• Әдебиет
  • 06 Тамыз, 2020

Қоңыр көмір тыңайтқыш бола ала ма?

Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру еліміздің басым бағыттарының бірі екені белгілі. Еліміз дәнді дақылдарды, әсіресе бидайдың бағалы сорттарын шетелдерге экспортауда алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Бұл бағытта өндірісті дамытуға Үкімет үлкен мән беріп, бағдарламалар қабылдап, қаржылай қолдап келеді. Десек те жыл сайынғы өнімді жинау топырақтың құнарын төмендететіні белгілі. Жыл сайынғы өніммен бірге топырақтың гумустық қабаты азая түседі. Нәтижесінде топырақтың ылғалды сақтау қабілеті әлсіреп, құрылысы бұзылып, эррозияға ұшырау қаупі артады. Топырақта өсетін өсімдіктердің тығыздығы кеміп, топырақтың шөлейтке айналу қаупі арта түскен.

Топырақты минералдық тыңайт­қыш­тармен өңдеу жұмысы елімізде Кеңес Одағы кезінен жүргізіліп келеді. Сол кездері елімізде фосфор және азотқа бай тыңайтқыштар шығаратын бірнеше зауыттар салынып, егістікпен айналысатын шаруашылықтарды тыңайтқышпен қамтамасыз етіп отырды. Фосфор, азот, калий, т.б. минералдарға бай тыңайтқыштар жер-жерлерде өндіріліп, топыраққа жеке-жеке себілетін. Ал органикалық тыңайтқыштар Қазақстанда шыға­рылмайтын, себебі біздің дала­ның топырағы тыңайтқыштың бұл түрімен өңделмейтін. Кейінгі жылдары дүниежүзінде органикалық және минералдық тыңайтқыштарды бірге жасап, пайдалану тәжірибесі кең дамыды. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, аталған кешенді тыңайтқыштардың құрамы – топырақтың ерекшелігіне, жергілікті климаттық жағдайға, егілетін тұқымның түріне, тағы да басқа қажеттіліктерге байланысты, алуан түрлі болуы мүмкін. Органикалық тыңайтқыш құрамындағы гумин қышқылы топырақтың биологиялық белсенділігін арттырады, топырақ құ­рамындағы микроағзаларды қалпы­на келтіруге ықпал етеді. Топырақтың кесектелуін арттырып, ылғалды сақ­тау қабілетін күшейтеді. Гумин қыш­қылы топырақтағы улы заттарды – пестицидтердің, гербицидтердің, ауыр металдардың өсімдік құра­мына өтуін тежейді. Ылғалды сақтау қасиетінің арқасында гумин қыш­қылдары топырақтағы суда еритін (мысалы, нитраттар), өсімдікке қажет қосылыстарды да өз құрамында сақтап, өсімдікке жеткізіп отыруға әсер етеді. Гумин қышқылы табиғатта өсімдік, жануар қалдықтарының шіру, ыдырау нәтижесінде түзіледі. Гумин қышқылы табиғатта торфтың және қоңыр көмірдің құрамында кездеседі. Оларды қолдан алу әдісі де кең таралып келеді. Ол үшін мал шаруашылығы және тамақ пен өндіріс қалдықтарын жауын құртының жеп ыдыратуы керек, сол арқылы биогумус өндіріледі. Бұл әдіспен алынған биогумус жылыжайлар мен саябақтарға себіледі деп айтуға болады. Үлкен көлемдегі органо-минералдық тыңайтқыш өндірісі дүниежүзінде торфтың және қоңыр (тотыққан) көмір негізінде ұйымдастырылған. Қазақстанда гумин қышқылын алу үшін тотыққан қоңыр көмірді пайдаланады. Қазір қоңыр көмір өндірісі еліміздің бірнеше аймақтарында бар және ол, негізінен, отын ретінде қолданысқа сатылады. Тотыққан көмір, аты айтып тұрғандай, жартылай жанып болған, энергетикалық көрсеткіші төмен отын. Сондықтан олар жанған кезде жылуды аз бөліп, көмір қышқыл газын артық мөлшерде бөліп шығарады. Көмір қышқыл газы парниктік газ секілді әсер етеді, сондықтан дүниежүзінің дамыған елдері көмірді, әсірісе қоңыр көмірді отын ретінде пайдаланудан бас тартқан. Қазақстан көмірсутек газына бай елдер қатарында бол­ғандықтан, тотыққан көмірді гумин қышқылының көзі ретінде органикалық тыңайтқышқа айналдырып, пайдалану тиімді. Әрине, қоңыр көмір құрамындағы гумин қышқылының мөлшері аз, оларды сол күйінде тыңайтқыш ретінде қолдануға келмейді. Мысалы, Алматы облысындағы Ой-Қарағай көміріндегі гумин қышқылының мөлшері 3-4 пайыздан аспайды. Ендеше, қоңыр көмірді тотықтырып, құрамындағы гумин қышқылының мөлшерін 45-50 пайызға дейін арттыру керек. Бұл жұмыстар ғылыми зерттеуді қажет етеді. Қоңыр көмір құрамындағы гумин қышқылы қажетті деңгейге жеткізілгеннен кейін, бұл органикалық тыңайтқыштың құрамын фосфор, азот, калий, өсімдікке қажет тағы да басқа минералдық тыңайтқыштармен, қажетті микроэлементтермен то­лықтырып, топыраққа кешенді органо-минералдық тыңайтқышпен толықтыруға болады. Аталған кешенді тыңайтқыштармен топырақты өңдеу ауылшаруашылық дақылдардың өнімін, оның азықтық сапасын анағұрлым арттырып, топырақтың табиғи құрылысын, биологиялық белсенділігін қалпында сақтап қалуға, эррозияға ұшырамауына мүмкіндік береді. Қорыта айтсақ, еліміз аграрлық салада экономикалық жетістіктерін дамыту үшін, заманауи талаптарға сай жаңа органо-минералдық тыңайтқыштар жасап, өндіріске енгізуге тиіс. Ол үшін Қазақстанда шикізат қоры жеткілікті, бұл салада нәтижелі зерттеулер жүзеге асыратын ғалымдар да баршылық.

Қ.АРЫНОВ, техника ғылымының докторы, профессор

1585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы