• Әдебиет
  • 06 Тамыз, 2020

ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ЖАН ЕДІМ САҒЫ СЫНҒАН...

Шырын МАМАСЕРІКОВА

ЗЕРГЕР

Тас қашайтын маңдайынан ағып тер, Сен зергерсің сұлулықты дәріптер. Алты алаштың бар қызына, қарағым, Ай, жұлдызды алқа етіп тағып бер!

Безендірген бейнеттеніп құлын жыр, Білезікті бұлт шалмасын бұлыңғыр. Бал-бұл жанып таққан әйел шаттансын, Бақыт кілтін саусағына іліндір.

Ата-баба тәбәрігін құнды ғып, Арай шашсын өрнегінен күн шығып. Арулардың қиялындай ғажайып, Жүзіктерден жарқырасын нұрлы үміт.

Қасиеттеп кие тұтқан тұмарын, Қарындасқа білем сырға ұнарын. Қазағымның әшекейін жасаудан, Қалқам, Берік, тарқамасын құмарың.

Айшықтары табиғатпен тілдесіп, Домбыраның күмбірімен үндесіп. Ұлттық мұра болашаққа жол тартсын, Мәңгілік Ел керуенімен күн кешіп!..

ӨРЕН ЕР

Әділет дәні көктеп тұрса дейтін, Шындыққа билік басын бұрса дейтін. Қазақтың күре тамыр, қаны, жаны, Ана тіл патшалығын құрса дейтін.

Жұлдызын жарқыратқан тұғырынан, Жамбылдың үлгі алған ғұмырынан. Жұмабай Шаштайұлы – ұлт перзенті, Қанып ішкен ұлылар тұнығынан.

Рухани қазынаны арқалаған, Құмары көсем сөзге тарқамаған. Алтай мен Атыраудың арасында, Япыр-ау, дәл өзіңдей бар ма адам?!

Әр гүлін туған жердің аялайтын, Жайқалған бәйтерегін саялайтын. Жампозсың жас шыбықтар көгерсін деп, Жылуын жүрегінің аямайтын.

Шын тұлпар жүйріктігін жасыра алмас, Жарқырар қараңғыда асыл алмас. Өнердің бұлағынан шөл қандырмай, Өрен ер ешқашан да басыла алмас...

ТАБИҒАТ ПЕРЗЕНТТЕРІ

Аспанда ұшқан қарлығаш та, кептер де, «Сабыр сақта!» дейді ағаштар, шөптер де. Табиғаттың перзенттері аңдар да, Үнсіз тұрар нөсер жаңбыр төккенде.

Сары аяздың аппақ қары маужырап, Көктемдегі қызғалдақ та жаудырап. Жаратылыс тыныштығын бұзбайды, Жел соқса да жапырақтар қалтырап.

Тау мен дала елестетер жайсаңды, Сырға берік Ай мен Күн де ой салды. Ең ақыры кіп-кішкентай құмырсқа, Кеңес берді бол деп маған байсалды:

– Неге осынша жөн-жосықсыз шулайсың, Бүлік іздеп буырқанып тулайсың. Ауызыңмен алаулаған от құсып, Шындық үшін көзді жасқа булайсың. Жолыққанда қиянатпен бетпе-бет, Ашуланып аласұрмай аттап өт. Ант ұрғанның адымдары бір тұтам, Құлайды өзі-ақ аяқтары көктен кеп!..

Р.S. Ал мен мұны құлағыма ілмеймін, Дауласудан басқа жолды білмеймін. Арашалап ақиқатты жаладан Аямаймын... алаяқты тілдеймін!..

АНА ТІЛЕГІ

Жұрт ішінде салмағы аз қауырсыннан Жалғыздықтан жан едім сағы сынған. Жалғағандай үзілген үмітімді, Апалаған айналдым дауысыңнан.

Тыңдап едің сөзімді зейін салып, Марқайдым мен көзіңнен мейір танып. Өз ұлымды көргендей болдым сонда, Қайғы жұтқан күндерім кейін қалып.

Ол да сендей еркелеп назданатын, Әзіліне бұртисам мәз болатын. Алдадым деп құшақтап сүйген шақта, Төбем көкке жетуге аз қалатын.

Ол да сендей намыс пен ар ойлаған, Жығылғанға қол созып қарайлаған. Отаным деп от кешкен перзент еді, Жүрген жерін жарық қып арайлаған.

Елестеткен баламның нар тұлғасын, Жалын атқан жанарың жарқылдасын. Жаратқаннан тілеймін күндіз-түні, Тағдыр сенің жолыңды тар қылмасын.

Қиындықтар жолықса жасымағын, Жеңістерге жеткенде тасымағын. Бәле-жала, тіл-көзден аман болып, Құлпырса екен, құлыным, жасыл бағың!..

СӨЗ АТАСЫ

Ақыл-ой мен парасаттың пырағы, Алау сезім асыл сөздің шырағы. Мақал-мәтел – бай мұрасы халықтың, Даналықтың қайнар көзі, бұлағы.

Сан ғасырдың бұрымынан өрілген, Сырын шертер көне тарих төрінен. Таңғажайып нақылынан бабамның, Тіршілігі, салт-дәстүрі көрінген.

Зіл батпандай зар заманда шөкпеген, Зерек зерде көкірегінде көктеген. Мақал-мәтел мұз көңілді жылытар, Мәңгі шуақ шашатұғын от дер ем!

Өткір тілмен өрнектелген өсиет – Өнегелі тағлым берер қасиет. Ойы шолақ, ісі олақ пенденің, Оянбаса жан қуаты – қасірет.

Ботақаным, болғың келсе мерейлі, Мақалды сүй! Баба рухы жебейді. Қасиетті қанатты сөз дұғасын, Жүрекке түй, тар кезеңде демейді.

Шаң шалдырмай мөлдіреген тұныққа, Шоқтығы асқан ғибраттарды ұлықта. Сөз атасы мақалдар мен мәтелдер Бақ пен Құттың кілті екенін ұмытпа!!!

ГОБЕЛЕНШІ (ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бәтимә Зәуірбековаға)

Сұлулық құпиясын жүрген ашып, Талантты суретші едің Күнге ғашық. Тың сүрлеу, соқпақ салдың гобеленмен, Сүйріктей саусақтарың сәуле шашып.

Дәстүрдің ән мен күйі төгілетін, Әр жібі махаббатпен өрілетін. Алаша, басқұрындай қазағымның, Ұлттық рух нақышынан көрінетін.

Батыстан алып келген гобеленің, Тер төккен төзімдіге тән екенін. Таныттың төрге ілетін сый кілемше, Тұрмыстың заманауи сәні екенін.

Тірліктің шуақ шашқан әр саласы: «Жайлауда», «Көктем», «Ана-Жер анасы». Көз тоймас «Қошқар мүйіз» өрнегіне, Ақиқат құштарлығың тарқамасы.

Туған жер топырағына сүйсінгенің, Тарихтың тереңдігін түйсінгенің. Сиқырлы бояуларың жеткізіп тұр, Бабамның шаттанғанын, күрсінгенін.

От кешіп, қар құшса да жас шағынан, Оянды сан мың арман саусағынан. Өнеге жұлдыздарын жарқыратқан, Өнерін дала аңсап, тау сағынған.

Бұрқанған өмір-өзен ұлы ағыста, Бөлеген көрерменін қуанышқа, Франция, Америка, Қытайға асып, Сапарлап суреттерің жүр алыста.

Беретін балқаймағын, тәуір асын, Бүбіхан анаңды сен сағынасың. Баулыған қолөнерге шешеңді ойлап, Жанарға мұң маржанын тағынасың.

Төрт бөліп түн ұйқыңды таң атырған, Көрінер гобеленнен дара тұлғаң. Бал тамған бармағынан дана қызсың, Бағына халқымыздың жаратылған!!!

 

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы