• Тарих
  • 30 Шілде, 2020

НАУРЫЗБАЙ БАТЫР

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ

жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

«Бұл қай Наурызбай?» – дегенге Қазыбек бек Тауасарұлы былай жауап береді: «Мен оларға – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайға – қазақтан шыққан арыстандар деп қарадым, құрмет тұттым». Ал бұны айтып отырған Тауасарұлы кім? Оның кім екенін «Қазақстан» ұлттық енсійклапедыйасынан қарайық. «Қазыбек бек Тауасарұлы (1692 – ж. Алматы обылысы, Күрті ауданы – 1776 ж.) ұлы жүздің шапырашты тайпасының асыл ұрпағынан шыққан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде шапырашты Наурызбай бабамыздың мыңбасы (кейбір деректерде ақылшысы) болған. 1727 – жылғы жоңғарлармен болған Бұланты шайқасына, 1729 – жылы Аңырақай шайқасына қатысқан...» (5 – том, 464 – бет, Алматы, 2003 – жыл). Мұны кім жазғаны белгісіз. Алайда өте сауатсыз жазылғаны айдан анық. Себебі мағлұматты қай деректен, кімнің жазғанынан не айтқанынан алып отырғаны айтылмайды және тарыйхқа белгілі деректерді әдейі ме әлде білмей ме, әйтеуір, бұрмалап жазған. Неге өйткенін, қандай мүдемен сөйткенін енсійклапедыйаны шығарыушылар білмесе, мен білмеймін. «Бұланты шайқасы» деген шайқас 1727 – жылы болған емес, ол – Әбілқайыр басшылығымен 1726 – жылы өткен «Қалмаққырылған шайқасы». Ал Бұланты өзенінің бойында ұлы жүз қолы шайқасқан, оны Жолбарыс хан мен Қазыбек бек Тауасарұлы басқарған. Бұл соғысты біздің бір тарыйхшылар Бұланты шайқасы десе, тағы бірі Қызыл сыйыр шайқасы деп жүр. Бір соғысты бүйтіп бұрмалау, бұтарлау себебі, тарыйхшылардың бірін бірі мойындамауда немесе білмеулерінде жатыр. Қазақта айтылыуы аса мықты болмағанмен, мағынасы өте мықты «Атымды көтім жақтырмайды, көтім атымды жақтырмайды» деген мәтел бар. Біздің тарыйхшылардың жағдайын сол мәтел, меніңше, өте дәл көрсетеді. Әйтпесе, ол шайқас соншалық әрі тарт – бері тарт болатын шайқас емес-ті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңына үлкен бетбұрыс әкелген ұлы жеңіс – ол Үш жүздің қолы үш жақтан келіп, қалмақтың қолын алғаш рет быт-шыт қылған, соның нәтійжесінде, бұрын Айрантөгілген деп аталатын өлкенің Қалмақ қырылған аталған тарыйхый мақтаныш орын.

Сондай орынды дұрыс ардақтай алмай жүргеніміз – айтыуға ауыз бармайтын олқылық. Өзге кәкір-шүкір қылықтарын айтсаң да, айтпасаң да, Әбілқайырдың абыройын көтерген шайқас – осы шайқас. Ол шайқасты Әбілқайыр үшін емес, халқымыз үшін зерттеуге тійіспіз. Өйте алмасақ, тарыйхымызда әділдік болмайды. Әділдігі жоқ тарыйхтың болғанынан болмағаны жақсы. Қазыбек бек Наурызбай батырдың мыңбасы да, жүзбасы да болмаған, ұлы жүз қолын 1729 – жылы Аңырақай шайқасы біткенше басқарып, сонан соң басшылықты Наурызбайға өзі қалап жүктеген, сонан соң ақылшысы болған. Ал осы енсійклапедыйа Наурызбай жайында не дейді? «Наурызбай Құттымбетұлы(1706 – ж. Алматы обылысы, Жамбыл ауданы–1781, сонда, Дегерес ауылының маңы)... Ұлы жүз шапыраштының төлеміс руынан... 1729 – жылы Аңырақай шайқасында шапырашты руының қолын басқарды... Жоңғардың Шамалған мен Қаскелең батырларын жекпе-жекте өлтірген».(7 – том, 26 – бет, Алматы, 2005). Көрдіңіз бе, екі мәлімет екі жаққа қыйсайып тұр. Бірінде Аңырақай шайқасында Наурызбай ұлы жүз қолын басқарды десе, бірінде шапырашты қолын басқарды дейді. Мұны, әрійне, тексерілген тарыйхый дерекке жатқыза алмайсың, 1706 –жылы тұуды деген дерек те дәлелсіз. Және Наурызбай жекпе-жекте өлтірген қалмақ батырының аты Шамалған емес, Шамал (хан). Бұл күнде Наурызбайдың тікелей ұрпағынан мен білетін бір адам ол – қоғам қайраткері Серікбай Нұрғыйсаев. Онымен сөйлесіп, пікірлестім. Сонымен, шындығында, Наурызбай кім? Батыр болса, қай дәрежедегі батыр? Әңгімені әріден бастайық. Әуелі 1991 – жылы Алматы қаласында шыққан, ғалым Мамытбек Қалдыбаев баспаға әзірлеген Қазанғап Байболұлының «Төле бій» кітәбіне үңілейік. Қазанғап – 1946 – жылы қайтыс болған ақын, Оңтүстік Қазақстанда тұрған. Төле бійдің тікелей ұрпағы. Оның осы кітәбіне енген «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастан бар. Сонда «Сүлеймен батыр» атты тарау бар (124 – бет). Ол тарауда Есім хан мен Тұрсын хан соғысы өлеңмен байандалады. Сүлеймен – Есім ханның батыры. Ол жекпе-жекке Айырылмас атты батырмен шығады. Айырылмас – хан Тұрсынның батыры, ұрыуы – қатаған. Сүлеймен батырдың қайнағасы. Есім хан мен Тұрсын ханның бұл соғысы – қазақ пен қазақтың соғысы. Есім – қазақ халқының ханы, Тұрсын – Тәшкен бійлеушісі, оның арманы – бүкіл қазақты бійлеу. Есім де, Тұрсын да төре, екеуі де Шыңғыс ханның ұрпағы. Жекпе-жекке шыққан Сүлеймен – Айырылмастың қарындасын алған, күйеу баласы, ал Айырылмас – Сүлейменнің әпкесін алған әрі жездесі, әрі қайнағасы. Сүлейменнің баласы Сыйқымбай – Айырылмасқа жійен. Айырылмас – асқан батыр болған адам, қатаған тайпасының және содан тарайтын шанышқылы ұрыуының ұраны. Сарағаштың түбіндегі Дарқан ауылы Айырылмастың баласының атына қойылған. Жекпе-жекте Сүлеймен жеңіп, Айырылмастың басын шауып түсіреді. Соған күйінген Тұрсын хан Сүлейменді кім өлтірсе, соған қызымды беремін деп жарлық қылады. Ертесінде Танау атты мерген Сүлейменді мылтықпен атып өлтіреді. Дастанның «Ер Сыйқымбай» атты тарауында Сүлейменнің ұлы жайында айтылады. Сүлейменнің ұлы Сыйқымбай ертесі майданға келгенде,әкесінің өлгенін естіп, Танаудан кек алыуға бел бұуады. Сыйқымбай сол кезде он бестен он алтыға енді шыққан жас екен,ійіскететін дәрі алып, түн ішінде Тұрсын хан әскерінің ішіне кіреді. Танауды іздеп жүріп, Тұрсын ханның өзіне тап келіп қалады да, ұйқтап жатқан Тұрсын ханға дәрі ійіскетіп, сақал-мұртын күзеп, жалаңаштап шешіндіріп, бет-аузын айғыздап бойап, бас жағына: «Мұны істеген Сүлеймен баласы Сыйқымбай», – деп жазып кетеді. Содан шығып Танауды тауып алады да, оған да дәрі ійіскетіп, көтеріп алып кетеді. Таң атқан соң оны дарға асып өлтіреді де, Сыйқымбай өзі соғысқа кіреді. «Жійембет, өр Алатау, ер Сыйқымбай, Айдап жүр, оңын оңға солын солға», – дейді Қазанғап ақын. Оларға қосылған Жақсығұл мергеннің де жау шебін атқылап жатқанын жырлайды (сонда, 141,142 – бет). Есім ханның Қоңырат Алатау батыры Еділ өзенінің батыс жақ бетінде қалмақтармен соғысып қаза болған, ал Жійембет пен Жақсығұл батыр кейін Жәңгір тұсында 1643 – жылы Орбұлақ шайқасына қатысады. Ақыры бұл соғыста Есім хан Тұрсынды өз қолымен өлтіріп жеңеді. Қазанғап ақын Сүлеймен мен Сыйқымбайдың ұлы жүз екенін айтады да, ар жағын таратпайды. Ал оны таратсақ, былай болып шығады: Төлемістен – Серек, одан – Көштай, одан Сүлеймен, одан – Сыйқымбай, одан Құттымбет, одан – Наурызбай. Шапыраштының Асыл тармағынан тарайтын Наурызбай батырдың ата тегі осылай. Батырлық – оның бабасынан келе жатқан қасійет. Наурызбай батыр жайындағы көзбен көрген, қолмен ұстаған, құлақпен естіген деректің бәрін Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» атты шежіре-естелігінде жазып қалдырған (1776 – жыл). Құттымбеттің бес баласы болған: Құдайберген, Хангелді, Жылгелді, Наурызбай, Қожағұл. 1723 – қойан жылы көктемде Сеуан Рабдан қазақ жеріне басып кіріп, ел шетінде отырған албан, сұуан тайпаларын айаусыз қырғынға ұшыратты. Сұуандарды Мұқыр, Долаңғара; албандарды Нор, Ағанес деген қалмақтар қан қақсатады. Албанның Малай Қыстық батыры Құулық тауының етегінде, Кеген өзенінің бойында мерт болса, Малай Сары батыры Іле өзенінің оң жағалауында Кербұлақ жерінде опат болды. Малай Сары өлген Малай Сары жотасы маңында болған шайқаста Наурызбайдың Хангелді, Жылгелді ағалары да мерт болады. Ал оның ең үлкен ағасы Құдайбергенді де сол арада қалмақтың Долаңғара деген батыры өлтіреді. Үш бірдей ағасын қал­мақ өлтірген адамның қалмақтарға қандай нійетпен қарайтынын айтпай-ақ түсініу қыйын емес. Содан да болар, Наурызбай ұрысқа ерте араласады. Қазыбек бек Тауасарұлының айтыуына қарағанда, ол оның тұңғыш ұлы Қасқарыдан екі жас үлкен («Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», Алматы, 2019, 61 – бет). Ал тұңғышы Қасқары қыжыраның 1088 – барыс жылы сұуық кезде тұуыпты (сонда,125 – бет), ол 1710 – жыл, сонда одан екі жас үлкен Наурызбай 1708 – жылы тұуған болып шығады. «Ақтабан шұбырынды» басталғанда ол бар-жоғы он бес жаста, ал Қасқары он үшке айақ басады. Ол кездің ұлдары қалай ерте ержететінін осыдан да аңғарыуға болады. Наурызбайдың шешесі – Қалбійке деген кісі. Қазыбек бек Наурызбайды былай сүуреттейді. «Наурызбай – дене бітімі адам баласында сійрек кездесетін бөлекше жаралған баһадүр... Оның бала кезінде Құттымбет үйіне түсіп түстенгенім бар еді. Осы Наурызбай әлі балаң, бірақ алпамсадай алып тұлғалы, оның асау, жүген-құрық тіймеген торы құнанды ұстағанын көріп таңғалғанмын... Бір жүйрік қасқа құнанды жылқышылар бұғалық тастап ұстай алмай жүрді. Жылқышылар әбден шаршағанда, қасқа құнан есік пен төрдей тоқпақ жалды торы айғырдың қалқасына барып тұрды. Нақ сол бір сәтте Наурызбай асауға жолбарысша атылды. Оның тұу құйрығынан алып жерге баса қойды. Бейшара қасқа құнан шыңғырып жіберді де, дәрет сындыратын ійітше, қыймылдауға шамасы келмей, шоңқыйып тұрып қалды... Қолда өскен ұғыланның осындай тұрпаты болатынын кім мажалдаған?!» (сонда, 262 – бет). «Мың кісінің ішінде Наурызбай ыйығы түйе өркешімен теңесетін, нардың ұшпасынан оның шекесі асып тұрар еді», – дегенді тағы қосып қойады да, «Мен өзім көрген дүнійе ғаламнан әлі мұндай ұлық бейнені, алып тұлғаны көрмедім», –дейді Қазыбек бек. Әкесі Құттымбет дәулетті адам болыпты. Жас күнінде баласына екі торы ала құлынды бәсіре етіп береді. Сол екі торы ала атты Наурызбай он сегіз жыл мініп соғысады. Наурызбайдың арғы тегі мен өзін осынша байандаудан кейін оның батырлығы мен ерлігін түсініу, меніңше, аса қыйынға түспейді. «Пыранын кійіп, пырағын мініп, қалқа­нын қапсыра ұстап шыққанда, тым айбаттанып кететін еді», –дейді Қазыбек бек. Сондай азаматқа Бұқар бабамыз да өз бағасын берген екен. Наурызбайды көрген жан «Мен де осындай болсам» деп, Іші ұудай ашыр-ды. Таудай Наурыз батырың Егескен жауын қашырды, Алдына келген торғауыт Айағына бас ұрды. Жалынды оған, жалбарды, Ійегінен асылды. Сырттағанға сырт беріп, Қарсы алып қалмақ тасырды, Ала ат мінген Наурызбай Алапатын асырды, – депті жырау бабамыз. «Қанша атағы шығып жатса да, Наурызбай тасыған емес. Менің алдымнан Наурызбай күні бүгінге дейін қыйа өтіп көрген емес», –дейді Қазыбек бек. Бұл, меніңше, жай беріле салған баға емес, аса үлкен сүйсініспен берілген бата. Наурызбайдың адамгершілігін айқындайтын сөз. Бұл – ұстазды сыйлаудың үлгісі. Наурызбай «Ақтабан шұбырындының» алғашқы күні-ақ ала атына мінген. Қасқары батырдың жүзбасы болып соғысады. Қазақ жеңілген Малай Сары маңындағы қырғынға қатысып, бауырларынан айырылған. Одан кейін Қопа бойындағы, Алатау баурайындағы шегіне соғысыудың бәрін көзімен көрді. Әбілқайыр басшылық жасаған «Қалмақ қырылған» жеңісін де, 1729 – жылғы Ұзынбұлақ шайқасы мен Аңырақай жеңісін де көрді. Ол кезде ұлы жүз қолының қолбасы Қазыбек бек Тауасарұлы болатын. Ауылы аралас, қойы қоралас өскен Қазыбек бек Аңырақай шайқасы өткен жылы отыз жетіге айақ басқан адам болатын. Ол да өз батырлығын бағалай білетін адам емес пе, алда әлі қырыуар шайқас күтіп тұрғанын болжай білген ол қолбасшылыққа Наурызбайдың өте ылайық екенін әрі бағалаған, әрі мойындаған. Өз ұсынысын батырлар кеңесіне салғанда, бәрі бірауыздан Наурызбайдың ұлы жүз қолын басқарыуына дауыс береді. Оның өте көрегендік болғанын тарыйх өзі дәлелдеді, Наурызбайдың аты Қабанбай, Бөгенбай ағаларымен қатар аталатын әйгілі батырлардың біріне айналды. Қолбасы болыуға ұсыныс еткенде Наурызбай: «Қасқары – менің ұстазым, одан ыңғайсыз болады ғой», –деген уәж айтады. Онысын қалай бағалауға болады? Қарсылық па, сыпайылық па әлде шынымен-ақ ыңғайсызданғаны ма? Оған жауабын, меніңше, тек қазақы тұрғыдан беріуге болады. Біріншіден, Қасқары – ұлы жүздің қолбасшысы Қазыбек бектің баласы; екіншіден, өзінің тікелей басшысы, ол – мыңбасы, бұл – соның жүзбасы. Үшіншіден, кешегі өз бастығына енді өзі бастық болғанына ыңғайсызданбайтын да, ыңғайсызданатын да адам бола береді ғой; төртіншіден, Қазыбек бектің алдында да ыңғайсыз болып тұрған жоқ па оған? Осы тұрғыдан қарағанда, Наурызбайдікі – үлкен кішіпейілділік. Наурызбай қолбасы болып сайланған жер Қозыбасы деп аталады. Дегерестің астына барып алғаш шатырын тіккен жер Басбатыр аталады. Бәрі бұл күнде Алматы обылысының Жамбыл ауданына қарайды. Бәрі – тарыйхый жерлер. Аңырақай шайқасында үлкен жеңіліске ұшыраған қалмақтар екі бөлініп қашады: бірі Іленің оң жағына, бірі – сол жағына. Оң жақтағысын Бөгенбай қолы құуып кетеді. Сол жағында – Үш Алматы. Наурызбай қолы Алматыға қарай қозғалады. Алматыға қарай ығысқан қалмақтың бас батыры әрі қолбасшысы Қаскөлең деген қалмақ екен. Ол, Қазыбек бектің айтыуынша, осы өңірде қазақ ішінде тұуып-өскен қалмақ. Ерте кезде аталары қазақ-қалмақ соғысында қолға түсіп, содан әуелгі кезде Торылғыр тауының маңында болып, кейін осы араға келген қалмақ Қарен дегеннің баласы. Қазақ балаларымен бірге асық ойнап, ат мініп өскен. Енді жау болып, қазаққа қарсы қол басқарып отыр. Оны естіген қазақтардың қаны неге қайнамасын? Наурызбай жекпе-жекке тоқсан жігітті дайындайды. Ол кездің ұрыс заңы бойынша, алғашқы жекпе-жекке қарсы жақтың қолбасшысы шықса ғана оған қарсы жақтың қолбасшысы шығады. Олай болмаса, әр жекпе-жекке кім шығатынын әр жақтың өз қолбасшысы өзі ұйғарады. Ол кезде Наурызбай жыйырма бір жаста. Әрі жас, әрі жауға белгісіз, атағы әлі шықпаған қатардағы батырдың бірі. Сондықтан Наурызбай жайында Қаскөлеңнің мағлұматы онша болмаған. Қаскөлең, жалпы, Қаскөлең өзенінің бойында тұуған қалмақ, аты да сол өзеннің атымен аталған. «Қасқаөлең» деген сөз – көне қазақ тілінде «Қысқа сұу» деген сөз. Үндестік заңына сәйкес әуезде «Қасқа өлең» сөзі «Қасқөлең» деп айтылып жүріп, келе-келе Қаскелең болып кеткен, сондықтан Қазыбек бек өз кітәбінде оны біресе Қасқаөлең, біресе Қаскелең деп араластырып сөйлей береді. Наурызбай Қаскелеңге қарсы үлкәр жәрік соғысын ашыуды ұйғарады. Бұл соғыстың жағдайын «Түрік сөздігінде» (ХІ – ғасыр) Махмұт Қашғарый бабамыз түсіндіреді, ол соғысты ашқан адам ешқашан жеңілмейді деген анықтама берген. Бірінші жекпе-жекке Қаскелеңнің өзі шы­ғады. Жай шықпайды, әскерінің алдына шы­ғып, ары-бері шолаң ұрып атой сап шығады. Ұрысты Қаскелеңнің өзі бастайды деп қа­зақтар күтпеген. Бірақ қол­басыға қарсы қолбасы ғана шығатын заң бар, ортаға ала атымен Наурызбайдың өзі шықты. Ала аттың үстінде шоқыдай болып отырған қазақ батырын көргенде, Қаскелеңнің іші қылп ете қалған болыу керек, қыбыжықтап қайтадан атының басын кері бұрып, әскерінің ішіне еніп кетердей болады. Бірақ әскері жігер беріп шұулап тұрып алады. Қаскелең Наурызбайға қарсы құйғыта шабады. Ә дегенде ес таптырмай ұрып жығам деген болыу керек. Наурызбай, жалпы, жекпе-жекте де, дода ұрыста да амал-айла жасаудан гөрі күш көрсетіуді, күшін пайдаланыуды басты мақсат қылатын батыр болған. Тұурасын айтқанда, күшіне сенген батыр болған. Ол Қаскелеңнің найза сілтеуін әдейі күтіп тұрады да, найзасын сілтеген кезде, қос қолдап найзасының басын ұстай алады. Қаскелең найзасын нығарлап ійтерген кезде, өзіне қарай тартып қалады. Қаскелең екпінімен атының жалын құшып қалады. Сол кезде Наурызбай ерінің басында іліулі тұрған шоқпарын алады да, шүйдеден бір періп қалады. Қаскелеңнің басы мылжа – мылжаболып, өзі екі бүктетіліп атынан құлайды. «Ботам-ай!» –деген әкесі Қареннің даусы шығады. «Наурызбай сақман!» –деп, қазақтар өз батырына дем береді. Қас қағым сәтте-ақ жекпе-жек жеңіспен айақталады. Қалмақтар лап қойып, Наурызбайды қоршап алады. Ол шоқпарын оңды-солды сілтеп, біраз қалмақты тағы атынан аударып түсіреді. Соны көрген Албан Хангелді батыр: «Бақтыйар! Бақтыйар!» –деп ұрандап тұра шабады. Қазақтар да жауға лап қойады. Бұл жеңіс, сөз жоқ, Наурызбайға үлкен бедел әкелді. Бұған дейін қатардағы жүз­басының бірі болып жүрген, ешқашан жекпе-жекке шықпаған жас батыр бірден бас батыр атағына ійе болады. Үш жарым мың адамынан айырылған қалмақтар алды-артына қарамай қашады. Наурызбайдың қолы үлкәр жәрік соғысын салып жеңіске жетеді. Қашқан қалмақтар Құйғанға барып тығылып, сондағы Шамалдың қолына қосылады. Енді Наурызбай Шамалдың көзін құртпайынша қалмақтан бұл араны тазарта алмайтынын біліп, оны біржола жеңіуді ойластырады. Наурызбай Айнакөл деген жерге шатырын тігеді. Ұрыс жекпе-жекпен басталады. Әуелі батырын қалмақтар шығарады да, қазақтар оған қарсы өз батырын шығарады. Бірінші күні Шамал Мұқыр деген батырын шығарады. Ол жеңіске жетеді. Ботбай Сәмен батырдың інісі Сәметті өлтіреді. Сәмет батыр Сұуан Бағай батырдың досы еді. Кейін Бағай жекпе-жекте Мұқырды өлтіріп, Сәметтің кегін алды. Ол жер осы күні Мұқыр деп аталады. Ол күнгі жекпе-жек сонымен бітеді. Екінші күні жекпе-жекке Шамалдың өзі шығады. Ол Наурызбайды айла жасап жеңбек болады. Бірақ оның айласын Наурызбай жүзеге асырмай қойады, оның жұмсаған қарыуын денесіне дарытпайды. Ебін тауып, Наурызбай шоқпарын бір-ақ ірет сілтейді, соны көтере алмаған Шамал атынан құлайды. Қазақтар бұл жолы да жеңіске жетеді. Қашқан жау Іленің оң жағалауымен еліне қарай шұбырады. Осыдан кейін қалмақтар ұзақ жыл бойы қайтадан бас көтермейді. Меніңше, бұған қарап, «Ақтабан шұбырынды» зобалаңы айақталды деуге болмайды. Өйткені жау басып алған Жетысұудың біраз шығыс өңірі әлі жау қолында қалған-ды. 1727 – жылы Сеуан Рабдан өліп, оның орнына қонтайшы болған баласы Қалдан Серен 1745 – жылы қайтыс болады. Ел ішіндегі тақталас пен алауыздық қалмақтардың қалың қол жыйнауына мұрсат бермейді. Ал қазақтар жау жеріне басып кірмейді, қашқан жауды құумайды. «Ақтабан шұбырындының» алты жылы әбден шаршатқан қазақ бейбіт күнді сағынып та қалған болатын. 1731 – жылы аң аулап жүргенінде Абылайды қалмақтар тұтқындап әкетеді, бірақ біраз уақыттан кейін Қалдан Серен оны аман-есен босатады. Ұлы жүз қазақтарының хал-жағдайын біліуге келген орыс майоры Миллер 1742 – жылы Наурызбаймен жолығады. Ол кезде ел іші тыныштық күйде болады. Тек 1745 – жылы көктемде Наурызбай батыр қайтадан қол жыйнап, әлі жау қолында жатқан албан – сұуан бауырларын жаудан азат етіуге алты мыңға жұуық қолмен аттанады. Қол Қарқараны жайлап жатқан қалмақтың Нор деген батырын бірнеше жақтан қоршап алыуды ұйғарады. Нордың әскері екі мыңға жұуық болса, қазақ қолы одан үш есе көп еді. Сол артықшылықты пайдаланып, Наурызбай «Ай қорланды» соғысын салады. Қарқара жайлауына беттеген жаудың желкесінен Қасқарының бір жарым мыңы, ал Құмтөкей жақтан Бөлек батырдың қолы, бел ортадан Хангелді батырдың қолы шабыуылға шығады. Наурызбай әскерінде аздаған мылтық та болады. Наурызбай өзі Кеген («Көген» деп жазады Қазыбек бек) өзенінен өте бере-ақ «Қарасай! Қарасай!» деп ұран салады. Қасқары мен Дәулет қолы да, Жәпек батырдың қолы да – бәрі «Қарасайлап» шабады. Бұған дейін бүкіл ұлы жүз«Бақтыйар!» деп ұрандайтын. Оны қалмақтар да білетін. Бұл жолғы тосын ұраннан олар да қатты үрейленді. Қырғыздар да қазақтармен бірігіп кеткен екен деп ойлайды. Ұрыс бес күнге созылып, алтыншы күні Нор қалмақ бала-шағасымен қашады. Қазақ қолы екі жүздей адамынан айырылады, ал қалмақтар екі есе көп қырылады. Бұл соғысқа жасы он беске келген Ырайымбек батыр араласа алмайды, маған айтпадың, мені соғысқа қатыстырмадың деп, атасы Хангелдіге өкпелейтіні осы жолы. Бұл ұрыста Албан Оңқа батыр үлкен ерлік көрсетеді. Өкінішке қарай, ол батыр жайында күні бүгінге дейін жартымды дерек жоқ. Ешкім әлі зерттемеген.Ондай батырдың кейін Ырайымбек шайқастарына қатысқаны да айтылмайды. Қалдан Серен өлгеннен кейін қалмақтар ес жыйып, «Ақтабан шұбырындыны» ары қарай жалғастырады. Сонау Түркістанға дейін жетіп, қазақтың біраз жеріне бійлігін жүргізген жағдайын қайта тірілткісі келіп, 1752 –жылы Ұбашы жыйырма мың қолмен қазақ жеріне тағы басып кіреді. Енді Абылай қазақтың бійлігін біржола өз қолына алады. Сол 1752 – жылы Қайыңсау деген жерде бас қосқан жыйын шақырады. Оған ұлы жүзден екі жүз кісімен Қазыбек бек және Наурызбай батыр барады. Сол арада бір-бірін көптен көрмей кеткен Қабанбай мен Қазыбек бек әңгіме-сыр шертісіп қалады, екеуінің жас айырмасы екі жыл ғана, Қабанбайдың екі жас үлкендігі бар. Екеуі ұзақ сөйлеседі, бірақ қастарында отырған Наурызбай екі ағасының сөзін бірде-бір ірет бөлмейді де, кійіп кетіп сөзге араласпайды да. Батыр атағы шығып, даңқы асып тұрса да, екі ағасын үнсз тыңдап, үнсіз ізет қылып отырады. Соған рыйза болған Қабанбай: «Жастың жағаласпай, жай отырғанына не жетсін!» деп, екі-үш ірет рыйзашылығын білдіреді. 1754 жылы бійлікке отырған Доржы қалмақ Төле бійді алдына келіуге шақырады. Тәшкенде қалмақ елшісі өліп, соның арты дау-дамайға айналып тұрған-ды. Қазақ батырлары мен бійлері Төле бійдің бармағанын қалайды. Ақыры Төле бій бармайды. Барғаны, бір жағынан, қалмақтың бійлігін мойындау болар еді, екінші жағынан, одан қазақ бійінің аман-есен елге оралыуы екіталай еді. Екі елдің арасы қатты ұушыға бастайды. Сол арада не Қабанбаймен, не Бөгенбаймен ақылдаспай, өзі қалмаққа қарсы шығам деп, Абылай қалмақтардан жеңіліп қалады. Соның бәрі ел ішін әбігерге салады. Бөгенбай мен Қабанбай да қаһарына қайта мініп, қалмақтарды біржола құртыуға бел байлайды. Олардан пәрмен Наурызбайға да жетіп, ол жеті мың қол жыйнайды. Наурызбай, жалпы, Қабанбайдың батырлығын өзіне үлгі тұтқан, ұқсауға тырысқан. 1755 – жылы қазақ-қалмақ соғысы қайта басталады. Ұрыс Көксұу мен Ақсұу ортасындағы Саржазықта өтті. Жекпе-жек үш күнге белгіленеді. Бірінші күні түске дейін Қабанбай екі қалмақты жекпе-жекте жайратса, түстен кейін Наурызбай тағы екеуін жайратады. Кейін Қабанбай: «Бұл батырлары Наурызбай екеумізге шақ емес екен», –депті. Сол арада Наурызбай өз қолымен Ошақ соғысын салады, соның нәтійжесінде, өз адамдары аз шығынға ұшырайды. Екі жарым ғасырға үзік-созық созылған қазақ-қалмақ соғысына қарап отырсақ, кекті ашыу қайрайды, намысты ақыл қайрайды, ал Наурызбай кек пен намысты сабырға жеңдіретін сабаз батыр болғаны байқалады. Ол кездегі қазақ пен қалмақтың арақаты­насын бізге дәл сол кездегідей түсініу өте қыйын. Өйткені әдет-ғұрып, көшпенділердің ортақ заңы бұл күнде құрып біткен, сондықтан тек таң қаламыз, тек жорамалдаймыз. Мысалы, қараңыз, 1729 – жылы қалмақтар Аңырақайда жеңіледі, еліне қарай қашты. Бірақ қалмақтар қазақты әлі бійлеп тұрды Қалдан Серен Асыны да, Тәшкенді де қазақтардан алып, оған өз адамдарын қойды. Онымен қоймай, ол орта жүздің де біраз жерін өзіне қаратып алды. Алайда «Өлмегенге өлі балық кезедеседі» дегендей, қазақ үшін кей жағдай тійімді болып та жатты. 1741 – жылы қарақалпақ Қарасақал деген: «Мен Сеуан Рабданның баласы Шона Лаузанмын, мұрагерімін», – деп Қалдан Серенмен таққа таласты. Ол Қалдан Серенді кәдімгідей састырды. 1745 – жылы Қалдан Серен өлген соң, оның орнына баласы Сеуан Доржы отырды. Ол не бозбала емес, не жігіт емес, шійкі басшы болды, ақыры ол қашып кетіп, орнына Лама Доржы отырды (1750 – жыл). Қалмақтардың өстіп таққа таласыуы, сөз жоқ, қазақтарға бейбіт күн сыйлады. Бір қылығына қарасаң, қазақ пен қалмақ бір-біріне алакөз; тағы бір қылығына қарасаң, кәдімгі араздасып қалған ағайындар сыйақты: бір сәт соғысып қалады да, бір сәт татыуласып қалады. Нанбасаңыз, Қазыбек бектің мына жазғанына қараңыз: «Біз Іленің сол қанатындағы ата қонысымыз Матай – Шанханайда едік, Ал қалмақ ханының ордасы сол жылы Текес өзенінің басында болатын... Барыс жылы (1746 – Б.Н.) ... жазда мен Сеуан Доржының таққа отырыу салтанатына бардым» («Түп-тұқыйаннан ...,» Алматы, 1993, 323 – бет). Мұндай меймандостықты еуропалықтар тұрмақ, көшпенділердің бүгінгі ұрпағы біз де оңайлықпен ұға қоймаймыз: қандай заман, қандай адамдар болған десеңізші!? Келіспеушіліктің бәрі тек соғысыу арқылы шешілген. Басқа жолды тіпті іздемеген де. 1757 – жылы ұрыс Алакөл маңында болады. Айдынсұу деген өңірде қазақ пен қалмақ екі ай соғысады. Ақырында қазақтар жеңіске жетеді. Жеңістің соңында Наурызбай жаудың жүз шақты жылқысын айдап келеді. Бәрі де мініс аттары және бәрі де күтімі жақсы жаныуарлар. Соған қарағанда, әскер басылардың мініс аттары болса керек. Айрықша әдемі бес боз атты таңдап алып, Наурызбай оларды Абылайға сыйға тартады. Ал Абылай оның біреуін Бөгенбайға, біреуін Қабанбайға береді. Жеңіс тойына екі батыр да Абылай сыйға берген боз аттарын мініп барады да, Наурызбай өзінің ала атымен барады. – Сенің атың қайда?–дейді екі ағасы Наурызбайдан. – Міне, –деп, ол астындағы атын көрсетеді. Екі батыр да шарт кетеді. Абылайға барып Қабанбай: – Мұндай әділетсіздікті көтере алмаймын, –деп, сыйға тартқан боз атының ерін сыпырып алып, атты тастап кетеді. Бөгенбай да сөйтеді. Абылай мен батырлардың арасы айақ асты өстіп бұзылады. Дауды өршітпей басыу керегін түсінген Бұқар жырау өзінің Абылайға, Бөгенбайға, Қабанбай мен Наурызбайға арнаған әйгілі татыуластырыу өлеңін осы арада шығарады. Оны Қазыбек бек Бұқардың өз аузынан жазып алады. Сол оқыйғаның барысынан және Бұқар бабамыздың өлеңінен Наурызбайдың Бөгенбай мен Қабанбай ағалары қатарында Абылайдың үш қолбасының бірі болғаны және атағы да, беделі де жоғары болғанын аңғарамыз. Бұқар бабамыздан үзінді келтірейін. Ей, Наурызбай, Наурызбай! Шапырашты Наурызбай! – деп, еселей сөйлейді Бұқар бабамыз. Асылы едің Асылдың,... Жауға тійер беренім... Еңкерістен жау келсе, Бетіме ұстар керегім... Айрықша тұуған өренім... Майданның қанды өтінде Сені ылғый көремін... Бөрідей арлан Бөгенбай, Қаһары қатты Қабанбай, Сөзіңді сөйлеп екеуі Күркірейді қабандай... «Қой!» де екі ағаңа... Сақта қазақ бірлігін! Тоқсанға келген қарт Бұқар Осы соңғы тілегі. Бұқар бабамнан артық мен не дейін?! Оның сөзі – ғасырдан жеткен халықтың сөзі.

Ескерту: автордың өз стилі сақталып отыр

2665 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы