• Руханият
  • 30 Шілде, 2020

Ұлмекен Жаманқұлқызы: ҚАНЕКЕҢ МЕНІ «ҚАЗАҚ» ДЕП АТАУШЫ ЕДІ...

Біздің отбасымыз үшін Қайнар ауылы қай кезде де бағыт-бағдар көрсетіп, тілеулес болып тұратын Темірқазық жұлдызы секілді. Себебі, ол жер біздің үйдің отағасы – Қансейіттің – Қанекеңнің атамекені. Ағайын-туыстың ортасы. Ілгеріде бұл өлкеде Үркер жұлдыздай шоғырланып отыратын шағын-шағын ауылдар көп еді. Олардың әрқайсысының өз қонысы, өз өрісі болатын. Кейін кеңес өкіметі колхоздарды бір-біріне қосып, ірілендірген уақытта Аралтөбенің оңтүстігіндегі Қайнар бұлағының суымен қамтамасыз ету жоспарланып, үш жүз үйлік жаңа елдімекеннің жобасы сызылып, барлығын сол жерге біріктіріп, қоныстандыру ойластырылды. Жаңа колхоздың аты Қайнарбұлақ деп аталатын болды. Біздің Қанекең ә дегеннен-ақ осы істің басы-қасында болып, жаңа ауылдың құжаттарын дайындап, ел қарияларымен ақылдасып, әрбір көшенің, үйдің қалай орналасатынын кеңесіп, келісіп жүргенде жоғарыдағылар Төрткүл ауылдық кеңесіне қарайтын Ленин атындағы колхозға бухгалтер етіп ауыстырып жіберді. Міне, сөйтіп, әлгі колхоздан келген машиналарға жүгімізді артып, Қайнардағы ел-жұртпен қоштасып, көшейін деп жатырмыз. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, құрбы-құрдас, замандас бәрі жиылып келіп, заттарымызды артып, көмектесіп, көз жастарын бір-бір сығымдап алуда.

Апыр-ай, сол кездегі адамдардың көңілшектігін, бір-біріне деген баурмалдығын айтамын да, құдды бір, көз көрмес, құлақ естімес алысқа шығарып салып тұрғандай ет жүрегіміз елжіреп, қимай-қимай, қайта-қайта қоштасамыз. Кім білсін, бұл да болса, күнделікті тіршілігі біте қайнасып, мына өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып жүрген жандардың «Көзден кетсе, көңілден де кетеді-ау» деген қаупі ме, әлде бір-бірімізге баяғыдай сүйеніш, таяныш бола алмай, арамыз суып қалады-ау деген секемі ме?.. Қалай десеңіз де, адамдар бір-бі­рінің қадірін осындай қоштасар сәт туғанда біле ме деймін. Әйтпесе, Төрт­күл дегеніңіз, не тәйірі, аттылы адам­ға екі-үш-ақ сағаттық жол емес пе. Бірақ, ертең де таң атады, күн­делікті тіршілік басталады, әдет­тегісінше көршілерге бір нәрсе қажет бола қалып: «Әй, анау Қанекеңнің үйінен әкеле қойшы» деп қолқанат балалардың бірін жұмсап жіберуге оқталғанда біздің үйдің кеше ғана көшіп кеткені есіне түсіп, көңілдері жабырқап та қалар-ау. Ал біз ше?!. Біз... Қашан жаңа ауылға үйреніп, көрші-қолаңмен араласып, тастай батып, судай сіңіп кеткенше осындағы елді сағынып, іздеп, қайта-қайта еске алып жүрмейміз бе?.. Біріміздің көкейіміздегіні біріміз айтпай біліп, қолымыздан келгенінше көмектесіп, ашық-жарқын әзілдесіп, сырласып, сыйласып жүрген құрбы-құрдас, жора-жолдасты аңсамаймыз ба?.. Міне, осыны ойлағанда көңілім бордай езіледі. Көзімнен жас мон­шақтап төгіледі. Қош, Қайнар ауылы! Қанекеңнің қызмет бабына байланысты біз тағы да көшіп барамыз. Бірақ сенімен біржола қоштаспаймыз. Қайда жүрсек те қарайлап, көңілімізге медеу тұтып жүретін жер бетіндегі жалғыз Темірқазығымыз өзіңсің. Қайнарда біздің қара шаңырағы­мыз қалып барады. Әмәнда аманды­ғымызды, береке-бірлігімізді тілеп жүретін енемнің бейіті қалып барады... Сондықтан да, атақонысты, қара шаңырақты, ата-бабалардың әруағын ұмытып, көз көрмес, құлақ естімес жерге ұзап кетуіміз мүмкін емес. Қайран Қайнар, сен біздің сенімі­міздің, жігеріміздің, үмітіміздің қайнарысың.

***

Жаңа қонысқа – Ленин колхозына тез үйренісіп кеттік. Мұнда да өзіміз секілді қарапайым еңбек адамдары, «сұраса-сұраса келе қарын бөле болып шығатын» қарға тамырлы қазақтар. Бұрын бір рулы елдің мекені болғанымен, кейініректе сырттан келген маман, қызметкер кісілердің отбасы қосылып, мидай араласа бастаған үлкен ауыл. Көрші-қолаңмен танысып, ерулікке барып, бір-бірімізбен жақсы араласа бастадық. Күре жолдың бойына жақын үлкен ауыл болғандықтан біз бұрын көрмеген, білмеген таңсық нәрселер де кездесіп қалады. Апыр-ай, есіме түссе, әлі күнге дейін күлкімнің келетіні бар... Қанекең бір күні үйге Шаян жақ­тан бір қап көк-ала жапырақ әкелді. Доп сияқты дөп-дөңгелек орамалар өңшең. Бұрын көрмеген нәрсеміз. «Осыдан жақ­сылап сорпа жасап қойыңдар» деді де, жұмысына кетті. Мен болсам, ішімнен: «Ойпырым-ай, «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, Қанекең баяғы таудан шөп теріп, тамақ жасайтын кезді сағынған ба, немене?» деймін. Сөйтіп, үйде қолғабыс жасап жүрген туған сіңлім Өжен екеуміз әлгі көк-ала орамаларды аршып, ішіндегі қол басындай түйінін алып, қазанға сала бастадық. Жарпа-жарпа жапырақтар ошақтың жанында таудай болып үйілді де қалды. Оны сиырдың алдына апарып салуға да, отқа жағуға жүрегіміз дауламайды. Кім біледі, баяғы алғы сияқты улы шөп болса, сеспей қатармыз деп қоямыз. Ақыры далаға шығарып, үй маңындағы бір төмпешік боп жатқан күлге көмдік те тастадық. Бұл оқиғаның жалғасын Қанекең өмірінің соңғы жылдарында күндіз-түні ақ қағаздың бетіне қадалып, көз ілмей отырып жазған «Өмір өткелдері» атты кітабында былайша баяндайды: «Сол жылы қалың қар жауып, күн өте суық болды. Соған қарамай жігіттер көкпарға барамыз деп, мен мінетін Тортөбел айғырды ерттеп, бәріміз көкпарға шыққалы жатқанда, аттар күлдің үстіне барып қалып, күлдің арасынан көкпеңбек капустаның жапырақтары шашылып, пора-порасы шықты. Жігіттер: «Бұл не, Қанекең күлге капуста еккен бе?» деп біраз күлісіп алғаны әлі есімде». Былай қарасаңыз, болмашы ғана нәрсе сияқты. Бірақ, арада қаншама уақыт өтсе де, көңілімде сайрап тұр. Күні кеше ғана басымыздан өткен оқиға секілді... Қазір ойлаймын, Қанекең оны сонау Шаяннан атқа өңгеріп әкелді. Бұл да бір таңсық жеміс қой деп, бізді қуантқысы келді. Ал мұндағы капуста көрмеген қазақтар оның қадіріне жете алмадық. Кіршілдетіп турап, балбыратып борщ пісірудің орнына, сыртындағы жапырағын жұлып-жұлып, күлге апарып көмдік. Енді, міне, сол есіме түсіп, күліп отырмын. Біз үшін сонау бір заманда жаңалық болып көрінген капуста қазір өзіміздің бақшамызда өседі. Сол жылы қыста, ақпан айының басында босандым. Дүниеге шыр етіп қыз бала келді. Күлайша апамыздың Түркістан жаққа ұзатылайын деп жатқан қызының атымен атап, есімін Нұрайша деп қойдық. Алғашқы перзентімізден қапыда айырылып қалған біз енді күндіз-түні осы бір кішкентай сәбиіміздің амандығын тілеп отырамыз. Нұрайша әпкесі сияқты бойжетіп, ата-анасын қуантып, қолқанат болып, сәті түскен күні пешенесіне жазылған жерге бақ құсы болып қонса дейміз. Көктемде Бексейіт қайным әскерден келді. Сымдай тартылып, сымбатты жігіт болыпты. Бесікте жатқан кішкентай қарындасын көріп, қатты қуанды. Айналып-толғанып, оймақтай ғана алақанынан қайта-қайта шөпілдетіп сүйе береді. Ағасы екеуміз оған қалжыңдаған болып: – Ал, Бексейіт, енді сенің де үйленіп, шаңырақ көтеретін кезің келді, – деп қоямыз. – Реті келіп жатса, кешіктірме. Дүрілдетіп той жасаймыз! Расында да, бұл біздің арманымыз еді. Енем қайтқалы бері жабығып жүрген көңілімізді бір демеп, еңсемізді көтеріп, той жасасақ, ел қатарлы үлкен шаңырақ болғанымызды жұртқа көрсетсек дейміз. Оған себеп те жоқ емес. Әскерге барып, отан алдындағы азаматтық парызын өтеп келген зіңгіттей жігіт бар үйімізде. «Қыз дайын болса, біз дайын» деудің жөні келіп-ақ тұр. Кей-кейде Бексейіт қайныма әзілдеп: – Әй, сен осы, шашы ұзын қыз таба алмай, босқа қыдырып жүрген жоқсың ба, – деймін күліп. – Көңіліңе жақса, шашына қарама. – Жо-жоқ, – дейді Бексейіт те өзінің «Жеңеше, мен де сен сияқты шашы ұзы-ы-ын қызға үйленем» деген баяғы сөзін есіне алып. – Шашы келте болса, үйленбеймін. – Қой әрі, бұл күнде шашы ұзын қыз табу жүдә қиын боп барады ғой. Сөйтіп жүріп, бір күні қайным Ащысай жақтан мектепті кеше ғана бітірген, шашы тобығына жететін жап-жас қызды «алып қашып келді». Құдалардың аулына тездетіп хабаршы жіберіп, келісімін алып, «өлі-тірісін» апарып, алдарынан өтіп, дүркіретіп той жасауға қамдандық. Бұл біздің – Қанекең екеуміздің үй болып, шаңырақ көтергелі жасаған үлкен тойымыз еді. Сондағы елдің ақсақалдарын, алыс-жақындағы ағайын-туыстарды шақырып, сый-сияпат көрсетіп, бәрін де риза етіп шығарып салуға тырыстық. Ең қызығы, кеше ғана келін боп түскен қыздың – менің кішкентай Тұрсын абысынымның руы Сексен екен. Біз тұрған ауылдың тұрғындарының да дені, негізі осы рудан еді. Сондықтан да, беташарға келген ауыл қариялары: «Әй, бұлар өз қызымызды келін етіп алып, өз аулымызда дүркіретіп той өткізді ғой» десіп, біразға дейін күліп жүрді. Қанекең колхоздағыларға өте сыйлы болды. «Еңбекақымызды уақтылы есептеп, мезгілімен бергізеді. Бухгалтериядағы жұмыстарды жолға қойды» деп, ел-жұрт ризашылық­тарын білдіріп жатты. Осы екі аралықта Қайнарбұлақтағы көші-қон жұмыстары біраз тоқырап, іркіліп қалған көрінеді. Сол себепті, ол жақтағы кісілер: «Әуелі бұл жұмысты бас­тағандардың бірі өзіміздің жергілікті маман – Түймебаев Қансейіт еді. Оны сіздер Ленин атындағы колхозға бухгалтер етіп жібердіңіздер. Енді сол жігітті ауылға қайтарыңыздар, Қайнарбұлақтағы бастаған жұмысын аяқтасын» деп аудан басшыларына шағым жасайды. Сөйтіп, Қанекең қайтадан Қай­нарбұлақ колхозына ауысады екен деген әңгіме гу ете түсті. Бұл біздің құлағымызға жақсы хабар, жағымды жаңалық болып естілді. Қанша дегенмен, атамекеніміз, ағайын-туыстың ортасы, біз үшін орны бөлек жер ғой. Сөйтіп, 1955 жылдың тамыз айында аудан басшылары Ленин колхозына келіп, жиналыс жасап, әлгі мәселені колхозшылардың талқысына салды. Және өздерінің: «Біз Түймебаев Қансейіт жолдасты Қайнарбұлақ колхозына бухгалтерлік қызметке жіберуге келісіп отырмыз» деген шешімін де ашық білдірді. Бірақ, колхозшылар шу етіп, бірден қарсы болды. «Жо-жоқ. Еңбекақымызды нақты әрі уақтылы есептеп отырған білікті маманды жібермейміз. Ол кісі бізге керек адам» деген наразы дауыстар естілді. Сөйтіп, жалпы дауысқа салған кезде, бәрі бірауыздан «орнында қалсын» деп қол көтереді. Содан екі жақ ақылдаса, кеңесе келе Қанекең Ленин колхозында тағы да бір жыл қызмет істеп, өз орнына ізбасар дайындап, содан соң ғана Қайнарбұлақ колхозына ауыссын деген мәмілеге тоқталды. Сөйтіп, Қанекең өз жұмысында қала берді. Көпшіліктің көңілінен, сенімінен артық не бар дейсіз. Бұрынғысынша колхоздың есеп-қисабын жасап, аудан орталығындағы тиісті мекемелерге апарып өткізіп, ылғи да жұмысбасты болып жүріп жатты. Жалпы, есеп-қисап дегеніңіз, тек айтуға ғана оңай. Ал шындығында, колхоздың бидай, арпа, жоңышқа, мақта егу, қой, сиыр, жылқы бағу, мал қораларды жөндеу, шөп шабу, жем тиеу сияқты толып жатқан сан-салалы жұмыстарының барлығы, түптеп келгенде, осы есеп-қисап арқылы жүреді. Сол арқылы әрбір колхозшының табан ақы, маңдай тері есептеледі. Оны ескермеген есепші жұрттың көз жасына, обалына қалады. Сондықтан да, Қанекең күндіз-түні қағаздан бас алмай, колхозшылардың әрбір жұмысы мен қимылын есептеп, шотқа салып отырушы еді. Бұл, расында да, бейнеті мен жауапкершілігі мол жұмыс болатын. Мұндай қиын істі мінсіз атқарып, көпшіліктің көңілінен шығу үшін қаншама тер төгу қажет екендігін біз Қанекеңе қарап бағамдаушы едік. Арада тағы бір жыл өтті. Күзге салым колхоз жиналысында былтырғы берген уәделерінде тұрып, колхозшылар оған рұқсат берді. Жай ғана рұқсат беріп қойған жоқ, осындағы елге сіңірген ең­бегін ескеріп, астына ат мінгізіп, иы­ғына шапан жауып, шипажайға жолдама беріп, қошаметтеп шығарып салды. Қайнарбұлаққа келген соң Қанекең айналадағы ағайындарды жаңа колхоздың орталығына қоныстандыру ісіне қызу кіріп кетті. Ертеден Қаратаудың қойнау-қойнауын жайлап келе жатқан ауылдарды өзінің үйреніскен жерінен қозғау оңай бола қойған жоқ. Көпшілігі Қайнарбұлақ деп аталған жаңа орталыққа үрке қарады. Ол жер бір басталса, апталап, айлап соғатын Арыстанды-Қарабастың желінің өтінде. Жазда шаң бұрқырап, қыста боран ысқырады. Арық қазып, су жүргізуге, бау-бақша егуге қолайсыз деп, төбе шаштары тік тұрып, үзілді-кесілді қарсы болғандар жеткілікті еді. Сол жылдары жаңа қоныстың құрылысына ұйтқы болып, келешек­тегі көшелердің, контордың, клуб­тың, кітапхананың, мектептің, аурухананың жобасын сызып, құжаттарын дайындап күндіз-түні көз ілмей жүгіріп жүрген Қанекеңдердің естімеген сөзі қалмады. Бір күні өзімізге жақын аталас, ағайын кісінің үйіндегі жасы үлкен жеңгеміздің ауыр-ауыр сөздер айтқанын өз құлағыммен естідім. Қанекең сонда да үн қатқан жоқ. Ер мінезін танытып, басын шайқады да қойды. Бар айтқаны: «Кейін маған рақмет айтасыз ғой» деді. Қаншама құрылыс жабдықтарын әкелген машиналардың, арылдап-гүрілдеп жер қазып, жол тегістеп жатқан тракторлардың неше түрін көрдік. Жан-жақтан мамандар, жұмысшылар ағылып келді. Барлығы кезектесіп, күндіз-түні тынбай жұмыс істеді. Сол еңбектің арқасында тақыр жерден жаңа үйлер бой көтеріп, көшелері түзу, қора-қопсылары жинақы, аулалары шарбақпен қоршалған үлкен ауыл пайда болды. Алғашында бұл бастамаға үрке қараған жұрттың енді іші жылып, Қанекеңдерге алғыс айта бастады. Қызғаныш білдіргендер де болды. Қызмет, мансап, атақ жүрген жерде іштарлық, көреалмаушылық, жалақорлық, екіжүзділік бірге жүретініне көзімізді анық жеткізіп, жүрегімізді жаралаған күндерді де бастан өткіздік. Әлдекімдер «ішіп қойды», «жеп қойды», «колхоз қаржысын жымқырды, дүние-мүлкін талан-таражға салды» деген арам пиғылмен жоғарыдағыларға Қанекеңнің үстінен арыз жөнелтіп отырыпты. Күндердің бір күнінде сол арыздар бойынша колхозға тексерушілер келді. Ел іші гу-гу. Ертелі-кеш жұмыста жүретін кісілер түгілі, үйдегі жас балаларға қарап отырған біздің де көңілімізді үрей торлап, қорқа бастадық. Кім білсін, мың сан есеп-қисаптың бір жерінен болмаса, бір жерінен шикілік шығып қалуы кәдік қой. Қателеспейтін адам бола ма... Бірақ, жастайынан колхоз жұмысына араласып, кіріс-шығысын түгел есептеп келе жатқан Қанекеңнің әрбір құжатқа тиянақты қарап, түп негізін сақтап жүретін қырағылығы мен ықтияттылығы осындай сын сағаттарда өз пайдасын беріп, кәдеге асты. Тексерушілерге солардың бәрін де қолма-қол көрсетіп, нақпа-нақ есеп беріп, бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, бірер күнде-ақ дәлелдеп шықты. Сөйтіп олар бас бухгалтердің білімділігі мен біліктілігіне риза болысып, құрылыс жұмыстарына арнайы бөлінген қаржының бастапқы жобаға сай жұмсалып жатқанына көз жеткізіп аттанды. Бұл тексеру оның колхозшылар алдындағы абырой-беделін бұрынғыдан да арттырып кетті. Соның бір дәлелі ретінде Қанекең көзінің қарашығындай сақтаған тарихи құжаттардың – тіркеу, жобалау, жоспарлау кітапшалары мен түбіртек қағаздардың Қайнарбұлақ орта мектебінің мұражайында әлі күнге дейін сақтаулы тұрғандығын айтуға болады.

***

Бірде аудан орталығына барып есеп бермек болып, үйде Қанекеңмен ақылдасып отырған үш-төрт кісі сөз арасында: «Ертең ауа райы қалай болар екен?» деп, алаңдаушылық білдіріп қалды. Есік алдында ошаққа тамақ пісіріп, самаурынға шай қойып жүрген мен де олардың ыңғайына қарап, өзімше болжам жасап қоямын. Өліараның кезі еді. Ай көрінбейді. Жұлдыздар да сығырайып, әр тұстан бір-екеуі ғана жылтырайды. Ауада салқын сыз бар. Әкем ылғи да «өліара жауын-шашынсыз өтпейді» деп, мұндай кезде жылқыға аса сақ болу керек екенін айтып отырушы еді. Сол есіме түсіп: «Ертең жолға жылы киініп шығыңыздар. Күн салқындап, жауын-шашын болуы мүмкін» деп қойдым қонақтарға. Олар бір-біріне қарап, үнсіз қалды. Қанекең де менің сөзіме онша мән бере қоймады. Аздан соң бәріне төргі бөлмеге төсек салып бердім де, өзім есік алдына шығып, қора жаққа бір көз салып, қонақтардың аяқ киімдерін реттеп, үйге кірдім. «Апыр-ай, жаңағы сөзді неге айттым екен? – деймін ішімнен. – Ертең жолға шығатын кісілер күннің ашық болғанын тілеп отыр емес пе. Ал мен болсам, «жауын-шашын болады деп, алаңдатып қойдым... Бірақ, өліара мезгілінде сақтанғанның еш зияны жоқ-ау. Әкем сөйтіп айтушы еді ғой бізге. Не де болса, жолда қиналмай, аман-есен барып келсе екен». Сөйтіп жатып көзім ілініп кетіпті. Таң ата оянып, малға қарайын деп сыртқа шықсам, жердің беті аппақ. Түнімен қылаулап қар жауыпты. Жылы киініп, қора жаққа қарай жүрдім. Етіктің табанынан сәл ғана асатын қырбық қар әрбір басқан ізіңді таңбалап, санап жатқандай. Аздан соң Қанекең де есік алдына шығыпты. Менің кешегі айтқан сөзімді бірден есіне алып: – Әй, Ұлмекен, сен бар ғой, сен жай адам емессің, – деп басын шайқап, жымиып қояды. – Қарашы, мына қардың жауатынын күні бұрын біліп, кеше бізге ескертіп ең, айтқаның айнымай келіпті. Сен... сен күн райын алдын ала болжап отыратын баяғының қазақтары сияқты нағыз Қазақ екенсің! Қанекең осыны айтты да, дабырлап ішке кіріп кетті. Артынша қонақтар да орындарынан тұрып, біреуі терезеден үңіліп, енді біреуі есікті ашып қарап, мұндай қарды алғаш рет көргендей бастарын шайқап жатты. Мен қорадағы малдарға қарап, үйге қайтып кіргенімде Қанекең: – О, міне, біздің Қазақ! – деп күліп, қонақтардың алдында мақтанып отырды. Таңертеңгі шай үстінде де осы «Қазақ» деген сөз бірнеше рет қайталанып, қонақтар көңілденіп, жылы киініп аттанды. Апыр-ай, адам баласының аузынан шыққан кей сөзді періштелер қағып қалып, әп-сәтте таратып жібереді деген сөз рас па деймін. Әлгі «Қазақ» деген жанама ат сол күннен бастап менен біржола айырылмастай болып жабысты да қалды. Қанекең ылғи солай атайды. Кейде тіпті, менің өзім де, шын атымды атап шақыра қалса, мойын бұрып қарамайтындай көрініп тұрамын. Несін айтасыз, аз уақыттың ішінде Қанекеңнің құрбы-құрдастарынан бастап, абысын-ажын, қайны-қайынсіңлі, құда-құдағиға шейін мені «Қазақ» дейтін болып алды. «Оған да шүкір, – деймін оңашада өзімді-өзім жұбатып. – «Орыс келін» атанып кетсем қайтер едім?..» Содан соң, осындағы ел күліп отырып айтатын бір әңгіме есіме түсіп, езу тартамын. Аудан орталығы – Шаян ауылында бір қазақ жігіті орыс қызға үйленіпті. Біздің жас күнімізде мұндай оқиға өте сирек кездесуші еді ғой. Қазір болса, оған ешкім де таңғалмайды. Орысты қойып, кәріске, жапонға, тіпті, шүршітке тиіп жатқандар да бар емес пе. Иә, сөйтіп, Шаянға келін боп түскен әлгі орыс абысынымыздың әрбір қылығын, сөзін айналадағы жұрт көпке дейін күлкі қылып жүрді. Сол әңгімелердің бірі мынау. «Басқа түссе – баспақшыл» деп, орыс келін қал-қадерінің жеткенінше қазақ ауылының салт-дәстүрін үйрене бастайды. Зымырап жүріп шай қояды. Дастарқан жаяды. Оның үстіне таба нан, сары май, құрт, ірімшік әкеліп қояды. Сөйтеді де, есік алдына шығып, ені мен ұзындығы тай шаптырымдай болатын қораның бір түкпірінде қыбырлап бірдеңе істеп жүрген атасына қарап: – Е-ей, аташка, иди сюда! Чай будем пить! – деп қол бұлғап шақыратын көрінеді. Осыны естігенде біз әлгі келіншектің түрін көз алдымызға елестетіп, «Ойбай-ау, құрдасын шақырғандай болыпты ғой!» деп ішек-сілеміз қатқанша күлеміз. Шіркін, баяғы ата-бабалары­мыздың: «Қыз – жат жұрттық», сондықтан «Барған жерлеріңде тастай батып, судай сіңіп кетіңдер» деп беретін батасы бізге ғана емес, барша ұлттың қыздарына арналған екен-ау деп іштей қайран қаламыз. Әйткенмен, өзім бөтен емес, бөгде емес «Қазақ» атанғаныма іштей қуанып жүремін.

Жазып алған Нұрғали ОРАЗ

1276 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы