• Қоғам
  • 16 Шілде, 2020

«Шипагерлік баянның» берері мол

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «ғалам өзара қарама-қарсы алты негіз: кеңістік тұғыр – тұрақ тұғыр, жарық тұғыр – қараңғы тұғыр, ыстық тұғыр –суық тұғырдан тұрады» деген екен. Әрі бұл теориясын ұтқыр да ұтымды дәлел-дәйектерімен жан-жақты дәлелдеп, егжей-тегжейлі баяндайды. Ғаламдағы барлық заттар мен құбылыстар осы алты өзек тұғырдан айырыла алмайды деген ұстанымы негізінде адамның тұтас тұлғасын ішкі 12 көмескі мүше, сыртқы 12 көрнеу мүше деп, жалпы 24 мүшеге бөлген. Осы мүшелер арасындағы жымдасқан байланысты нәзік те терең ғылыми жүйемен түсіндіреді. Мен бұл жерде тақырып аясына байланысты адамның тұтас тұлғасын тіл арқылы диагноз қою теориясына негіздеп, өзім сезінген, түйсінген түйірлі түйіндеріме шама-шарқымша тоқталмақпын. 

«Шипагерлік баянда» өзектік тіл, өңестік тіл деген тақырыпша бар. Сол тақырыпша аясында біраз жайттарға қанық болдым. Қазіргі тілмен айтқанда «Алла адам баласының тілін тек сөз сөйлеуге ғана емес, сырқат белгісін көрсетумен қатар, тұтас дене мен мүшелер арасындағы күрделі байланысты айқын аңғартатын міндетін де борыштаған» деп жазған. Яғни тілдің сөйлесу құралы ғана емес, бүтін денеміз туралы тоқтаусыз мәлімет беріп тұратын аса маңызды мүше екенін аңғарамыз. Ендеше тіл тұтас дене туралы ақпаратты қалай береді? «Шипагерлік баянда» былай дейді: «Өзектік тіл – жалпы тілдің көрінісі. Өңездік тіл – өзектік тіл бетінің бір қабаты, сырқатты әйгілеп көрсететін жұқанасы. Өңездік тіл – өзектік тілдің өрісі. Сондықтан өзектік тіл өңездік тілден, өңездік тіл өзектік тілден енші бөліспеген. Өңездік тіл өзгергенде сырқат белгілері байқалмақ». «Шипагерлік баянда» өзектік тіл мен өңездік тілдің әрқайысысын өз ішінен жеке-жеке 19 жікке бөліп, жиыны 38 түрлі ақпарат беретін құбылыстарды тізбектеп береді. Әттеген-айы, сол 38 түрлі ақпаратты жіберетін мүшелер туралы айтатын сәтте осы арадағы 21 бет өртеніп кеткен екен. Десе де біз ғұлама ғалымның тілде 38 түрлі ақпараттың бар екенін білдік. Ғалымдарымыз «Шипагерлік баянды» толық меңгеріп, Өтейбойдақтай түсінік деңгейіне көтеріліп, 38 түрлі ақпарат келетін дене мүшелерін жеке-жеке анықтай алса, онда науқас адамдар бүгінгі узи (ультрадыбыстық тексеру), рентген (компьютерлік тексеру), МРТ (магнитті резонансты томография), ЭЙЕК деген сияқты бірқатар медициналық аппараттарға қаншама уақытын жұмсап әлек болмас па еді. Жөнді-жөнсіз уайым-қайғы жеп, жүйке тоздыру, нау­қастың қалтасын бейберекет қағу (ауруға қате диагноз қою) сынды әуре-сар­саңнан біршама құтылып қалар ма едік? Әр мүшедегі кінәраттың ауыр-жеңілін анықтап қана отырар ма едік? Бұл жаңалық қазақтың ұлттық медицинасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем алдындағы абыройын асқақтатып, жалпы адамзат баласы үшін ғажайып еңбек болып бағаланар еді. «Шипагерлік баянда» өзектік тіл екіге бөліп көрсетіледі. Бұл сөйлемді қанық түсіну үшін Шипагерлік баяндағы өзек-кезек теориясына біраз тоқталуға тура келеді. Шипагерлік баянды жетік түсінген, қарапайым тілмен айтқанда жілігін шағып, майын ішкен, Шыңжаңдағы қазақ оқы­мыстыларының қолқа салуымен «Шипагерлік баян – медициналық ғылымнама» атты тақырыпта ғылыми еңбегін ұлттық медицинасы дамыған қытай, тибет халықтарының медицинасымен салыстыра отырып зерттеген ғалым Бағдәулет Әлтайұлының түсіндіруі бойынша «дүние – қарама-қарсылықтың бірлігі». Химиялық әдіспен енді бөлшектеуге келмейді деп отырған дара химиялық элемент те белгілі шарт-жағдай жасалса одан ары бөліне беруі мүмкін. Өтейбойдақ та дүниедегі зат пен құбылыс атаулыны екі үлкен үйекке жіктеп, белгілі тұлғадағы заттың қай-қайысысы да екі жақты сипат алады деп қарайды. Атап айтқанда, өзек-кезек теориясын ортаға қояды. Ол күллі әлем кеңістік пен тұрақ, ыстық пен суық, жарық пен қараңғы сынды қарама-қарсылықтың бірлігі. Бір адам туралы айтсақ, оның алды мен арты, іші мен сырты бір-бірінің қарама-қарсы жағы, яғни алдыңғысы өзек болса, кейінгісі кезек болады дейді. Ол және хайуанат, өсімдік, дәрі-дәрмек, азықтық материалдардың т.б. барлығын өзек-кезекке жіктеп, олардың қасиетін ыстық-суық сынды екі жаққа ажыратады. Сонымен қатар зат пен құбылыс атаулының өзек және кезек қасиетінің тұрақты болмайтынын, қайта белгілі шарт-жағдайда үздіксіз өзгеріп, орны алмасатынын айтады. Өзек-кезек тео­риясы ыстық және суық сипатты белгі­лейтін фактор екенін қарапайым тілмен баяндаған. Біз бұдан ер адамның тіл ортасындағы симметриялы сызығының оң жақ жары­мы­ның ыстық сипатты, сол жақ жары­мының суық сипатты болатынын, әйел адамның тілі, керісінше, сол жақ жартысы ыстық сипатты, оң жақ жартысы суық сипатты болатынын аңғарамыз. Бұл теорияның шындығына былай көз жеткізуге болар деп ойлаймын. Ыстық суды ұрттасақ, аздан соң суый бастайды. Ал, керісінше, суық суды ұрттасақ, жыли түседі. Неліктен олай? Себебі, ауызға ыстық зат барған соң денедегі табиғи тіл алмасым (нерв жүйесі) бойынша ыстық заттың келгені, оны дереу суыту керегі жөнінде тұтас денеге хабар жетеді де, денедегі суық сипатты мүшелер тілдің суық сипаты жағына көмекке келеді. Бұл процес барысында тілдің ыстық сипатты жағы бейтарап тұрады. «Тілден басқа мүшелер де осындай сипатқа ие ме?» деген сауалға келсек, Өтейбойдақтың жазғандарына жүгінуге тура келеді. Онда әр мүшенің ыстық немесе суық сипатты екеніне жан-жақты тоқталған. Шипагерлік баянда былай дейді: «то­ғалық ызғымалық ішкі көмескі мүшелер (табиғи ызғарлық ішкі көмес мүше); Нуқалма (жыныс мүшенің ішкі құрылымы); Барбақ (көкбауыр, қарабауыр); Бүргек (бүйрек); Тоғалық сызыналық ішкі көмес мүшелер (табиғи сыздық суықтау немесе суқайт ішкі көмес мүше); Оңқар (асқазан); Іштек (ішек); Суйек (сүймек), деп, жыныс мүше ішкі құры­лымы, бауыр, бүйрек, асқазан, ішек, сүйек қатарлы адам ішкі мүшелерінің суық харектерлі немесе суыққа бейім және тоғалық құзыналық ішкі көмес мүшелер (табиғи ыстықтық ішкі көмес мүше); Демік (өкпе); Қаһарқақ (жүрек); Безелік (бездер)»... деп, өкпе, жүрек, бездердің ыстық сипатты болатынын, сыртқы мүшелерден арайжап (әйелдердің жыныс мүшесі), тантал (көз), түккене (ерлердің жыныс мүшесі немесе түк), құрсақ, аяқ сынды мүшелердің суық сипатты немесе суыққа бейім болатынын, ал мүңік (мұрын), қосқол (құлақ), иілгім (буын) ыстық сипатты немесе ыстыққа бейім болатынын айтады. Өмір шындығына назар салып қарасақ, өкпе – сыртқы күштің тұтқиыл соққысына ұшырамаған жағдайда, негізінен, суық өтуден немесе микробтың жұғуынан науқастанады. Адам шыдас бере алатын ыстық моншаға кіргеннен өкпе зақымдана қоймайды. Керісінше суық ауа жұтып қойсаңыз өкпе ауыруына шалдығасыз. Ал бауыр көбінесе ыстық асқынып кетуден ауыруға ұшырайды. Әрине, кез-келген мүшеге қалыптан тыс ыстық немесе суық өтсе, ол табиғи қалпын сақтай алмайтыны да ақиқат. Бұл арада қалыпты жағдайдан асырмау керегін баса айтқым келеді. Осы негіздерге сүйене отырып, ішкі мүшелердің, негізінен, ыстық сипаттылары суықтан, ал суық сипаттылары ыстықтан адамды дертке ұшыратады екен-ау деген ойға келесің. Әрине менің көзқарасымды арнайы медицина мамандары одан әрі тереңдей зерттеуі керек шығар. Бүгінгі әлем елдері қолданып отырған Батысша емдеу тәсілінде адам денесін ешқашан ыстық және суық деп бөлмейді. Әйтеуір ішкі мүшеден күрделі ауру белгісі байқалса, бірден химиялық қоспалардан жасалған әсері күшті дәрі-дәрмекті береді. Анығында әлгі дәрілер аурудың десін қайтарғандай болғанымен, адам организміндегі көптеген клеткаларды бей-берекет жояды. Дәрінің денемізге қаншалықты зардап әкеліп, өмірімізді қаншалықты қысқартып жатқанымен ешкім санасып та жатқан жоқ. Ал енді Өтейбойдақтың ыстық-суық ұстанымын толығымен игеріп, мінсіз бітісіміздегі әрбір мүшенің ыстық не суық сипатты екенін анықтап ала алсақ (мұнда кей мүшелер бейтарап болуы да мүмкін), онда денедегі қай мүше науқасқа шалдықса, тек сол мүшеге тиесілі табиғи дәрі-дәрмегін берсек (ыстық сипатты мүшеге суық сипатты, суық сипатты мүшеге ыстық сипатты дәрі) мінсіз бітісіміздегі (тұтас денеміздегі) қалған мүше, сондай-ақ бүкіл денені құрап тұрған клетканы азаптамаған да, тоздырмаған да болар едік.

Шаяхмет ҚАЛИҰЛЫ

1089 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы