• Әдебиет
  • 16 Шілде, 2020

ДЕР КЕЗІНДЕ АЙТЫЛҒАН ҰЛЫҚ СӨЗ, ҰЛАҒАТТЫ ОЙ

Мемлекет басшысының мәлімдемесін оқудан туған ой

Сөз сиқыр жазады ғой жараны да Мағжан Жұмабаев

«Шын сөз – құдіретті сөз» депті Мұхаммед пайғамбар. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дейді хакім Абай. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық. Әлемді әбігерге салған тәжтажал – короновирустан қазақ даласы қара жамылды. Бұл індеттің тоқтайтын түрі жоқ. Күн сайын емес, сәт сайын өршелене өршіп, жылан қайғы жүректі аяусыз шағып, улап жатыр. Ел басына күн туған осындай аса қиын кезеңде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тағы да мәлімдеме жасап былай деп қадап айтты:

«Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты». Мемлекет басшысының мәлімдемесінде дер кезінде айтылған ұлық сөз, ұлағатты ой көп. «Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты» деген сөзі Ибн Синаның: Үрей – дерттің жарымы, Сабыр – емнің жарымы, Төзім – сауығудың басы, – деген ұлы ой, ұлағатты сөзімен үндесіп тұрған жоқ па?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Үкімет пен әкімдер халықты барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін шұғыл жұмыс жүргізіп жатыр. Ауруханалар үшін 30 мыңға жуық науқасқа арналған дәрі-дәрмек қоры сатып алынды. Бұл қазіргі қажеттіліктен 70%-дан көп (шамамен 18 мың адам ауруханаға жатқызылған жағдайда). Жұмыс жалғасуда. Бөлшек сауда желісіне қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілуде: 800 мың қаптама парацетамол жеткізілді, аптаның соңына дейін тағы 900 мың қаптама жеткізіледі. Дәріханалар желісіне 150 мың қаптама антибиотиктер жіберілді. Санаулы күндердің ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы шешімін табады. Азаматтардан тағы да өтінерім: дәрі-дәрмекті артық сатып алып, шу мен сұраныс тудырмасаңыздар екен» деген сөзімен қалай келіспессіз? Тоқаевтың: «Дәрі-дәрмектерді, өкпені жасанды желдету құрылғыларын сатып алуға, медицина қызметкерлерін ынталандыруға және басқа да шұғыл шараларға кем дегенде 150 млрд теңге бөлінеді, сондай-ақ бұл қаржының жұмсалуы ерекше бақылауда болады», - дегені де жүдеген жүректерде үміт отын жақты. Мемлекет басшысының: «2020 жылы 13 шілде коронивирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын» деген жарлығы дер кезінде қабылданғанын дұрыс шешімдердің бірі. Біздің бұған қосар ұсынымыз: Елде төтенше жағдай жариялау керек! Карантин режимін күшейту керек. Барлық қонақ үйлер мен әскери госпиталдар, жатақханалар ауруханаға айналуы тиіс. Медицина саласының ардагерлері мен студент жастарды дәрігерлер сапына қосу қажет. Қажетті дәрілер мен жедел жәрдем көліктерін шұғыл сатып алу керек. Жедел жәрдем жасайтын дәрігерлік топтар көбейсін. Қоғамдық көліктерде тексерушілер, көшелерде полицейлер сақтық шараларын сақтамаған азаматтарды тәртіпке шақыруын күшейту шарт. Хосе Ортега-и Гассет айтқандай: «Өмір сүру үшін нендей хал кешпекті тағы да шешпек керек». «Сол кеппен шығар күн, сол кеппен батар мұнар күн...» «Құрметті отандастар! Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық – зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік.Әр азаматтың амандығы үшін күресейік! Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін!» деді Мемлекет басшысы мәлімдеменің соңында. Күлтегіннің үлкен жазуында айтылғандай: Көкте Тәңірің бүлінбесін де, Табанда Жерің тілінбесін де... Алла өзі сақтасын, үмітімізді ақтасын. Ақырзаман болмаса Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз бұл сыннан шыңдалып шығамыз» Біз біргеміз, Сызат түсіп сөгілмейді іргеміз! Аман болайық!

Сәбит Досанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алматы

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы