалдым, «аh ұрып». Жаныма шуақ шашайын, Қаныма қуат қосайын, Рухыңды Баба, шақырып?!

Панасы жоқ пақырға, Пана болған – Бабамсың! Ел үшін туған батырға Дана болған – Бабамсың! Зәресі әбден ұшқанның, Есі болған – Бабамсың! Ниеті жаман дұшпанның, Десі болған – Бабамсың! Жер бетінен жоңғарды, Жойып берген – Бабамсың! Тасқа басып таңбамды, Қойып берген – Бабамсың! Көш адасып қалғанда, Бағыт берген – Бабамсың! Жалғасы бар жалғанға, Жарық берген – Бабамсың!

Қасиетті Қарадала, не өтпеді басыңнан? Тарих көрем, сенің әр-бір тасыңнан. Қиындықты көп көріп, Сан соқпақты өткеріп, Жаужүрек болдым жасымнан. Түбімді білдім ақыры, Дүниенің дүр батыры, Асылдан тегім,асылдан... Кер заман кесіп барлығын, Шығарып үкім жарлығын, Жауларым екен жасырған... Ендеше менің қақым бар, Алатұғын ақым бар, Мынау «Алтын Ғасырдан»?!

Тілекшің іштей сүйінсін, Дұшпаның сырттай күйінсін. Жаңғырып қайта рухым, Жұмылсын жұртым жиылсын. Рухың Баба тік тұрып, Тылсым сырын ұқтырып, Тәңірдің нұры құйылсын. Пәле-жала тыиылсын. Қырсықтың жолы қиылсын. Еліме естер еге боп, Ақиқат – алтын жебе боп, Адрынамыз иілсін. Қазына байлық шашылмай, Жымқырып шетел асырмай, Еншіміз елге бұйырсын!

1213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы