• Әдебиет
  • 06 Тамыз, 2020

АЛАШБІТІМДІ ТҰЛҒА

Қазақ қоғамының соңғы алпыс жылдан асып жығылар кезеңінде үлкеніміз де, кішіміз де «Шәке», «Шериаздан Елеукенұлы» деп айтуға әбден дағдыланған, ұлт руханиятының көрнекті өкілі, әдебиетіміздің арғы-бергі дәуірлерін терең танымымен, табанды білгірлігімен тарата талдап, әдебиет туралы адал, ақ сөзін ірікпей айтып келе жатқан үлкен зерттеуші, қазақ сынының беделді өкілі, абыз мінезді ақсақалымыз өмірден өтті. 

Шәкеңнің ауыр қазасын ес­ті­генде қобалжығанымыз рас... Әрине... Тындырғаның ел­дің рухани кәдесіне жара­са, тоқсан құдайдан сұрап, кешегің мен бүгініңді таразыға қоятын, ұлт, ұрпақ, адамзат алдында атқарғаныңа іштей тәубә айтатын жас. Бұл тұр­ғыдан алғанда, тазалық пен тектілікті, талғампаз­дық пен мәдениеттілікті, табанды­лық пен еңбекқорлықты, қай­раткерлік пен қайсарлықты табиғат шіркін өлшеп-тамап жатпай, бойына мол етіп берген ағамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Жазғаны да, бітірген ісі де «қазақ әдебиеті», «қазақ қоғамы», «қазақ мемлекеті» дейтін қанатты ұғымдарды саралауға, талдауға, тануға мол мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, Шерияздан Елеукенұлының шығармашылық жолы, ғылыми-танымдық болмысы, қайраткерлік жаратылысы – екі ғасыр тоғысындағы шынайы ұлт зиялысының өнегелі, өрісті өмірі еді. Шәкең мол білім мен терең ұстанымның адамы болатын. Ойы мен сөзінен бекзаттықтың лебі есіп тұратын. Нені жазса да, нені айтса да дәйексіз жазбайтын, негізсіз сөйлемейтін, артық әңгімеге ерік бермейтін, орынсыз мінезге бармайтын. «Мен бітірдім», «мен істедім», «мен жаздым», «мен айттым» дейтін сөздер ол кісінің аузынан естілмейтін. Шынымды айтсам, қайраткер-басшы, қазақ полиграфиясы мен кітап ісінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, қазақ көркемсөзінің өрістеуіне орасан тер төккен тұғырлы тұлғаның осы бір адам болмысында ­сирек ұшырасатын, халықшыл, қоғамшыл, мемлекетшіл, ұлтшыл қасиеттеріне өз басым үлкен құрметпен сүйсіне қараушы едім. Өзгерген қоғамға, түлеген ой мен сана шіркінге не деуге ­болады?! Шәкең секілді ұлт, ұрпақ дейтін қасиетті ұғымдарға шаң қондырмай өткен аға буынның қатары сиреп барады... Бұл ­сиреу, өкінішке қарай, ұлтымыздың бойындағы елдік пен еңбекті пір тұтар киелі қасиеттер мен сөз тыңдап, сөзге тоқтайтын ­ақ­сақалдықтың мектебін де өзімен қоса алып бара ма деп сескенемін іштей... Иә. Алаш арыстары туралы, қазақ көркемсөзі мен кемел ойының кезеңдері жайлы кесек монографиялар жаза жүріп, тәуелсіз жұртымыздың жаңа кезеңдегі кестелі сөзі хақында үлкен-үлкен толғамды пікірлерді де өзінің іргелі еңбектеріне арқау еткен көрнекті зерттеуші, кемел ойдың иесі, өзі ұлыларға қалай шәкірт бола білсе, кейінгі өкше басар қараорман ұрпаққа өзі де ұстаздық парызын солай адал атқарған үлкен жүректі, алашойлы тұлға бақиға аттанып барады. Өкінішсіз өлім жоқ... Өкініштің ең үлкені – халқына қадірі асқан жанның Жан-Аза­сына қалың зиялы жұрттың сап­қа тұрып, соңғы міндетін атқара алмағаны. Топырақ сала алмағаны... Бәріне айыпты – адамзатты бір уыс еткен, айтпай келіп, талай арыстарымызды сұраусыз әкетіп жатқан тізгінсіз тажал! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, алашбітімді, алашойлы ардақты жан! Бақұл болыңыз, қадірлі ­Шерияздан аға! Рухыңыз пейіш төрінде шал­қысын!

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

1468 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы