• Әдебиет
  • 29 Шілде, 2020

КІТАПХАНАҒА ТАРТУ

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Алтын қобыз» сыйлығының иегері, танымал күйші Жайлау Асылханов С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қорына күйшілік дәстүр жөнінде зерттеліп жазылған «Доңызтау өңірінің дәстүрлі музыкалық мұрасы» атты жаңа кітабының бірнеше данасын сыйға тартты.

Жайлау Асылханов – талай тума таланттарды дүниеге әкелген Ақтөбе облысының қасиетті Байғанин ауданы, Оймауыт ауылының (бұрынғы атауы Доңызтау) перзенті. Ол бүгінде Батыс күйшілік дәстүрін, оның ішінде қазақ халқының әйгілі күйшісі Қазанғап Тілепбергенұлының философиялық мазмұны терең, сырлы күйлерін жан-жақты зерттеп жүрген ұлттық өнер жанашыры. Күйшінің айтуы бойынша өзінің ата қоныс туған жерінен көптеген атақты күйшілер мен жыраулар шыққан. Өз уақытында бұл тұлғалар жөнінде айтылмай, зерттелмей қалғандықтан автор бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатымен, перзенттік парызым деп санап осы еңбекті жазуға бел буады. Кітап авторы өз сөзінде былай дейді: «Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде Қазанғап күйші туралы және сол замандарда күйшілер бата алатындығын жазған. Ұлы күйші Қазанғап Доңызтау өңіріндегі атақты Төреш деген күйшіден бата алған екен. Ахмет Жұбановтың дәл осы еңбегін оқығаннан кейін маған осы елдің азаматы ретінде Доңызтау өңірінен шыққан күйші, жыраулар туралы кітап жазу, халыққа кеңінен таныстыру ойы туындады».

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкері

1172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы