• Тіл
  • 30 Шілде, 2020

СӨЗДІК ҚОРЫМЫЗДА ҚАНША СӨЗ БАР?

Я, қанша сөз бар? 1974-1986 жылдары шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 66 мың 994 атау сөз бар делінген (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері. А., 1989. 16-б.). Ал 2005-2011 жылдары басылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 92 мың 300 сөз бар екендігі айтылған (ҚӘТС. 15-том, 819-б.). Осы екі санның (цифрдың) қайсысы дұрыс? Қайсысы шындыққа сай келеді?

Біздің ойымызша, бұл сандардың еш­қай­сысы да дәл емес. Өйткені ол сандар­дың ішінде қазақ тілінің төл сөздерімен бірге Еуропа тілдері (лат., грек, ағыл., нем., фран., орыс, т.б.) мен араб, парсы тілдерінен енген, енген емес-ау, ендірілген жатжұрттық сөздер толып жатыр. Дыбысталуы мен жазылуы жағынан тіліміздің заңдылықтарына сай икемделмеген мұндай сөздерді – варваризмдер деп атайды. Варваризм сөздерді сөздік қорымыздың қатарына қосу дұрыс болып табылмайды. Ойымызды дәлелдеу үшін, 15 томдық ҚӘТС-ке алынған варваризм сөздерді сипаттайтын мына бір кестеге көңіл аударалық (1-кесте).

1-кестеде 15 томдық сөздікте қам­тылған, бірақ тілімізде толық мәнде қолданылмайтын, мағыналары түсініксіз, ол сөздерді айтуға оқымағандардың ғана емес, оқығандардың да тілі әрең келетін аберрация, аблатив, автаркия, агарик, агиспелагус, аденокарцинома, адукат, акарология, акпинол, алгонкин, аллонж, аллопатрия, амбистома, аммонал, ангиома, андеррайтер, апноэ, аргиллит, ареопак, асимптота, атриопор, афорфэ дегендер сияқты жүздеген-мыңдаған жатжұрттық түбір сөздер мен сол түбірлерден жасалған туынды сөздердің жекелей және жалпылай саны, пайызы көрсетілген. Бұлар – Еуропа тілдерінде қалай айтылса, солай айтылып жүрген, оларда қалай жазылса, бізде де солай жазылып жүрген сөздер. Мұндай сөздерді 15 томдық сияқты «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» алудың қажеті жоқ деп есептейміз.

Мен бұл жерде «жатжұрттық сөздердің ешқайсысын сөздіктерге алмау керек» дегенді айтып отырған жоқпын. Олардың ішінде де сөздікке алынатындары бар және алынбайтындары бар.

Кестедегі сөздердің қатарында автомат, аграном, атом, балет, банк, бокс, вагон, валюта, виза, вирус, газ, гараж, гектар, декан, депутат, доллар, ипотека, кампания, кандидат, касса, кино, классик, клуб, комбайн, концерт, кредит, кубок, лагерь, лимон, лифт, магистр, макет, математика, наград, никель, ода, опера, офицер, парашют, пианино, полюс, поэма, радио, рекорд, рота, секунд, сенат, серия, скрипка, сюжет, театр, тенис, техника, ток, универмаг, училище, химия, хор, цемент, цех, цилиндр, чек, чемпион, шахта, шлагбаум, щи, экватор, экология, электр, эфир, юмор, юрист, ядро, ясли дегендер сияқты т.б. көптеген түбір сөздер мен осы түбірлерден жасалған туынды сөздер жоқ. Өйткені бұлар сияқты сөздер – айтыла-айтыла келе тілімізге әбден сіңісті болып кеткен сөздер. Тілімізде жиі қолданылады, мағыналары көпшілікке түсінікті. Сондықтан мұндай сөздерді ҚӘТС сияқты үлкен сөздіктерге алуға болады.

Сондай-ақ, «сөздіктерге алуға болмайды» деп есептелініп отырған жоғарғы 11234 сөздерден (15 томдықтағы атау сөздердің 12,17 %-ы) бөлек тілімізде басқа да сөздер тобы бар. Солардың қатарына тілімізге толық енбеген, сондықтан да, тілдік тұрғыдан жөнді игеріле қоймаған бір топ араб-парсы сөздері мен ел арасына кең түрде тарай қоймаған толып жатқан жергілікті сөздерді жатқызуға болады. Мұндайлардың біразын болмаса, көпшілігін бір тілді үлкен сөздіктерге алмаса да болады. Алынған күнде де ондайларды талғап, таңдап, саралап барып, қажеттілерін ғана алған жөн.

15 томдықта не көп, фонетикалық түрпеттер (варианттар) көп. Айталық, 15 томдық түсіндірме сөздікте бір ғана ежіл-қожыл сөзінің ежіл-ғожыл, ежіл-қозыл, ежіл-құжыл, ежіл-қажыл, ежіл-күжіл, ежіл-гүжіл, ежіл-түжіл деген 8 түрлы түрпеті алыныпты. Рубаят сөзінің 15 том­дықта рауаят, рәуаят, рәуәят, рәуәт, руаят, рубай деген 7 түрпеті бар, т.б. Сөздікшілер олардың әрқайсысына анықтама берген, әрқайсысына мысалдар келтірген. Сонда осы түрпеттерді 15 сөз дейміз бе? Жоқ, әлде 2 сөз деп есептейміз бе? 15 томдықты жасаушылар бұлар сияқты түрпеттердің әрқайсысын жеке-жеке сөз деп есептеп, қазақ тіліндегі сөздердің жалпы санын 92 мың 300-ге жеткізген.

 Жоғарғылар тәрізді 2, 3, 4, 5, 6 сыңарлы фонетикалық түрпеттер (мысалы, қазірет/хазірет, муәзин/муәзін, пірәдар/бірәдар, таж/тәж, т.б.) ҚӘТС-те өте көп. Мұндай түрпеттердің барлығының басын бір жерге жинақтасақ, жиынтығы 15 томдықтың бір томындай көлем шығады екен.

15 томдық ҚӘТС-ке алынған жер­гілікті сөздердің жайы да дәл осылай. Сөздік қорымыздың қоймасын тазалау мақсатында олардың «мыналарын 15 томдық ҚӘТС-ке алуға болады, мыналарын оған алуға болмайды» деп мысал келтіріп, дәлелдеп жатпай-ақ қояйын. Жалғыз-ақ айтарымыз: 2005 жылы шыққан «Қазақ тілінің аймақтық сөздігіде» 22 мың жергілікті сөз қамтылған еді,  ҚӘТС-ті жасаушылар осылардың басым көпшілігін сөздікке ешбір шектеусіз ала берген.

Осы жерде «Мұндай сөзердің бәрін 15 томдықтан шығарып тастаған болсақ, тіліміздің сөздік қоры кедейленіп қалмай ма?» деген сұрақтың туындауы заңды. Біздің бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – лексикалық қорымызды кедейлендіру емес, керісінше оны қайтсек байытамыз деу. Ендеше жоғарыдағы мәнбілерді (фактілерді) келтіріп отырған себебіміз – тілдік қорымызды байыту үшін алдымен «Авгейдің ат қорасын» тазалағандай, тілдік қорымыз сақталатын Түсіндірме сөздіктеріміздің ішін қоқыстан тазартып алуымыз керек. Қоймамызды тазалап алғаннан кейін, оны байыту мәселесін содан кейін қолға алғанымыз жөн болады.

«Қалай» байытамыз дейсіздер ғой?

Алдымен айтатыным, сөздік қорды түгендеу және оны байыту мәселесі бізде мақсатты түрде ешқашан күн тәртібіне қойылған емес. Рас, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасау кезінде үкімет арнайы қаржы бөліп, баспа өнімдерінде қолданылған сөздерге стихиялы түрде болса да карточка жазылды. Аталған сөздік жасалып біткеннен кейін карточка жазылу тоқтатылды да, әлгі қаржы «автоматтандыруымыз керек» деген желеумен картотекалық қордағы бұрынғы  сөздерді компьютерге көшіру жұмысына жұмсалды. Ал картотекалық қорда жоқ сөздер сол жоқ күйінде қала берді.

 

Ол кезде мен Тіл білімі институтында қызмет ететінмін. Жағ­дайды түсінген соң, мен ешкім­нің бұйрығынсыз, ешкімнің өті­нуінсіз, өз еркіммен және жүрек қалауыммен, қызыметімнен бос кездерде сөздік қорда жоқ сөздерді іздеуге кірістім. Бұл 1968 жыл мен 1995 жылға дейінгі аралық болатын. Тапқан сөздерімді алғаш 10 томдық түсіндірме сөздіктің кезекті томдары мен дүркін-дүркін шығып тұрған «Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктеріне» ендіріп жүрдім. 1995 жылдан бастап мен жоғары оқу орындарының біріне ауысып кеттім. Бірақ жоқ сөздерді іздеу жұмысымды бір сәтке тоқтатқан жоқпын. Ол жұмысты әлі күнге дейін жалғастырып келе жатырмын.

Жиған-терген сөздерімді 2011 жылы шыққан, «ең толық сөздік» деп есептеліп жүрген 15 томдық ҚӘТС-тегі атау сөздермен салыстырып, оған кірмеген сөздерді реттеп, жүйелеп, бір томдық түсіндірме сөздік жасадым да, оны 2014 жылы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген атпен бастырып шығардым. Көлемі 59,1 баспа табақ болды. Бұл сөздікте 10.690 сөз бен 2.645 фразеологиялық тіркес қамтылған.

 Қайталап айтамын, бұл сөздердің бәрі – қолданыста бар (әдебиеттерден алынған мысалдары да бар), бірақ 15 томдық ҚӘТС-те жоқ сөздер мен тұрақты тіркестер.

 Бұл не деген сөз? Бұл – біздің осы сөздігіміз арқылы сөздік қорымызға осыншама сөз бен осыншама тұрақты тіркестер келіп қосылды деген сөз.

Сөздік қорымыз біраз болса да байыды ма? Байыды.

15 томдық сөздікте жоқ сөздер туралы көлемді сөздік жасап шы­ғар­ғаныма қарамастан, қазақ жазу­шыларының бұрын өзім оқыған-оқымаған және жаңа шық­қан кітаптарды (роман, повест, әңгіме, т.б.) тағы да оқып, олардың ішінде кездескен, бірақ 15 томдық сөздікте жоқ сөздерді карточкаға жазып алуды ары қарай жалғастыра бердім. Біраз уақыт өткеннен кейін зер сала қарасам, ондай сөздердің қарасы біраз жиналып қалыпты. Ол сөздерді екіге бөліп, бірін – «50 кітап, 350 сөз» деген, екіншісін - «Тағы да 50 кітап, 410 сөз» деген атпен екі мақала жазып, «Aqiqat» жұрналына өткіздім. Бірінші мақала жұрналдың 2020 жылғы 2-ші нөмірінде басылды. Екінші мақала кезек күтіп, сол жұрналдың қоржынында жатыр. Екі мақаладағы сөздерді бір-біріне қоссақ, 100 кітаптан 15 томдық ҚӘТС-те жоқ 760 сөз жиналған екен. Мұны «қазақ тілінің сөздік қоры тағы да 760 сөзге байыды» деп айтуға бола ма? Болады.

Қазір де бұрын оқымаған кітаптарды, газет-жұрналдарды оқып, сөздік қорымызда жоқ сөздерді іздеуді тоқтатпай келемін. Соңғы кезде Шалкиізден қом (қом сулар), Сегізсеріден шыжым (найзаның бір түрі), Г.Барманбековадан тоқшәугім сөздерін жазып алыппын. «Шыңғысхан» жұрналының 2012 жылғы 4-ші нөмірінде жарияланған Т.Әбенайұлының мақала­сынан елесім, қаламие, парықтандыру, түпие (автохтоны) деген сөздерді, осы жұрналдың осы нөміріндегі Б.Нұрже­кеұлының мақаласынан қоршын (қорғаушы қосын), пішік (иероглиф) деген сөздерді карточкаға түсіріппін. «Мұқағали» жұрналының 2014 жылғы 11-12-інші нөмірлерінде жарияланған Ж.Әбдішованың мақаласынан 15 томдық ҚӘТС-те жоқ жуғы, жірік, мападай деген сөздер кездессе, «Ақиқат» жұрналының 2018 жылғы 1-інші нөмірінде арқатірек, темен, 5-інші нөмірінде алакүшіктен, ешкішайыр, теңгерім, ұғынушылық, ұрысқұмар, осы жұрналдың 2019 жылғы 2-інші нөмірінде ертуыл сөздері кездесті. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2014 жылғы қазан айындағы нөмірінен бармақдос, босшар, мәтқапшы, меде деген сөздер, «Ана тілі» газетінен рөмкеше, «Жас Алаштан» күпәйкелі, «Жетісу» газетінен қатымхана, «Алматы ақшамынан» дуалды (оқыту) деген сөздер ұшырасты. Барлығы – 33 сөз. Бәрінің мысалы, дереккөздері, оның қай жылғы, қай нөмірінен, қай бетінен алынғандығы тәптіштеліп тұрып жазылып алынған.

2017 жылы шыққан «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәс­түрлі жүйесі» атты сөздіктің 4-5 том­дарынан (1-3 томдарын бұрын қарағанмын) 15 томдықта жоқ құмшай, құранқап, құттық, сиыт (дұрысы сыйыт болу керек), тұяққап деген 5 сөз табылды.

15 томдықта жоқ сөздерді табуға болатын дереккөздердің бірі – өзім жазған «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі». Сөздік «Сардар» баспасынан 2012 жылы шыққан. Көлемі – 42,5 баспа табақ. Онда 6 мыңнан астам қазақша өсімдік атаулары қамтылған.

Осы 6 мың өсімдік атауларының қаншасы 15 томдық ҚӘТС-ке алынды, қаншасы онда алынған жоқ? Оны мен есептеп көрген жоқпын. Алынса, көп болса сол 6 мың атау сөздің алтыдан бір бөлігі алынған шығар. Ондада да 10 томдық ҚТТС пен Қазақ Ұлттық Энциклопедиясында (2001 ж.) барлары ғана қамтылған болар. Асып кетсе, ондағы өсімдік атаулары сол қарсаңда шыққан «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Биология» (2002 ж.) деген сөздіктен толықтырылуы да мүмкін.

Оған дәлел: 15 томдық сөздікте өсімдік атаулары адыраспан сөзінен басталады. Ал біз жазған сөздікте бұл сөзге дейін 7 өсімдік атауы тұр. Сондай-ақ, 15 томдықта ажырық атауының бір өзі ғана көрсетілсе, біздің сөздікте ажырық сөзінің жатаған ажырық, қара ажырық, сары ажырық, сор ажырық, сортаң ажырық деген түрлері де қамтылған.

М.Мақатаевтің 5 томдық шығармалар жинағында бар, бірақ 15 томдық ҚӘТС-те жоқ мынандай сөздер кездеседі: айтпан, алман, аңдайын, аулағырақ, әнсәмбіл, әпелсін, баздандыр, байыр, баратұғын, барман, бензін, бойұр, болатнай, босуда, бұлықсы, дегенсін, жазымдан, жаспақтат, жатқасын, жатшылық, жуытпан, жүдеулі, жібергіз, кемтіл, кеңінен, көнгіз, күпкі, кіргір, кіреміл, қалғасын, қамдануда, қаракетсіз, қарменуда, қолмашина, қошалақ, құласын, қызбалықтық, қыз-көктем, қызынақсы, қырқысуда, латындық, мақұлбек, мән-мәнісі, мойынсынт, өлетұғын, өмір-дәрия, сағатша, селеуле, сорақырақ, сөнбен, сұрағай, сылтаула, табынбан, тапшысын, тасталын, түрмегер, уақжан, ұжымшар, шошырлық, шытқансы, іздемен, ілә. Барлығы 62 сөз. Бұлардың біразы ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздері болса, біразы поэтикалық, біразы төлиелік (авторлық) сөздер.

Ахмет Байтұрсынұлынан кейін тіл мамандары қазақ тіл білімінің бірде-бір термінін қазақша жасаған емес. Сол есте жүргендіктен өзім жазған «Қазіргі қазақ тілі. Фонетика және лексикология» (А., 2004, 2006, 2009, 2011 ж.ж.) деген оқулығымда мен бұрын тек орысша қолданылып келген терміндерді қазақшалап: дыбыстаным (фонетика), сөзтаным (лексика), сөздікжасам (лексикография), түйдектаным (фразеология), айтылым (орфоэпия), жазылым (орфография), тұлғатаным (морфология), тіркестаным (синтаксис), мәндес сөз (синоним), қарсымәндес сөз (антоним), тұлғалас сөз (омоним), айтылымдас сөз (омофон), жазылымдас сөз (омограф), сыпайы сөз (эвфемизм), тұрпайы сөз (дисфемизм), тергеу сөз (табу), сипаттама сөз (перифраз), жұптас сөз (плеоназм), елтаным сөз (этнографизм), көшірме сөз (калька), жүрдек сөз (актив сөз), сырдақ сөз (пассив сөз), бейтарап сөз (нейтральная лексика), бірқолданым сөз (окказионализм), түрпет (вариант) деп қолданған болатынмын.

Бұл қазақша терміндерді мамандастарым көрді ме, көрмеді ме, ұнатты ма, ұнатпады ма, біл­меймін. Білетінім «осы дұрыс екен» деп, қолдап кете қойған ма­ман­дастарымның ешқайсысын бай­қаған жоқпын. Егер олар мені жаппай қолдап, өз еңбектерінде жоғарғы қазақша терміндердің дұ­рыстарын пайдаланғанда тіліміз тағы бір 25-30 сөзге байып қалған болар еді.

Қорыта айтқанда, іздей берсең, санатқа ілікпеген, санға қо­­сылмай жүрген, үлкен сөздік­терге енбеген қазақ сөздері мен тұ­рақты тіркестердің әлі де табыла беретіндігіне көзім жетті. Ендігі іс-әрекет біздерге, тіл мамандарына, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының қызметкерлеріне байланысты. Сөздік қорымызды тазалауымыз, байытумыз керек пе, жоқ, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп, бұрынғыдай саусағымыздың ұшын қимылдатпай, Еуропа тіл­дерінің жатжұрттық сөздерін жиып-теріп, сөздіктерімізге ендіріп қойып, «міне, біздің сөздік қо­рымыз бай» деп, өтірік мақтанып жүре береміз бе? Әлде, намысқа тырысып, «қой, жатжұрттық сөздерді малданбай, алдымен өзіміздің тілде бар төл сөздерімізді түгелделік, тілде жоқ ұғым-түсініктер болса, оларға өзіміз жаңадан атау сөз жасп алалық» деп іске кірісеміз бе?! Бұл қазақ тілі мамандарының келешекте ойланатын ісі.

Осыдан біраз уақыт бұрын Серік Негимовтың «Aqiqat» жұрналында жарияланған «Ұлт руханиятының беломыртқасы – ұлт тілі...» (2018, №5) деген мақаласын оқыған едім. Онда төлие: Этнограф Жағда Бабалықүлы «Тіл қорын жинайық» деген байыптамасында: «Қытай өз сөздерін біздің жыл санауымыздан 2 ғасыр бұрын жинай бастаған. Содан бері Қытай халқының бір ұлылығы бар. Әрбір патшасы, мейлі наданы, мейлі ғалымы бар, өз дәуірінде бір-бір тіл қорын жинатып, сөздік жасатып кетеді. Маузыдың (Мао Цзэ-дун) уақытында 1954 жыл мен 1964 жылдың арасында он жыл 264 мың адамға ақша беріп жинатыпты» (Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. А., 2010. Т.9. 294-б) деп жазыпты.

Ал бізде қалай?

Бізде: Үкімет пен тілге байланысты арнайы құрылған ғылым мекемелер мен орталықтарда істейтін мамандар жалақыларын алып, «жағалары – жайлау, көңілдері – көктем» болып жүре береді. Қазақ тілінің сөздік қорын жинау ісімен жалақы алмайтын мен сияқты «жалаңтөстер» ғана айналысады.

 

Байынқол Қалиұлы,

филология ғылымының

докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың

лауреаты

 

4441 рет

көрсетілді

394

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы