• Мәдениет
  • 23 Шілде, 2020

ТАЛПЫНҒАН ЖЕТЕР МҰРАТҚА

Жер жаннаты саналатын қасиетті мекенде дүниеге келдім. Елімді сүйетін азаматтың бірімін. Өзім жайлы айтар болсам – қаным орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Қазақ халқында «Көршіні Құдай қосады» деген керемет сөз бар. Расында да біздің көршілерімізді Құдай қосты. Олар біздің туған бауырымыздай. Менің қазақ болып отырғаным, қазақ тілін үйренгенім сол жандардың арқасы.  Ойын баласы болсақ та достарым маған қазақ халқының салт-дәстүрінен мол мағлұмат беріп, өнері мен мәдениетінің қайнар бұлағынан сусындатқанына шексіз қуанамын. Сондықтан да болар, бұл күнде қазақ тілін еркін меңгеруімнің арқасында қонақжай қазақ елінің арғы-бергі тарихын тереңнен танысам, білсем деп өз бетіммен ізденіп, оқып жүрмін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда қазақ тілін жан-жақты меңгеруге, өз бетіммен талпынып үйренсем, білсем деген адамға барлық мүмкіндік беріліп отыр. Тек қана әрбір азамат, әрбір этнос өкілі ынта жігер танытып, ықылас қойса болғаны деп есептеймін. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, мемлекеттік тіл – этносаралық татулық пен ел бірлігін ту еткен қазақ елінде тұратын 18 миллион халықтың күнделікті қарым-қатынас тіліне айналуына барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Сонда ғана Ел Президенті айтқан кезеңнің уақытын жақындата түсіреміз анық. Ұлы қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұрасы мен бізге қалдырған қымбат қазынасы аз емес. Қазақтың сөзін білген әрбір адам – халқының өзін тереңнен түсінуіне мүмкіндік алады. Алғашқы ұстазым – Ұлар Санатқызының арқасында мен қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Екі тілді жетік меңгергенімнің арқасында бірнеше рет республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атандым. Жер үстінде де жұмақ бар дегендей. Сарыарқамның даласы тарихи қазынаға толы. Мұны тек сезініп, көзбен көру керек. Ең бастысы алтыннан да қымбат тарихқа көп көңіл бөлгеніміз жөн. Бұқар Жырау, Шорманның Мұсасы, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмұрат Торайғыров, Әлкей Марғұлан, Потанин, Мұхтар Әуезов туған, Енлік-Кебек хикаясы өткен Жер, Абай әулеті, тағы да басқа ұлы тұлғалардың табаны тиген жердің тағылымын алып жүргенім үшін бақыттымын. Жадымды мол ақпаратқа толтырып, рухымды асқақтатып, танымымды кеңейту үстіндемін. Мен қасиетті қазақ елінің ертеңгі ашық аспан астында той тойлап жатқан әдемі көрінісін көргім келеді. Қазақтың бар салты мен дәстүрі жаңғырып, ұлттық мұрасы ұлықталса деймін. Қазақ жерінде ғұмыр кешкен әрбір этнос өкілінің өз атажұрты бар екені анық. Бірақ қазақ тағы да «Бала тапқандікі емес, баққандікі» деген аталы сөзді де текке айтпаса керек. Бізді қанатының астына алып, мәпеледі, бар жылуын аямады, қиын қыстау кезде қамқорлық танытты. Бұл біз білетін бір ғана жақсылық. Қазақ жұрты қиналған әрбір жанға сүйеніш бола білді. Олар барда біз бармыз. Біздің міндет – елге қызмет еті. Осы жолы еш аянып қалмайық. Отанымыз – Қазақстан, тіліміз – қазақ тілі мәңгі жасасын!

Ирина ИВАНОВА

Талдықорған қаласы

1010 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы