• Руханият
  • 23 Шілде, 2020

Әлемі бөлек, Ерағам

Стамғазы әулеті көтерген өнер шаңырағының берік уығы едіңіз ғой, Ераға. Морт сынғаныңыз-ай. Бабадан балаға жалғасып келе жатқан ұлтымыздың ұлы мұрасы дәстүрлі ән өнері өзіңіздей дара перзентінен ойда жоқта айырылып қалады деп кім ойлаған?! Әкеңіздің қаны мен анаңыздың сүті арқылы бойыңызға дарыған ән әлеміне Рамазандай ағаңыздың ізін баса еніп, бір ұстаздан дәріс алсаңыз да өзіңіздің бояуы бөлек қоңыр дауысыңызбен өзгеше қолтаңба қалдырдыңыз. Арқаның әнін арқалана орындағанда сал Біржан мен сері Ақан ғайыптан ортамызға оралғандай күй кешетінбіз. Қандай ортаға болса да аңқылдай келіп, жарқылдай еніп кететін бала көңіліңіз бен дала пейіліңіз өзіңізге жарасып тұратын. Өнермен өрілген өміріңізді өткен шақпен еске алу қандай қиын. Қысқа ғана өлшеніп берілген өмір-ай! Енді, міне, бейнеңізді сағынышпен еске алып, өзіңізге ғана тән қоңыр дауысыңызды қазақ радиосының алтын қорынан ғана ести аламыз. Үкілі домбыраңызды қолға алып, көркіңізді ашқан бөркіңізді киіп, сахнаға алшаңдай басып шыққандағы жарқын .бейнеңізді телеарналарда сақталған бейне жазбалардан ғана көреміз. Сағынышымызды солай ғана басамыз. Алла алдыңыздан жарылқасын, әнші аға!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Балпаң басқан, байыпты байсалдым ең

(Жезтаңдай әнші Ерлан Стамғазиевтің рухына)

Өнерлінің ішінде жайсаң кілең, Өр мінезді өрелі ең,қайсарлым ең. Бай баласы секілді бағы басым, Балпаң басқан байыпты, байсалдым ең.

Аңқылдаған ақ көңіл, адалым-ай! Ажал жетті қай жақтан қадалып-ай! Сең соққандай отырмын мен-зең күйде, Қолдан келер таусылып амалым-ай!

Болмысың да бітімің бөлек еді. Талантың да тәнті еткен ерек еді. Сексенінде сені аңсап аңыраған, Анашың да қайғыңа көнеді енді.

Адалдықпен дәлелдеп достық үнін, Жүруші ең ажал алдан тосты бүгін. Өнерімді жалғар деп үміт еткен, Әкелеп қалды артыңда қос құлының.

Қалықтаған қырандай әуеге тік, Әуен кетіп барады,әуен кетіп. Ақан,Біржан,Үкілі Ыбырайдың, Шырқаушы едің әндерін әуелетіп.

Кешкендей ән-әуеннің дәриясын, Күйзелтті ажал әншілер жанұясын. Сен салғанда жан қалмас әсер алмас, Балуан Шолақтың шырқатып «Ғалиясын».

Әндерін әуелетіп қазағымның, Таза сүрдің өмірді, таза күлдің. Үш ұйықтасам ойлап па ем бауырым-ай, Саған арнап жазам деп аза жырын!?

Өнерден тартқан терең тамырыңды, Біледі ел мен айтпай-ақ қадіріңді. Жарқырап нұрлы жүзбен жүруші едің, Жаратқан нұрландырсын қабіріңді! Әмин!

Камнұр Тәлімұлы

884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы