• Мәдениет
  • 24 Ақпан, 2011

Саңлақ

sm_1240158Театр өнері – саф алтындай таза өнер. Театр – ол сұлулық. Өзің өзгені, өзіңді өзге жасайды мұнда. Театр сені биікке де көтереді, әп-сәтте жарға да жыға алады. Театрда сен біреуді қуантасың, енді біреуді жылатасың. Бірінің сырын шертсең, бірінің мұңын мұңдайсың. Біреудің жанына жұбаныш сыйласаң, біреудің сезімдеріне үміт ұялатасың. Бірін бекіндіресің, бірін босатасың. «Театр – мәңгілік өнер». Сол мәңгілік өнермен өмірін жалғаған сахна саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті актер Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев 75 жасқа толды. Ол – өзін де, өмірін де өнерге арнаған асқан талант иесі.

Сәбит аға 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына қарасты Бәйдібек ауылында дүние есігін ашты. Оның балалығы сұм соғыстың сұрқай жылдарына тап келді. Үш жасында асқар тауы – әкесінен айырылған оны анасы Апақай қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай есейтті. Әйтсе де әлпештер әкенің ыстық алақанының жылуы оған қашанда жетпей тұратын. Сондықтан да болар, ерте есейді, ерте ержетті. Балалықтың бал дәмін де тата қоймады. Бірақ өнерге ғашық болды. Ән десе, жыр десе ішкен асын жерге қоятын. Өзі өскен ауылда Төлеген молда деген жырау кісі болыпты. Күнұзақ «Зарқұм», «Қамбар батыр», «Алпамыс» сияқты жырларды төгілтетін. Соны өзі құралпы балалармен тыңдайтын бала Сәбит өзгелер ұйқыға кетсе де дастан біткенше тапжылмайтын. Оның үстіне анасы Апақай да өнерлі жан болған екен. Өз ортасында суырыпсалмалығымен танылған деседі. Міне, бұның бәрі бала Сәбиттің бойына дариды. «Адамның басы – Алланың добы» дейді қазақ. Өнерге ынтызары ауса да Алматыдағы малдәрігерлік институтына баруға шешім қа­былдайды. Себеп ағайындарының ақыл-кеңесі еді. Үлкенге құрметі де болар, олардың айтқанын жерге тастамауды көздеген бозбала жігіт малдәрігерлік институтқа келіп, құжаттарын тапсырады. Бірақ көңіліндегі бір күдік маза бермейді. Әу баста институттың жатақханасына орналасады. Жатақхана дегенде кәдімгі спортзал. Күнде алыс-жұлыс, айғай-шу. Ол бұл ортаны жатсынып жүрді. Өнер құдіреті өлмек пе? Ақыры консерваторияны іздеп барады. Еңсесі биік ғимараттың ішіне кіргенде бейне бір ертегі әлеміне кіргендей күй кешті. Мүлдем басқа әлем. Үш қабатты ғимараттың төрт қабырғасынан да құйқылжыған, құлақ құрышыңды қандырар әсем әуен төгіліп тұрғандай. Ақыры өнердің киесі жібермеді ме, әйтеуір мал дәрігері болам деп тұрған жерінен құжаттарын қайтарып алып, консерваторияға тапсырады. Асқар Тоқпановтың алдына барады. Бара басынан бастаған Тоқпанов «Басыңды қайдам, шашың мықты екен, өзі бұйра ма, әлде бұйралатып алдың ба?» дейді де, оны сұрақтың астына алады. Емтиханнан сүрінбей өтіп, Моисей Исаакович Гольдблат, Асқар Тоқпанов сынды ұстаздардан білім алады. Осылайша Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінен бір-ақ шыққан ол Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева сынды алыптардың бір шоғырымен бірге театр атты киелі ортаға қадам басады. 1959 жылы консерваторияны тәмамдаған соң Сәбит Оразбаевқа М.Әуезов атындағы академиялық театрға жолдама беріледі. Міне, «Тоқпановтың тоқпағынан» шыққаннан бергі жарты ғасырдан астам ғұмыры осы театрдың сахнасында өтті. Осы уақыт аралығында ірілі-ұсақты екі жүзге жуық сахналық кейіп­керлерді келістіре сомдаған ол көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» – Жан­тық, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұха­меджановтың «Көктөбедегі кездесуіндегі» – Исабек, Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» – Дүрбіт, Т.Ахтановтың «Антындағы» – Әбілқайыр хан, А.Сүлейменовтің «Төрт тақта жайнамазындағы» – Шал, М.Ғапаровтың «Тұзды шөліндегі» – Президент, Н.Гогольдің «Ре­визорындағы» – Городничий, «Абай» траге­диясындағы Мағауия, «Ана–Жер анадағы» – Майсалбек, «Жаяу Мұсадағы» Мұса рөлдерінің әрқайсысы өзінше ерекшеленеді. Осындай басты рөлдерді сомдау арқылы оның актерлікпен қатар әншілік қыры да танылды. Ал Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік ас­тында», «Құдағи келіпті», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» спек­такльдерінен кейін оның комедияға да бейімдігі байқалды. Актер өміріндегі шоқтығы биік рөлдерінің бірі Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тердегі» Сүйеу шалдың бейнесін сомдауы еді. Небәрі отыздан асқан шағы еді. Жастығына қарамай қайыспайтын әрі қырдың қырсық шалының бейнесін келістіре сомдаған. Шынайы жасалған бейне шығарманың нәрін кіргізді. Тіпті бастапқы кезде сенімсіздік білдірген қойылым авторы Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі де таңдай қағып, басын шайқаған. Өзі берген сұхбаттары мен естеліктерінде ағамыз: «Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Өз басым сондай кейіпкерді дүниеге әкелген Әбдіжәміл ағамызға да, жас демей бар-жоғы 37 жасымда сондай дана қарт рөлін маған берген Әзекеңе де, спектакльдегі Ыдырыс аға, Асанәлі, Фарида, Әнуар секілді әріптестеріме де шексіз ризамын. Сүйеуді тапсырғанда тіземнің дірілдегені рас. «Сәбит, сен саспа. Алғаш Толғанайды бергенде саған барып кәдімгідей жылағаным есіңде ме? Сонда да нартәуекел деп кірістім ғой Толғанайға. Шықты ғой ақыры Толғанай. Сен де шығарасың Сүйеуді», – деген Фариданың да көмегі көп болды. Айтқаны келді», – деп еске алады. Ал Сәбиттің Сүйеуді сомдағанына сүйінген ұлы актер Иннокентий Смоктуновский де: «Осындай сахна шебері бар, қандай тамаша!» – деп жоғары баға берген еді. Міне, Сүйеумен көрерменін сүйсіндірген талантты актер бүгінге дейін талай рөлдердің классикалық бейнесін жасады. Жарты ғасырдан астам ғұмырын сахнаға сарп еткен сырбаз Сәбеңнің ауруына дауа бола алған да – дәл осы киелі сахнасы. 1976 жылы Фран­ция­ның Нанси қаласына фестивальге дайын­дық барысында «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантықты ойнайтын болды. Қойылымның соңына таяу, Қозыны найзаға шаншып өлтірер тұста артқа шегінген актер артындағы жардан құлап түседі. Дәл сол күні дайындықты көруге Дінмұхамед Ахметұлының өзі келетін болған соң, белінің ауырғанын да елемей, спектакльді ақыры аяғына дейін ойнап шығады. Сахнаға шыққанда бірер сағат бұрын ауырғаны да естен шыққан еді. Міне, сахнаға деген, өнерге деген махаббат оны сауықтырды. Таланты­мен талайды тамсандырған Сәбит ағаның актерлік­тен басқа да сан түрлі өнері бар. Әкеден ерте айырылған ол анасы екеуі біраз қиыншылықты бастан өткергендерін жасырмайды. Тіпті өз киімін өзі тігіп киген кездері де болған. Сатып алайын десе қалтасының таяздығы тағы бар. Содан жатақханадағы комендант әйелдің көмегімен қолы қалт еткенде іс тігуге кірісетін. Сөйтіп жүріп, қол орамал, жейде тігетін. Бара-бара шалбар, костюм, пальто тігетін де деңгейге жетті. Актердің тағы бір ерекшелігі – кәдуілгі кәсіпқой фотографтармен теңесе алатындығы. Өзінің айтуынша, әуелі театрдағыларды түсіріп, біршама «эксперимент» жасаған соң, бірте-бірте балалар бақшасына барып сурет түсіретін болған. Кейін келе театрдағы репетиция, премьера, гастрольдік сапар атаулы да Сәбит ағаның фотоаппаратынсыз өтпейтін болған. О баста мұқтаждықтан суретке түсірумен шұғылданған ағамызда қазір бай фототека бар.

Түйін:

Міне, бар еңбегін еліне арнаған өнер иесі сахнаға Тәңіріндей сиынады. Ол жасаған қай шығарма кейіпкерін алсаңыз да, оның артында тынымсыз ізденістің, қажырлы қайраттың, шабыт пен қиялдың тұрғанын аңғарасыз. Сәбит Оразбаев – қай кезде де өз кейіпкерінің кейпін айшықты да мәнерлі етіп шығара білген дарын иесі. Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова сынды сырбаз сахна саңлақтарын өзіне үлгі, өнеге етіп ұстанған ағамыз бүгінде мәртебелі өнердің мәртебелі тұлғасына айналды.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

3850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы