• Әдебиет
  • 06 Тамыз, 2020

Нұрға малып қанатын ұшса деймін...

Бақытжан РАЙЫСОВА

МЕНІҢ ЖОЛЫМ

Бесігімді тербеттім бір қолдағы, Жырымды халық дейтін пір қолдады. Еселеп мен байлыққа батқаным жоқ, Есесіне жүрегім құл болмады.

Еңкейіп мен атқардым адал істі, Бас көтертпей тұрса да алаң ішкі. Азаттығы әркімнің кісенделмей, Еркімен өмір сүйген адам күшті.

Жұмақтың кілтін сақтап табанымда, Жүріп өттім ақ жолын ананың да. Әлемнің жарығының сыйы шығар Бір түйір бұлт қалмаса қабағымда.

ЖҰМАҚ

Кері итеріп не оздырып уақытты, Жан өмірге келгенімен бақытты. Ұлы өнерді сата алмайтын ешқашан Төксе дағы алтын, гауһар, жақұтты.

Өмір қатал, зар шегеді шерменде, Мен жұмаққа барсам дейді өлгенде. Жылап тұрып, жұмақ санар тірлікті, Күллі өмірдің әділеті бар менде.

Таң атпаса қара жерге құлап түн, Несі қызық күресі жоқ жұмақтың. Қобыз сарын қосылмаса не болар, Қаңбағына мұң оралған қыраттың.

Сыңсып өскен жүзімнен дәм татарсың, Өне бойы тәтті ұйқыға батарсың. Жұмақтан да жалығарсың бір күні Бақпен бірге келмесе егер қатар сын.

Мың-миллион раушан гүлдің жамалы, Көкжал толқын күнде сүйген жағаны. Бұл фәниді жұмақ демей не дейсің, Күнәдан пәк сәби есік қағады.

Көк төрінде қатар жүзген Күн, Айы, Қыран ойы, шексіз және қиялы, Бір ғұмырға бір жұлдыздан келетін Маған жайлы осы дүние жұмағы.

ҚОС МҮЙІЗДІ ЖҮРЕК

Шыдай-шыдай төзім тілге таянды-ай, Осы күнге қалай келгем оянбай. Тас ғасырдан соғып келген елжіреп, Жүрек бізді тастап кетті, ой, Алла-ай...

Жігіт көңілі қыздан ауып басқаға, Әсіреқызыл бір сұмдықты бастады, ә?! Қарбыздай ғып езіп алған жүрегін, Қыздың қызға ғашық әні – масқара.

Әкім біткен сөмке жасап қарыннан, Тіліп-тіліп теңге істеді жанымнан. Аумай қалды билік ескі сарыннан, Ақиқаттың барар жері тарылған.

Дүниеге құл болғаны мықтының – Дүниемен бір болғаны мықтының. Жаңа қазақ күтіп тұрды тік тұрып, Алау емес ақша уыстап шықты күн.

Полиция мұртпен бағып барлығын, Ұрылардан алып тұрды айлығын. Ең соңғы рет алақанын жайды мұң, – Ұят өлді құшағында қайғының.

Қалай ғана тез ериміз, қар аға?! Қалай ғана тез ереміз жалаға. Құпияда жүгінеміз санаға Қапияда «жүгіреміз молаға...».

Сөз бен істің арасы бар айшылық, Бірін-бірі күндемейді қайшылық. «Иә»-нің басын сипап тұрды «жоқ» келіп, Бүкірейіп қатып алды таршылық.

Ғайып болды ана тілдің өрнегі, Ғарышқа ұшып, таққа отырып көрмеді. Тілі – қазақ, құлағы – орыс халықтың Көкжиек боп жеткізбеді сенгені...

Ескендірді еске салып біртүрлі, Қайта оралып тән патшасы сілкінді. Сол жүрекке пайда болды қос мүйіз Енді бір сәт тыярмысың күлкіңді ?!

Дұшпаны көп жалғыз жүрек бұлқынды, Көздің жасы, үйіресің бұлтыңды. Шыдай-шыдай қос мүйізге айналған Сеземісің кеудеңдегі титімді?!

ҚАРА ҰШАҚ

Темірге емес, терсекке салып, Көкке адам ұшырған қамсыздық. Қарынбай қалдан арылмай, Тәңір алдында да теңге аяған арсыздық.

Көздей тесіктен көлдей суық кірер, Иненің жасуындай қателік жарға соғар, Ау, бұл неғылған бітпейтін «Ай, қаб-ай!», Аңқау жұрт тағы да қырылды «байқамай».

Өлмей жатып, жаназа шығарған надандық, Сақтансаң сақтайтын ақиқат бар ғаламдық. Дүбәрә, сілікпесі шыққан көлікке Қойдай қамалған қаймана өлік пе?

Тышқан тескен Нұқ пайғамбар кемесі, Біздің елге толып кетті неге осы? Көзді жұмып заулата ма тағы да Жан ұшырар қара ұшақты келесі?

КӨК МҰЗДЫҢ ҚҰЙРЫҒЫ

Бәрі де болады өмірде, Жаңалық тез тозар шүберек. Көз емес жас толар көңілге Не жаздым, бұл жұртқа не керек?

Бәрі де болады өмірде, Жақсылық жоғалар құс ғайып... Құрт түсіп айнымас сенімге Көк мұздың құйрығын ұстайық.

Бәрі де болады өмірде, Бұқтырма қайтпайды жолынан. Айналып кетсем деп темірге Сұм жүрек су ішті сорынан.

Махаббат күнәлі екен деп, Аққу да қанатын қайырды. Асқардан айламен өтем деп, Қыранның жүрегі жарылды...

Адамдар адасқан күре жол Сүртіп ап жатыр-ау ізіңді, Тиянақ екенін біле ме ол? Тау қалғып тастары мүжілді.

Ішкені айран-ау, ақ көксеп, Тарығып, жанығып терледі. Дуалдан соқтырып жатқан шеп, Көршісін көргісі келмеді.

*** Көзіммен сүйіп даламды, Көрге де себем өнеге. Тауым да, өзен, көлім де Мінгендей алып кемеге, Шалқыдық сонша, о неге?

Жапырақ жайған айдын бұл Көгілдір күмбез көмбеге, Ақ шәйі бұлтта айбын жүр, Тұлпарға тізгін бермеген. Жұмбақсың, дүние, сен неге?

Зымыран уақыт желқанат, Жұлдызға бас ій жойдасыз, Ғұмырдың өзі сорғалап, Сарқылар соңы пайдасыз. Тәңірім, сонда, қайдасыз?

Жалынып, сұрап, боздаған Жылаңқы, майда дауыстар. Бағынбас менің боз далам Көмілген кілең барыстар. Айналған жаны Арыстар... Сүйінген, сенген, іңкәрім, Сүюден болған айыбың, Жарқ ете түскен сезіммен, Көзімнен ұшқан жарығым, Аспаннан алған тамырын. Жасамай жанның қабірін...

АНА ТІЛІМ

Ана тілім, Күлкісіндей кермарал кең даланың, Күміс үнін естіген мен ғанамын... Нұрға малып қанатын ұшса деймін, Ана тілді ойынан ел дананың.

Ана тілім, Аспандар деп айбының елеңдеймін, Тірі жүрген мен де бір төбеңдеймін. Екі иығын жұлып жер бақсылардай Жаралы жүректі емес, сені емдеймін.

Сен менің бірге туған бауыр мұңым, Неге түсе береді ауырлығың? Жауға сатып сыртыңнан оқ атқандар Сені жұтып қып жатыр жайындығын.

Бөтен сөзбен былғанған айғыз-айғыз Қазақ тілі, әлемді естен танғыз. Қушиып құр сүлдері қалған тілді Әзірше жоқтап жүр ғой өңшең жалғыз... *** ...Несіне келгенбіз өмірге, Бардан жоқ болмағың келеді көңілге, Қайыңнан жәудіреп құлайды тамшылар, Қар емес, қалың ой, кез бар ма аршылар?

...Мен сонда, аптығып мансапты іздеуім керек пе, Бір сәттік көктемдей жабысқан терекке, Қара түп – қазанға кететін жарық бір күн үшін, Несіне өртенем, Осынша өбектеп?

Алдымен көріп ап түсімде, Наразы немесе бейкүнә пішінде Маңдайдың жазуын дауыстап оқуым керек пе, Жалғасу не жалғану үшін де?

Мен болып жаралғам мен неге, Қабылдап дыбысты, бейнені көрмеген. Сүйініп досыма, ой ұйып басыма, Айналып тұрады Неге ылғи Жер менен?

Көздерің жұмылса, аян болғаны, болмыстың жалғаны. Үзілмес ақыл- ой ... салмағы – адамзат талғауы, Соңғы дем үзіліп, таусылса қайраны, Назбедеу дәуреннің басталар самғауы...

Келеді, келеді, Ар-ұят алдында арылған жандардың жап-жаңа арманы. Жай басып келеді, жеткізер сол күнге Ешқашан, ешкімнің кері қайтпайтын жолдары...

АБАЙҒА Немесе өткен ғасырмен сырласу

Өткен ғасыр... үн келеді алыстан, Қоңыраулатып, құлын-тайы жарысқан. Үн қатады даналықтың тілімен, Бабам менің мыңмен жалғыз алысқан.

Сол ғасырмен тілдесемін, сөйлеймін, Саф ауаға, мөлдір суға шөлдеймін. Еркін ойдың қанаттары қағылған, Абай туған алтын ғасыр сен деймін.

Еркіндіктің кереметін сезінем, Босана алмай қатал уақыт тезінен. Біз асырып айта алдық па жалғыз сөз Бір ғасырда бір Абайдың сөзінен?!

Ұлы дала, ұлы баба, ұлы адам, Қалай жазсаң жарасады жыр оған. Қанды жасын төгіп тұрып жүректің, Тәңіріден халық жайын сұраған.

1059 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы