• Тарих
  • 06 Тамыз, 2020

СУЛЫ ӨЛКЕГЕ ЕЛІН ҚОНДЫРҒАН...

Елінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қылмыссыз қоғамдық ортаны қалыптастыруда күш-жігерін аямай, өлшеусіз қызмет сіңірген Қойбек би Мыңбасұлы 1830 жылдары Меркі өңірінде туып, қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Дәубаба, кезінде Қойбек би деп аталған елді мекенде 1910 жылдары дүние салған. Есімі Жетісу, Әулиеата, Ташкент, Сырдария аймағына белгілі, ел басқарған беделді би болған. Заманында дау-дамай, талас-тартыс, жесір, жер, мал дауы, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылыққа байланысты насырға шапқан істер Қойбек бидің алдынан оң шешімін таппай қайтпайды екен. Қойбек би сұңғақ бойлы, нар тұлғалы, ірі денелі, жанары өткір, кескін-келбеті келісті әрі сауатты кісі болған деседі. Қойбек би Мыңбасұлы жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күреске белсене қатысқан. Абылай ханның төңірегіне топтасқан қолбасшылары мен батырларының бірі, әрі елшісі, әрі биі болған атақты Жауғаш Қырбасұлы шыққан Қоралас елінен екен. Қойбек биді жастайынан әкесі Мыңбасы ел билеу ісіне араластырып, өмірге ерте баулып, қанатын қатайтып, билік, төрелік айтуға қатыстырып отырады.

Әкесі Мыңбасы да, ержете келе Қойбек бидің де өзі үнемі көшіп-қонып жүретін тіршіліктің бір-ақ жұттық екенін терең ұғынады, елді егін салып, бау-бақша егіп, жерді игеруге қарай бейімдемесе болмайтынына көзі жетеді, отырықшы тіршілікке бет бұруды басты мұрат тұтады. «Байлықтың атасы – жер, анасы – су. Жер – игерген елдікі, осы кезге дейін көктемде – көктеуге, жазда – жайлауға, күзде – күзеуге, қыста – қыстауға жыл тоқсанға қарай көшіп-қонып, сайда санымыз, құмда ізіміз қалып келгені де жетер. Кейінгі ұрпаққа айтқан сөзіміз бен аманатымыз ғана емес, өнегелі, өрісті істеріміздің де қалғаны абзал ғой» деген екен ағайындарының басын қосып. Елді Меркі, Шудан Майлыкент өңіріне көшіріп, өсер еліміздің өрісін кеңейтейік деген ұйғарымға Мыңбасының өзі де, сөзі де түрткі болады. «Жері құнарлы, шөбі шүйгін, жайлау десең ала жаздай малды өріске еркін айдап салып жататын, суы мол, жері құйқалы, тауы аршалы, шатқалдары мен беткейі ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс, бадалды екен, арық мал майға бөгіп, ауру мал оңалатын жұпар шашқан қасиетті жер екен» деп Дәубаба алқабын жайлапты. Дәубаба биік таулы аймақ еді. Оның шығысын Ақсу-Жабағылы, Иірсу алып жатса, күнгейінде – Ұзынмашат, Дәубаба, етегінде Келтемашат өзені жердің төсін тіліп ағып жатқан мына байтақ, меңіреу, мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген жерге су шығарып егін салу, халықты диқаншылық кәсіпке үйрету мәселесі Мыңбасыны да, Қойбек биді де, ағайын бауырларын да күні-түні толғандырады, бұл ой бидің басты мұрат-арманына, мақсат-мүддесіне айналады. Сай табанын қуалай тастан-тасқа соғылып, шатқал-шатқалдың араларымен атам заманнан бермен гүрілдей ағып, айдаһардай мың бұралған асау Дәубаба өзенін қалай болғанда да жоғарғы жағынан буып, бөгеп, таудың тастақты беткейлерінің етегін ала отырып, арық қазып, арнасын біртіндеп кеңейтіп, жотаға шығару – арманға айналған мақсат болады. Бұл іс өте күрделі, күрмеуі қиын мәселе еді. Ғасырлар бойы ағысының арна қалпын өзгертпей таудан тастан-тасқа көбігін шаша екпіндей құлай аққан мына асау өзенді бұрын-соңды ешкімнің ойына да келмеген биік жоталы қыратқа қарай арна тартып, одан әрі сай-салалы бірде тегіс, бірде еңіс болып, жазиралы алқапқа ұласып керіліп, созыла жатқан төскейге шығару аса қиын, әрі адам жүрегі дауаламайтын да күрделі іс көрінетін. Жоталы жерге су шықса, қырқа қыраттардың, беткей-беткейлердің, тақтайдай тегіс болып келетін жердің тұтастай егістікке айналып кетеріне жұрттың бәрінің де күмәні жоқ еді. Күмән, күдік Дәубаба өзенінің арнасын өзгертіп, қырға шығара аламыз ба, соған қауқарымыз, шама-шарқымыз, күшіміз жете ме деген мәселеге келіп тіреле берген-ді. Қойбек биді де, ел ағалары мен ақсақалдарды да қатты ойландырып-толғандырған мәселе еді. Таулы жерде ғасырлар бойы табиғи арнасымен мың бұрала екпіндей ағып жатқан мол сулы Дәубаба өзеніне бұғалық салып, қырға, Ақсай жотасына қарай шығару білек күшімен ғана атқарылатын ауыр жұмыс болмақ. Бүгінгідей техника: трактор, эксковатор, машина деген атымен де, затымен де жоқ заманда мұндай нар тәуекелге қарулы жігіттердің білек күшіне сеніп қана баруға болатын. Өгіз жеккен соқамен қазылатын арықтың арнасына ғана түрен салғанмен, әрі қарай тастақты тік беткейлермен арық қазуға аттың да, түйенің де күшін пайдалана алмайсыз. Негізгі әрі басты жұмыс қол күшімен ғана атқарылмақ, басқа мүмкіндік те, амал-айла да жоқ. Тегістеу жерде емес, таулы, тастақты, қыр-қыратты, бел-белесті, дөңді жерлермен арық қазу, әрине, екінің бірі бара бермейтін шаруа екені айқын еді. Қазылар арықтың жүрер жолында тегіс жер жоқ: тасты тік беткей, одан тасты сай-сала иіндері созылып жатады. Би бабамыз арық қазуға кірісер алдында ел-жұртты жиып ең ауыр да жауапты міндетті қалай атқару жөнінде мәслихат өткізіп ақылдасыпты. Жұрт бірден Қойбек бидің ортаға салған ойын мақұлдап, қоштай қоймапты, сондағы себебі таулы жермен су шығару оңай шаруа емес, арық қазатын күш те, әлеует те жоқ, мүмкіндік аз, қол қысқа, бұған дейін де екі рет су шығаруға әрекет жа­салынды, бірақ сәтсіз аяқталды дескен. Екінші пікір: су таулы жерге оңайлық­пен шыға қоймасы анық, ақылға қайратты серік етіп жердің жатысын, бедерін, ыңғайын білетін арық қазып, су шығарып жүрген адамдарды істі білетін мұрап­тарды алдырайық, барлық күш-жігерді жұ­мылдырайық, біріміз қалмай атсалысайық депті. Дегенмен, Қойбек биді Дәубаба өзенінің арнасын бұрып, дөң-дөңесті, беткей-беткейлі, жота-жоталы жерлермен арық қазып, су шығару ісін іске асыра аламыз ба, әлде бос әурешілікке тап болып қаламыз ба деген күдік толғандырды. Су шығара алмаған жағдайда босқа арам тер болып қалмаймыз ба деген сұрақ та бар. Бұлақ суы емес, тұтас арынды өзенді бөгеп, мол суды арық арнасының ені төрт-бес метр, тереңдігі екі-үш метр, кей жерлері одан да тереңірек етіп қазылатын арықпен бірте-бірте таулы жерде көлбей тартылатын арнамен көтеру оп-оңай шаруа еместігі бесенеден белгілі еді. Содан Қойбек би қасына атқосшы­лары және кеңесшілерін алып, Оңтүстік өңірін, Әулиеата, Жетісу жерін аралап, ондағы арық құрылыстарымен танысып шығыпты, талай-талай білгір кісілермен, мұраптармен пікір алысып сөйлесіп, тәжірибелеріне қанығыпты деседі ел аузындағы әңгімеде. Мықты-мықты деген мұраптарды алдырып, арықтың қазылатын жаңа арнасын анықтап, жобасын жасайды. Сөйтіп, тоған салып, арық қазып ысылған азаматтарды жұмылдыра отырып Дәубаба өзенін бұрынғы арнасынан бұрып, шатқалды жерлермен арық қаздыруды ақыры қолға алып, іске бел шеше кірісу керек деген нық шешімге келеді. Сөйтіп, екі жүзден аса белді де, білекті, мығым жігіттерді, білгір мұраптарды, шеншілерді жұмылдырып, арық қазу жұмысын ерте көктемде бастауды ұйғарыпты. Жан-жануарлардың да тұяғы тимеген шатқалды жерлерге керкінің, қайланың, кетпеннің тісі тиіп, даланың бұрынғы баяу, бұйығы тым-тырыс тіршілігі еңбек майданына айналыпты, жер жырту, арық жүргізу қай заманда да қиын, мехнаты мен азабы да ауыр жұмыс болатын. Мына арық құрылысы бітсе, көшпелі өмірге өзгеріс енері, ел енді жаңа шаруашылыққа бейімделетіні мәлім. Егін егіп, диқаншылық кәсіпті игеретін болады. Ел тіршілігіне жаңа шаруашылық, кәсіп енбек. Қыр төсіне келетін жаңалық осы еді. Ел-жұрт осыған қуанды. Шамасы келгеннің бәрі де мына құрылыс жұмысынан шет қалмапты, көмектесуге тырысыпты. Арық қазып, тоған салып, тоспа жасап, суармалы жерлерге су шығару арқылы ел-жұрт жаппай жаңа кәсіпті игеретін болады. Қойбек би бабамыз арық суын ел игілігіне толық пайдалану жайын да барынша жан-жақты ойластырған екен. Би бабамыз нық сеніммен қолға алып, қаздырған арық Оңтүстік өңірінде кездеспейді. Себебі жер жағдайы таулы аймақтың мүлде бөлек, табиғи жаратылысы да өзгеше, жер рельефі мен бедері, жердің жатысы да айрықша. Таулы аймақ – мал жайылымына қо­лайлы, шөбі шүйгін, ала жаздан күзге дейін, тіпті күздің соңғы айларына дейін түгі көкпеңбек болып жайқалып тұра­тын өңір. Міне, осындай ғасырлар бойы өзге­ріссіз қалыпта келе жатқан өңірдің бейқұт төсіне арық жүргізіп дүбірлі тіршілікке, қайнаған еңбек көрігіне айналдырыпты. Қойбек би таулы жерде су арындап ағуы үшін ені 3-4 метр, тереңдігі 2-3 метр арықтың табанын үшкіл, яғни үшкіл бұрыш – конус пішінді етіп қаздыртыпты. Арықтың табаны жалпақ болса, су ағысы баяулайды, ал табаны үшкіл етіп қазылса, су жылдамырақ ағады, үйкеліс те азаяды. Қойбек би қаздырған арық Қоралас арығы аталынып кеткен, бұл арық шын мәнінде күрделі ирригациялық құрылыс, жаңа шешіммен жасалынған егістік жерлерді толықтай пайдаланудың жүйесі іспетті. Сол заманның өзінде суаруға келмейтін бірнеше жүздеген гектар беткейлі жерлер тұтастай егін егуге, бау-бақша өсіруге лайықтап тақта-тақтаға бөлініпті. Дәубаба өзенінің суын барынша тиімді пайдаланудың жолдары да осылайша қарастырылған екен. Қоралас арығын қазуға қарулы, білекті, мығым, атпал азаматтар, екі жүз-үш жүз шақты жас жігіттер де жұмысқа атсалысыпты. Жұмыс күші – арық қазушылар саны одан да көбейіп отырыпты. Осыншама азаматтың еңбекақысын, ішіп-жейтін тамағын, киім-кешегін, құрал-саймандарына дейін қамтамасыз етіп отыру жұмысын Қойбек би бабамыз өз міндетіне алған екен. Жұмысшылардың күрек, кетпені, қайласы мен керкісі сынып қалған жағдайда жөндеп отыратын ұстаханалар ұйымдастырған: онда ұстаханашы, ағаш шеберлері жұмыс істеп, дер кезінде құрал-саймандарды жөндеп, қайрап беріп отырған. Қойбек бидің шебер ұйымдасты­рушылық қабілеті мен елді соңына ерте білетін ерекше қасиетінің арқасында адам айтса нанғысыз аса күрделі ирригациялық құрылыс – Қоралас арығы ойлағаннан да артық, жобалағаннан жоғары деңгейде қазылып, іске қосылыпты. Қазақ жерінде өте сирек кездесетін Қоралас арығының ел игілігіне берілуі өңір тарихында бұрын-соңды болмаған оқиғаға айналады. Оның би ретінде де беделі содан бұрынғыдан да арта түседі. Қойбек бидің ауылынанбыз дейтін жолаушыларды да содан ел құрметтеп, қарсы алып отырады екен. Қойбек би сауын айтып жинаған төрт жүзден астам шаңырақты Дәубаба өңіріне, Қоралас арығы бойына қоныстандырады. Ел жаппай қам кірпіштен іргесін тастан қа­лап үй тұрғызады. Қыр төсінде жағалай қо­ныстанған ауылдар пайда бола бастайды. Қоралас арығы қазылып біткен кезде мыңдаған гектар алқап суармалы жерге айналып, бидай, тары, қонақ, жүгері, үш-төрт рет орып алатын жоңышқа егіледі. Елін азық-түлікпен, дәнді дақылдармен қамтамасыз етуді басты мақсат еткен би бабамыз үлкен жұмысты бастапты. Ең алдымен сусыз жатқан жерге су шығарылады, жеміс-жидек, бау-бақша, алма, шие, қара өрік, жүзім, қарбыз, пияз, сәбіз және т.б. егіледі, сөйтіп бүгінгі тілмен айтқанда, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіпті. Осылайша, түгіне түрен түспеген, төскейі тілгіленіп арықтар қазылмаған, баурайы мен беткейіне бау-бақша, тал-терек егілмеген аймақ Қойбек би қаздырған арықтың арқасында гүлдей жайнаған үлкен аумақты алып жатқан елді мекенге айналыпты. Ұзындығы отыз шақырымға созылған арық бойындағы су шығарылған жердің түгелге жуығы игеріліп, ел қамба-қамба астыққа, жеміс-жидекке, бау-бақша өнімдеріне кенеледі. Елдің күн көрісі де жақсара түседі, азық-түлікке деген тәуелділіктен арылады. Су жайылған сай-саладан бітік шыққан шөп орылып, малдың қыстық жем-шөбі де молығады. Дала төсі күзде астық бастыратын қырманға айналды. Таулы жерге қыста қар қалың жауса, көктемде жауын-шашын мол түседі, оның үстіне арықтан су ішкен алқаптан мол өнім алынады. Ата-бабаларымыздан, көне көз қариялардан жеткен әңгімелерде Дәубаба арығын қаздырып, қырға, қыратты, дөң-дөңесті, биік беткейлі жоталарға арна тартып, арық құрылысын қолға алып ұйымдастырған кісі – қазақтың қабырғалы, соқталы билерінің бірі Қойбек би Мыңбасұлы болатын. Қойбек би немесе Қоралас арығы, Қойбек би шарбағы (терассалы жерлер) деген жер аттарының сақталынып қалуының өзі күні бүгінге дейін Қойбек би еңбегінің тарихи куәсіндей. Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Дәубаба өңіріндегі бір елді мекен аты, Қойбек бидің сүйегі жатқан шағын ауыл кезінде Қойбек би ауылы деп аталатын. Кеңес үкіметі жылдары бұл атау «Кончасть» деп өзгертіліп, бөлімше осылай аталып келді. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңде аттары ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғалар есімі халыққа қайта оралды. 1991 жылға дейін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би аттары да атала бермейтін, оларды бұқара халық білмейтін. Тәуелсіздік алғаннан кейін барып қана белгісіз болып келген би-шешендеріміздің, хандарымыз бен батырларымыздың есімдері елімізбен қайта қауышты. Қойбек бидің есімін де ел біле бермейтін, себебі айтылмады, кеңестік идеология жол бермеді. Алғаш рет Н.Төреқұлов пен М.Қазбековтың «Қазақтың би-шешендері» (1993), Н.Төреқұловтың «Қазақтың 100 би-шешені» деген кітаптарында Қойбек би туралы мәлімет енгізіліпті. Сонымен қатар мемлекет қайраткері, заңгер М.Нәрікбаевтың «Ұлы билерімізден Жоғарғы сотқа дейін» (1999) атты еңбегінде Қойбек биге тоқталған. Қойбек би туралы физика-математика ғылымының докторы, профессор С.Ерматов, өлкетанушы геолог М.Серікбаев, белгілі жазушы С.Ақтаевтың еңбектері жарияланды, аудандық, облыстық газеттерде арнайы мақалалар жарық көрді. Жақында Қойбек би Мыңбасұлы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек басылымдар қорынан тағы да бір тың дерек табылып, биге қатысты бұрын-соңды белгісіз, беймәлім мәліметтер қолымызға тиді. Қойбек би туралы бұрын айтылып, жазылып келе жатқан мәлімет, деректерді сол жазба мұрағат материалы, нақтылай түсіп, бұлтарыссыз айғақтайды екен. Қойбек биге қатысты құнды мағлұмат қағазға хатталып, жазба дерек көздеріне революцияға дейін-ақ енгізіліпті. Би бабамыз ел есінде билік ету, ел арасының ынтымағын, ауызбіршілігін арттыруға, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға күш-жігерін жұмсаған тұлға. Ол халықтың тұрмысын жақсарту, төрт түлікті өсіріп, көбейту, ха­лықты отырықшылыққа бет бұрғызып, егін егіп, елін азық-түлікпен, дәнді дақылдармен қамтамасыз етуді мұрат етті. ХІХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында арық бойын жағалай ел қонған жұрттың іргетасы күні бүгінге дейін ұшырасады. Қойбек би қаздырған Қоралас арығы жүз жылдан аса уақыт бойы елге, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қажетіне барынша қызмет етіп келді. Ел-жұрт жайылымнан да, астықтан да, судан да тарықпады. Молшылыққа, дәулетке кенелді, күзде қамба-қамба астық алды. Қоралас ары­ғының бойына тал-терек, қарағаш, тіпті арша да отырғызылыпты. Жаппай қоныстанып, байтақ далада берекелі тіршілік кешкен халық Кеңес үкіметі тұсында Киров каналын (Оңтүстіктегі ең ірі канал) қаздыруға жаппай көшірілді. Қойбек би қаздырған арық төрт буын ұрпақтың байтақ қонысы болды. Ел күштеп көшірілгеннен кейін Қоралас арығымен ағып жатқан Дәубаба өзені енді бастапқы арнасына қайта құлады. Қойбек би суландырған мыңдаған гектар жер жайылымға, жаңбыр суымен шығатын егістікке айналды. Қойбек би арығы сонымен қай жылы қазылған деген сұрақ туады. Оған нақтырақ жауапты біз жоғарыда Ұлттық кітап­хананың сирек қорында сақталынып қалған кітаптан таптық. Сырдария облысына қатысты еңбектің толық аты: «Издание переселенческого управления. Материалы по Киргизскому землепользованию. Собранные и Разработанные Сырь-Дарьинской статической партией. Сырь-Дарьинская область. Чимкентский уезд. Том 1. Ташкент. Типография Штаба Туркестанского военного округа. 1908 г.» деп аталады. Көлемі 520 беттей, кестесі, картасы қоса берілген. Алты тараудан тұрады. Сырдария облысының Сырдария статистикалық партиясы 1906 жылы құрылған. Статистикалық партияның міндеті статистикалық, агрономиялық және гидрогеологиялық мәліметтерді зерттеп жинау болатын. Түркістан генерал-губернаторы Фон-Кауфманның 1867-1881 жылдардағы есебінде Сырдария облысы Ташкент уезі қазақтарының 80 пайызы отырықшы деп көрсетілген. Статистикалық партияның мәліметінде Шымкент уезінде жерді пайдалану жағдайы әртүрлі екені көрсетілген: шөбі шүйгін жерлерде егін шаруашылығы жақсы дамыса, кейбір аудандағы (шөлді, шөлейтті жерлердегі) қазақтар көшіп-қонып тіршілік ететінін жазады. Сырдария облысының Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездерінің ауылшаруашылық кәсібін дамытуға қолайлы аудандарында қазақтардың егіншілік пен жер шаруашылығы жақсы дамығанына да назар аударыпты. Суармалы жерлер, ылғал мол түсетін жерлер, жердің топырақ-геологиялық сапасының қолайлы болып келетін аудандары бөлек көрсетілген. Сырдария қоныстандыру ауданының қарамағына Сырдария, Самарқанд, Ферғана облыстары кірген, бұл жер көлемі өте үлкен аймақ. Осы облыстардың ішінен ең алдымен шаруашылық-статистикалық зерттеу жұмысын Сырдария облысынан бастау көзделінген екен. Бұл облыстың жер көлемі 443 442 шаршы метр аумақ. Патша үкіметінің шаруашылық-статисти­калық зерттеу жұмысы қатаң түрде отарлау мақсатында жүргізілді. Осыған орай қоныс аудару учаскелерін құруға табиғи-тарихи жағынан кедергі болмайтын аудандарды таңдау қажет болғанын ашық жазады. Яғни Сырдария статистикалық партиясының алдында шаруашылық, статистикалық зерттеу жүргізу үшін отарлау мақсаты тұрғысынан қолайлы аудандарды таңдау керек еді. Ондай аудан алдымен Шымкент уезі болды. Бұл уездің жері өте шұрайлы, сулы, таулы, шабындықты әрі егін шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Тұрғылықты халық егін, бау-бақша, дәнді дақылдар, ең кемі екі-үш рет орып алатын жоңышқа егетін. Мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да басқа аймақтармен салыстыра қарағанда жақсы, ілгері. Арыс, Балықты, Жыланды, Ақсу, ал таулы аймақтан Дәубаба, Машат, Келтемашат сияқты суы мол арналы өзендері мен бастау, бұлақтары көп өңір. Сырдария статистикалық партиясының назарының мұндай жері құйқалы, шұрайлы, табиғаты көркем, сулы жерлерге аууы заңды да еді. Кеше ғана ешкімге тәуелсіз, еркін елдің атақонысы мен шұрайлы жері енді жергілікті халықтың емес, патша үкіметінің меншігі мен иелігіне айналды. Ен байлыққа тезірек иелік ету үшін патша үкіметі отарлау саясатын нәтижелі ету мақсатында барлық күш-қуатын жұмылдырды: алдымен әскери экспедиция ұйымдастырып, айла амалмен, қару күшімен басып алды, бұрынғы билік жүйесін толық жойып, қазақ жері мен отарланған Орталық Азия аумағы тұтастай патшалық әкімшілік бөлініске түсті. Ресейдің билік жүргізу жүйесі күштеп енгізілді. Түркістан генерал-губернаторлығы құдіретті күшке айналды. Ал Дәубаба Шымкент уезінің Машат болысына қарайтын. 1906 жылдың басында Сырдария статистикалық пар­тиясы өз жұмысын бастайды, отарлау мақсатында қойылған міндетті уақыт жағынан қысқа мерзімде зерттеп, анық­тап, жинақталған материалдарды 1908 жылы арнайы кітап етіп бастырып шы­ғарады. Бұл біз біле бермейтін, уақыт өте келе ұмытылуға айналған мәлімет­тер мен деректер, елдің тіршілігі, шаруа­шы­лық жүргізу әдіс-тәсілдері, жерді жайы­лым­дық, суармалы, егістік жерлердің мал-жан есебі, түтін саны, т.б. зерттелініп, жинақ­талынып, қорытындыланған мол мағлұматтар топтастырылған еңбек. Бұл ста­тис­тикалық партияның жүргізген зерттеу жұмысы тікелей отарлық мақсатта жаса­лынғанымен, тарихымызға қатысты көп­теген құнды деректері зерттеушілердің ғы­лыми еңбектеріне пайдалануына өте қажет. Біз тоқталып отырған Сырдария облысы, Сырдария статистикалық партиясының Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалануы жөніндегі материалдарында Қойбек биге байланысты былай деп жазылыпты: «...Суармалы жерлерді пайдалану қазылған әлгі арық жүйелерінің суын пайдаланумен тығыз байланысты. Суару үшін су әдеттегідей бас арықтан немесе өзеннен болмаса таулы жерде жиі кездесетін бұлақтан алынады, мұндай жағдай далалы аймақта жиі кездеседі. Арықтарды қазақтар көп қиындықпен, тұтас бір рудың, тіпті бірнеше рудың біріккен күшімен жүргізеді. Мысалыға, Машат болысындағы Дәубаба арығын Қоралас руы бұдан 70 жылдай бұрын Шаншар деген кісінің басшылығымен қаза бастаған, бірақ іс сәтсіз болды, су шықпады. Шаншардан кейін арық құрылысын Бақбасар жалғастырған, ақырында ол суды шығара алған, бірақ түптеп келгенде Дәубаба арығын оның құрылысы басталғаннан кейін он жыл өткен соң барып Қойбек би ғана қайта қолға алып, арық қазу жұмысын ақырына дейін жеткізеді. Осы кезден бастап Қоралас руы жерді игеріп пайдалана бастайды. Алайда арық құрылысын жүргізу аяқталғаннан кейін де үнемі арықты қарап, түзеп, жөндеп отыру қажет. Ол үшін, әдетте ерекше бақылаушы «арық ақсақалын» және мұрапты сайлайды. Мұрапқа еңбегі үшін қауымнан ақы, көбінесе, мал-мүлік түрінде төленген. Оның міндетіне арықтың дұрыс жұмыс істеуі мен жекелеген үй иелерінің араларында бірдей мөлшерде суды бөлуді қадағалау кірген. Көктем айында арықтардың табаны ұйықтан, басқа да жиналған шөп-шаламдардан мұқият тазартылады. Арық тазалау жұмысына әрбір үй бір жұмысшыдан шығарып отырған, соның нәтижесінде бірнеше күннің ішінде-ақ арық тазаланып отырған...». Қоралас арығы патшалық Ресей оңтүстік өңірін 1864 жылы жаулап алғанға дейін қазылып, пайдалануға берілген. Шаншар арық қазуды 1836-1837 жылдары бастаған болып шығады. Ол су шығара алмаған соң, Қойбек бидің әкесі Мыңбасының інісі Тышқанбайдың баласы Бақбасар Шаншар бастаған істі жалғастырып, біраз жерге дейін суды шығарған, әрі қарай су жүрмей іркіліп қалған. Содан Қойбек би алдындағы бауырларының жіберген қателіктерін тексеріп, екшеп, мұраптармен қайта есептеп барып, арық арнасын басқа бағытпен көлбей жүргізіп, қиын-қысылтаң жерлерден жол тауып арық қазу жұмысын нәтижелі аяқтаған. Бұл статистикалық партияның дерегімен есептесек, 1847-1848 жылдар шамасы болып шығады. Статистикалық партияның 520 беттей материалынан Дәубаба арығын қазуға атсалысқан үш-ақ кісінің аты ата­лады, ал фамилиясы келтірілмейді. Оны ел есінде қалған аңыз-әңгімелер, әпса­налардың арқасында біліп келген едік. Шымкент уезінің Машат болысындағы Дәубаба арығы, яғни Қоралас арығының ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарының соңында қазылып, құрылысы бітіп, осы арық Дәубаба өзенінің суы таулы қыратқа көтерілгенін тарихи құжат нақтылай түсті. Қоралас арығының таулы жерде қазы­лып іске асырылуы, оның құрылыс жүйесі, инженерлік-геологиялық шешімі, ирригациялық жоба-жүйесі статис­тикалық партия зерттеушілерін қатты қызық­тырғаны анық. Сондықтан да Қойбек бидің еңбегіне арнайы тоқталып отыр. Дәубаба өңірін арнайы аралап, Қоралас арығының құрылыс жүйесімен танысқан статистикалық партияның зерттеушілері Қоралас арығына қатысты мәліметтерді Қойбек бидің тікелей өзінен алуы әбден мүмкін деп болжаймыз, себебі бұл кезде Қойбек би Мыңбасұлы әлі дүниеде бар болатын. Қазақ елі бұл кезде тұтастай Ресей патшалығының шығыстағы жері кенішке бай отарына айналып, ескі билік жүйесі жойылып, Ресейдің билік жүйесі енгізілген кез еді. Шымкент уезі Түркістан генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысына қарайтын. Қойбек би ықпалды би, қайраткер тұлға ретінде Сырдария облысына ғана емес, Түркістан генерал-губернаторлығына да есімі белгілі би, қайраткер болғанын осы мәліметтер айғақтай түссе керек. Қоныстандыру басқармасының жұмысына байланысты көп ұзамай оңтүстік өңіріне ішкі Ресейден, Сібірден мұжықтар, қара шекпенділер, казактар үкіметтік жәрдем алып, қаптап көшіріліп, қоныстандыру учаскелеріне орналастырыла бастады. Ең шеткері жатқан өңір деп есептелінетін Дәубаба жеріне де Ресейден келген қоныстанушылар орнығады. Сеславино деген елді мекен пайда болады, Түлкібас өңірінде Антоновка, Димитровка, Сергеевка, Корниловка, Вознесеновка, Ильиновка, Вановка сияқты отарлық топонимдер қаптайды. Мұның барлығы отарлау саясатының салдары болатын. Қойбек бидің Ресей жаулап алғаннан кейінгі өмірі мен қызметі, елі мен халқының жүріп өткен кезеңімен етене тығыз байланыста өтті. Ол халқының, елінің мақсат-мүддесі мен арман-тілегінің іске асу жолында өз мүмкіндігі шегінде шексіз қызмет етті. Ұлы билер Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би және т.б. айтулы ілгері өткен би-шешендердің билік айтып, дау-дамайды әділ шешу жолындағы дәстүрін дамыта түсті. Хақ жолынан, ақиқаттан айнымай, билігінде байлыққа бас ұрмай тура жолдан таймай өткен тұлға болды. Қазақ қауымына ұлы билердің өнегесін, дәстүрлерін іс-тәжірибесімен насихаттап, қылмыссыз қоғам, қауым орнықтыру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген қайраткер билердің бірі осы Қойбек би Мыңбасыұлы. Би бабамыздың қаздырған арығының орны күні бүгінге дейін сол баяғы қалпында сақ­талынып қалған. Қайта қолға алатын күн туса, әлі де қызмет етуге толық жарайды. Биыл Қойбек бидің туғанына 190 жыл толады. Осыған байланысты, Түлкібас ауданы Келтемашат ауылдық округіне қарасты Кеңес үкіметі тұсында «Кончасть», бертінде тұрғындар шешімінсіз Дәубаба деп негізсіз өзгертіліп кеткен елді мекеннің «Қойбек би» ауылы деп аталған байырғы тарихи атауын қалпына келтіру – тарихи әділеттілік болмақ деп білеміз.

Мұхтар Қазыбек, жазушы, тарихшы

1448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы