• Тіл
  • 06 Тамыз, 2020

ТІЛІМІЗДЕГІ ӘР СӨЗ – ШЕЖІРЕ

Соңғы жылдары тіл білімінде ірі-ірі жаңалықтар ашылды. Дауысты дыбыстардың да, дауыссыз дыбыстардың да шыққан тектері, арғы тектері (архетиптері), түпкі тектері (прототиптері) толық анықталды. Көбейту кестесі арифметикаға, мате­матикаға қандай қызмет етсе, бұл жаңалық этимологияға – сөздің шығу, пайда болу жолдарын анық­тауға – сондай қызмет етеді. Ең бастысы, әлем тілдерінің барлығында ұшырасатын бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан тұратын тілдік бірлік – түбіртек (архесиллаб) деген жаңа ұғым пайда болып, ғылыми айналымға ене бастады. Бұл тілдік бірлік – әмбеге белгілі өзге тілдік бірліктер – фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем ұғымдарымен тең дәрежелес. Бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан тұрса да, белгілі бір лексикалық мағына немесе грамматикалық мағына беретіндіктен, әрі буын болып саналатындықтан, мұндай бірлік халықаралық терминология тілінде архесиллаб деп аталды. Ал қазақ тілінде түбіртек атауы бұл ұғымды толық жеткізе алады. Сондай-ақ үнемдеу құбылысының себебінен жойылып кеткен дыбыстарды, буындарды бұрынғы қалпына келтірудің ұстанымдары айқындалды және мұны жүзеге асырудың математика-логикалық әдістері табылды. Тағысын тағылар. Аталған бірегей жаңалықтар кез келген сөздің алғашқы тұлғасы мен алғашқы мағынасын ашып-айқындауда үлкен септігін тигізуде. Төменде бірқатар сөздердің этимологиясы қалай ашылғанын баяндап бергелі отырмыз.

СОРПА. Қазіргі қолданыста «Суға қайнап піскен астың (еттің, балықтың, т.б.) сөлі шыққан сұйық зат» деген мағына береді. Этимологиялық зерт­теулер жүргізу үшін ең алдымен түбірлес, варианттас сөздерді іздестіру қажет. «Сорпаға» ұқсас сөз – сорап. Мағынасы – «Түйені суға шақырғанда айтылатын сөз». «Сорап-сорап» деп қайталанып айтылады. Сорапта – сұйықты сыздықтатып сорып ішу, ұрттау. Бұл тілдік фактілерден «сорап» сөзінің екі құрамынан тұратын кіріккен сөз екендігін байқаймыз. Бірінші, сор «сорып ішу» , екіншісі ап – «су». Көнерген «ап» сөзінің «су» мағынасын беретіндігін «су жыланы» ұғымын беретін абжылан атауы да дәлелдей алады. Сорпа сөзі де екі құрамды: сор және па. Қазіргі кездің тұрғысынан «сор» – өлі түбір, «па» – жұрнақ. Сөйлеу тілінде «естідім», «есіттім» деп айтыла береді. Мұндағы і дауыстысының т дауыссызының бірде алдынан, бірде соңынан келуі метатеза құбылысының, яғни дыбыстардың орын алмастыруының әсерінен. Ап – па тұлғалары да осындай құбылыстың нәтижесі екендігіне тілдік талдаулар көз жеткізеді.

Түбіртек теориясы тұрғысынан белгілі бір атауда қанша дауыссыз болса, сонша сөз, сонша ұғым болады. «Сорпа» атауында үш дауыссыз бар. Яғни үш түбіртекке бөлінеді: ?с+ор+па. Соңғы екі түбіртек талапқа сай бір дауысты, бір дауыссыздан тұрғанымен, бірінші түбіртектің, яғни с қатаңының дауыстысы жоқ. Оған сұрақ белгісін қойдық. Қалпына келтірелік. Дауыстылардың түпкітектері небары үш-ақ дауыссыздан тұрады: а,у,и. Осылардың арасында а дауыстысы с қатаңымен тіркескенде лексикалық мағына береді: асадам баласының қоректік заты, тағамы; ішіп-жем, тамақ. Қысқасы, «ор» түбіртегінің әдепкі формасы ұр екендігі, оның «пісірген» деген мағына беретіндігі, «па» түбіртегінің әдепкі формасы аб екендігі, оның «су» деген мағына беретіндігі кейін табылған жаңа әдіс-тәсілдердің арқасында толық ашылды. Сөйтіп, «сорпа» атауы әуелгі пайда болған кезде «ас пісірген су» деген лексикалық мағына берген екен. «Астың» орнына ет, балық, тауық сияқты сөздерді қойып, «ет сорпасы», «балық сорпасы», «тауық сорпасы» деп айта береміз.

Осылайша, сөздің басында, ортасында немесе соңында бір ғана дыбыстың өшіп кетуі ол сөздің этимологиясын мүлдем күңгірттендіріп, бұрынғы формасы мен кейінгі формасын адам танымастай дәрежеге жеткізіп отырған. Тағы да бірнеше мысал келтірелік.

ШАҢ. Бұл сөз қазіргі қазақ тілінде – «ауа кеңістігінде не жер бетінде болатын күлдей майда тозаң; топырақтың аспанға ұшқан тозаңы». Бір буынды сөз болғанымен, құрамында екі дауыссыз болғандықтан екі түбіртекке бөлінеді: ?ш+аң. Талдауды құрамында дауыстысы да, дауыссызы да бар аң түбіртегінен басталық. Мұндағы а дауыстысы – түпкі тек, ең ежелгі дыбыстардың бірі. Дауыссыз ң – жаңа. Қ,к,ғ,г дауыссыздарының н сонорымен тарихи ұзақ мерзім бойы ықпалдасуының нәтижесінде пайда болған туынды дыбыс, н-нің байырғы аллофондарының бірі. Демек, аң – түбіртегінің әдепкі формасы – ан. Бұл – «нәрсе, зат» ұғымын беретін сөзден дерексізденген көне жұрнақ. Дауыстысын жоғалтқан ш қатаң дыбысы жалғыз өзі мағына бере алмайды. Оның дауысты сыңары соңғы ғылыми әдістермен іздестіргенде ұ екендігі анықталады. Сұрақ белгісінің орнына ұ дауыстысын қоялық: ұш – «көкке көтерілу, аспанға шығып қалықтау». Екі түбіртектің басын қоссақ үш+ан – «ұшып жүрген нәрселер», «ұшып жүрген тозаң». Әдепкі формасы елеулі өзгеріске түскенімен, әдепкі ұғы­мында айта қаларлықтай өзгеріс жоқ.

Бұл екі факті тарихи даму барысында әртүрлі тіл заңдылықтарының себебінен сөздің алғашқы дыбысы жойылып кетіп отыратындығын көрсетеді. Енді сөздің ортасында, соңында жойылып кеткен дыбыстарға мысал келтірелік.

ӨРТ. Әдеби тіліміздегі мағынасы – «тиген жерінің бәрін өртейтін, құртатын қаулай жанған от». Қазіргі тіл білімі тұрғысынан бір буынды түбір. Одан әрі бөлшектеуге келмейді. Түбіртек теориясы тұрғысынан құрамында екі дауыссыз болғандықтан, екі түбіртекке бөлінеді: өр+?т. Алайда өр түбіртегінің дыбыстық құрамы толық болғанымен, екінші түбіртектің дауысты дыбысы жоқ. Ол дыбысты біз «өрт» сөзінің мағыналық мазмұнына, заттық ұғымына қарап, логикалық жолмен оп-оңай анықтай аламыз. Сонда – өр+от. Екінші түбіртектің о дыбысы неліктен жойылып кеткен деген сұрақ пайда болады. Ғалымдардың анықтауынша, ежелгі дәуірлерде, негізгі ұғымды жеткізетін болғандықтан, екпін әрдайым бірінші буында тұрған. Екінші буын болып есептелетін от атауының дауыстысы екпін түспегендіктен әлсіреп айтылып, бірте-бірте өшіп кеткен. Оның міндетін метонимия заңдылығы негізінде т дауыссызы қоса атқарған.

Өр сын есімі қолданысқа түспей-ақ жеке тұрғанда «биік, асқақ» ұғымын бере алады. Ежелгі өр от тіркесінен «асқақ, биік жанған от» екендігін тұспалдауға болады. Өр түбірі «көкке көтерілу, аспандау, әуелеу» мағынасын беретін «өрле» етістігінің құрамында да, «қалыпты жағдайдан қарқыны арту, үдей түсу, күшею» мағынасын беретін «өрші» етістігінің құрамында да кездеседі. Бұл екі етістіктің екеуі де «өртті» жан-жақты сипаттай алады: «өрлеп, өршіп жанған от».

БОСАҒА. Маңдайша, табалдырық, босаға – киіз үйдің есігін құрас­тыратын қажетті бөліктер. Көшіп-қонуға ыңғайлы болу үшін киіз үйдің құрылысының барлық бөліктері алмалы-салмалы болуы шарт. Осы талапқа сәйкес маңдайша мен табалдырық ағаштарына тесік жасалып, оған босағаның, яғни жұмыр ағаштың екі ұшы ыңғайланып жонылады. Үй тігілгенде екі босағаның үстіңгі жағы маңдайшаға, астыңғы жағы табалдырыққа бекітіледі. Үй жығылғанда оп-оңай бөлшектенеді. Бұл сөзге «Қазақ әдеби тілінің сөзді­гінде»: Есіктің екі жақтауы деген анықтама берілген.

«Босаға» атауының қалай шық­қаны, оның әдепкі мағынасы қандай болғаны белгісіз. Морфоло­гиялық құрылымына назар аударсақ, екі бөліктен тұрады: «бос» және «аға». Бос тұлғасы өзі тіркескен сөздердің ыңғайына қарай: «үстінде, ішінде ештеме жоқ; бекітілмеген, байлаусыз; мәнсіз, мағынасыз, құр бекер, жай» сияқты толып жатқан мағыналарды береді. Екінші бөлігі аға тұлғасының ешқандай да мағынасы жоқ. Алайда ол ағаш атауының алғашқы үш дыбысымен бірдей дыбысталады. Киіз үйдің сүйегі бірыңғай ағаштан тұратындығын ескерсек, ш дауыссызының даму барысында жойылып кеткенін аңғару қиын емес. Мұның сыртында лингвистикалық әдістерді де пайдалануға болады. Элизияға ұшыраған дыбыстың орнына сөз соңында кездесетін дауыссыз дыбыстарды біртіндеп қойып көрсек, солардың арасында ш қатаңы ғана аға тұлғасымен үйлесім табады: бос+ағаш. Демек, «бос ағаш» – анықтаушы, анықталушы қатынастағы сөз тіркесі. Бір ғана дыбыстың түсіріліп айтылуы бұл атаудың алғашқы формасын да, морфологиялық құрылымын да адам танымастай өзгертіп жіберген. Соған сәйкес әдепкі мағынасы да ұмытылған. Қалпына келтіру арқылы ғана аталған сөздің танымдық сипаты айқындалып отыр.

Біз жоғарыда сөз басында, сөз ортасында, сөз аяғында жекелеген дыбыстардың түсіріліп айтылуы салдарынан, сол тұлғаның түр-пішіні де, лексикалық мағынасы да ерекше өзгерістерге ұшырайтынын әңгімеледік. Осындай күйге бір дауысты, бір дауыссыздан тұратын буындар – түбіртектер де ұшырайды. Жаңа әдістер мұндай құбылыстардың да сыр-сипаты ашылуына мүмкіндік береді.

Күлдіреуіш. Қазіргі қолданыс­тағы лексикалық мағынасы – «Шаңырақ тоғынының үстінен түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын-шашын іркілмеу үшін айқастыра бекітілген күмбез тәрізді ағаш». Морфологиялық құрылымы екі бөліктен тұрады: күл+діреуіш. Екі бөлігі де ешқандай мағына бермейді. Этимологиясын ашу үшін жаңа дыбыстарды көне дыбыстармен алмастыру тәсілін қолданамыз. Алдымен діреуіш бөлігіне көңіл бөлелік. Д ұяңының шыққан тегі – т қатаңы. Д-ні т-мен алмастырсақ: тіреуіш. Мағынасы – «Тіреу ретінде қойылатын сырық». Л сонорының шыққан тегі – р. Р-мен алмастырсақ: күр. Бұл тұлға да мағына бермейді. Енді «күлдіреуіш» сөзінің заттық (денотаттық) ұғымына назар аударамыз. Арнайы дайындалған ағаш шыбықтары күлдіреуіш міндетін атқаруы үшін бүкірейтіп иіліп барып шаңырақ тоғынына кигізіледі. Осындағы «бүкір» сөзі «тіреуіш» сөзіне анықтауыш бола алады: бүкүр тіреуіш. Әдепкі тұлғасы да, әдепкі мағынасы да осылайша бұрынғы қалпына келеді.

АЛҚА-ҚОТАН. Қазақ әдеби тіліндегі мағынасы – «айнала, дөң­гелене, қоршалай». Мұндай қос сөздерді тіл білімінде «бір сыңары мағыналы, бір сыңары мағынасыз (түсініксіз) қосарлама сөз» деп атайды. Ал бірінші сыңары алқа «топ, жиын» деген мағынада жұмсалады. Талдау нысаны болып отырған осы қос сөздің құрамында бес дауыссыз дыбыс бар. Түбіртек теориясы тұрғысынан бұл тұлға бес түбіртекке, яғни мағыналы бес бөлшекке бөліне алады деген сөз. Түбіртектерді бір-бірінен ажырата алу үшін, ереже бойынша, сөздің ең соңғы қосымшасынан бастап, түбірге қарай жік-жікке бөліп қарастырамыз. Бір дауысты, бір дауыссыздан тұратын ең соңғы бөлшек – ан. Есімдерден, етістіктерден, өзге де сөз топтарынан есім жасайтын бұл көне жұрнақ ұр+ан, ат+ан, саб+ан, саз+ан, қаз+ан, құл+ан сияқты толып жатқан сөздердің құрамында ұшырайды. Келесі бір дауысты, бір дауыссыздан тұратын бөлшек – от. Түрлі материалдардың: ағаш, көмір, газ, мұнай, т.б. жарық пен қызу шығарып жануы деген мағына береді.

Сонымен, мағынасы түсініксіз деп есептелетін қотан формасында грамматикалық мағына беретін ан және лексикалық мағына беретін от түбіртегі бар екендігі анықталды. Бұл форманың құрамындағы қ дауыссызының дауысты сыңары жоқ. Қ дауыссызы табиғатында жылысқыш дыбыс. Түбірден түбірге, түбірден қосымшаға жылыса береді. Егер қ жылысу құбылысына ұшыраған болса, онда алдындағы а дауыстысымен бірігіп, бір түбіртектің міндетін атқаруға тиіс: яғни ақ. Бұл етістік судың өз арнасымен төмен қарай жылжуы, бір орында тұрмай ілгері қозғалып отыруы деген мағына береді. Бірақ ақ – көп мағыналы сөз. Жоғарыда атап өткеніміздей, көне түркі жазба ескерткіштерінде заттың, нәрсенің жоғарыдан төмен қарай жылжуын ғана емес, төменнен жоғары қарай жылжуын да білдірген. Демек, ақ түбіртегі де оттың төменнен жоғары қарай лаулап жанғанын мегзейді. Олай болса, үш түбіртектің жиынтығын (ақ+от+ан) «лаулап жанған от» деп түсінеміз.

Сонда алқа сөзінің құрамындағы соңғы а дауыстысы өз орнын тапқандықтан, онымен жалғас тұрған қ дауыссызы жеке-дара қалады. Оның жоғалтқан дауысты дыбысы у екендігін тауып алу қиын емес.Себебі, есімдерден, етістіктерден қимыл есімін жасайтын көне уқ жұрнағы (қазіргі у жұрнағы) сандаған сөздердің құрамына қ түрінде сіңісіп кеткен. Яғни қ элементін сөз ортасында сақталып қалған көне уқ жұрнағының сарқыншағы ретінде түсінеміз. Сонымен, талдау барысында төрт түбіртектің (уқ+ақ+от+ан) лексикалық, грамма­тикалық мағыналары ашылды, өзгеріске ұшыраған формалары қалпына келтірілді. Алқа-қотан қос сөзінің құрамындағы ең соңғы ал түбіртегі қандай мағына береді?

«Қазақ тілінің түсіндірме сөз­дігінде» ал ұстау, көтеру; бір нәрсеге ие болу, тәуелдеу, меншіктеу мағыналарын береді. Бұл мағыналар алқа-қотан қос сөзінің мағыналық мазмұнымен мүлде қабыспайды. Сонда қалай болғаны? Мүмкін, тығырықтан дауыстылар мен дауыссыздарды түпкітектерімен (прототиптерімен) алмастыру құтқаратын шығар. А әуелден прототип дыбыс, ал л-дің прототипі – р. Қалпына келтірілген *ар формасының сөздіктегі мағынасы – адамгершілік қасиет немесе ұят. Бұл да мағына да талданып отырған сөздің мағыналық мазмұнымен үйлес­пейді. Енді мағыналық мазмұнның өзіне оралалық: айнала, дөңгелене. Құ­рамында ар морфемасы бар, «дөңгелену» мағынасын беретін сөз бар ма деген сұрақ туады. Ондай сөз бар: шар – өз диаметрінен дөңгелене айналудан пайда болған геометриялық дене; осы геометриялық дене формалас зат. Шыр айналды фразеологизмі құрамында ар түбіртегі болмаса да, «бір орында тұрмай дөңгеленуі» мағынасын береді. Мағыналық маз­мұнында дөңгелек ұғымы бар шар сөзі, екі дауыссыздан тұратындықтан, екі түбіртекке бөлінеді: ша+ар > шар. Дүниежүзі тілдерінде ша түбіртегі күн ұғымын беретіндігі ғылыми еңбектерде дәлелденілген. Тарихи даму барысында ша (күн) түбіртегінің әрбір заттық белгісі бір-бір сөзге айналған. Күннің бір белгісі – дөңгелектігі. Олай болса, ша түбіртегінің дөңгелек ұғымын беруі заңды. Көне түркі жазба ескерткіштерінде ұшырасатын ар ~ ер формалары бір нәрсенің, үдерістің болу мүмкіндігін растайтын көмекші сөз. Жинақтап айтқанда, алқа-қотан қос сөзінің алғашқы үш түбіртегі: ша+ар+уқ айнала дөңгелене отыру ұғымын береді. Тұтас алғанда, *ша+ар+уқ+ақ+от+ан (алқа-қотан) – лаулап жанған оттың айналасында дөңгелене отыру ұғымында жұмсалған.

Байырғы лексикалық мағынасы толық ашылып, уәжі айқындалған алқа-қотан қос сөзі алғашқы қауым­дық қоғамды еске түсіреді. Алғашқы қауым адамдары күндізгі ауыр бейнеттен кейін кешкілік от жағып, айнала дөңгелене отырып, әңгіме-дүкен құрған. Көңіл көтерген. Тарихқа белгісіз сол бір аса ежелгі заманнан естелік ретінде халық жадында сақталып қалған кәрі сөз.

Сонымен, жоғарыдағы талдау барысы көрсеткеніндей, сөз құра­мындағы үлкен-үлкен өзгерістер, өзге өң алу, белгілі бір дыбыстардың, буындардың түсіріліп айтылып, жойылып кетуінен, көне дыбыстардың бірте-бірте жаңа дыбыстармен алмасуынан, тағы басқа да алуан себептердің салдарынан пайда болады екен. Демек, осындай заңдылықтардың барлығы этимологиялық ізденістер барысында тұтасынан есепке алынуға тиіс.

Халықтың ой-пікірі, сана-сезімі, іс-әрекеті, өмір тіршілігіне қатысты ұғымдардың бәр-бәрі тіл байлығынан өз орнын алады. Осы себепті ол халықтың барлық білген білімі мен білігі, ойы мен идеясы, дүниетанымының көрінісі болып есептеледі. Басқаша айтқанда, сөз байлығы ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бірден-бірге ауысып, бүгінгі дәуірге дейін жеткен мол қазына, асыл мұра. Осы мол қазына, асыл мұраны игеруде жоғарыдағыдай ізденістердің жәрдем, көмегі аса зор. Формасы, мағынасы бұрынғы қалпына келтірілген байырғы сөздер шежіре сияқты сөйлеп кетеді. Сөздерді осылайша сөй­летуде кейін табылған әдістер мен тәсіл­дердің келешегі зор екендігіне ғылыми жұртшылықтың, оқырман қауымның назарын аудару үшін осы мақала ұсынылып отыр.

 Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ

ұлттық университетінің

профессоры, филология ғылымының докторы

 

4743 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы