• Мәдениет
  • 29 Шілде, 2020

ТАТУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Алғашқы  әзербайжан  этносының  өкілдері  Қазақстанға ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Әзербайжан  этносы  өкілдерінің  саны  130  мыңға  жуық адамды құрайды. Әзербайжан этносы өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген. Олар бұл күндері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жинақы орналасқан.

Әзербайжандықтардың этно­мәдени бірлестіктерінің қызметін Қазақстан Әзербайжандарының «Вэтэн» конгресі қадағалайды. 2011 жылы Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің күндері өткізілді. Бакуде қазақстандық дипломатиялық өкілдік ашылған сәттен бастап Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің есімін иеленген Достық қоғамы белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан Тәуелсіздігі мен Қазақстан және Әзербайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнауына байланысты Бакуде Абай Құнанбаев атындағы көшенің ашылуы мен ескерткіш тақтаның орнатылуы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қатысуымен Баку мемлекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ашылуы, ішкі ұлттық жиһаздарымен 10 қанатты қазақ киіз үйінің тұсаукесері, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әзербайжан тілінде шыққан «Қазақстандық жол» кітабының тұсаукесері, «Астана» деген атпен ұйымдастырылған Қазақ­стан мен оның елордасы туралы фотокөрменің ашылуы, Қазақстан киносының апталығы сияқты өткізілген салтанатты шаралар ел жадында сақтаулы. Осындай байланыс арқылы біз достық қарым-қатынасты берік ететініміз анық. Жетісу топырағында әзербайжан этносының топтасып тұратын жері – Көксу ауданы. 2002 жылы құрылған Көксу аудандық әзербайжан «Нахичивань» орталығы облыстың мәдени және қоғамдық өмірінің бір бөлшегі болып келеді. Аталған орталық әртүрлі форматтағы шараларды ұйымдастырып, жыл сайын өткізілетін әзербайжан мәдениеті фестиваліне, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Өмір үшін күрескендерге тағзым» республикалық акциясына ерекше атсалысады. Сонымен бірге «Наурыз Байрам», Құрбан айт және Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған қайырымдылық шарасын атап айтуға болады. Алматы облысында 1998 жылы құрылған әзербайжан этномәдени бірлестігінің негізгі мақсаты – бейбітшілікті, әртүрлі этностар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай татулық пен бірліктің өте керемет көрінісін көрсетеді. Әзербайжандардың ұлттық киімдері халықтың тарихымен, рухани және материалдық мәдениетімен тығыз байланысты. Ер адамдардың киімдері: уст кейнейи (жейде), габа және чуха (екеуі де иыққа жабылады), кюрк (қой терісінен жасалған тон). Папах, яғни, бас киім әрбір ер азаматтың абыройы саналады, оны жоғалтып алу намыстан жұрдай болумен пара-пар. Джораб аталатын шұлық та кез келген аяқ киімнің ішінен киіледі.Әйелдердің үстіңгі киімі чадру, бетті жабатыны рубенд деп аталады. Көбіне ашық түсті маталардан тігіледі. Бір аймақтарда қысқа етекті көйлек киілсе, келесісінде тек ұзын көйлектер киіледі. Бастарына барқыттан тігілген әртүрлі пішіндегі тақияларды киіп, астына орамал тағады. Кейбір киімдерде чутгу деген шаш салатын жасырын қалталары болады. Қазақтың қасиетті жерін мекен еткен әрбір этнос өкілі қазақтың бауыры. Қиын-қыстау кезде құшағына басқан қазақ үшін олар бауыр. Бұл – татулық пен ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Олай болса, бірлігіміз жарасып берекелік өмір сүруге бәріміз бір кісідей атсалысайық.

Эльмар Мамедъяров, әзербайжан диаспорасының өкілі:

– Бізде ұлтқа бөліну жоқ. Бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақстандықтар ретінде түрлі ұлттық мейрамдарда да бір үйдің баласындай бірлесіп концерттік бағдарлама ұйымдастырамыз. Мысалы, Наурыз тек түркі тілдес халықтардың мерекесі дегенімізбен, ассамблеядағы өзге этномәдени бірлестіктер де қалмай қатысып, барлық іс-шараға өз үлесін қосуды әдетке айналдырған. Сондай-ақ ҚХА жанындағы қай этномәдени бірлестік болса да, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Мұның өзі біздің біртұтастығымыздың көрінісі деп білемін. Қазақ даласында өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілі қазақ тілін біліп қана қоймай ол тілде жақсы сөйлеуге міндетті. Себебі, бәріміздің Отанымыз біреу. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Ал қазақ халқының әрбір этнос өкіліне жасаған жақсылығын ешқашан да қайтара алмайтынымыз анық. Көлдей көңілдері мен кең пейілдері үшін бәріміз қазаққа қарыздармыз. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлай, құрметтей отырып татулық туын үнемі биікте желбірете аламыз. Ал татулық, бірлік, ынтымақ – біздің ең басты байлығымыз екенін ұмытпайық.

Жанел КӘДЕН

Алматы облысы

133 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН
Келесі мақала БІЗДІҢ ТІЛЕК – БЕЙБІТ ӨМІР

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор