• Тарих
  • 29 Шілде, 2020

БІЗГЕ БЕЙМӘЛІМ БЕЙНЕЛЕР

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

XX ғасырдағы ең бір қанды қасірет қайсы десек, ол екінші жиһангерлік соғыс дер едік. Себебі, оған әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, майдан баталиясына 61 мемлекет тартылды. 40 елдің жері соғыс өртіне шарпылып, 110 миллион адам қолына қару алды. Олардың арасында 1932 жылғы алапат ашаршылықтан қырылып, Ұлы Отан соғысы қарсаңында 2,6 миллионға әзер жеткен, соған қарамастан Батысқа 601 мың қандасымызды аттандырған Қазақ елі де бар еді. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің пайымдауларына қарағанда олардың 350 мыңы қаза тапты, хабарсыз кетті деген санатта майдан даласынан қайтпай қалған. Cоғыс аяқталып, рейхстагқа Жеңіс жалауы тігілгеннен бері, міне, 75 жыл өтті. Осы уақыт ішіндегі біз сол қандастарымыздың бәрінің атын атап, түсін түстеп анықтай алдық па? Жоқ. Басын ашып айтайық, әңгіме артында іздеушісі бар марқұмдар туралы емес, балалар үйінде тәрбиеленген, сондай-ақ сауатсыз отбасынан шығып сұраусыз кеткен жандар жөнінде болғалы отыр. Ғажабы сол, соның өзінде майдандық газеттер мен жауынгер хаттарында, кинохроникалар мен қолбасшылардың мемуарларында олардың кейбіреулері туралы деректер сақталып қалған. Егер осылардың бәрін індете іздеп, ықтияттылықпен құнттап жинай білсек, жоғарыдағыдай жәдігерлер бұл белгісіз қандастарымыз туралы біраз мәселенің бетін ашып беруге бейіл. Мәселен...

1985 жылы «Лениншіл жас» газеті редакциясына Мәскеуден хат келді. Оны жазған атақты кинорежиссер Григорий Чухрай еді. Ол кісі 1941 жылғы 23 маусымда өзінің өлім аузынан қалғанын, бұл ажалдан Мұхамбетжан Бекшінов деген қазақ жауынгерінің құтқарғандығын тебірене еске алады. Григорий Наумовичтің баяндауынша оқиға былай болған. Соғыстың екінші күні бұлар қызмет ететін 134-дивизияның 229-батальоны Мариупольдан шығысқа қарай шегінеді. Командир орманды алқапқа жақындағанда құрамында Григорий Чухрай, Мұхамбетжан Бекшінов, Михаил Самко сияқты жауынгерлер бар взводты шолғынға жібереді. Ну жыныс тоғайға кіре бергенде оған неміс десанты киіміндегі еңгезердей фриц бас салып, сол қолын сындырады да тұншықтыра бастайды. Егер бұлардың үстінен Мұхамбетжан Бекшінов келіп түспегенде оқиғаның немен аяқталары түсінікті еді. Қаруласының кеудесін тізесімен езгілеп, қылқындырып жатқан жау солдатының ту сыртынан шыға келген қазақ жігіті оның шүйдесін мылтық дүмімен ойып түсіре ұрып, жолдасын ажалдан аман алып қалады. «Қолым сынып, оң көзіме зақым келген мені, – дейді атақты кинорежиссер өз хатында, – командир алғашқы жаралыларға қосып Харьковке жөнелтті. Емделіп, бөлімшеме қайтып келсем, Мұхамбетжан мұнда жоқ болып шықты. Қаза тапты ма, көршілес дивизияға ауысып кетті ме, білмеймін. Білетінім – оның аты-жөні, әскерге Алматы қаласынан шақырылғандығы және біздің батальонда байланысшы болып кызмет атқарғандығы. Соғыстың өн бойында да, одан кейінгі бейбіт кезеңде де оны мен ешуақытта естен шығарған емеспін. Өйткені қазақ Мұхамбетжан Бекшінов болмағанда мен бұлай тірі жүрмес едім». Иә, Григорий Наумович дұрыс айтады. Егер ол сол қатерден аман қалмағанында «41-ші жыл», «Солдат туралы баллада», «Ашық аспан» секілді кең тынысты, тамаша фильмдердің авторы атанбас та еді. Мемлекеттік сыйлықтардың иегері де бола алмас еді. Бейбіт күнді көре алмайтыны тіптен анық еді. Ал сол айтып отырған қазақ Мұхамбетжан Бекшінов кім? Туған-туысы бар ма? Елге аман-есен оралды ма, жоқ әлде Батыста бір төмпешік боп қалды ма? 1985 жылы Мәскеудегі «Плакат» баспасы «Жеңіс» атты иллюстрациялық күнтізбе шығарды. Басқа календарьлардан оның ерекшелігі мұндағы әр беттің Ұлы Отан соғысы туралы бұрын еш жерде жарияланбаған жәдігерлерге толы екендігі еді. Ондағы жауынгер хаттарынан, гильза мен медальон ішінен табылған ақтық сөздерден, қамал, блиндаж қабырғаларына жазылған қолтаңбалардан тұратын топтамаларды тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес. Солардың ішіндегі бір құжатты көріп, жүрегіміздің солқ ете түскені бар. Түрме қабырғасына жазылып, кейін фотоға түсіріліп, КСРО Қорғаныс министрлігінің архивіне өткізілген сөйлемдер былай деп үн қатады. «Мен – қазақпын. Аты-жөнім (осы жерді қабырғадан аққан жаңбыр суы айғыздап, одан тек ...каев деген соңғы буын ғана қалған. Бақаев па, Сақаев, жоқ әлде Жақаев па, түсініксіз). Шығыс Пруссияда танкым жанып, қолға түстім. Таңертең атуға әкетеді. Қош бол, жарық дүние...» Жоғарыдағы ақтық сөз орысша жазылған. Әсіресе ондағы соңғы сөйлем жанарыңа жас үйіріп, жан-дүниеңді астаң-кестең еткендей. «Прощай белый свет...» – дейді белгісіз қандасымыз. Бұл: «Қош бол, жарық дүние...» – дегені ғой. Осылай деп тек қазақ жаны, қазақ табиғаты ғана ышқынып айта алса керек. Белгісіз танкист қазақ жігітіне қатысты жоғарыдағыдай тағы бір дерек маршал И.Якубовскийдің «От-жалынға оранған жер» атты мемуарында да бар. «1943 жылғы 21 қазанда, – дейді ол, – Днепрден өтер кезде гвардиялық танк полкінің командирі, подполковник қазақ Ғали Әділбеков ерлікпен қаза тапты. Жастайынан жетім қалған ол балалық шағын Семей қаласында өткізген. Содан кейін 1925 жылы әскер қатарына алынады да өмір жолында әбден ысылады. Ұлы Отан соғысы жылдарының алғашқы кезеңінен бастап-ақ Ғали Әділбеков қиындықтан қорықпайтын ержүрек әскери командир болды. Егер 1943 жылдың сол қазан айында қаза таппағанында бұл офицер қазақ танк әскерлерінің үлкен басшыларының бірі болып, көптеген даңқты істерді тындырған болар еді. Жоғарыдағы Шығыс Пруссияда қаза тапқан белгісіз жауынгердің аты-жөні жоқ делік. Ал Ғали Әділбеков ше? Бұл кім? Оның майдандас достары бар ма? Жақын-жұрағаттары ше? Тарихшылар бұл арысты біле ме? Публицист-жазушы Виктор Полторацкий 1941-1945 жылдарғы соғыста «Правда», «Известия» және «Красная звезда» газеттерінде тағдыры таңғажайып жауынгерлер туралы көптеген очерк жазған адам. 1951 жылы ол сол деректі дүниелерінің бәрін жинақтап, «Жолда және үйде» атты кітап шығарған. Бұл туындыда «Полундра» деген очерк бар. Оның мазмұны мынадай. Кілең теңізшілерден құралған бір батальон қалыптасқан уақытша жағдайға байланысты суда емес, құрлықтағы жаяу әскерлер сапында шайқасқа кіріп жүреді. Соның өзінде олар өздеріне етене жақын теңіз тәртібін қатаң сақтап, флот қызметінің терминдерін аузынан тастамай, шабуылға: «Полундра!» – деген айбынды ұранмен шығады екен. Уақыт өткен сайын теңізшілер қатары сирейді. Оларды толықтыруға тылдағы қазақ ауылдарынан шақырылған жастар келеді. Командир Болдырев бұларды көргенде: «Моряк, матрос емес, бұлармен қалай жұмыс істеймін? Қайран өзімнің теңізшілерім-ай...» – деп қатты қамығып тұрып біреуінен: «Аты-жөнің кім?» – дейді. Ол: «Күзембаев Майгөзбін», – деп тақ ете түседі. Біраз күннен кейін бұл батальон майданның ең ауыр учаскесіне соғысқа кіреді. Командир байқап қарайды, қазақ жігіттері жаман шайқаспайтын сияқты. Келесі күнгі айқас одан да ауыр еді. Соған қарамастан біздің қандастарымыз бұл қиындыққа да төтеп береді. Төтеп беріп қоймай, бір ұрымтал тұста жау шебіне теңізшілерден бұрын дүрк көтеріліп: «Полундра!» – деген ұранмен лап қояды. Алдарында Майгөз... Майгөз Күзембаев! Бар даусымен жер-дүниені көшіре: «Полундра... Полундра», – деп ұрып бара жатады. Мұны көрген командир Болдырев те, басқа теңізшілер де: «Әй, мыналар өзіміз ғой. Бізге тартқан қасқаңның нақ өзі екен бұлар», – дейді де олар да алға тұра ұмтылады. Келесі күні Майгөз Күзембаевты кездестіріп қалған Болдырев: «Кеше сен шабуылға шыққанда не деп айқайладың?» – деп сұрақ қояды. «Полундра дедім», – дейді ол. «Оның не сөз екенін білесің бе?», «Білемін. Бұл: «Отан үшін алға! Жауды жой! Ура!» – деген ұран», – дейді Майгөз еш ойланбастан. Тыңдап тұрған теңізшілер оның мына жауабына ду күледі. Міне, В.Полторацкий өзінің жазбасын осылай аяқтайды. Жоғарыдағы эпизодта ержүрек жерлестерімізге деген қаншама ыстық ықылас жатыр десеңізші! «Полундра» очеркіне арқау болған қазақ Майгөз Күзембаев кім? Ол Қазақстанның қай ауылынан болды екен? Жерлестері оның әскери журналист В.Полторацкийдің қаламына ілігіп, есімі кітап бетінде қалғанын біле ме? Соғыстан кейін кеңестік атақты қол­басшылар көптеген мемуар жазды. Солардың ішінде ара-тұра болса да май­дан­дағы қазақ жауынгерлерінің, тылдан барған еңбекшілер делегациясындағы қандастарымыздың аттары аталып қалады. Ондай шығармалардың жоғарыда біреуін айттық. Ол маршал И.Якубовскийдің «От-жалынға оранған жер» мемуарындағы подполковник қазақ Ғ.Әділбеков туралы лебіз. Енді екінші сондай кітапқа, генерал-майор Ғ.Сафиуллиннің «Өзен кешіп, тау астық» туындысындағы дерекке үңілейік. «...73-гвардиялық дивизия!.. Бұл құрама қазақ жерінде, республика астанасы Алматыда жасақталды, – дейді әскери қайраткер. – Алғашында мен осы дивизия командирінің орынбасары міндетін атқардым, ал содан кейін командир болуға сенім көрсетілді... Сөз етіліп отырған әскери құрылым өзі жасақталған жермен, өзін құрған елмен ешуақытта байланысын үзген жоқ. Дивизиядағы істің жағдайымен танысу үшін Қазақстан еңбекшілерінің делегациялары майданға әлденеше рет келді де. Сондай өкілдікпен келгендердің ішінде әсіресе ұзын бойлы, байсалды, әжімді жүзі күнге тотығып, жел қаққан мұртты қазақ менің есімде ерекше қалып қойды. Ол малшы Қалпе Бердібеков болатын. Тамаша адам, нағыз патриот! Өзінің еңбегімен тапқан қаражатынан ол Қорғаныс қорына 1 миллион 136 мың сом ақша беріпті. Кеңес Одағының Батыры, татар халқының даңқты ұлы, генерал-майор Ғани Бекенұлы Сафиуллин сүйіспеншілікпен еске алған бұл қазақ ақсақалы кім екен? Қай өңірдің тумасы? Туыстары оның әскери мемуарға есімі енгенін біле ме? Бұл да жауабын күткен сұрақ. 1941-1945 жылдарғы соғыстағы қазақтар... Ерлік пен елдік сынға түскен сол сұрапылға бұл ағаларымыздың дені қойшы, малшы, диқан, мұғалім, шофер, тракторшы, жылқышы болып жүрген жерінен барып қолына қару ұстаған еді. Байқап қарасақ соның өзінде олар жаман шайқаспаған. Бұған дәлел ретінде біз көбінесе И.Эренбургтің «Қазақтар» очеркіндегі атақты сөзді мысалға ала беретініміз бар. Ал оның атасындай пікірлерді одан басқа да аузы дуалы адамдардың айтқанын көрмейміз, білмейміз, іздемейміз. Әйтпесе генерал-полковник П.Романенконың мемуарындағы: «Қазақтар – дархан көңілді, кеңпейіл, ержүрек те батыр халық. Менің жауынгерлерім кілең қазақтардан құралса, өз басым оған әрқашан риза болар едім», немесе ағылшын журналисі А.Верттің: «Қызыл Армияның табанды жауынгерлері қазақтар еді. Олар соғыстың өн бойында өздерін жақсы жағынан көрсете білді», – деген пайымдаулары кімдікінен кем?! Міне, кезінде жанқиярлығымен, табандылығымен басқа ұлт өкілдерін бас игізіп, жоғарыдағыдай жақсы пікірлерге негіз қалаған сол ағаларымызды түгендеп болдық па? Жоқ. Осыны ойлағанда бұл белгісіз, беймәлім қазақтар: «Ұмытпаңдар мені!» – деп Батыстағы мұнартқан көкжиектен мұңдана қарап тұрғандай болады да тұрады.

1364 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы