• Руханият
  • 06 Тамыз, 2020

Тәртіпке үйренген адам

Шерияздан Рүстемұлы Елеукенов Еліміздің бас­па ісінің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, сол салада 14 жыл министр болған қайраткер азамат еді. Кеңестік дәуірде Алматы қаласындағы ­«Баспалар үйі» кешенін салып, сол кезеңдегі ең озық полиграфиялық техникамен жабдықтап, барлық баспаларды бір жерге жинақтап, асханасы мен балабақшасына дейін түгендеп, кітап Музейін жасап, баспа ісін жоғары деңгейге көтерген болатын. Көк базардың жанындағы газет-журналдар редакциялары отыратын баспасөз орталығының дәуірлеген кезеңі де сол уақыт. Өңірлердегі баспахана ісін өркендеткен қызметін де облыстағы азаматтар әлі күнге жыр қылып айтады. Сол сияқты ол кісі қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынына үлкен еңбек сіңірген қадірменді қария бола білді. Баспа ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттен соң Шерияздан Рүстемұлы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор ­болып келіп, ғылыми жұмысқа біржолата ден қойды. Докторлық диссертациясын қорғап, бірнеше монография жазды. Мағжан Жұмабаев жөніндегі іргелі зерттеуі Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Шерияздан аға ұлағатты ұстаз, өмірден көргені мен түйгені көп өнегелі жан еді. Мынау коронавирус деген жалмауыз болмағанда ол кісі арамызда әлі де жүрер ме еді. Тоқсаннан асқан жасына қарамай компьютердің құлағында ойнайтын. Институттың жоспарлы жұмысын электронды нұсқада уақытында әкеліп тұратын. Санасы сергек, жады тұнық, күні кешеге дейін қалыптасқан әдеті бойынша газет-журналды үзбей оқып, қоғамдық жағдайға үнемі үн қосып отыратын. Жұмысқа келіп тұру әдетінен де жаңылмайтын, «келмей-ақ қойыңыз» дегенге: «Біз тәртіпке үйренген адамбыз, оны бұзсақ, ұйқымыз да бұзылады» деп әзілдейтін. Қайтейік асыл аға, алдыңыз жарық болсын. Мынау індеттің кеселінен арулап шығарып сала алмадық, айыпқа бұйырмаңыз! Қара орманды қазағыңыз, артыңыздан ерген шәкірттеріңіз Сізді ұмытпайды. Ғылыми еңбектеріңіз бен өнегелі істеріңіз арқылы екінші ғұмырыңыз басталды, Құдайым соны ұзағынан сүйіндірсін.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1666 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы