• Қоғам
  • 16 Шілде, 2020

КҮЙЗЕЛІС ПЕН ДҮРБЕЛЕҢГЕ ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ «Аna tili»

Коронавирус пандемиясы Қазақстан үшін ғана емес, күллі әлем үшін үлкен сынақ болып отыр. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, елімізде енді пневмония дерті өршіп кетті. Көктемде жарияланған Төтенше жағдай аяқталғанымен карантин уақыты созылып, осы күнге дейін жетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5-20 шілде аралығын карантин деп жариялаған. Ал күні кеше Мемлекет басшысы твиттер парақшасында маңызды ақпарат таратты. «Қазір жағдайдың реттеле бастағаны байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді» деген Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі карантиннің шілде айының соңына дейін созылатынын хабарлады. Бұл хабар елді тағы да елең еткізді. Себебі ұзақ уақыт жабық кеңістікте болу барлық адамға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Оның әсері мен салдары қандай деген сұраққа жауап іздеп, бұл жолы біз пандемия кезіндегі дүрбелең (паника) мен депрессиядан сақтанудың жолдарын қарастырдық.

ЖАҒДАЙ ХАЛЫҚ САНАСЫНА  ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Бұған дейін халық ұзақ уақыт жабық кеңістікте өмір сүру дегенге дағдыланбаған. Сондықтан карантин режимінде көптеген қиындықтарға тап болып жатқаны жасырын емес. Біреулер күйзеліске түссе, енді біреулер ашуланшақ болып жатыр. Ал жағдайды оңынан пайдаланып, өзін-өзі дамытып, ізденіп, табыс табудың басқа да жолдарын қарастырып жатқан жандар да жоқ емес. Карантин режимі адамның бойында белгілі бір психологиялық қиындықтар туғызады. Пандемиядан туындаған дағдарыс адамдардың кемшіліктері мен құндылықтарын ашып көрсетіп отыр. Осы тұрғыда әлеуметтанушы Камшат Серікжан халыққа оңай соқпағанын түсіндірді. «Біздің халық пандемия дағдарысына, карантин режиміне дайын болған жоқ. Оның бірден бір себебі – халық белсенділігі. Біздің халық бұған дейін өте белсенді өмір сүрді. Базарын базарлап, ағайынын аралап үйренген. Пандемия дағдарысы елді біраз есеңгіретті. Мемлекеттен берілетін 42 500 теңге әлеуметтік көмек үшін шырылдап қалдық. Өйткені көп жұмыстың тоқтауы, сауда орталықтары мен базарлардың жабылуы қарапайым халық­тың қалтасының түбін қақты. Өйткені біздің халықтың жинаған артық ашқасы, қоры жоқ. Күнделікті табыс пен айлық табыс пәтер жалдауға, тамаққа, өлім-жітім мен той-томалаққа жұмсалады, артық қор сақталмайды. Халықтың 70 пайызында солай» дейді әлеуметтанушы. Маманның айтуынша, карантин режимі тіпті оңайға соқпаған. Жоғарыда атап өткеніндей, бұған дейін белсенді өмір сүрген халық төрт қабырғаның ішінде қысыла бастады. Бұрындары уақытының көп бөлігін отбасымен бірге өткізбеуге үйренбеген немесе жалғыз қалмаған адамдар психологиялық ыңғайсыздыққа тап болады. Бұл жағдай сыртқа шығарылмай, депрессия түрінде өтуі мүмкін. «Карантин режимі жаппай паника мен депрессияға әкеліп соқты. Мәселен азық-түлік өнімдерін шектен тыс сатып алу, дүкендерде күндіз-түні сауда жасау, дәріхана алдындағы кезек, дәрілерді қажет болсын-болмасын сатып алу, осылай дәрі тапшылығын тудыру – паниканың әсері болды. Ал депрессияға келсек, карантин кезіндегі психологиялық мәселелер адамдар күнделікті өмір сүру салтынан алыстап немесе еркін қимылдаудан шектелгеннен пайда болмайды. Оның себебі, көптеген адамның қаржылық жағдайының нашарлауы. Міне, бұл жоғарыда айтқан пандемия дағдарысымен байланысты болып шығады» дейді әлеуметтанушы Камшат Серікжан.

ДЕПРЕССИЯДАН  ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Адамдар өзімен жұмыс істемесе, эмоциясын реттей алмаса, шамадан тыс қорқынышқа бой алдырса карантин кезіндегі оқшаулану кері әсер етуі мүмкін. Тіпті агрессиямен қабылдайтын жағдай туындайды. «Вирус жұқтырып алмадым ба? Не болып жатыр? Ыстығым жоқ пекен?» деген сияқты үздіксіз ойлар, өз өзіне көңілі толмаушылық, іштей мазасыздық, шектен тыс ақпарат алу, паникалық үрей қорқынышы бар адамдарда невротикалық бұзылулар болуы мүмкін. Бұл туралы психолог маман былай дейді: «Депрессияның алғашқы кезеңінде психотерапевт, психолог, психоаналитик маман қажет. Егер маманмен емделмесе, уақыт өте келе проблеманы тәні көтере алмай қалады. Осының салдарынан денсаулығында кінәрат пайда болады. Ұйқысыздық, қан қысымы, жүрек талмасы сияқты аурулардың бәрі депрессиядан пайда болады. Оның соңғы сатысы – рак. Яғни тән психологиялық ауыртпалықтарды көтере алмай кеткенінің белгісі. Біз барлық жағдайда біреуді кінәлауға, айыптауға бейімбіз. Басымызға қандай іс түссе де оның себепкері өзіміз екенін мойындағымыз келмейді. Қазір елімізде болып жатқан жағдайларды уақытша сынақ деп қабылдаймын. Бұл сынақ біздің жақсы жағымызды көбейту үшін, жүрегімізге махаббат толтыру үшін, жалпы адамдарды жақсы көру үшін, отбасымыздан бастап, адамды, әлемді жақсы көру үшін, жаратушыға сеніп, жүрегінде тыныштық орнасын деп беріледі» дейді психолог Әлия Базарбай. Оның айтуынша, адамдар өз ішіне үңілмеген, өзінің психологиялық тұрғыда дамытпағаннан рухани әлсіз. Әлсіз болғаннан соң, қолдан келетін қайран жоқ болғаннан кейін айыпты өзгеден көреді. Билікті, саясатты жамандап, өзгелерді қаралау арқылы ішкі эгосын қанағаттандырады. Рухани мықты адам өзіне сұрақ қою керек. «Қазір пандемия кезінде қоғамға қандай көмек бере аламын? Жақсылыққа себепші бола аламын ба? Қолымнан не келеді?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуі керек. «Ақшасы болса, халыққа дәрі-дәрмек, медициналық аппараттар алсын. Егер ондай мүмкіндік болмаса, ең болмағанда паника тудырмай көмек беру керек. Ал көмектесе алмасаң құр босқа байбалам жасап, қоғамды дүрліктірудің, одан әрі қорқытып, үркітудің қажеті жоқ. Одан да қазір осы сынақтан ұтыспен шығу керекпіз. Иә, кез келген сынақ ауыр. Бірақ бұл да өтеді. Бұл сынақтан сабырмен өтуіміз керек. Ауыр екен деп байбалам салып, даурықтырғаннан не ұтамыз? Ештеңе ұтпаймыз» дейді психолог. Оның айтуынша, ең алдымен карантин мен коронавирусқа қарама-қарсы көзқарастарды сүзгіден өткізіп, ресми ақпараттарды ғана қарау керек. Сонымен қатар, Үкіметтің ұсыныстары мен жарлықтарын өзін-өзі оқшаулау режимін, маскалық режимді және т.б. орындауда әлеуметтік жауапкершілік өз денсаулыңығыз бен жақындарыңызға деген қамқорлық екенін атап өтті. Осы орайда Әлия Базарбай карантин кезінде депрессиядан сақтану үшін бірнеше психологиялық кеңес беріп отыр. – Үйде жаттығу істеу; – Жақсы кітаптар оқу; – Таза ауада серуендеу; –Болашақтағы мамандықты игерудегі жоспарларыңыз туралы smart мақсаттармен жұмыс істеу; – Физикалық белсенділік стрессті азайтады; – Вирусты жұқтырып аламын деген ойға тежеу жасап, оны позитивті оймен алмастыру; – Эмоцияларыңызды түсінуге тырысу.

ОЙ – МИҒА БЕРІЛГЕН СИГНАЛ

Жалпы психологияда аффирмация және визуализация деген ұғымдар бар. Қазіргі жағдайда психолог мамандар осы екі ұғыммен дос болуға шақырады. Бұл жердегі аффирмация – күнделікті қайталау арқылы адамның ойын жақсы арнаға бұру, мақсаттарын айқындау, армандардың орындалуына көмек беру. Ал визуализация елестету ұғымын белгілі бір мақсатқа бағыттау. Бұл екі ұғымды мамандар қарапайым тілмен былай түсіндіреді: «Байқадыңыз ба, жоғарыда аталған екі ұғым да миға сигнал беру арқылы жүзеге асырылады. Аффирмацияны сіз жазу, сызу, сурет, аудио арқылы жасай аласыз. Ең бастысы ешқандай негатив қоспай, жақсы нәрселерді жазу. Және бәрін өзіңізбен байланыстыру. Мәселен «мен мықтымын, менің иммунитетім мықты, мен барлық сақтық шараларын сақтау арқылы, бұл дертке шалдықпаймын, мен күштімін, мен дертке қарсы тұра аламын» деген сияқты. Ал визуализация елестету арқылы жүзеге асады. Мысалы, сіздің жұмысыңыз карантинге байланысты тоқтап тұрса, жақсылыққа визуализация жасайсыз. Жұмыс үстеліңізді елестеу арқылы, «жұмыс басталғанда мынаны осылай өзгертемін, жақсы нәрселер ойлап шығарамын немесе жазамын, жұмыс жүргенде жақсы ақша тауып, мына жұмыс үстелімді ауыстырамын» деген сияқты ойлармен жұмыс үстелін таңдап, бәрін оймен реттейсіз. Және оны реалда жүзеге асыруға мүмкіндік аласыз. Бұл денсаулық пен депрессияға да қатысты. Қазіргі жағдайда «ауырып тұрған сияқтымын, ыстығым бар сияқты ма, тамағым біртүрлі боп тұрған сияқты, басым айналып тұр» деген секілді мазасыз ойлардың өзі сіздің ауырып қалуыңызға себепші бола алады. Міне, ой – миға сигнал дегеніміз осы» дейді психолог Ә.Базарбай. Еліміздегі пандемия кезінде ғана емес, өз өміріңізде де бәрі жақсы болуы үшін жақсы ойлау керек екенін айтады мамандар. Ал ол үшін ең алдымен өз өзіңізбен жұмыс істеуіңіз керек. Біреуге өкпе-реніш, біреуді кінәлау, қаралау, ойға берілу сияқты жаман әдеттерден арыла алсақ, депрессияға жол бермейміз. Ал депрессия деген түрлі аурулардың себепшісі екенін жоғарыда жаздық. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік».

1371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы