• Басты мақалалар
  • 23 Шілде, 2020

ДАНА АБАЙДЫҢ ТІЛ БАЙЛЫҒЫ

Ұлы Абайдың: «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңлін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ» деген толғауынан жалпы тілге, әсересе ана тілге деген барша ыстық ықылас, ой-жігерді анық та айқын көреміз. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты маңызы зор, терең де мәнді мақаласында дана Абайдың тілге, туған тілге деген зор көзқарасы мен ой-пікірлеріне ерекше мән бере отырып: «Абай айрықша дәріптеген ізгілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не береріне тоқталып, «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі осымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деген. Олай болса, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор екенін айта отырып, өскелең ұрпақ Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» деген ой-пікірі барша жұрт көңілінен шыққан аталы сөз.

Жоғарыда аталған мақаласында Қ.Тоқаев: «Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады» деді. Бұл ұлы ақынмен бірге күллі халқымыз үшін зор абырой, ерекше айтарлық қуаныш, қажырлы іс, ғажайып шара екені сөзсіз. Осы аударма арқылы да Абай тілі байлығының арта түсері аян. Өйткені ұлы ақын шығармаларындағы ұлттық сөздердің басқа ұлт тілдеріне аударылуы арқылы ана тіліміздегі мыңдаған сөздің мән-мағынасы ашылып, сыр-сипаты анықталары сөзсіз. Ол халықтар тіліндеғі сөздердің біздің тіліміздегі сөздермен мәндес, мағыналарының да ұқсас келетіндері анықталып, тілдік байланыстардың сыр-сипаттарының ашылуына себепкер болуы да ықтимал.

Әрбір ақын, жазушының нақтылы сөз байлығын, оның сөз қолдану ерекшелігі мен шеберлігін тұтас қамтып, айнадай жарқыратып көрсетер нақты құрал – ақын-жазушылар тілінің сөздігі екені басы ашық, даусыз мәселе.

Бұған 1968 жылы Ғылым академиясы­ның Тіл білімі институтының (қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы) бөлім меңгерушісі, академик, профессор, филология ғылымдарының докторы А.Ысқақов бастаған ғалымдар: Ш.Ахметова, Ә.Болғанбаев, Т.Жанұзақов, Г.Жәркешова, Б.Қайымова, А.Ибатов, Ә.Тәжімұратов, З.Сейілхановалар жасап, жарық көрген «Абай тілі сөздігі» (көлемі 729 б.) толық айғақ та нақты дәлел. Бұл үлкен сөздіктің негізгі де басты метариалы 1957 жылы «Ғылым» баспасынан М.Әуезовтің редакциясымен шыққан Абай Құнанбаевтың 2 томдық шығарма­лар жинағы болды. Осы томдардағы Абай қолданған сөздер мен сөз тіркестері, жалпы фразеологиялар жаппай карточкаға түсіріліп, картотекалық қор жасалған соң барлық сөздер санын есептеп шығару жұмысы іске асырылды. Бұл санақ тәсілі сол кездегі тіл біліміндегі статистикалық әдіс бойынша әрбір сөздің сирек, жиі, аса жиі қолданысын анықтау арқылы ғылыми заңдылықтар жайы анықталып іске асқан. Осымен байланысты «Тіл біліміндегі статистика» (Лен.жас 1965, 7 шілде) атты мақаламызда «Абай тілі сөздігіндегі» сирек және жиілік сөздер бойынша біршама мысалдарды үлгі ретінде көрсеткен едік. Мәселен, абиырлы (2), абыройлы (2), абыз (4), аға (14), ағайын (14), ағу (22), бағу (61), бала (204), бар (288), беру (337), болу (1317), білу (315), екі (111), ету (123), жер (194), жету (109), жүрек (156), кету (208), көз (199), көңіл (215), қалу (204), қарау (217), адам (270), аз (57), айту (271), ақ (54), ақыл (199), алу (618), бай (91) т.б. Сөздіктегі «Абай және қазақтың әдеби тілі» атты кіріспе мақаласында А.Ысқақов жан-жақты пікір айта отырып, сөздіктің міндеті мен мақсатына, оның Абай тілін кеңінен талдап, мән-маңызын көрсетерін баяндады. 1962 жылдың соңында «Абай тілі сөздігін» жазуға кіріске авторлар 1965 жылы еңбектің жартысынан аса бөлегін орындап та үлгерген болатын. Осы ірі еңбектегі барлық сөздің жиілік санын әрбір сөзді талдап жасағанда олардың тұсында саны жақша ішінде тайға таңба басқандай көрсетілгені бар. Сол кезде-ақ «Абай тілі сөздігінде» Абай қолданған сөздердің жалпы саны статистикалық есептеу барысында анықталып, ұлы ақын­ның жеке лексикалық қорының байлығы 6030 сөз екені мәлім болса, сөздердің жалпы қолданыс саны 50 мың боп шыққан. Ал физика-математика ғылымының кандидаты Қ.Бектаевтың ЭВМ (электронды есептеу машина) көмегімен жүргізген зерттеуі бойынша Абай шығармаларындағы сөз қолданыс 46850, сөзформа (14586), 6017 сөз бар екен. Мұндағы сөзформа деп отырғаны қосымшалар (жалғау, жұрнақтар). Ал «Абай тілі сөздігін» жасаушылар жалғаулар мен жұрнақтарды есепке қоспағанбыз.

Абай шығармаларындағы ақынның сөздік қорының жалпы саны алты мыңның үстінде болғанда, оның басым тобы халықтың жалпы тіл байлығына тән сөздер, ал шағын тобы араб, парсы, орыс тілдеріне тән сөздер болып отыр. Ал ұлы ақынның өзі жасаған жаңа сөздері мен тұрақты, тиянақты сөз тіркестері де осы алты мың сөз құрамында, соның есебінде екені мәлім.

Аса көрнекті ақын І.Жансүгіров: «Абайдың сөз өнері» деген мақаласында: «Абайдың өлеңі таудан тасыған бұлақтай арқырап жатса, Абайдың өлеңдеріндегі тілдері, сөздері сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абайдың тілге істеген қызметі зор. Абай үлгілі елдің бай әдебиетінің, күшті ақындарының шалғын сезімін қазақтың қара шолақ шикі, дөрекі тілімен жырлап бере салды» деп жазды («Әдебиет майданы», 1934, №11-12).

Ұлы ақынның поэзиясын, оның ғаламат тілін, айрықша қасиетін, көр­кемдік ерекшелігін, алуан мәнді тілін, қайрат та жігер беретін ерекше күш-қуатын академик Н.Сауранбаев былайша сипаттады: «Ескі қазақ лексикасы, мақал-мәтел – осылардың барлығы Абай поэзиясында әрленіп, әсерленіп, берілген поэтикалық мәдениет нұсқасы болды. Көркем әдебиет тілінің нормасы Абайдан бұрын жоқ еді. Оны Абай жасады. Абай жазба әдебиеттегі діни кітаптық стильді өзгертіп, көркем жатық стиль тудырды. Қазіргі қазақтың көркем әдебиет тілінің әдеби нормасы, стилі Абай салған норма, Абай тудырған норма» («Социалистік Қазақстан», 1945, 8 сәуір).

Абай шығармаларын жан-жақты зерттеген ғалымдар: Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, М.Базарбаев, М.Мырзахметов, З.Қабдолов, Р.Сыздық, А.Нұрқатовтар ұлы ақын Абай жасаған жаңа сөздер мен тұрақты, тиянақты сөз тіркестерінен үнемі мысалдар келтіріп отырғандарымен олардың бәрін жинақтап, тұтастай көрсетуді міндеттеріне алмаған. Бұл жайт, біздер 1968 жылы жарыққа шы­ғарған «Абай тілі сөздігінде» де мүлдем ескерілмеген. Сол сөздікте Абай жасаған жаңа сөздер мен алуан салалы фразеологизмдерді жинақтап, қосымша ретінде бергенде өте орынды-ақ болар еді. Іс жүзінде олай болмады. Сондықтан ұлы ақын Абай жасаған жаңа сөздер мен тұрақты, тиянақты сөз тіркестерін – фразеологизмдерді жинақтап көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Мұның өзі біріншіден, ғұлама Абайдың сөз (тіл) байлығын дамытудағы ғаламат жаңалығын көрсетер болса, екіншіден, ана тіліміздің сөздік қорын байытуға қосқан зор үлесі болып табылары сөзсіз.

Бұл материалдың барлығын «Абай тілі сөздігінен» алып отырмыз. Ақынның бұл сөздікке енбей қалған жаңа сөздері мен сөз тіркестері де болуы мүмкін. Бұл мәселенің арнайы зерттеушілер тарапынан әлі де толықтырыла түсері, толымды ізденістер бола береріне үмітіміз зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыдағы біз көрсеткен мақа­ласында: «Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-мағынасы ашылуы керек» деген орынды пікіріне сүйене отырып, Абайға тән жаңа сөздер мен толып жатқан тұрақты, тиянақты сөз тіркестерін, жалпы Абай фразеологиясының тек қара басын ғана көрсетіп қоймай, жақша ішінде олардың мән-мағынасын, түсініктерін қоса беріп отырмыз. Өйткені олардың жалпы қауымға танымды да түсінікті болары сөзсіз. Ұлы ақынның өзі жасаған жаңа сөздерінің біразын беріп отырмыз. Олар: аламандық (жаугершілік, шапқыншылық), алданыс (өзін-өзі жұбатушылық), амалшылық (айлакерлік, тәсілқойлық), асылда (шынында, дұрысында), әбиат (өлең, жыр), әзәршә (дегенмен, сонда да), әдді (әл, күш), әсіләйін (қайтейін, не істейін), бағлау (қол бағламақ – намаз оқығанда қолды айқастыра ұстамақ), бадалық (мақтаныш), бәйітсымал (бәйітсымақ), бегірек (өте, тым), босаспау (ажырамау, айрылыспау), бұлықсу (менменсу, такабарсу), бұртың: бұртың ету (өкпелеу, тыртию), бұртаю (дүрдию, кісімсу), бүтейту (бүтіндеу), дағуа (дауа), денеу (басым болу, жеңу), дәркүмән (күдік, шүбә), долық (долығы басылу), домбытпа (қоқан-лоқы, сес), дүрсу (қоқилану, кісімсу), езгу (ізгі, игі), езгулік (игілік, кісілік), ежеттес (бірін-бірі түсінісетін пікірлес, сырлас), елерту (алақтату, құбылту), елеру (еліру, делбесі қозу), емен (емеспін деген көмекші сөздің қысқарған түрі), еріштіру (таластыру, жарастыру), жалбыр (жалба-жұлба), жалқу (жеру, безу, қашу), жегіш (парақор, жемқор), желгек (елгезек), желдендіру (қолтығына су бүрку), жеміт (қанағатсыз, жалмауыз), жеңсікқұмар (әуесқой, жеңісқойлық), жөншік (дорбашық, қалташық), жылмандық (жылпостық, айлакерлік), жылмаңдық (жылпостық, айлакерлік), кезнесу (қымсыну, қысылу), күйкі (тапшы, кем), күлдәрі (матаның бір түрі), күсу (безу, түңілу), кібік (сияқты), қапашылық (қайғылылық, күйінгіштік), қаса (нағыз), қасыну (ауысп. тиісу, жуысу), қаяу (ауысп. арамдық, жамандық), қожақ (қоқақ, қодаң), құба (жаукер, жауқұмар), құлық (ниет, пиғыл), құрысқақ (тобылғы тиек), қылпың (тұрақсыз, құбылмалы), қынаменде (ойын-сауық түрі), қыстығу (ашуға булығу, ызалану), мағыз (маңыз), манар тау (үлкен, биік тау), мағишат (тіршілік, өмір), молыну (көбею, молаю), мұхала (екіталай, неғайбыл), олмая (болмағай), саң (шыттан қалыңдау мата), сар: сар дала (кең жазық, мидай дала), сарқын (қалдық, таусыншақ), сауқым: сауқым салу (шулау, даурығу), септеу (ебін табу, қисындыру), сермене (өзінікі ғана жөн, өзгенікі теріс деу), соқпа: соқпа дерт (кездейсоқ қайғы, күйік), сөзденіп: елерме жынды сөзденіп (еліріп, жынданып), суат (ақын күш-қуат алуды бейнелеуде айтып отыр), сідет (біреуге артылатын міндет), сырдаң (сырғақ, қашалақ), таусыншық (шолтиған, біткен, қалдық), түзік (жақсы, дұрыс), тырқы: тырқы жазылу (қырысы жазылу), тыртың: Бір күн тыртың, бір күн бұртың (бір күн олай, бір күн былай), ұзайту (өмірін ұзарту), ұшпадай (шашыранды бұлт сияқты), үшкіру (тегеурінді адамның ықпалын айту), шақ (қысқа, жақын), шетік (темір құрал), шелтірейту (ауысп. мақтау, мадақтау), шетін: шетін жол (тайғақ, қауіпті жол), шөмею (хал-жаймен байланысты бүкшию), шөншік (қалташық), ыра (таудың құлама етегі), шау (жалқау, самарқау, сылбыр),  шәргез (шәлкес, қыңыр, шалыс) т.т.

Ақын шығармаларында сөздерді өзгертіп қолдану тәсілі барын көреміз. Олар әсіресе шет тілдерден енген сөздер боп келеді. Мәселен ар. әгәршә (дегенмен, сонда да), гөлайттау ор. (сайрандау), гүбірне, ор. (губерния), ғақыл ар. (ақыл), зауат ор. (завод), күлаптар, ар. (һуалабтар), күпіра, ар. (кәпір), күпір болу а.қ. (діннен шығу), қазина (қазына), мәдәт (медет), мәкан ар. (мекен), мәртаба (мәртебе), пошал ор. (пошел), сәттар ар. (саттар – айыпты, жабушы, кешірімді), хақиқат ар. (ақиқат), халиқ ар. (халық), хисап ар. (хұрмәт), шәһар ар. (шаһар), шеркеу ор. (шіркеу), шапқат а. (шапағат), хұкім ар. (үкім) т.т.

Бұл сөздердің барлығын 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігімен» (2011 ж.) салыстырып, толық тексеріп шығып, ақынның өзі жасаған сөздері екен­дігіне көз жеткіздік. Ізгі істің нәтижесінде қазірге ақынның 80-ге жуық жеке-дара сөзін көрсете алдық. Болашақ зерттеулерде олардың саны анықтала береріне сенім мол.

Ұлы ақын Абайдың тіл байлығының бір көрінісі шығармаларындағы бай фразеологизмдер – сөз тіркестері, тұрақты, тиянақты тіркестер мен түйдекті тіркестер құрамында жатыр. Оларда ақын Абайға тән жаңа сөздер мен жаңа да соны тіркестер көп-ақ.

Бұлардың бәрін бірдей «Абай тілі сөздігінде» беріп, мән-мағыналарын ашып айқындап, сан қилы қиыншылықтар көре жүріп, нақты да дәл түсініктерін бергенбіз. Олар мына төмендегілер:

Есім тіркестер: айран ішер (дұшпан көзге бетке ұстар), ақ көзді (білімсіз надан), алтын иек (сұлу қыз бейнесін суреттейтін теңеу), ант мезгіл (өлер шақ), асау жүрек (албырт жүрек), асау той (бұл ретте орынсыз желеуді айтып отыр), асыл жүрек (таза көңіл, адал ниет), әбілет басқан (жынды, оңбаған, әбілет басқан елерме), әсем салдық (кербездік, серілік), бала мінез (аңқау, адал, ақкөңіл), басасау (менмен, такаббар), буулы сөз (айтылмаған іштегі сөз), ет жүрек (көнбіс, төзімді, қатал, мейірімсіз), жау жүрек (батыл, өжет), жылы жүрек (мейірімді, қайырымды жүрек), кәрі иттік (айуандық, оңбағандық), кер мағыз (кербез, паң), кер есек (қырсық, қыңыр), көз қуаныш (алданғыш, жуаныш), көкірегі толық (ешбір уайым-қайғысы жоқ, алаңсыз), қанды көз (қыран бүркіт, құс), нұрлы ақыл (зейінділік, даналық), өкпе сызы (көңілде жүрген кек, ыза), өлшеуге алмау (сынап-мінемеу), саңырау қайғы (естен кетпес, емі жоқ қайғы), тар мықын (жылқы туралы суреттемеде), тәтті қыз (қымбатты, тәрбиелі қыз бала), тентек жиын (көпшілік бас қосқан дауы, шуы көп, тәртіпсіз, шатақ жиын), тірі көз (өмірде бар, тірі адам), тірі сөз (тілдегі бар сөз), ұйықтаған ой (тыныш, алаңсыз ой), үй жолдас (жұбай, зайып), үміттің аты (сенім), үңірейген жүрек (үрейленген, сескенген жүрек), ұяттың күзетшісі (ар-ожданның сақшысы), ылай ой (таза емес, лас, былық пікір), ыстық қайрат (мықты күш-қуат, мығым жігер) т.т.

Етістікті тіркестер: адам сауу (ақын бұл ретте біреуді олжалау, пайдалануды айтып отыр), аққа тарту (әділеттікті жақтау, жөнге көшу), ақылдан шығару (шатастыру, жаңылыстыру), аққа тарту (әділеттікті жақтау, сөзді қостау), араны тоймау (құнығу, көзі тоймау), ант шайқау (серт бұзу), арам қылу (бөтен саналу, жат болу), бағы артылу (абыройлы болу), базарға салу (өзін көпке көрсету, бұлдау), басқа келу (ойға келу, еске түсу), белге шығу (жас ұлғаю, қартаю), бет беру (біреудің бетін аудару, соны қоштау), бой алдыру (өмірдің ыңғайына, ырқына берілу, содан аса алмау), бойды ұрлау (жасыру, бой тасалау), бой салдырмау (бой алдырмау, өз денесін өзі аңдып, бой салдырмай (ақын сөзі), бой салмау (ұрмау, сенбеу), ғылым бағу (ғылымның соңына түсу, іздену), ғылымға бой толу (көп білім алу, білімді көп үйрену), дау бақпау (дау қумау, бәле қумау), ел бағу (ел-жұртқа, халыққа жолбасшылық жасау), еңбегін сату (еңбегіне сүйену), еңбек сауу (адал еңбегімен күнелту), еті ауырмау (жаны қиналмау), жазды алу (барлық жаз бойын, шілдені өткізу), жанды ұрлау (өлтіру, жан алу), жан сату (арсыздыққа салыну, арын сату), жаны асығу (аласұру, алпарысу), жаны еру (елжіреу, аяу), жүрегі еру (жаны ашу, елжіреу), ит жүрек (төзімді, көнбіс жүрек), кәмәлат табу (толығу, жетілу), көзге ұру (көзге көріну, көзге түсу), көзін сату (көз сүзу, телміру), көкірегі тарылу (іші құса болу, ыза кернеу), күлкі бағу (тамашаға салыну, сауық-сайранға  бой ұру), күлкі күйлеу (желігу, әуейлену), күш айту (мықтылық көрсету, қожаңдау),  күш сату (қызметін бұлдау), қап салу (қайыршылану, садақа сұрау), қол қағысу (серттесу, уәделесу), қолы тарлық (жоқшылық, жетіспестік), қайратсыз тарту (жігерсіз, әлсіз болу), қоңыр көру (кем тұту, олқы санау), қулық сауу (үнемі алдап-арбау, арамдықпен күн көру), құлқын алу (тойымсыздану, араны ашылу), қызығын ұрлау (адамның жаманшылыққа бас ұрып, жақсы қасиеті, адамгершілігінен айрылуын айтады ақын), мақтан көйлеу (мақтанышты дәріптеу), мал қуу (мал іздеу, пайда іздеу, дүние табу), ой табу (іздену, ақыл беру, ойлану), шыға ойламау (алысты болжамау, терең, байыпты ой салмау), өсекке салу (өсектеу, даттау), пәле оралу (дау, жанжал болу), пәле шақыру (шатақ салу, жанжал шығару), қараңғылық пердесі (надандықтың әсері, кесірі), дау сабау (дау соғу, дауласу), сай таппау (пана, сая таба алмау), сақалын сату (жасы үлкендігін міндет қылу, қартайғандығын бетке ұстау), қулық сақтау (арамдық ойлау, пәлелік қуу), төлеу салу (орын толтыру), сөз аша алмау (ойындағысын ешкімге айта алмау, білдіре алмау), сөз бағу (сөз аңду, пәле қуу), сөз қыдырту (сөз тасу, өсек тарату), сөз сату (сөзін бұлдау, сөзіне ақы тілеу), суық тарту (бойын аулақ салу, жат тарту), сұрау салу (жауап алу, тергеу), сырдаң тарту (жуымау, жақындамау, тайқақтау), панасы тию (жәрдем, жақсылық көрсету), талап салу (талаптандыру, алға ұмтылдыру), тас болмау (қаттылық жасамау, мейірімсіздік көрсетпеу), терісі тарылу (ызасы келу, қырыстану), төлеу салу (орын толтыру), ұрлық айту (ұрыны ұстап алу), шырайын жылыту (көңілдену, ықыласы түсу) т.т.

Ал тұрақты, тиянақты тіркестер – фразеологизмдердің бәрін бірдей жинап бір мақалаға сыйғызу қиын-ақ. Біз сөздікте берілген сол материалдардың 180-ге жуық түрлерін ғана көрсетіп отырмыз. Ол олқылықтарымызды бізден кейін зерттеушілер толықтыра түсетініне сеніміміз мол. Барлық  фразеологизмдерді алфавиттік тәртіп бойынша беруді жөн көрдік. Олар: ағын судай екпіндеу (лепіру, жалындау), ағып келе беру  (барлық пайда өзіме келе берсін деу), ақжем болу (босқа әурелену, арам тер болу), ақыл көзбен бағу (тереңірек бағалау, түсіну), ақылдың көзін байлау (ешнәрсені ойлатпау), алдына алған еркесі (алданышы, жуанышы, жұбанышы), алдынан жан шықпау (ешкім бетіне қарсы келмеу), алтыбақан ала ауыз (береке, бірлігі жоқ, ынтымақсыз), ат үстінен ұйқы алу (дамыл алмай, үнемі ат үстінде болу), атының басын бұру (жол сілтеу, жөн көрсету), басты күн шалу (бақыт қону, жақсылық келу, болу), бауырға ет тарттырмау (маңына жан жуытпау, топ жинатпау), дүниенің кілтін білу (өмірдің тетігін білу, өмір сүре білу), жар есігін бермеу (өмірлік жолдас бола алмау, қосыла алмау), жарық сәуле көрмеу (еш рахат, қызық көре алмау), жүрегіне от түсу (күйіну, күйзелу), көзге қамшы тигендей (істер амалы таусылғандай, лажы құрығандай), көзге сынық келу (әдепті, инабатты болып көріну), көкірек көзі ашылу (сана-сезімі ояну, көңілі ашылу), көңілге ажым салмау (ренжітпеу, кейітпеу), көңілдің күні өшу (үміт үзілу, қызық таусылу), көптің аузын күзету (сөз бағу, сөз теру), күлкі күйлеу (желігу, әуейілену), қойнына тас тығу (қастық ойлау, өштесу), қылығының қылшығынан тану (біреудің мінез-құлқындағы кем-кетігін білу), ойы шар тарту (қартаю, қуаты кему, есею), өлі бойға жан жүгіру (өшкен үміт жану), сөз аша алмау (ойындағысын білдіре алмау), сөздің майын аямау (сөзден тарынбау), сүтпен емген надандық (қанға сіңген, қалыптасқан топастық), тал жібектей оралу (тал шыбықтай бұралу), тас қияға өрлеу (қиынға шығу, іздену, ғылымның соңына түсу), тілге сөз түспеу (айтуға сөз таба алмау), сөз аша алмау (ойындағысын ешкімге білдіре алмау), үзілмес үмітпенен жүру (құштарлықпен, құмарлықпен болу), шынның бетін бояу (шындықты жасыру, өңін айналдыру), іші өлі, сырты сау (өмірден түңілген, көңілі қайтқан).

Дана Абайдың образды (бейнелі) тіркестерді жасаудағы білім аясы, ақыл-ой кемеңгерлігі ерекше құбылыс. Ұлы Абайдың поэтикалық тілін жете зерттеуші белгілі ғалым Р.Сыздықтың «Абайдың фразеология саласында көзге түсетін еңбегінің зоры – оның жаңа тіркестер ұсынуы деп білеміз» деген орынды пікірі. Абай тілі туралы басқа да ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі құнды пікірлері аз емес. «Абай тілі сөздігінде» берілген Абайға тән жаңа образды (бейнелі) сөз тіркестерінің біразын көрсетудің реті келіп отыр. Олар: бұлт ала жер шола (бұл жерде ел ішінде аз да болса ақылды, саналы адамдардың болмағандығын айтып отыр ақын), бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін (ақын бұл жерде жаңбыр суын бұлттың сүтіне балап, бейнелеп отыр), жас жүрек жайып саусағын (ақын бұл жерде жас талаптың талпынуын, айға ұмтылуын бейнелейді), ақылдың көзін байлау (ақын бұл жерде ешнәрсені ойлатпау, пайымдатпау дегенді айтады), ала жылан аш бақа (ақын бұл жерде елді аздырушы деген мағынада айтып отыр), аяғы маймақ тарту (ақын бұл жерде адамның қартайған сайын қорғаншақ келетінін айтып отыр), балы тамған жас ақын (ақын бұл тұста үміт күттірген жас жеткіншекті бейнелеп отыр), бейнет сусынын ішу (ақын бұл жерде азапқа түсу, мехнат кешуді бейнелеген), бейістің үні шығу (ақын мұнда музыкалық үннің жан сезіміне тигізген әсерін бейнелеп отыр), дүниеге бой алдыру (ақын бұл жерде өмірден беті қайтып, қажуды бейнелеп отыр), жал құйрығын келте алу (ақын бұл жерде балалы-шағалы болмай, ерте қазаға ұшырағанды бейнелеп айтып отыр), жел бетке шығу (ақын бұл жерде жақсылыққа кездесуді, жолы болуды бейнелеп отыр), жүрегін ұстап сату (ақын бұл тұста ар-ұятқа қарамай, құлыққа салынуды айтып отыр), жүректің көзі ашылу (ақын бұнда сана-сезім ояну дегенді бейнелеп отыр), көз майын ағызу (ақын бұл жерде махаббат сезіміне қатты бой ұруды айтып отыр), көңілдің жайлауынан ел кету (мұнда босқа алаң болуды, үмітсіздікті айтып отыр), көңілі тірі болу (мұнда саналы, сезімтал болуды айтып отыр), күлкінің ерні кезеру (ақын бұнда уайым-қайғы басқа түскен соң көңілсіздік басуды айтып отыр), қарағайды талға жалғау (ақын амалдауды бейнелеп отыр), қырық жерге қойма қою (ақын неше түрлі қулық-сұмдықты ойлауды бейнелеп отыр), өмір тонын кигізу (ақын замана ыңғайына қарай бейімделуді айтып отыр), сом алтынның сынығы (ақын бұл тұста текті атаның тұқымы деген мағынада айтып отыр), талаптың аты орындау (ақын жастық жігерді арынға теңеп отыр), талаптың мініп тұлпарын (бұл жерде талаптанып ізденуді бейнелеп отыр ақын), тілден зар шығу (ақын бұл тұста өмірге күйіну, қапалануды бейнелеп отыр), улы сусын төгілу (ақын бұл жерде ащы тер шығарып, жан қинауды айтып отыр), үміттің аты елеру (ақын бұл тұста алып ұшқан ойды бейнелеп отыр), іші берік болуы (іштегі өз есебі өзінде болумен қатар, ұстамды, кішіпейіл болу керек дегенді айтып отыр), адам аулау (ақын бұл жерде біреуді біреу алдап-арбап қолға түсіруді бейнелеп отыр) т.т. Қолымыздағы басқа да материалдарды мақала көлемі көтере алмағандықтан бере алмадық. Ұлы ақынның шығармалары бойынша сөздікте берілген фразеологизмдерді – тұрақты, тиянақты, түйдекті сөз тіркестерін 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігімен» салыстыра тексеріп шыға алмағанымызды бірден мойындаймыз. Ол келешекте орындалар маңызды іс.

Ұлы Абайдың тіл байлығына тікелей қатысты басы ашық мәселенің бірі – сөз мағыналары. Бұл – өз алдына зерттелетін ауқымды жұмыс. 1968 жылы жасалған «Абай тілі сөздігінің» жарық көргеніне 52 жыл болды. Оны өңдеп, толықтырып, жаңартып шығарар болса, өте тиімді де пайдалы болар еді. Ал 2011 жылы «Өнер» баспасы шығарған «Абай тілі сөздігі» («Абай лұғаты» емес) сол 1968 жылы шыққан сөздіктің өзгертілмей, түзетілмей, бастапқы қалпында қайтадан шыққан нұсқасы.

«Абай тілі сөздігінің» атын сақтай отырып, мектеп оқушыларына арнап, оқу бағдарламасына сай шағын мектеп сөздігін, «Абай тілі сөздігі» (ақын өлеңдерінің тілі бойынша), «Абай тілі сөздігі» (ақын дастандары тілі бойынша), «Абай тілі сөздігі» (ақын қара сөздері бойынша) жеке-жеке тематикалық сөздіктер жарық көрер болса, қалың қауымға, өскелең жас ұрпаққа өте пайдалы да тиімді, аса қажетті құрал болып, игілікті іс, маңызды шаруа болары айдай анық.

Телғожа ЖАНҰЗАҚ,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының

докторы, профессор

1809 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы