• Әдебиет
  • 30 Шілде, 2020

АБАЙ ӘНШІСІ

Әлмағанбет Қапсәләмов! Абай әншісі еді! 1870 жылы Қыдырда туған. Тобықтының ішінде Тоғалақ атасынан өнген ел. Әлмағанбеттің әкесі Қапсәләм Абайдың жылқышысы болған. Арқада 1875-1876 жылдары қырғын жұт болыпты. Сол жұтта Қапсәләм Беркінбай байдың бір қос жылқысын аман алып қалыпты деген әңгіме ел-жұртқа тегіс тараса керек-ті. Түрін көрмесе де, ісіне қызығып Абай арнайы Қапсәләмді қалап шақыртып, өзіне жылқышы қып алған. Міне, сол күннен кейін Қапсәләмнің жамағаты Абай ауылына қоныс аударған.

Бала Әлмағанбет Абай ауылының балаларымен аралас-құралас болып еркін өскен. Осы ауылда жүріп, арабша хат танып, «Мұхтасар» ілімін үйренген. Домбыра, сприпканы ойнауды меңгерген. Мағауия, Тұрағұлмен бірге Әлмағанбет үш қыс Семейдегі орыс музыкантынан дәріс алып, оқыған. Бұл да Абай ағаның шарапаты болатын. Әлмағанбетұлы Шәбден: «Әкем Абай әндерінің бәрін де келістіріп орындаушы еді. Ол отырған жерде батылы барып, Абай әнін басқа әнші орындай бермейтін. Абай ағам әндерінен басқа Біржанды көп айтатын, халық әндерін де салатын. Солардың ішінде «Жиырма бес», «Жамбассипар», «Майдақоңыр», «Топайкөк», «Шідерті», «Гауһартас», «Ағашаяқ», «Құлагер», «Қарғаш-ау» әндерін жиі айтушы еді. Әкем мен білгенде әнші ғана емес, саусағынан сан алуан саз төгілген күйші де еді. Соның ішінде «Алшағыр», «Бозторғай», «Саймақтың сары өзені», «Бұлаң жігіт», «Азамат қожа», «Маңмаңгер», «Тепең көк», «Түрікпен», «Рүстемнің күйі» бар. Сондай-ақ, қазақ күйлерімен қоса, скрипкада басқа халықтардың саздарын да мәнеріне салып тартатын. Мәселен, «Дунайская волна», «Лезгинка», «Возвратное время», «Банкрот», «Полька», «Птичий марш», «Кравовяк» әндерін тартқанда құлақтың құрышы қанып, сілтідей тұнып тыңдаушы едік», – деп әкесінің өнері, Абай әулеті туралы естелік жазған. Әлмағанбеттің баласы Шәбден де өнерден құр алақан болмаған. Ол да әкесі сықылды түрлі музыкалық аспапта ойнап, ән салған. Шәбден ұзақ уақыт ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп, Социалистік Еңбек Ері атағын алған іс адамы. 1965 жылы Алматыдан Абай, Абай ұрпақтарының әндерін нотаға түсіруге келген ғылыми топқа көп көмек көрсетіп, әкесі Әлмағанбет орындаған әндерді орындап бергені бар. Задында, Әлмағанбет Абайдың сүйікті әншісі болған. «Өлеңмен өзін-өзі емдеген» (Шәкәрім) ақын көңіл пердесі түсіп, ойға шомып, мұңайғанда Әлмағанбетті алдырып, шер тарқататын болған. Әлмағанбет – бір өзі бір театр болған даланың еркін сал-серісі. Абай бала кезінде көрген Біржан салдай кейіптегі өнерпаз болған. Әлмағанбет ән салғанда немесе саз аспабында ойнағанда делебесі қозып, маңайын қыран-топан күлкіге қалдырып отыратын дегдар екен. Семейде Абайға арналып өткен барлық кештің көркі осы – Қапсәләмнің баласы еді. Әлмағанбет «Ырғақты», «Татьяна», «Жарқ етпес» дейтін әндерді шырқап, талай көрерменнің сүйікті әншісіне айналған. Семейдегі орыстың ақ жағалы ұлықтары да, ноғай оқығандары да, қазақтың ауқатты арыстары да оның әніне елігіп отыратын. 1915 жылы Семейде өткен тарихи кеште орыс ортасын көрген Алаш арысы Мұстақым Малдыбайұлы Әлмағанбет өнеріне тамсанып, «Пәлі, мынау қазақтан шыққан Шаляпин екен!» депті. Тегінде, көмейіне бозторғай ұялаған үлкен өнер иесі. Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсет, Мұқа, топай Бейсембай ақын, уақ Иманбазар ақын, керей Уәйіс ақын, Тұрағұл, Кәкітай, Әубәкір, Әрхам, ертекші Баймағамбет, әнші Ырғызбай, циркші Ағашаяқ (Берікбол), күйші Бүркітбай, әншілер Әлмағанбет, Мұхамеджан, Өтегелді, Орынбасар осының бәрі Абай ортасындағы кіл өнерлі талаптылар. Абайдың тәрбиесін көрген, ақылын тыңдаған, өнерін сынатқан. Абай ортасы – рухани достық пен имандылық ұялаған, әділеттілік пен бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі мол қайырлы ұя. Көзкөргендердің естелігін оқысаңыз, сол заманға, Абай атаның шапағатын көруге құмарың арта түседі. Абайдың келіні Кәмәлияның естелігінде: «Әкем қызықты, думанды, әзіл-қалжыңды өте жақсы көретін. Өз заманында ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші, күйші, өнершілердің әкеме келіп, өнерлерін көрсетпегені кемде-кем шығар. Әлі есімде Қарқаралы жақтан Мауқай дейтін әнші келді. Ол әншілігімен қабат тамаша артист еді. Мауқай отырған үй той күнгідей ұлы думан болып жататын. Мауқайды бір жыл сақтады. Көп сый-сияпатпен қайтарды. Өзіміздің елден Маякеннің Мұхамеджаны (әнші), Әділқанның Мұқасы (күйші), Ағашаяқ (күлдіргіш, биші) және сыбызғышы Қияспай әкеме жиі-жиі келіп өнерлерін көрсетіп отыратын. Бұлар келгенде әкем бір жасап қалатын. Балаларын жинап алып ән, күй тыңдатып, биді көрсететін. Әншілердің әнін тыңдап болған соң, ол ән туралы, әнші туралы өзінің пікірін айтатын. Сондықтан да әншілер әкемнен әннің кемшілігін сұрап, түзетіп алып отыратын», – дейді. Рас, Абай ақынның ортасы осындай берекелі, тағылымды һәм ғибратты болатын. Абай алдында ақын да, әнші де сөзін түзеп, бағасын алатын. Кәмәлияның айтуына қарағанда, Абай хәкім ән салмаған, домбыра да, сприпка да тартпаған екен. Бірақ өзі ән шығаратын, сол әндерін халыққа кең таратқан Мұхамеджан мен Әлмағанбет деп жазыпты.

[caption id="attachment_58143" align="aligncenter" width="1000"]Суретте (солдан оңға қарай): Абайдың әншісі Әлмағанбет Қапсәләмов, қаланың ауқатты азаматы Нұрғали Қошқарбаев, сприпкашы Түсіпжан. 1914 жыл, Семей қаласының қымызханасында түсірілген сурет. Суретте (солдан оңға қарай): Абайдың әншісі Әлмағанбет Қапсәләмов, қаланың ауқатты азаматы Нұрғали Қошқарбаев, сприпкашы Түсіпжан. 1914 жыл, Семей қаласының қымызханасында түсірілген сурет.[/caption]

Әлмағанбет Алаш қозғалысын тудырған ояну кезеңінің серкелерімен жақын таныс болған, Семейдегі жиын-той, саяси басқосулардың ортасында жүрген. Нұрғали-Нәзипа Құлжановтардың құтты шаңырағында бірге тұрған. Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов «Абай» журналын шығарғанда редакцияға келіп, ән-күй тартып, өнер көрсеткен. 1917 жылы Алаш қаласына көсем дәргейінде халық ұлы Әлихан Бөкейхан келгенде әуелетіп ән салып, жырдан шашу шашқан.1924 жылдың 29 желтоқсанында Семейдегі Луначар клубында ақынды еске алған үлкен жиын өткен. Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін. Сол кеште Абай әндерін орындап, Көкбай ақсақал бастаған Алаштың жас серілері Халел Ғаббасұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Әміре Қашаубаевтармен қатар жүріп, тұлғаны ұлықтаған. Бекзада өнер адамы осындай болатын. Оның домбырасы Жидебайдағы Абай музейінің қорында сақталған. Үлкен талант 1932 жылдың маусымында дүниеден өткен.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиетші

1402 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы