• Әдебиет
  • 06 Тамыз, 2020

ОСПАНХАН АҒАМНЫҢ ОТТЫ ЖҮРЕГІ

Аз ғана уақыт хабарласпасақ, бір-бірімізге алаң болып қалатын Рәтбек досыма дәл түс кезінде қоңырау шалдым. Ота жасатқан жүрегінің тәуірленіп келе жатқанына, сол бұрынғыдай Жамбыл ауданының газеті – «Атамекенді» басқарып жүргеніне дән ризамын. – Қалайсың? Түскі асыңа тойып алып, аз да болса мызғып алайыншы деп отырған жоқсың ба? – дедім. – Иә. Сөйтем-ау. Сөйтіп жүрмін ғой, – деді Рәш күлкі аралас мәнді ырғақпен, – Енді... онсыз болмайды. – Ой, Рәш, мынауың дұрыс. Оспанхан ағамыз айтушы еді: «Түс көрмейтін түскі ұйқы – ұйқы ішінде күшті ұйқы» деп. Жөн. Ұйықта! – дедім. – Осағам да айтқыш-ау! – деп, Рәтбек біраз күліп алды да: – Әй, Әбәй, осы сен Осағаңмен біраз жүрдің ғой. Сені «папа» деуші еді ғой. Әңгіме үстінде ауызыңнан тастамай отырасың, сол ағаң туралы бір естелік жазсаңшы, – деді Рәтбек. «Керемет болар еді!» деген сияқты қайрау сөзін де қосып қойды. Мен сәл бөгеліп барып : «Иә, жазам!» дедім.

Міне, содан, кешеден бергі бүкіл ойым Оспанхан ағам туралы. Адам ­деген қызық қой, мен де соның біреуімін, ағамен болған кейбір сәттерді есіме алып, қарадан қарап өксіп-өксіп алғандай болдым. Балконымда... Оспанхан ағаны алғаш көрген сәтім есімнен шықпас. Бұл 1984 жылдың күзі болар. Менің Алматыға алғаш бетбұрып, «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жаңа орналасқан кезім. Бір күні дәл түс кезінде тоғызыншы қабатқа лифтімен көтеріліп, есігінен шыға қалсам, фойе жақтан жуан-жуан дауыстар естіледі. Тарсыл-гүрсіл табан дыбыстары да бір жойқын. «Біреулер төбелесіп жатыр ма?» деп, жетіп барсам... өзіме көптен ­таныс Қажытай (Ілиясов) ағам мен шоң денелі қызыл мұрындалау бір дөкей аяқ сермесіп, қол сілтесіп жүр екен. Мен дереу бойымды жиып алып: «Оу, ағалар, бұларың не?» дедім. Жүрегім атойлап барады. Ішкі ойым – «Қажытай ағам мына дәуді жеңе алмай жүр екен ғой» деген намыскер пиғыл. Екеуі де қалт тұра қалды. Қажы ағам қолын сарт еткізіп: – Әй, Әукіш. Жақсы келдің. Міне, Оспанхан ағаң – осы! – деп, сұқ саусағымен дәуді нұсқады. Мұндай ғажап болар ма?! – Ассалаумағалейкум! – дедім әбігерленіп. Дәудің көздері жып-жылы екен. «Уәсәләм» дегендей ернін жыбырлатты. Қол алыстық.Саусақ­тары сондай ма, әлде, маған деген ықыласын білдіргені ме, қолымды қысып жіберердей болып еді, мен де сіресіп ұстасқан күйінде тұрып қалдым. Көптен бері көріспеген ағалы-інілердей көзімізбен аймаласып тұрмыз. Осы сәтте отты жанары жарқ-жұрқ еткен Қажы ағам: – Әй, кәрие, бұл – Әукіш, Әбубәкір Қайранов деген. Сенің ізбасарың! – деді. – Қалай? – деді Оспанхан аға осқырына қарап. – Кәриә, сен де осындай жап-жас кезіңде «Балдырғанда» істеуші едің. Міне, бұл да дәл осы қазір сенің орныңда. – Оу, әке... – деп алып, аға мені кеудесіне қысып құшақтады. – Әй, Оспантай, жүр. Бала жұмысына барсын, – деп, Қажы ағам төмен қарай құлдырай жөнелді. Жаңа ғана жүзбе-жүз танысқан Оспанхан ағам «Мен келем» деді де, балпаң ­басып төмен кетті. Біліп тұрмын, ­алтыншы қабаттағы «Ара» деген жорналға. Өйткені Қажы ағам сонда болатын. Жұмыс орныма барып, оң мен түстің арасындағы бір ойда отырмын. «Мен келемін» дегені несі? Қазір ме, кейін бе? Сол күні кешкі алтыға дейін отырдым. Келмеді... Екі-үш күннен кейін-ау деймін, кешігіңкіреп жұмысқа келсем, Еркін ағам (Нұразханов) біздің кабинетке кірді де: – Өй, Әбіш, келдің бе? Сені анау ағаң іздеп жүр ғой, – деді. – Кім? – дедім. Ұлы сатирик. Құраға, сіз айтпаған­сыз ба? – деп менімен бірге отыратын Құрманбай Толыбаев ағаға біртүрлі ренжігендей қарап еді, Құрағам бір мырс етті де: – Әй, балаға тиіспеңдер! – деп, қолын сермеді. Еркін аға бізбен бірге істейді, журналдың көркемдеуші редакторы. Ол кісі шығып кетісімен Құрекең маған көзілдірігінің үстінен қарап: – Әбубәкір, сен жұмыс кезінде көп кете берме. Өзіңе сақ бол. Бастық... ана Мұзағаң қатал, – деп сұқ саусағын ­шошайтып қойды. Мен қағазға шұқшиып отырдым да қалдым. Өзім осы орынға келгелі әкемдей сыйлайтын адамым – осы кісі. Проза бөлімінің меңгерушісі – Құрманбай ­Толыбаев. Көзінен мейірім төгілген қара шұбар шал. Жүрісі мен тұрысы қандай! Сөйлей қалса, дауысын көтермейді, жүре қалса, дыбысы білінбейді. Тұла бойы – тұнып тұрған тәрбие. Бір кезде есік шықыр етіп ашылып, маңдайы жарқыраған, бет-жүзі албыраған Оспанхан аға кіріп келді. Сол бір өңі әлі есімде. – О оу, папа! Келіпсің ғой! – деп маған қарай тұра ұмтылды. Мен де орнымнан атып тұрып, қолымды ала жүгірдім. – Отыр... Отыр, папа! Келіпсің ғой! – деп, мені орындығыма қарай икемдеп жіберді де, Құрекеңе қарап!: – Айтпағаңсың ба? Қажытайдамын дедім ғой, – деді. Құрманбай аға орындығына шалқая отырып: – Бала келгеніңді естіп отыр. Осы жаңа ғана Еркін де айтып кетті, – деді. Оспанхан аға өзінің зор дауысын бәсеңдеткендей болып, жаңағы Құрекең сияқты сұқ саусағын шошайтып: –Әй, әй, Толыбаев Құрманбай, басыңның бәрі бір маңдай, – деді. Құрекең рахаттана жымиып: – Сөйле, сатирик! – дегенде, мені күлкі қысып, басымды үстеліме қойып, ­жауырыным бүлкілдеді де отырды. Тіпті одан кейін не айтқандарын да ұға алмай қалдым. Тек Оспанхан аға «Папа, тұр!» дегенде ғана есімді жидым-ау деймін: – Оспанхан, сен баланы мазалама, – деді Құрекең. – Мұзаған, Мұзафар Әлімбаев ­орнында ма? Мен соның өзінен-ақ сұрап аламын! – деп, Оспанхан аға есікке қарай бұрылып еді, Құрекең: – Әй, тоқта. Бала барсын. Бірақ ішпесін.Ішсе, мұнда келмесін. Мұзағаңа «бір шаруамен кетті» дермін, – деді. Есіктен шыға салысымызбен-ақ Оспанхан аға білегімнен ұстай алып: – Сен осы әнеу күні Қажытай екеумізді төбелесіп жүр екен деп ойлап қалдың ғой деймін. Жоқ. Ол маған қытайша қағысуды үйретіп жүрген. – деп, қолымды босатып, иығымнан қағып қойды. Содан соң лифтіні нұсқады. – Төменге зырлай бер. Біз Қажытай екеуміз шығамыз, – деді. Мен сыртқа шығып, екі ағамды күтіп тұрдым. Ол кісілер шыққан соң, үшеуміз өте бір салтанатты түрде көк базарды кесіп өтіп, «Түркістан» қонақүйінің ресторанына келдік. Менің қалтамда Оспанхан ағам келіп қалса құр қалта болып қалмайын деп, сақтап жүрген он сомым бар еді, соның ресторанға отыруға жетпейтінін ойлап, арқа басым бір қызып, бір суыды. Абырой болғанда, ресторан әлі кісі қабылдамайды екен, қос ағам оған пысқырып та қарамастан, буфетке қарай бір-ақ тартты. Буфетші әйел бұл кісілерді жақсы таниды екен. Ұядай тып-тыныш орынға жайғаса қалдық. Қажы ағам: – Әсет Бейсеуов ағаңды білесің ғой, мына буфетші сол ағаңның үйіндегі жеңгең болады, – деп сырттай таныстырып қойды. Жеңгей бізге тіскебасарлар әкеліп, үстелімізге қойып жатқанда Оспанхан аға: – Мына кісі Әубәкір деген менің папам. Шөлдеп келе қалса, бетін қайтарма, – деп, мені аманаттап тапсырғаны тіпті жақсы болды. Осы аманаттың рахатын сан көрдім. Сол күні қазақтың екі атақты сықақшысымен екі-үш сағаттай қатар отырып, небір тамаша әңгімелерге қандым. Өзім де біраз көсіліп сөйлеп, Асқар Тоқмағамбетовтың «Желіккен жеңгей», Оспанхан ағаның «Екі қыздың әңгімесі» деген өлеңдерін келістіріп жатқа оқып, ағаларымды бір мәз қылып тастадым. Қажы ағам мені ақын ретінде біраз мақтап, маған қолқа салып, өзінің жанына жақын «Тарбағатай», «Қасқыр» деген өлеңдерімді оқытқызды. Сол шақтағы Оспанхан ағамның қатты еміреніп, маңдайымнан сүйгені ешқашан есімнен кетпес! Осы сәттерден кейін-ақ Оспанхан аға маған бүкіл жан дүниесімен назар аударғандай болып, тұрмыстық сауалдарын қоя бастады. – Келін бар ғой? – деп бастады әуелі. – Бар. Бір қызым екі ұлым бар (Ол кезде үшінші ұлым туған жоқ болатын). – О о, тамаша! Қыздың бары жақсы екен. Менде үш ұл, қыз жоқ, – деп, қыз баласының жоқтығы жанына батып жүргендей, күрсініңкіреп қойды. – Бұл ағаңның бәйбішесі жай сұлу емес, Нұрсұлу. Өзі әнші. Өзі нәзік. Соған қарамастан, үш ұл тауып берген Нұрсұлуға мың да бір рақмет айту ­керек қой, – деп Қажы ағам жеңгейдің денсаулығы үшін тост көтеріп жіберді. Оспанхан ағаның келесі бір ­сауалы «кітап шығардың ба?» болды. Мен сексенінші жылы, үшінші курста оқып жүргенімде «Бастау» сериясымен шығарғанымды айттым. Әңгіме желісі Оспанхан ағаның кейіннен шыққан «Қағаз қалпақ» деген кітабына қарай ауып, ол туралы біраз сөз болған соң, мен де қарап отырмайын деп, екі ағамды риза ету үшін, екеуінің де бірталай кітаптарының атын атап, санамалап тастадым. Мақтанған емес, мен ауылдағы кітапхананың ең тұрақты оқырманы болғам. Мәселен, Оспанхан Әубәкіровтың «Күлеміз ау», «Сиқыр», «Сүзеген сөз», «Ымды білесіз бе?» деген сияқты кітаптарын өзім оқып қана қоймай, кейбір әңгімелерін әке-шешеме дауыстап та оқып беретінмін. Амал қанша, қазір екеуі сөз етіп отырған «Қағаз қалпақ» деген кітабы қолыма түспепті (Сәл кейінірек, осы кітабы Қазақстан жазушылар одағының сыйлығын алған соң, сол қуанышты атап өттік). Осы тұста айта кетуім керек шығар, ең жақсы көретін сатиригі ретінде бүкіл қазақ халқы алақанына салған Оспанхан Әубәкіров көзі тірісінде үкімет тарапынан ешқандай сый-сияпат көрмепті. Мен осыған таңғаламын. Терең күрсінемін. Қайтыс болғаннан кейін де ардақты ердің атын паш ететін белгі-бедерлердің республика бойынша бет көрсетпей жатқаны да жасырын емес. Дегенмен, өзінің туған жері «Дегерестегі» мектепке аты берілді, осы ауылда, Ұзынағаш пен Қарақыстақта Оспанхан Әубәкіров атындағы көшелер бар-ау деймін. Данқы зор қаламгердің аты-жөнін ұрпақ есінде мәңгі қалдыру үшін көптеген істер атқарылуы ­керек екенін бірталай сатирик ақын-жазушылар – Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбеков сияқты дос-жарандары, артынан ерген інілері баспасөз бетінде айтудай айтты. Сол сөздердің көбі желге ұшып, жер құшып жатқанына да жаның ауырады. Тіпті маған кейде осы бір марқасқа ағамның аты ұмытылып кете ме деген жаман ой да келеді. Ескеріле бермесе, ер есімінің ел есінен алыстай беретіні рас емес пе?! Есіме Оспанхан ағамен тағы бір кездесуім түсіп отыр. Бұл кезде екеуміз бір-бірімізге тонның ішкі бауындай ­болып кеткенбіз. Мен ол кісіге «Оспа аға» деген ат қойып алғанмын. Алғаш осылай атаға­нымда, аға маған ожырая қарап: «Алла сақтасын, «оспа» деген қара ­шешек қой» деп алып, артынан күліп жіберген. «Өзіңізге ұнамаса, «Осаға» дей берейін» деп едім, «Жоқ, атай бер. «Оспа» деген осып түседі деген қазақ сөзі ғой. Ел не ойласа, соны ойласын» деген. Осы Оспа ағам екеуміз «Шахта» деген мәйханада отырғанда, мен желдей есіп, судай тасып кеткен болуым керек: «Лев Толстой: «Егер мен етікші болсам да, жақсы етікші болар едім» депті ғой. Сол сияқты мен де сатирик болсам да, жаман сатирик болмас едім!» деп, кеудемді керіңкіреп сөйледім. Оспа ағам маған жымия қарап: «Әй, папа, өз бойыңа біткен таза қанды поэзияң тұрғанда, қалжың-мылжың, сықақ-пықақты қайтесің. Одан да өлеңіңнің өрісін кеңейте бер» деді. Бұл сөзді өте салмақты түрде айтып отырғанын сезіп: «Ой, Оспа аға, мені шын айтып отыр ғой дейсіз бе? Әншейін, қалжыңым ғой» деп «шыр» ете түстім. Бір кездескенімізде Төлеген Айбергенов туралы әңгіме қозғалып, мен сол ақынның бірнеше өлеңін жатқа оқып бердім. Оспа ағам қатты риза болып: «Өзің де өлеңді Төлеген сияқты оқиды екенсің. Жалпы ұқсастықтарың бар» деген үлкен марапатын да білдірді. Өзім пір тұтқан ақыныма ұқсаңқырайтыныма онша сенбесем де, іштей масайрап-ақ қалдым. Оспа ағам сол жолы Төлеген ­Айбергенов туралы бірталай әңгімелерін айтты. Жас кездерінен дос болып, бірге жүргендерін, кейіннен Төлегеннің жұбайы Үрнисамен, балаларымен іргелес көрші тұрғанын, тұңғыш немересінің кіндік шешесі де Үрниса екендігін айтты. Бірге туғандай араласып кеткендерін де әсерленіп отырып әңгімелегені есімде. Сөз ауаны Мұқағали Мақатаевқа ауысқанда да, өзімнің арқаланып кететін әдетіммен, ол ақынның да екі-үш өлеңін жатқа соғып жібердім. Оспа ағаң мұныма да мәз болып еді, мен: «Мұқаңа да ұқсаймын ба?» деп едім, «Сен Төлегеннен гөрі Мұқағалиға қатты ұқсайсың» деп, әдетінен тыс қарқылдап күлді. Содан соң «Сен өзін бүкіл мықтыларды әдейі жаттап алғансың ғой деймін?» деп, маған біртүрлі сұқтана қарады. «Жоқ, – дедім мен, – мықты ақындардың күшті өлеңдері көкейімде өзінен-өзі жатталып қалады». Оспа ағам сол отырыста Мұқағали туралы да біраз уақыт сыр шертті. Сондағы менің бір байқағаным – екеуінің бір-біріне деген достық сезімдері ғана емес, тағдыр-талайлары да, өмірге, адамға деген көзқарастары да, тіпті шығармашылықтағы өздеріне қоятын талаптары да тым ұқсас сияқты. Дене бітімдері мен жүріс-тұрыстарының ұқсастықтары да әлдебір тылсым негіздестіктерін байқатып тұрғандай. Тыңдап отырсам, бұл Оспа ағам Шәмші Қалдаяқовпен, Нұрғиса Тілендиевпен де достық, шығар­ма­шылық қарым-қатынаста болған екен. Бұл ағамның сөзіне жазылған әндердің де бірталай екенін және олардың ел аузынан түспейтін тамаша әндер екендігін білетін болған соң, солардың шығу себептерінен де хабардар болып қалдым. Оспа ағам өзінің қалай үй алғаны ­туралы айтып отырып, ақын-жазушыларға арнайы берілген ақ үй мен сары үй туралы да, онда тұратын көршілерінің де қызық-қызық хикметтері туралы сыр шертті-ау! ­Сонда таңғалатыным, әңгімелеп отырған көрші ақын жазушылардың бір жаманы жоқ. Ылғи бір ерекше кейіпкерлер. Жалпы мен осы ағаммен бірнеше рет кезігіп, әңгімелесіп жүргенде, бір адамды жамандағанын естімеппін. Керісінше, әр әңгімелеген адамының ел байқай бермейтін бір тамаша тосын тұрпатын тілге тиек ете қоятын. Бірде мені өзі әңгімелеген «Ақ үйіне» ертіп кетпек те болды. Бірақ мен: «Отбасын көрсету ініден болуы керек. Сіздерді мен шақырамын» деп, бармай қалдым. Амал қанша, сол бір кездесуден кейін мен Оспа ағамды көргем жоқ. Көруге Құдай жазбады. 1986 жылдың көктемінде дүниеден озғаны туралы қаралы хабарды бір-ақ естідім. Осы қазір Оспанхан Әубәкіров деген қазақ халқының ұлы тұлғасы туралы аз ғана естелік мақала жазып отырғаныма рахаттанып отырғандаймын. Жасыратын несі бар, Оспанхан Әубәкіров пен оның замандастары және әріптестері болып саналатын азын-аулақ сықақшыларымыздан кейінгі қазіргі қазақ сатирасының қал-жағдайы күннен-күнге мүшкілденіп бара жатқан сияқты болып көрінеді. Егер сөз семсері сатира болса, сол семсердің жүзі мұқалып, жігері жасып қалған болса, қазақ деген тілмәр ұлттың қиып түсер қалжыңы мен удай ащы мысқылы, сауыр етіңді сыпырып алар сын-сықағы өз тағынан тая бастады деп ойлаймыз ба? Өз басым осы жанрмен айналысуға балақ түріп, білек сыбанып, өрттей өршіп өрекпіп жүрген бірде-бір жасты көрмеппін. Әрине, артық айтсам, сөз өзімдікі. Баяғы Оспанхан дәуіріндегі сан түрлі тақырыпта ­жазылып жататын сықақ өлеңдер мен әңгімелерді де, осы Оспанхан аға реңін кіргізген «Тамашаны» да түсімізде де көрмейтін болып барамыз. Алайда қазақ әдебиетіндегі Асқар Тоқмағамбетов алғаш көтерген сатира жанрының туы Оспанхан Әубәкіров кезіндегідей қайта желбірейтініне өзімді-өзім сендіре түскім келеді.

Әбубәкір Қайран

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы