• Руханият
  • 29 Шілде, 2020

НАРТҰЛҒА

Адамзат баласы жаралы жолбарыстың кейіпіне түскендей… Жеті айдың жүзі болды жер есімді сұлу мекен көзге көрінбей, тепсініп келген аждаһамен майдан ашып, алысып жатыр. Желмен келері, ағыны қатты селмен келері, құс қанаты сызған көлмен келері, көкжиегінен көз талар қу медиен шөлмен келері белгісіз мына тізгінсіз тажал ырыққа көнер емес. Күні кеше ғана жарқырап арамызда жүрген алаш жұртының қаншама арыстұлғалы ұлдарынан көз жазып қалдық. Шынын айтсақ, газет оқып, желілерді көрудің өзінен қаймыға бастадық. Сумаңдаған суық хабар жүрегімізге шаншудай қадалатын болды. Бірін білсек, бірін білмейтін қазақ есімді халықтың, Қазақстан есімді ұлы жұрттың қабырғасын қақыратып, ой-санасын сетінетіп, бақиға мезгілінен ерте аттанып жатқан сол ардақтыларымыз бен аяулыларымыздың рухына үйде отырып, дұғамызды бағыштаудамыз. Жүрек пен жан, ой мен сана екі дүние тайталасына түсіп, ауылдастарыма, бауырластарыма, қауымдастарыма, достарыма, отандастарыма, отбасыма, ұлтыма, ұрпағыма «амандық бере көр!» деп Ұлы Жаратушыға жалбарынған сәт-сағат та есеп жоқ... Алаш жұртына не тілесек, алты құрлықты жайлаған Адам Ата – Хауа Ана ұрпағына да соны тілеген күндердің бірінде тебініп жеткен суық хабар неше күннен бері ойда-жоқта «атақты» дерттің құрығына ілігіп, ажал мен өмір арасында жатқан, батыр десең, батыр, әкім десең, әкім, «халқына жақын десең, жақын», қысқа уақыт ішінде Жетісу дейтін киелі жұртқа сүйкімі асқан, алаш десе атын түсіп беретін ер мінезді, өр мінезді Жолан Омаров бауырым небәрі 42 жасында жарық дүниеден бақиға аттаныпты. Қайран боздақ! Мына қоштасу жолдары сонда жазылып еді. Артында қалған ата-анасына, ботадай боздап қалған жары Тоғжанына, құлындарына, еліне-жұртына көңіл айтамын. Жаныңа жәннат төрінен орын бұйырсын, Жолан! Алла халқымызға амандық берсін!

Қапыда кеткен арман-ай! Тұншықты үнсіз бар маңай. Алатау үнсіз күрсінді. Қабаржып дала, Қарғам-ай! Күрсінді көңіл шерменде, Сұп-суық хабар келгенде. Кешегі жүрген, Нартұлға, Ажалың көктен?.. Жерден бе?! Ажалың әлде шөлден бе? Беймезгіл соққан желден бе? Әкетті сені қандай күш Қырықтан аса бергенде?!. Берместен тізгін сезімге, Ту тіккен тұғыр-төзімге... Сүрінді неден тұлпарың Бәйгеден келер кезіңде?.. Таныған ерте керегін, Жақсыға – бауыр, төр едің. Мінезің бөлек-бітімің, Өзгеше туған Ер едің! Аяқсыз қалды көп ойың, Жазғырып кімді сөгейін?! Алашты қалың боздатқан Тажалға ессіз не дейін?!. Жүрек біткенді қозғадың, «Халқымның бағы – өз бағым», деуші едің, қайран бауырым! Қош енді! Қош бол, Боздағым! Қамшылап ойдың сауырын, Жарқ етіп Жасын – Дәуірің, Жұлдыздай ағып өттің Сен, Бақұл бол! Жолан – бауырым! Нұрлан ОРАЗАЛИН

1022 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы