• Тарих
  • 06 Тамыз, 2020

ЕР ЕСЕТ

Патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы Есет батыр Көтібарұлы бастаған 1847-1858 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс турасында Кеңес заманына дейін, Кеңес Одағы тұсында және еліміздің егемендігі жарияланғаннан бергі кезеңде бірқатар зерттеу еңбектер жарық көрді. Сол еңбектердің көбінде Есет батырдың ұлт-азаттық көтерілісі 1847-1858, кейбірінде 1855-1858 жылдар аралығында деп баяндалатыны көзі қарақты оқырманға мәлім. Осыған байланысты, бұл зерттеуімізде Есет батырдың 1820 жылдардың ортасынан 1847 жылдар аралығын қамтитын күрес жолдарының көп жарияланбаған кейбір тұстарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Нақты деректерге жүгінейік: «Алаш зерттеу орталығы, Қаракесек бірлестігі» ХІІІ том, 2 кітап, Алматы, 2010 жыл, 8-тарау: «...Патшалық Ресей бүкіл Орта Азияны сіңіріп алуды көздесе, ал Хиуа, Қоқан, Бұхар тәрізді хандықтар қазақтардан пайда көрудің жолын көздеді. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың барлығы қазақ елін өздерінің отары еткісі келді. Көршілердің мұндай пиғылдарымен келіскісі келмейтін Сырым, Арынғазы, Исатай, Махамбет, Жоламан, Кенесары, Жанқожа, тағы басқа қазақтың айбынды ұлдары қолдарына қару алып, келер ұрпақ қамы үшін атқа қонды. Бұлардың қатарына біз сөз еткелі отырған Есет Көтібарұлы да жатады. Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық күресті төрт кезеңге жеткіземіз. Қолдағы бар материалдардың негізінде Есет батыр күресінің алғашқы кезеңі 1838-1846 жылдар аралығы деп қорытынды жасаймыз. Олай дейтін себебіміз, Есет 1838 жылы өзіне жасақ жинап Табын тайпасының батыры Жоламан Тіленшіұлымен біріге отырып, саналы түрде патшалық Ресейге қарсылық білдіреді. Сонымен бірге көрсетілген жылдар аралығында Есет Көтібарұлы қазақ даласы арқылы Ресейге өтетін Бұхар, Хиуа керуендерін тонаған. Бұл да патшалық Ресейге қарсылықтың бір белгісі....» (283-бет). Тарихшы С.Құрманалин «Кіші жүз және Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс, 1847-1858 жж.» монографиясының 220-224 беттерінде: «Есет Көтібарұлының отаршыл Ресей үкіметімен қарулы қақтығыстарының өткен ғасырдың 20-жылдарынан басталды, яғни архив құжаттарының бірінде Орынбор генерал-губернаторының Ресей Әскери Министріне берген мәліметінде «Есет Көтібаровтың үкіметке бағынғысы келмей қарсылық көрсеткеніне, міне, 30 жылдан асып кетті» (РМӘТА, 483-қор, 1-тізім, 35-іс, 16) деп жазады. Өзге де зерттеушілер: «Есет он бес жасқа келгенде батырлығымен атағы жайылады... Өз халқының жоғын жоқтап, елдің ардақтысына айналды. Нақты мәліметтерге қарағанда, 1834 жылы артына ерген әскерінің саны 1200 адам болатын» деп, оның Ресей империясына қарсы азаттық күресін ерте бастағандығын және осы жолда Исатай Тайманұлы, Жоламан Тіленшіұлы секілді халық қозғалысы көсемдерін өз күшімен қолдағандығын меңзейді (Б.Әбілқасымов, Б.Көмек, С.Өтениязов. «Ел еркесі Есет ер», «Жас Алаш», Алматы, 1993 жыл,12 қазан). Белгілі шығыстанушы Е.П.Ковалевскийдің «Странствователь по морям и сушам» деп аталатын көпке мәлім еңбегінде: «Ақсүйек тұқымына жатпаса да, Есет батыр сайын далада құрметке бөленген уақытында жиырмаға да толмаған еді» деп таңбаланыпты. 1865 жылы Лондонда шыққан Ш.Уәлихановтың кітабында: «Есеттің есімі алғаш рет өз елінде даңқты құрметке бөленуі 1822 жылы болған еді, себебі сол жылы Ресейдің Сібір линиясынан келе жатқан Бұхара керуеніне шабуыл жасаған болатын...» (370-371 беттер) деп көрсетілген. 1836 жылы Есет батыр шағын қолмен Ресейге бағыт алған Бұхар керуеніне шабуыл жасайды. Орыс әскерін Хиуа хандығы шебіне ойдағыдай жеткізу үшін В.Перовскийдің салдырған Ембі және Ақбұлақ бекіністерінде мыңнан аса қарулы қолға қарамастан Есет Көтібарұлы 1837 жылы тосыннан шабуыл жасап, бекіністердегі орыс-казак отрядтарына ойсырата соққы беріп, Ембі бекінісінен 398, Ақбұлақтан 32 жылқыны айдап кетіп, патша әскерін жаяу қалдырады. 1838 жылы Есет батырдың бастауымен бір топ қазақтар орыс бекінісінен зауряд хорунжий Шустиковты, урядник Малковты және соларға қоса 5 казакты тұтқындайды, сондай-ақ Подгорный стансасына шабуыл жасап, ондаған жылқыны айдап әкетеді (РФ ООМА, 6-қор, 10-тізім, 5355-іс, 4-5 бб.). 1839 жылдың 28 маусымында Орынбор саудагері М.Деевтың 40370 сомдық сауда керуені, 1840 жылдың маусымында Орынбор саудагерлері Ковалевтің, Адамовтың, Бұхара саудагері Мұхаммед Рахимовтың 70 мың сомдық керуені көтерілісшілердің олжасына айналады. ...Исатайлар Жайықтан өтіп, Кіші жүздің кең даласында топ-тобымен әрекет етіп жүрген Есет сияқты батырлар бастаған көтерілісшілердің басын біріктіруге, Ордадағы азаттық жолында тұтанған көтерілістерді бір-бірімен байланыстыруға, сөйтіп күш жинап алып, патша мен хан әскеріне қарсы қайта күреске шығуға бел байлады... Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының бұл жаққа келу себебі, біріншіден, Ішкі Ордада көтеріліс талқандалды және жазалаушы отрядтардың қуғыны көтерілісті ұйымдастырушыларға бұл жақта қалуға еш мүмкіншілік бермеді. Екіншіден, көтеріліс көсемдері Кіші жүздің шығысындағы саяси ахуалды жақсы білді, сондықтан Исатай мен Махамбет көтерілісті әрі қарай жалғастыруды, Кіші жүз руларын түгелдей қозғалыс ошағына тартуды, патша өкіметіне қарсы азаттық күресті тоқтатпауды көздеді... Бұл жөнінде тарихшы И.Кенжалиев «Исатай-Махамбет» деген кітабында: «Исатай Доңызтауға келіп, Байтөре Тоқпанұлы (Байтөре Тоқпанұлы – Есеттің немере ағасы) үйінде болып, ханға қарсы күресті қайта бастау үшін әзірлік жасайды» деп көрсеткен. (Алматы, «Қазақстан»,баспасы, 1991, 92-бет). Патша өкіметінің саясатын жақсы түсінген Есет Көтібарұлы Исатай батыр бастаған көтерілісті хан Жәңгірден аударып, патша өкіметінің отарлау саясатына бұрып қана қоймай, Бөкейлік көтеріліс басшыларына күш-көлік жағынан ғана емес, әскери көмек беруге ұмтылады... Қайыпқали сұлтан мен Есет батыр Исатай Тай­манұлының соңынан ерген қолдың күшін көбейтіп, алда болатын орыс-казак әскерлерімен негізгі шайқасқа әзірленеді. Көтерілісшілер Үшбөкенбайда бірігіп, Адай, Шекті, Табын, Алаш, тағы басқа ру адамдарымен Темір өзені бойындағы Көкпекті деген жерге келеді. 1838 жылы шілдеде Қиыл өзені бойындағы орыс-казак әс­керімен болған қырғын соғыс туралы қазақ батырлары тарихын зерттеуші ғалым, «Исатай-Махамбет» мұрасын алғашқы зерттеушілердің бірі, қоғам қайраткері, профессор Халел Досмұ­хамедұлы 1925 жылы Ташкентте шыққан «Аламан» атты кітабының «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» деген еңбегінде былай деп жазады: «Исатайға бөтен кіші жүз қорған болды. Исатайды көтермелеп, кіші жүзге ақырында Әлімұлы басшы болды. Әлімнің Шекті, Назар, Шүрен, Кете деген рулары Исатайға ауыл болды, үй болды. Соңғы жорығында Оралға келгенде қасындағы үш мың қолдың көбі Көтібарұлы Есет секілді әлімнің батырлары еді. Исатайдың сүйегі қойылған Шолақмола деген мола да әлімнің жері»... (Қараңыз: Х.Досмұхамедұлы, «Аламан», Алматы, 1991жыл.73-76 беттер.) Осы оқиғаға байланысты Ж.Оралмағамбетов пен М.Есмағанбетов Алматыдан 2001 жылы шыққан «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі» кітабының 92-93 беттерінде: «1838 жылы жазда полковник Геке әскерімен соғысуға Есет батыр Әлімнің 300 жігітімен аттанады. Табынның 200 жігітімен Исатай мен Махамбет қосылып, 500 қолмен Гекемен соғысады. Әуелі көтерілісшілер басым болғанмен полковник Геке мен правитель Баймағанбеттің біріккен қолы бұларды тықсырады. Осы соғыста Исатай өліп, көтерілісшілер шегінеді. Майдан даласынан ығысқан Әлім батырлары адамдарын түгендесе Есет жоқ. Әзберген, Қарағұл, Елтізер, Жәлімбет төртеуі кері шабады. Сөйтсе алып денелі батырдың күні бойы ұрыста болдырған аты жүріңкіремей, оның үстіне батырды тірідей қолға түсірмек болған 10-15 солдатты қылышпен сипап ұрған Есет ауыр қозғалып келеді екен. Тосыннан қосылған төртеуі солдаттарды тоз-тоз етіп, Есетке ат алмастырып мінгізіп алып шыққан екен» деп жазады. С.Құрманалинның жоғарыдағы кітабының 228 бетінде: «... Есет сияқты батыр­лардың қолдауымен қайта күшейген Исатай-Махамбет көтерілісін әзер жаныштаған отаршыл үкімет ендігі сәтте Есеттің Кенесарыға барып қо­сылуын болдырмауға бар күшін салып бақты» дейді. ХІХ ғасырдың 30 жылдарының аяғында Есет Көтібарұлы Кіші жүздегі Жоламан Тіленшиев бастаған ұлт-азаттық қозғалысты қолдап, 1838 жылы Жоламан батырмен бірге Елек бекінісіне шабуыл жасайды. Тарихшы С.Құрманалин «Кіші жүз және Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс (1847-1858 жж.)» кітабының 235, 244 беттерінде: «ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүзде қалыптасқан отарлық езгі осы кезеңнің өн бойындағы қазақтар көтерілісінің баршасына тән. Империяның бұл сипаттағы озбыр саясаты өлкеде Исатай, Қайыпқали, Жоламан, Кенесары көтерілістерін өмірге әкеледі, ал осы батырлар бастаған азаттық қозғалысының ішінде Есет Көтібарұлы да жүрді. Сөйтіп, бір-бірімен жалғасқан ұлттың тәуелсіздігі үшін күрес туын 1847-1858 жылдары Есет батыр ұстады. Өз елінің еркіндігі үшін, бостандығы үшін күрескен адам қашанда қасиетті. Еркіндікті ежелден аңсаған ел үшін Есет есімі қасиетті есім» дейді. Біздің де осыған алып-қосарымыз жоқ. Алашорда көсемдерінің бірі Халел Досмұхамед­ұлы­нан қалған құнды жәдігерден арнайы диссертация қорғаған тарих ғылымының кандидаты, доцент С.Құрманалиннің Есет батыр Көтібарұлына арналған монографиясынан және басқа да авторлардың еңбектерінен ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістің көрнекті басшысы, атақты батыр әрі би Есет Көтібарұлының ат жалын тартып мінгелі соңына қол ертіп, елінің тыныштығы мен бостандығы үшін Ресей империясының отарлау саясатына қарсы 1820 жылдардың ортасынан 1846 жылдар аралығындағы күресі жайында және Исатай-Махамбет, Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістеріне қатысқанын білдік. Биыл Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен Есет батыр Көтібарұлын ұлықтау мақсатында Ақтөбе қаласы көшелерінің бірінде ескерткіші бой көтереді. Батырдың есімін құрметтеп қандай іс-шара жасасақ та артық емес. Бұл – біздің перзенттік борышымыз. Осы іс-шараға қолдау көрсетіп,Баба рухы риза болсын деп, қаржылай үлес қосамын деушілерге Банктегі реквизиттерді ұсынамыз: Ақтөбе қаласы, «Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қор, АО «Народный банк Казахстан» БИК Банка: HSBKKZKX. ИИК: KZ586010121000119231.БСН 191040007775.КНП 119.

Жанар ТӨЛЕПБЕРГЕНИ, тарих ғылымының кандидаты. Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН, өлкетанушы. Ақтөбе

631 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала СУЛЫ ӨЛКЕГЕ ЕЛІН ҚОНДЫРҒАН...
Келесі мақала ГЕНЕРАЛ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №39

24 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор