• Тарих
  • 16 Шілде, 2020

Қазақстанның тұңғыш фабрикасы

Исмаилжан ИМИНОВ

Соңғы жылдары есіме ұлы орыс ақыны Г.Р.Державиннің: «Отанымыздың түтіні де біз үшін тәтті әрі жағымды» деген өлең жолдары жиі оралады. Менің Фабричныйымның осындай өз «түтіні» болды. Оны қазір қарғалылықтардың бәрі де аңсайды. Бозбала шағымның мына бір көрінісі көз алдымнан кетпейді. Университетке оқуға түсіп, Алматыда жатақханада тұрдым. Әдетте, ауылыма сенбі күні кештете жететінмін. Қарғалыдан орталыққа дейін жаяулатып келемін. Тау шатқалындағы фабрика жақтан жуылған тері мен боялған матаның иісі араласқан самал леп желпіп тұратын. Міне, бала кезімнен таныс осынау иіс – менің кіші Отанымның «түтіні». Қазір, өкінішке қарай, комбинат көп жылдан бері жұмыс істеп тұрған жоқ, десек те, сонау артта қалған аяулы кезеңдерді жиі еске алып, аңсаймын. Ондай «түтін» жер бетінің бірде-бір қиырында жоқ. Мұндай сағыныш майдангер жерлестеріміздің жүрегін де тербеді, тағдырдың жазуымен әлемнің әр тарабында жүрген қарғалылықтардың жанында да осынау ұлы сағыныштың оты маздап тұрғаны анық. Бүгінде туған ауылымызда ол «түтінді» мүлде көрмеген, сезінбеген тұтас буын өсіп-өнді. Сондықтан қазығы осыдан 110 жыл бұрын қағылған Қарғалы шұға комбинатының телегей-теңіз тарихының парақтарынан азды-көпті сыр шертуді перзенттік һәм азаматтық парызым санап, қолыма қалам алдым.

Иә, атан түйеге жүк болатындай бұл сан қатпарлы терең тарих сонау ХХ ғасырдың басынан бастау алады. Жетісудің ең бір сұлу мекенінде – Қарғалы шатқалы қанат жайып, арынды өзені арқырай ағатын. Бұл жерлер ежелден қазақтың екі руына тиесілі болған. Қарғалы өзенінің оң жақ шығысын дулаттың жаныс, сол жағын шапыраштының айқым руы мекендеген. Мұндағы кең жазиралы жайлауларда мыңғырған қой мен жылқылар жайылған. 1886 жылы Қарғалы өзеніне таман жаныс руының үлкен ақсақалы, атақты болыс Сәт Ниязбекұлы мешіт салдырған. Бұл кезеңдерде өңір халқының саны көбейді, ел-жұртқа жақсы киім-кешек қажет болды. Дәулеті тасыған қазақ ауылдары тіршілік кешті. Өлке сапалы терісімен әйгіленді. Осындай артықшылықтарға верныйлық көпес, іскер азамат Сергей Шахворостов назар аударды. Ол шұға фабрикасын салуды ойластырды. Фабриканы тұрғызуға ыңғайлы жерді ұзақ қарастырды. Комбинаттың салынуы жөнінде айтпас бұрын, мен алдымен Шахворостовтар отбасы туралы әңгімелеп өтсем деймін. Өйткені олардың есімі біздің туған ауылымыздың ғана емес, Алматы қаласының тарихына да енген. Бұл фамилияны мен алғаш рет балалық шағымда естідім: біздің фабриканы Шахворостов деген көпес салған деп айтатын. Есімін жиі еститінбіз. Ақсақалдар фабриканы атымен атамай, жай ғана «Шахбурст» деп қысқа қайыратын. Әлі есімде, мен мектепке барған кезімде бізге ондағылар «әлем байлар мен кедейлерден тұрғанын, ал фабриканттар қарапайым халықты қинаған» деп түсіндіретін. Бірақ көнекөздердің ешқайсысы Шахворостов жайында теріс пікір айтқанын естімеппін. Әрине, фабрикашы Шахворостов қайырымдылықпен айналысқан жоқ (бәлкім, кейде мұқтаж жандарға қол ұшын созған да болар), ол ең бірінші кезекте табыс табуды ойлады, бірақ қарғалылықтардың есінде жақсы адам ретінде сақталды. Шахворостовтар деген кімдер еді? Олардың ата тегін таратар болсам, Воронеж губерниясының крепостнойлық дихандар отбасынан шыққан. Көпестер династиясының негізін қалаушы Андрей Назарович Шахворостов Ресейден Верныйға қоныс аударып, мещандар табына өтіп, ал 1879 жылы көпестерге қосылған (ол кезде 79 жаста). Шалдың Андрей және Григорий деген екі ұлы болды. Еті тірілеу Григорий 1880 жылы «Шахворостов пен ұлдары» атты сауда үйін құрған. Коммерциялық фирманың жұмыстары жақсы жүріп, көп ұзамай Шахворостовтар Жетісудағы ең бай отбасылардың біріне айналды. Бұдан бөлек, Григорий Шахворостов жерлестерінің атынан патшаға күміс табаққа салынған нан мен тұзды тарту ету мәртебесіне ие болған. Ол 1904 жылы көз жұмды. Г.Шахворостов ұлдарының ішінде ерекше көзге түскені әрі әкесінің басты кеңесшісі Сергей болды. Жаратылысынан іскер, ерік-жігері мол, әртүрлі ұлт өкілдерімен тез тіл табысып кететін. Қазақшаға жүйрік. Жергілікті байлардан жора-жолдастары көп еді. Бұл олардың үйіне, қазақ байлары оның шаңырағына қонаққа келіп, майлы қасықтай араласты. Сергей қазақ әндерін өте жақсы көріп, құмарта шырқаған. Жас кезінде құбылмалы көңіл-күйімен ерекшеленген, шешім қабылдаудағы бірбеткейлік мінезімен кейде әмірі күшті әкесіне де бағынбай кетеді екен. Әкесі дүние салған соң жиған дәулеті бала-шағасына теңдей бөлініп, әрқайсысы өздеріне тиесілі үлестерін алған. Бірақ сауда үйінің шаруасын, яғни отбасының ата кәсібін Сергей дөңгелеткен. 1914 жылы, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың басталар шағында Шахворостовтар Жетісу өлкесінде ғана емес, күллі Түркістан аймағындағы ең бақуатты адамдардың біріне айналды. Соғыс жылдарында С.Шахворостовтың қазынасы еселеп артты. Оның шұға фабрикасы императорлық армияны шинелдер тігуге арналған матамен қамтамасыз етті. Революциядан кейін чекистер үйіне тінту жүргізгенде құпия орыннан 500 мың патшалық рубльді тапты. Қарғалыда әлі күнге дейін комбинаттың бас конторында (Шахворостов кезеңінің ғимаратында) фабрика қожайыны алтынға толы қойма жасырып кеткен деген аңыз айтылып келеді. Осы уақытқа дейін жетпеген Шахворос­товтардың сауда үйі Алматы қаласындағы Қонаев пен Жібек Жолы көшелерінің қиылысында «Қызыл таң» аталатын заманау мата Үйі дүкенінің оң жағында орналасқан еді. Сергей Шахворостов сауда-саттық ісімен ден қоя айналысқан сайын ол Жеті­суға тек қана ірі дүкендер ғана емес, өлке­нің өз жеңіл өнеркәсібі қажет екенін көбірек пайымдай бастады. «Қазақ жерінің оңтүс­тік шығысында фабрика тұрғызып, шұғаны жер­гілікті шикізаттан өндіріп, бүкіл Түр­кістан аумағына, оның ішінде Шығыс (Синьцзян) аймағына сату мүмкіндігі бола тұра, мата­ларды Ресейден, шетелден не үшін әке­леміз?» деген тұжырымын жиі айтатын. Осы өміршең идея көпестің ойынан бір сәтке шықпай, іштей дамыл таптырмады. Алматы төңірегін табанынан таусыла түгел шолып, фабрика құрылысына лайықты орын іздеді. Сөйтіп, таңдауы Қарғалы шатқалына түсті. Неліктен? Өйткені мұнда буырқанып ағып жатқан Қарғалы тау өзені бар, ал бұл өз кезегінде тегін электр қуатының көзі. Жиналған теріні жуып-шаятын су да дайын. Төңіректе көшпенді салтпен тіршілік кешіп отырған қазақ рулары көп. Көшкен жұрттың орнында бағасыз қалып жатқан мал терілері аз емес. Осылайша көпес өз фабрикасын аталған жерге тұрғызу жөніндегі тарихи шешімге келеді. Сергей Шахворостов пен жездесі, жылқы зауытының қожайыны Федор Пестов (бұл тандемде басты рөлді көпес атқарды) жергілікті қазақ ру басыларынан төрт гектар жерді 30 жылға жалға алады. Жылына 40 рубльден төлеп тұру шартымен. 1909 жылы фабрика құрылысын бастап кетеді. Оның алдында Сергей Шахворостов Ресейге барып қайтады, сол сапарында Ресейдегі шұға фабрикаларының жұмысымен танысады, қажетті станоктар алып, арнайы мамандарды шақыртады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Қарғалыға небір алыс қияндардан арбалы көліктермен қажетті құрылғылар жеткізіле бастайды. Сол кезде жұрттың көбі Жетісу жерінде фабрика тұрғызуды – құрғақ қиялға жатқызды. Утопия деді. Бірақ олар болашақ фабриканттың қиындыққа мойымас қайсар мінезінің бар екенін білген жоқ. Кәсіпорын цехын салушылар – қазақ кедейлері мен Столыпин реформасының кезінде өлкеге қоныс аударып келген орыс переселендері. Әлбетте, фабрикаға ең алдымен білікті мамандар ауадай қажет болды. С.Шахворостов Симбирск губерниясынан 8 шебер мен 10 тәжірибелі жұмысшыны шақыртты. П.Бирюков, К.Бирюков, М.Георги, Т.Золин, Ш.Ефесов, Т.Ломакин, В.Федотов, ағайынды Дубровиндер мен Сартиндер болашақта катарға қосылатын жұмысшылардың маңдайалды мамандарына айналды. Комбинат құрылысын инженер Андрей Ливенков жүргізді, ал жобаға верныйлық сәулетші Андрей Зенков жетекшілік етті. «1909 жылдың соңында құрылыс толығымен аяқталды. Нәтижесінде цех, контор, қоймалар, тұрғын-жайлар мен монша пайдалануға берілді» деп еске алады кәсіпорынның алғашқы жылдары туралы байырғы қызметкері, бізбен көрші тұрған Кузьма Бирюков. Фабрикаға бірінші кезекте электроэнергия қажет болды. 110 жылдан кейін мен сол кездегі ГЭС-тың қай жерге салынғанын анықтауды мақсат еттім. Зерттеп-зерделей келе білгенім, Шахворостов тауға қарай канал қазып, су тоғанын жасатады. Тоғаннан құбыр арқылы келген судан генераторлар электрқуатын өндіреді. Ескі каналдың орны бүгінге дейін сақтаулы. Жуырда биік төбеге көтеріліп, ондаған жылдар бұрын буырқанып ағып жатқан су арнасының орнымен танысып қайттым. Менің пайымдауымша, біздің жұмысшы ауылымыздың тарихы 1909 жылдан бастау алады. Ал Шұға фабрикасының жұмысы 1910 жылдың қаңтар айынан өріледі. Өз басым С.Шахворостов тұлғасын көтермелеп, тым жақсы етіп көрсетуден аулақпын. Әрине, ол ең алдымен пайда табу жағын көбірек ойлағаны сөзсіз. Бірінші Дүниежүзілік соғыста фабрикада 196 жұмысшы еңбек етті. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған жұмысшылардың арасында қазақтар, орыстар, татарлар мен өзбектер, қырғыздар мен ұйғырлар да болды. Көбі қазақтар еді. 1913 жылы фабрика өзінің алғашқы жобалық қуатына қол жеткізді. 1919 жылдың маусым айында кәсіп­орын­ды кеңестер билігі мемлекет меншігіне рәсімдеді. Фабрика жұмысын Жетісу облыстық кәсіподақтар кеңесі бақылайды, шамалы уақыттан кейін ол Жетісу Кеңестік халық комиссарларының қарамағына өтеді. Кәсіпорынға Профинтерн (Кәсіподақ халықаралық бірлестігі) аты беріледі. Қарт жұмысшылардың айтуы бойынша, Сергей Шахворостов өндірістің қыр-сырына қанық білікті басшы ретінде фабриканы тағы да екі-үш жыл көлемінде басқарған екен. 1920 жылы Мәскеу мен Ташкентке мамандар жіберіледі, олар фабриканың тозған станоктарына қосалқы бөлшектер әкеледі. Азаматтық соғыстан кейін большевиктер директор етіп Гимади Батыршинді тағайындайды. Ол екеуі С.Шахворостовпен бірге фабриканың негізін қалған жандар екенін бала кезімізде ауыл ақсақалдары жиі айтып отыратын. 1925 жыл – ауыр кезең болды. Кәсіп­орындағы техникалық құрылғылардың тозығы жеткен, көбі С.Г.Шахворостовтың уақытынан бері келе жатыр, яғни өндірісті қайта құрып, қайта жасақтау міндеті туды. Осы жылы КазЦСНХ Бірінші Мемлекеттік шұға фабрикасының тізгіні И.Ф.Киселевке тиді. Бұл адам да қарғалылықтардың жүрегінен ерекше орын алды. Белгілі тұлға жайында қысқаша баяндайтын болсам, Иван Федорович 1888 жылдың қаңтар айында Орынбор қаласында дүниеге келді. 1903 жылдан 1907 жылға дейін Орынбор Қырғыз (Қазақ – И.И.) мұғалімдік мектебінде оқыды. Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген, революцияға дейін ұлттық мектептерде (училищелерде) ұстаздық етті. Азаматтық соғыстың «қызылдар» жағындағы белсенді қатысушысы. Комбинат директоры болып келгеннен кейін И.Ф.Киселев 8 сағаттық жұмыс кестесін енгізді. Кәсіпорынның тек сұранысқа сай заттарды шығаруына қол жеткізді, нәтижесінде тауарлар түрі 50-ден 11-ге дейін азайды. Матаға деген бағалар 14 пайызға төмендеді, сауда қарқыны жақсы жүрді. 1927 жылдың бірінші тоқсанында фабрика 35 мың метр шұға шығарды, бұл оның алдындағы жылдың кезеңімен салыстырғанда 15 мың метрге артты. 1927 жылдың бірінші жартыжылдығында мекеме көзделген межеден асып түсіп, 4,8 мың метр шұға өндірді. Әрине, бұл өте жақсы нәтиже еді, бірақ директор кәсіпорын жұмысын одан әрі күшейте түсуді ойластырды. 1927 жылдың 18 қыркүйегінде фабрика жұмысы тоқтады. Мұндай жайт 1990 жылдардың бас кезіне дейін орын алған фабрика тарихындағы бірегей жағдай. 1929 жылдан 1933 жыл аралығында фабрика Көпбай Бейсеуов (1896-1942) басқарды. Осынау ғажайып тағдырлы кісі туралы құжаттық деректер сақталмаған. Белгілісі – техникум бітіргені. 1920 жылдары дүкен директоры, судья, Орал облыстық компартиясында хатшы болып жұмыс істеген. Көпбай майданда қаза тапқан. Ол көрнекті композитор Әсет Бейсеуовтың әкесі еді. 1933 жылдан 1936 жылға дейін фабриканы жеңіл және тоқыма өнеркәсіпті үлкен тәжірибесі бар С.Е.Стручков дейтін азамат басқарды. 1944 жылдың қаңтар айында шұға фабрикасының директорлығына Әнуарбек Жұрынов тағайындалды (1914-1980). Ол кәсіпорынды 30 жылға жуық уақыт басқарды. Есімі ауыл тарихының шежіресіне ең алдымен қарапайым еңбеккерлердің жай-күйін ойлайтын талантты басшы ретінде алтын әріптермен жазылды. Жерлестері ол жайында ерекше ілтипатпен еске алады. Әнуарбек Жұрыновтың кезінде кәсіпорынның қосалқы шаруашылығы күшейді, мұнда жылқы, сиыр, қой, шошқа өсірілді. Бидай, арпа, көкөніс, картоп егілді; тау баурайында алма бақтары жайқалды. Фабриканың жекеменшік диірмені, нан пісіретін наубайханасы болды. Ас атасын жұмысшыларға, ауыл мұғалімдері мен дәрігерлерге төмен бағамен сатты. Мекеменің дәмханасындағы тағамдар да сан түрлі әрі арзан тиді. Мұның барлығы қарғалы жұртының нәубет кездердің қиыншылықтарын еңсеруге күш-қуат берді. Майдан шебінде қаза тапқан сарбаздардың жесірлері ғұмырларының соңына дейін осынау жүрегі жұмсақ, жаны жомарт азаматқа алғыстарын айтумен өтті. А.Д.Жұрынов – нағыз басшы қандай болу керек дегеннің шынайы үлгісі еді. Бес күн жалғанда ешкім де мәңгі емес. Егер жерлестерің сені өмірден өткен соң жылы сөздерімен еске алса, демек, сен бұл өмірді бекер сүрмегенсің. Ауыл жұрты А.Д.Жұрынов фабриканы басқарған жылдарды Қарғалы тарихының алтын ғасыры болды деп есептейді. Сонымен қатар Қарғалы ауылы мен Қарғалы шұға комбинатының шежіресінде қарапайым әрі ұлы еңбек адамы, тоқымашы Күлперім Махмұтованың есімі ойып тұрып орын алатыны хақ. Күлперім Махмұтова – аты аңызға айналған қоғам және спорт қайраткері Бекет Махмұтовтың аяулы анасы. Оның ерен еңбегі соғыс және соғыстан кейінгі жылдары КСРО кезіндегі ең жоғарғы марапат – Ленин орденімен атап өтілген. Бұл фабрика жұмысшыларының арасындағы осындай дәрежедегі тұңғыш марапат екенін айта кеткенім жөн. 1948 жылы Қарғалы шұға комбинатында 2,5 мың жұмысшы мен қызметші еңбек етті. Бұлсол кездегі Шымкент мақта-қағаз, Алматы, Семей фабрикаларын қоса есептегенде екі жарым есе көп көрсеткіш. Аталған мекемелерде 270-тен 530 адамға дейін жұмыс істеген. Жамбыл ауданы бойынша негізгі салық төлеуші комбинат болды, жүздеген мың рубль бюджетке түсіп тұрды. Комбинатқа Алматыдан республиканың бірінші басшылары келетін, Мәскеуден жоғары мәртебелі қонақтар да ат басын жиі бұратын. 1946 жылы қолданысқа үш жаңа цех берілді: бояу-аппараттық, дайындық және құймалық цех. Жаңа машиналар мен механизмдерді жасақтауға 400 мың рубль жұмсалды. Комбинаттың қуаты күн санап арта түсті. Бүкіл Кеңес Одағынан жаңа техникалар мен қондырғылар, сапалы бояғыштар келіп жатты. 1960 жылдары қатарға бояу-өңдеу, тоқыма және апаратты-иіру цехтарынан құралған жаңа корпустар қолданысқа берілді. Шахворостов кезеңінен қалған көптеген ескі станоктарды жаңаларына ауыстыра бастады. 1900 жылы шығарылған «Швабе» және «Шенгер» атты ескі станоктар ауыстырылды. 1950 жылдың екінші жартысы мен 1960 жылдың басында фабрикада заманауи түткіш, ширатқыш, айналдырғыш станоктар орнатылып, талшықты кептіретін, бояйтын құрылғылар іске қосылды. Сонымен қатар комбинатта 159 жылдам механикалық және 65 механикалық станоктар жұмыс істей бастады. Есімде жақсы сақталған жайт, 1964 жылы Алма-Ата шұға фабрикасы қуаты жағынан едәуір күштірек Қарғалы шұға комбинатына қосылды. Жаңа кәсіпорын «Алатау» шұға фирмасы деген атауға ие болды. 1970 жылы Алма-Ата шұға фабрикасының тері иіру цехын кілем фабрикасына беріп жіберді. Осыған орай кәсіпорынға «Қарғалы шұға комбинаты» деген бұрынғы атауын қайтарды. Әнуарбек Жұрынов1960-1980 жылдар аралығында ауыл тұрғындарының тұрмысы жаман болған жоқ. Қарғалыдағы тіршілік комбинаттың жағдайына тікелей қатысты еді. Өйткені ол қалақұраушы кәсіпорын болды. Ол кезде Қарғалы шұға комбинатында 3500-ге жуық адам еңбек етті. Әрине, комбинаттағы жағдай бірінші басшыға байланысты. А.Д.Жұрынов зейнеткерлік демалысқа кеткен соң фабрика тізгінін әр жылдары Б.Шевченко, А.Ш.Жомартов, С.С.Ахметов, Д.С.Жылқыбаева, С.С.Әміров есімді азаматтар ұстады. Кәсіпорын өмірінде ерекше рөл атқарған партиялық ұйымның жұмысын да атап өтуіміз керек. Оны басқарғандар: Ж.Т.Балкебаев, В.Т.Боков, Г.А.Потребич, С.В.Гудзь, А.С.Ожерельев, И.А.Иминов, Ж.М.Әбділбаев, К.Г.Жансейітов есімді тұлғалар еді. Комбинаттың дамуына сүбелі үлес қосқан өзге де басшылардың есімдерін тілге тиек етуді жөн көріп отырмын. Олар: З.К.Сүмембаев, Н.Ф.Карпенок, К.Әбиев, Р.К.Камалетдинов, О.Ыдырыбаев, Р.Х.Мосиюк, Л.Н.Фукс, Л.А.Киселева, Н.Ф.Музараева және т.б.

[caption id="attachment_57940" align="alignleft" width="200"] Күлдәрия Тоқсейітова[/caption]

Осы жылдары бүкіл елге Күлдәрия Тоқсейітованың есімі мәшһүр болды. Ол 1955 жылы жетіжылдық білім туралы куәлік алған соң, еңбек жолын фабрикада бастады. ХХ ғасырдың соңы ХХІ ғасырдың басында біздің ауылымыздың ең танымал тұрғыны болды. Күлдәрия мектепте жақсы оқыды, бірақ неліктен он жылдықты бітірмеді? Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені бұл кезеңде балалардың көпшілігі жетінші сыныптан кейін еңбекке араласып, отбасына көмектесті. Онжылдықты тәмамдайтындар некен-саяқ еді. Қарғалы шұға комбинатындағы жанкешті еңбегі үшін тоқымашы әйел екі мәрте Ленин орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл туы орденімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері мәртебелі атағы берілді. КОКП XXVI съезіне делегат ретінде қатысты. Бүгінде ауылдың бір көшесі апайдың есімімен аталады. Бұдан бөлек өндірістің алғы шебінде – К.Махмұтова, А.Сатылғанова, Р.М.Артемьева, А.С.Сидоренко, К.Бастаубаева, Н.Кооп, Е.М.Новикова сынды өз ісінің майталмандары, кәнігі шеберлері жүрді. Көп жылдан бері Гүлсім Зауытбекқызы Коренеевамен достық қарым-қатынасымыз үзілген емес. Қарғалыда туып-өскен осынау қарапайым, еңбекқор, өмірлік ұста­нымы жоғары әйелді күллі ауыл сыйлап, құр­меттеді. Білікті иіруші болып қызмет атқарған Гүлсім Зауытбекқызы ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 11-ші шақы­ры­лымының депутаты, көп жыл бойы ау­дан­дық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Павлина Михайловна Чурсинамен де таныс-біліс болдық, ол мен директорлық қызмет атқарған Қарғалы №1 орта мекте­біне келіп тұратын. П.М.Чурсина 1989 жыл­дан 1991 жылға дейін КСРО Халық депу­таты, Кеңестер Одағының жоспарлау және бюджетті жоспарлау комиссиясының мүшесі болды. Шұға комбинаты жабылып, жұмысы тоқтаған кезде бұл оқиға қарғалылықтар үшін аса ауыр жағдай болды. Көршілес колхоз-совхоздар мұндай қиындықты бізге қарағанда жеңілдеу еңсерді. Олар жер өңдеумен, мал шаруашылығымен күн көріп кетті. Ал Қарғалы халқына тұралаған фабриканың акциялары ғана берілді. Жерлестерім ақшасыз қалып, тіршілік ету оңайға соқпады. Нәпақа тауып, бала-шағаларын асырау үшін басқа өңірлерге жұмысқа кетіп жатты. Жастар қалаға аттанды. Комбинат жұмысы қаңтарылған уақыт аралығында оның ғимараттары бұзылды, қирады, іске жарамсыз болып қалды. Кәсіпорын өндірісін алға оздырған, мәні мен сәніне айналған қажырлы станоктар темір-терсекке тапсырылды. Комбинат пен ауылға су жеткізіп тұрған екі үлкен құбырдың бірі кесіліп, қазірде фабрика аумағынан шығарылуда. Оларды да станоктардың басына түскен тағдыр күтіп тұрғаны анық. Қадірлі ақсақал, комбинаттың бұрынғы бас энергетигі Орынбасар Ыдырысбаевтың айтуынша: «Бұл құбырлар әлі бірнеше ғасырға жарайтын еді». 32 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда Мәдениет үйі де жоқ десек, біреу сенер, біреу сенбес.

[caption id="attachment_57939" align="aligncenter" width="1000"]Қарғалы шатқалындағы фабрика, 1910 жыл. Қарғалы шатқалындағы фабрика, 1910 жыл.[/caption]

Қарғалы – менің туып-өскен жерім, алтын бесік ауылым. Оның әр тасы, сай-саласы мен үшін қымбат. Қымбаттылығы сонша, саналы ғұмырым өткен осынау ыстық та, аяулы мекенімді тастап ешқайда кетпеймін. Оның жарқын келешегіне сенемін. Күндердің күнінде бір «жаңа Шахворостов» келер ме екен, Қазақстанның бірінші фабрикасын қайта түлетіп, жаңғыртар ма екен деген тәтті қиялға берілемін. Атағы шартарапқа жайылып, аңызға айналған Қарғалы шұға фабрикасының бүгінгі тағдыры баршамызды терең ойландыруы керек. Қалай болғанда да, Қарғалының бағы мен бақытына айналған шұға фабрикасы еліміздің де мерейі ғой. Демек, оның жұмысы жалғасын тауып, қайта жандануы керек. Мен осыны армандаймын.

Орыс тілінен аударған Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

2125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы