• Тұлға
  • 06 Тамыз, 2020

Өмірі өнерімен өрнектелген

Өтепберген Хамзин. Виртуоз орындаушы, білікті де, ұлағатты ұстаз. 1985 жылы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесіне сырттай оқуға түстім. Алғашқы семестрге келгеннен бастап ұстаздармен таныстық басталды. Раушан Нұрпейісова, Құбыш Мұхитов, Алдаберген Мырзабеков, Нұрлыбай Сұлтанов, Тілеш Бәділов, Нағима Қанайқызы, Гүлсара Ізтілеуова, Орақ Жауыров, Біләл Ысқақов, Қалдыгүл Рақышева, Балтабай Қабыланов, Тілеуғали Қышқашбаев, т.б.... Жүре келе әр оқытушының болмыс-бітімі, сабақ беру, ұғындыру әдістері айқындала бастады. Өтепберген Хамзин бізге «аспаптану» (инструментовка) пәнінен бергенімен, негізгі арнайы аспабы прима (орыс халқының үш ішекті музыка аспабы) еді. Өте тәжірибелі ұстаз. Оқуды бітірген соң, араға бес жыл салып Өтепберген ағаймен тағы кезіктім. Бұл жолы әріптес ретінде. 1995 жылдың қысында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне домбырашы боп келген едім. Өтепберген ағай қосалқы қызметте екен. Ол кез оркестрде тамаша музыканттардың молдау кезі. Нұрлыбай Сұлтанов, Темір Тікішев, Ғабдол Мұқанов, Есдәулет Исаметов, Жақан Закупов, Қуаныш Әжімұратов, Сұлтан Қожахметов, Алик сынды ағайлармен сапарлас болып, ақыл-кеңесін тыңдадық. Соңғы кездері Өтақаң көпшілікке жұмбақ, кәсіпқой өнер адамдарына ғана аса танымал әрі өте қадірлі жан ретінде қызықтыра бастады. Өйткені біздің қоғамда телевизордың бетін бермейтін «жұлдыздардың» жарнамасы мықты болады-дағы, қарапайым еңбек етіп, атақ-дәреже дәметпейтін жандарға көпшіліктің назары ауа бермейді. Ал шынтуайтына келсек, кейбір атағы барлардан гөрі кейбір қарапайым «еңбек торысынан» қоғамға да, халыққа да зор пайда болып жататынына көзіміз талай жетіп жүр...

– Қадірлі Өтақа! Жарты ғасыр­дан аса уақыт бойы кәсіпқой өнердің маңдайалдында келесіз. Шебер орын­дау­шылығыңызбен қатар, «ұстаздардың ұстазы» атандыңыз. Сіз туралы ақын апамыз Фариза Оңғарсынова: «Адамның таза болуы, талантты болуы, талай ортаға қауіп төндіреді!» деген екен. Жалпы өнер деген қасиет қай жасыңызда қонды?

– Өнерге келуіме себеп болған – туған ағам Алдамберген. Жастайынан керемет шебер орындаушы болды. Апайым Жаңылсын өте білімдар, Алматыдан оқып келіп, Гурьевте қызметте жүретін. Ағайым екеуміздің музыкаға қабілетімізді байқаған болуы керек, бір келгенінде «үйреніңдер» деп мондолина әкеліп беріп кетті. Жасы үлкен болған соң, аспапты ағайым ұстады. Ағам өте дарынды, кинодан естіген музыканы сол заматта мондолға салып, жаттап ала қоятын. Домбыра тартуы да ғажап еді. Қатты еліктеп, қызыққаным соншалық, музыкаға беріле бастадым. Ұмытпасам, үшінші сыныпта оқитынмын.

– Ағаңыз Сізден қанша жас үлкен еді?

– Үш жас үлкен. Біз Манаш деген жерде ақын апаларың Фариза Оңғарсынова бәріміз бір ауылда өстік. Мектепте көркемөнерпаздар оркестрінде бірге ойнадық. Оркестр деген аты болғанымен, домбырадан басқа аспап жоқ, бір-екі мондолина ғана. Қобыз, баян дегенді өмірі көрмегенбіз. Мен үшінші сыныптан бастап мектептің әншілерін, хорын мондолинамен сүйемелдей бастадым.

– Бала кезіңізде ерекше есіңізде қалған оқиға болды ма?

– Біздің өңірде Ғибатолла Масалимов деген ағай болды. Аты аңызға айналған ғаламат домбырашы еді. Күні кеше арамыздан кеткен домбырашы күйшілер, Қазақстанның Халық артистері Әзидолла Есқалиев пен Рысбай Ғабдиев сол кісінің шәкірттері. Ғибатолла ағай баян және скрипка тартатын. Ондай аспаптарды алғаш рет сол кісінің қолынан көрдік. Әсіресе, домбыра тартуы таңғалдыратын. Ауданда Аманкелді Иманов атындағы мектепте ол кісі директор болды. Ағайым сол мектепте оқитын. Бір күні директор үйге арнайы келіп, үйдегі домбыраны алып, екі күй тартты да «Айналайын! Сені керемет домбырашы деп естідім, кәне тартшы!» дегенде, ағам домбыраны ұстамай, жерден басын көтере алмай, текеметтің шетін шұқылай бергені әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ол кісінің домбырашылығы сондай, біздің жаман деп жүрген домбырамызды сайратып жіберді ғой. Кейін ол домбыраны Болат Сарыбаевтың коллекциясына тапсырдым. Ол кісі газетке суретін шығарып, оны көрген Дина шешеміздің баласы «Мына домбыра Құрманғазының Динаға берген домбырасына өте ұқсас екен» депті. Күндердің бір күні біздің он жылдық мектеп жабылып, Забурында (қазір Зинеден ауылы, Әзидолла Есқалиев ағаңның оқыған жері) оқыдым. Бір мерекенің қарсаңында ауылдың клуб меңгерушісі «Айналайын, клубқа су жаңа баян келді, соны өзіңнен басқа қолайлы ешкім жоқ, бір түн әрі кезекші, әрі сол баянды тартып көрсең қайтеді..?» деп ұсыныс жасады. Құштарлықтың арқасы болар, өмірі ұстап көрмеген аспапты бір түнде екі жағын бірдей қосып үйреніп алдым. Ертесіне концерт болды. Үйреншікті мондолыммен әншілерді сүйемелдедім де, концерттен соңғы би кешін бастан-аяқ баянмен сүйемелдедім. Сол кездегі жастардың ең көп билейтін биі фокстрот пен неше түрлі вальстерді бірінен соң бірін зуылдатқанымда, «ауылға кеше келген баянды қалай тез үйреніп ала қойдың» деп бәрі таңғалысты.

1959 жылы10-сыныпты бітірген соң, ол заманның заңы бойынша мектептен соң өндірісте жұмыс істеу керек болатын, кірпіш зауытына жұмысшы болып кірдім. Жаңылсын апайым облыстық комитетте қызметте еді, дереу Алматыдағы Әзидолла Есқалиев ағаймен сөйлесіп, алды-артыма қаратпай аттандырды да жіберді. Балам шопыр болады деп армандап жүрген анамның арманы да адыра қалды. Алматыда Әзақаң қарсы алып, үйіне жатқызды. Құжаттарды консерваторияның халық аспаптары бөліміне өткіздік. Ахаң, Ахмет Жұбанов кафедра меңгерушісі екен, мені тексеріп қарады, ән салдым, күй тарттым. Баянның оқуына келгем, бірақ ол жылы қабылдамайды екен. Ахаң «Мына баланың қабілеті керемет, Фатима Жұмағұлқызы, сіз көрсеңіз қайтеді» деп, Фатима Балғаева апайға емеурін білдірді. Апай қос қолымды аударып-төңкеріп «Мына баланың саусақтары тым жуан екен, қобызға келмейді...» деп бірден ат-тонын ала қашты. Ақыры Болат Сарыбаев «маған керегі осы» деп бас қобыз аспабына алды. Ол кездегі бас қобыз ұсқынсыздау, дыбысы да аса бір жағымды емес, шынын айтсам, маған ұнамады. Сол жылы консерваторияның әскери кафедрасы да жабылып, жаңа түскен біздерді әскерге шақыра бастады. Ақыры кететін болған соң, өзімді оқуға қабылдаған Ахаңменен қоштасып кетпекке консерваторияның жанында күтіп тұрдым. Жүзінен нұр тамып, сәл жымия қарағанда үлкен мәдениет пен ақыл-парасаттың иесі екені мен мұндалап тұратын ерекше жан еді ғой, жарықтық. Келе жатқан Ахаңның алдынан шығып «Саламатсыз ба, Аха! Дайындық курсының студенті едім, әскерге әкетейін деп жатыр, сізбенен қоштасқалы келдім» дегенімде, қолымды алақанына салып (қолы сондай жұп-жұмсақ) «Айналайын, Отанын қорғау әр азаматтың қасиетті борышы ғой, барып кел, келген соң қайтадан оқуыңды жалғастырасың!» деп, баласын аттандырған әкедей шығарып салды.

Сонымен 1964 жылы, үш жылды артқа тастап сүйікті Алматыма қайтып келдім. Ахаң ғылым академиясына ауысып кетіпті, ауырыңқырап та жүр екен. Болат Сарыбаев ағайым Мәскеуге тәжірибе алмасуға кетіпті. Менімен түскен біраз бала прима аспабында ойнап жүр. Бұрын мандолинада ойнаған менің аңсарым енді примаға ауа бастады. Ақыры сол кездегі прима аспабынан ең мықты деген ұстаз Лапченков Николай Андреевичке бардым. Ол кісі қуана келісіп, кафедра меңгерушісі Тастанов Хамидолла ағайдың алдынан өтіп, арызыма бұрыштама соқтырып, түбегейлі прима аспабына ауысып тындым.

Жиырма күн өткенде академиялық емтихан тапсырдым. Өмірі ұстамаған аспабым болса да тапсырманы беске орындап, ұстаздардың ықыласына бөлендім. Оркестровка (дауыстарды аспаптарға бөліп үндестіру) деген пән бар, оны Ахаңның досы, әйгілі композитор Латиф Хамиди жүргізеді. Алғашқы сабақтарының бірінде түсіндіре бастаса болды, ол кісінің ойын жарты сөзінен ұға қоямын. Осылай бірнеше рет қайталанған соң, «Айналайын, болайын деп тұрған бала екенсің» деп, портфелін ашып «Латиф Хамиди» деген жұқалау кітабын алып «Глубокоуважаемому тов. Хамзину с пожеланиями Л.Х.» деп маған, бар-жоғы дайындық бөлімінің екінші курс студентіне сыйға тартты.

Бір күні «Құрманғазы атындағы оркестрге Шамғон Қажығалиев шақыртады» деген хабар алдым. Барсам, Шәкең «Айналайын, сен бірінші прималар тобына отыр» деді. Сөйтсем, сол кездің өзінде «Хамзин мықты примач» деген сөз бар екен. Оркестрде кәнігі музыканттар Петр Кан, Амантай Нұрпейісов, Мұхтар Нарымбеков отыратын. Мен төртінші болып отырдым. Жұмысты бастамас бұрын Шәкеңнің ассистенті, дирижер Сафонцев Глеб Владимирович қиын шығармалардың бірін алып «молодой человек, может попробуете сыграть?» деді. Нотаға қарамай зуылдатып ойнап бердім, өйткені Лапченков ұстазым қиын шығармаларды ойнататын, мен оны жаттап алатынмын, әлгі жерде соның пайдасын көрдім.

– Консерватория қабырғасында тағы қай ұстаздар сабақ берді?

– 1966 жылы бірінші курста жүргенімде мені қабылетті студент ретінде Фуат Мансұровтан дирижерлықтан сабақ алуға бөлді. Ол кісі өте талантты дирижер, Ахмет Жұбановтың алғашқы әрі сүйікті шәкірттерінің бірі болатын. Сабақ өтіп жатқан аудиториясының есігін жартылай ашып қарай бергенім сол еді «Не керек саған» деп айғай салды. «Мені ­кафедра Сізден сабақ алуға жіберді» дедім. «Кел бері!» деп шақырды. ­Сонан менің қабылетімді тексеріп жатыр. ­Рояльда неше түрлі аккордтарды басып, аспабымды алып «Ре минорда» шағын бір шығарма ойнап, «осыны До минорда» қайталашы деді. Сол заматта қайталап бердім. «Құлағың еститін бала екенсің» деп ықыласы ауып, түрі жыли бастады. Сөйтіп, класына қабылдады. Ол кісі өте талантты, он екі түрлі аспапта ойнап, алты тіл білетін. Коньки тебу мен альпенизмнен КСРО спорт шебері. Шын мәнінде аңыз адам еді. Бүкіл бір симфонияны бір өзі ­рояльда ойнайтын. Концертмейстерлері жазатайым ойнай алмай қалса қуып жіберіп, өзі ойнай беретін.

Бір күні дирижер Глеб Сафонцев маған «Өтепберген, «Гүлдер» деген ­ансамбль құрылып жатыр, гитарист керек, барасың ба?» деді. Ойланайын дегенімше, қолыма алты ішекті гитараны ұстатып, «бір ай мұрсат берем, біз гастрольден келгенше үйреніп қой!» деп тапсырды. Бір айдан соң мені «Гүлдер» ансамбліне гитараға отырғызды. Эстрада студиясының (Г.Ғалиева директоры) үлкен залында дайындық басталды, әлем халықтарының билері, өзіміздің халық әндеріне Глеб Сафонцев партитура ­жазып әкелді. Үш гитарадан бөлек, клавиш, труба, контрабас, соқпалы аспаптар, т.б. дайындыққа кірістік...

– Бұл қай жыл еді?

– 1968 жыл. Бір күні Глебтың ­орнына Богушевский деген жетекші болып тағайындалды. Маған: «Товарищ Хамзин или «Курмангазы» или «Гулдер» выбирай» деді. Мен сонымен «Гүлдерді» қойдым да, «Құрманғазыда» қалдым.

– «Гүлдерде» кілең жастар, соларға елігіп, қызығып жаңадан ашылған ­ансамбльде қалып қоймадыңыз ба?

– Жоқ, ол кезде «Құрманғазы» оркестрінде абыройым асқақтап тұрған кезі, Шамғон ағамыздың да беделі асып, оркестр тартты да тұрды. Бірде ауылдан хабар келді: «Әке-шешең ауру, осында қызметке тұрып, оларға қарас!» деп, Гурьевке шақырды. Оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып, жұмысымнан шығып, ауылға тарттым, сол жылы үйленіп те үлгергенмін. Барсам, әке-шешем дін аман, «Сені әдейі шақырттық ағаң екеуіңнің төбелеріңді көріп жүрейік» деп, қарап отыр. Апайым оларға ал кеп ұрысты: «баланың тағдыры ойыншық па, ол жақта әп-әсем оқуы бар еді, әжептәуір қызметі бар еді, бұл не қылғандарың?». Кері Алматыға қайттым. Оқу болса сырттай, жұмыс болса жоқ, аздап уайымдап келе жатсам.... жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан деген, Панфилов паркінің алдынан жарқ етіп Шәкең шыға келгені. «Өтепберген, қайдан жүрсің?». Жағдайымды баяндап бердім. «Оркестрге келесің бе? Үйің бар ма? Жоқ болса, отбасыңның құрамына қарай үйлессе үш бөлме немесе екі бөлме берем, келісесің бе?» деді. Бір бөлмеге де риза екенімді айттым. Көп кешікпей Д.Қонаев өнер адамдарына 20 пәтер бөліп, екі бөлмелі пәтер маған да бұйырды. Отыздағы кезім. 1972 жыл. Жұмыс бар, үй бар...

Амантай Нұрпейісовке Шәкең «Амантай, Мәскеуде Будашкиннің «Концертін» ойнайсың, дайын жүр!» деді. Ол басын изеді де қойды. 1972 жыл ғой, Ресейдің қиыр шығысын Архангельск, Мурманск, Петрозаводск, Ленинград бәрін аралап келдік, қазанның басында Мәскеудегі Съездер сарайында концерт. Концерт алдындағы дайындық кезінде Амантай «Концертті» келістіре алмады. Шәкең оның орнына мені шақырды. Кешке концертке келдік. Залда алты мың адам. «Құрманғазы «Серпер», Николай Будашкин «Концерт» орындайтын оркестр солисі Өтепберген Хамзин». Өмірі оркестрмен ойнап көргенім жоқ, оркестрдің алдына шығып отырып, сәл-пәл көңілімді орнықтырып Шәкеңе қарасам, көзін қысып қалды. Ішімнен бісмілләмді айтып, бастап кеттім. Оркестр де гүр етті. Ойнап жатқаным түсім сияқты, қолым өзінен-өзі неше-түрлі дыбыс шығарып жатқандай. Не керек, абыроймен ойнап бітірдім. Әдетте артистер халық алдында иіліп, бүгіліп тұрады ғой, мен ондайды білмеймін, басымды бір кегжең еткізіп зытып отырдым. Құтылдым ба, жоқ па дегендей. Концерттен соң киім ауыстырып жатсақ, жігіттердің біреуі «Өтақа, сені орыстың бір шалы шақырады» деді. Далаға шықсам бір кісі «Это вы мое произведение играли?» деді. Сөйтсем, Николай Будашкиннің өзі келіп, риза болғаннан қолымды алып құттықтады. Осының өзі мен үшін үлкен сынақ әрі сабақ болды. Кейін бұл шығарманы Еуропаның біраз елдерінде ойнап жүрдім. Әсіресе, Италияның Сардины аралдарының Калиярий деген қаласында концерт қойғанымызда, көрермен түрегеліп қол соғып, қошеметтеді. 1976 жылы консерватория ректоры Жұбанова Ғазиза апай шақыртты. Келсем «Айналайын, кел, сен бізге керек баласың» деді. Алдында Италия сапарына сол кісі бастап барған еді. Енді арыз жазып оркестрден кетейін десем, Шәкең қол қоймайды. Үшінші рет барғанда әрең босатты. Ғазиза апай мені жұмысқа аларда декан мен кафедра меңгерушісіне өтінішімнің бұрышына «кадр очень высоко профессиональный» деп жазып беріпті. Сонан консерваторияға қызметке тұрдым.

– Орындаушылық пен ұстаздықты қатар алып жүру оңай іс емес, қайсысы аса қиынға соқты...

– Кез келген адамның мықты орындаушы әрі білікті ұстаз болуы екіталай. Алланың маған берген бағы деп білем, екеуін де маңдайыма жазыпты. Ұстаздық еткен жылдарымда жүзден аса шәкірт тәрбиелеппін. Солардың елуге жуығы Халықаралық конкурстардың лауреаттары. Шәкірттерімнен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғандар бар. Олар: Үкібай Дүйсен, Нұрлан Хамзин, Ерлан Бақтыгереев. Құрманғазы атындағы оркестрде озық шәкірттерім Рафаэль Битешов пен Асыл Садуақасқызы, «Отырар сазы» оркестрінде Әбілхайыр Бейсеков жүр. Осындай шәкірттерім абыройымды асырып, мерейімді өсіреді.

– Ахмет Жұбановтың алдын көрдіңіз, лекциясын тыңдадыңыз. Ол кісінің бейнесі есіңізде қалай сақталды?

– Ахаң келе жатқанда, шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнайтын. Құрманбек Жандарбековтың 60 жылдығында болдым. Бірінші министр сөйледі. Сөзі естілмейді, халық у-шу. Екінші тағы біреу сөйледі. Әлі шу басылар емес. Үшінші Ахмет Жұбанов шықты. Шыққаны сол еді, зал әп-сәтте тынышталып, Ахаңның дауысы бүкіл залға естіліп тұрды. Сондай қасиетті адам еді ғой, жарықтық. Ахаң деген қазақ ұлтының ең алғашқы профессионал музыканты ғой. 1990 жылы Петербургке барғанымда консерваториясының қабырғасында 15 одақтас республикалардан барып оқыған озат шәкірттердің портреттері ілулі екен, мен Ахаңның портретін фотоға түсіріп, Ғазиза апайға әкеп бердім. Ахаң Ленинградта оқып жүргенде Мәскеудің Бүкілодақтық грамзаписіне 9 күй жаздырған ғой....

– Сіз шертер аспабында алғашқы орындаушы болыпсыз...

– Иә, Болат ағайдың ансамблінде бірінші орындаушы болдым. Қытайдан келген Оразғазы Дүйсенбиев деген шебер жабайы түрін жасады. Александр деген поляк зерттеушісі Маңғыстаудан және Алтайдың Қосағашынан тапқан аспаптың нұсқасымен жасаған, ұсқынсыздау. Үш ішегі аттың қылынан тағылған. Болат ағай үйіне шақырып, бұрауын прима аспабының бұрауына келтіріп ойнадым. Үйдегі жеңгей «Мына шертер сайрап кетті ғой» деді. Сонан Болат ағай: «Өтепберген, осы шертерді қолыңа алып, әрі қарай ­дамыт!» деді. Сонан Оразғазы тағы бір шертер жасады. Бұл енді біріншісіне қарағанда әдемілеу болды. Мен оның перенелерін байлап, ішегіне арфаның ішегін тақтым. Аспап құлпырып сала берді. Мен сол аспаппен радиоға 32 шығарма жаздым.

– Жасыратыны жоқ, қазір өнер адамын алған атағына қарай бағалайтын заман болды. Кезінде Сізді де атаққа ұсыныпты...

– Иә, ұсынған. Өнер саласынан жылына бір адамды ғана «Парасат» орденіне ұсынады екен. Мені Құрманғазы атындағы оркестрден сол орденге ұсыныпты. Ал Чайковский атындағы колледж «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ұсыныпты бір мезгілде. Астанадағы марапат бөлімінен бір қызметкер хабарласып, «Екеуінің қайсысын қалайсыз?» деді. «Қайраткері» дұрыс болар дедім. «Келіңіз, сөйлесейік» деді. Әуре-сарсаңға салатынын түсіндім де, орден де, қайраткер де керегі жоқ, өзімнің Хамзин деген атым жетеді деп бас тарттым. Сонымен, атақ мәселесі біржола жабылды.

– Сіз прима аспабын орыстардың өзінен де артық меңгерген деген сөз бар, тіпті солардың өзіне қалай ойнау керек екенін көрсеткен дейді. Бұл әсіре айтылған қолпаштау ма, әлде шынымен солай ма?

– Ресейге барған бір сапарымда ­музыкатанушы, РСФСР-дің еңбек сіңірген қайраткері, профессор ­Александр Шаловтың (Ресейде балалайка мектебінің негізін қалаушы) шеберлік сабағына қатыстым. А.Шалов студент балаға бір амалды көрсетіп, түсіндіріп еді, әлгі бала ұға қоймады. Қайта түсіндірді, тағы ұқпады. Көкірегім сайрап тұр, шыдай алмай «Александр Борисович, позвольте пожалуйста, я бы так объяснил своим ученикам» дедім де балалайканы қолыма алып, өзімнің аппликатураммен (саусақ басу) ойнап көрсетіп едім, әлгі студент дереу қағып алып, ұстазына ойнап берді. Сол кезде Шалов «вот мы говорим периферии, смотрите какой специалист к нам приехал» деді.

– Қытай халқының «баласы әкесінен озбаса, онда екеуінің де босқа өмір сүргені...» деген даналығы бар екен. Екі ұлыңыз бар, екіншісі ізіңізбен келе жатыр, музыкант әке ретінде қалай бағалайсыз?

– Қытай халқының өлшемін қайдан білейін. Бізде «Әке көрген оқ жонар...» дейді. Бейбарысымның аталары мен бабаларының мұрасын жалғап, қолына киелі домбыра ұстап жүргеніне әкелік пейіліммен ризамын. Аллаға шүкір, өзім қызмет еткен киелі ұжымда еңбек етуде. Тәуір орындаушы әрі жақсы оркестрант болып қалыптасты. Ал енді озу, озбау уақыттың еншісіндегі дүние ғой... ең бастысы амандығы. Үлкен ұлым Дидар мұнай саласында, ақ адал еңбегімен туған жер топырағында маңдай терін төгіп еңбек етуде. Шүкір, немерелерім де жетіліп келеді.

– Ал енді шахматқа оралайық. Бұдан қандай жетістіктеріңіз бар.

– Шахматпен де тым тәуір айналыс­тым. 2008 жылы Алматы қаласы күніне байланысты өткен жарыста бірінші орынды жеңіп алдым. Кезінде Фариза Оңғарсынова «Ақжелкен» журналын басқарып тұрғанда «Шахматтың шағын мектебі» рубрикасын жүргіздім.

– Бізде өнер адамдары арасында Ахмет Жұбанов атындағы Мемлекеттік сыйлық тағайындалса, оны жыл сайын екі-үш адам болса да лайықты жандар алып жатса қалай қарайсыз?

– Ахаң өнердің айнасы ғой, қос қолымды көтеріп қолдар едім. Көп бейнет шеккен адам. Еңбегі орасан зор, қандайда марапатқа лайық жан деп ойлаймын.

– Кейінгі жастарға айтарыңыз...

– Біздің Отанымыз біреу. Ең бас­ты құндылығымыз – Тәуелсіздік. Осы құндылығымызды сақтап тұру үшін жас­тар жігерлі, білімді болуы шарт. Ұлттық сана жоғары болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Мақсат ТІЛЕПБЕРГЕН,

Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары

оркестрінің домбырашысы

1563 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы