• Руханият
  • 13 Тамыз, 2020

«Мынау тұрған Абайдың суреті ме?»

Хәкім Абайдың бізге жеткен екі фотосуреті бар. Оның біреуінде Абай қос перзенті Ақылбай және Турағұлмен бірге 1896 жылы Семейдегі Кузнецовтың фотосалонында түскен. Суретті Мұхтар Әуезов ақын музейіне 1941 жылы тапсырған. Ал Жидебайда 1903 жылы түсірілген екінші фотосуретте Абай отбасының ортасында отыр. Одан өзге сол заманда әуесқой суретші П.Д.Лобановский 1887 жылы қарындашпен салған суреті де осы күнге жеткен. Одан беріде кәсіби суретшілер Абай бейнесін салғаны белгілі. Алайда Абайдың сурет өнеріндегі ескерткіштердегі бейнесіне қатысты пікірталас пен сын-пікір көп екенін де айта кеткен жөн. «Фотосуреті сақталған Абай бейнесін дұрыс салып жүрміз бе?» деген сауалды бірқатар тұлғаларға қойған едік...  

Ғаббас Қабышұлы,жазушы:

– Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының өзін көрмесек те, суреттерін көріп жүрміз ғой. Бала-шағасының ортасында отырып түскен фотосы да, одан пәленшекең мен түгеншекеңдер сырттай салған суреттері де бар. Абайдың фотодағы кескінін тұтас түгендемей-ақ, сақал-мұрты туралы ғана айтсам. Фотосында: мұрты жалпиған да, тұштиған да емес; қалың да, селдір де емес – бет пішініне лайықты кәдімгі келістінің өзі. Сақалы сапсиған ұзын да, құнтиған қысқа да емес; қаба дер қалың да, судыраған сұйық та емес – қазекемнің көбіне-ақ жараса кетер имантаразы. Ал өзінің жинақтарында, біздің газет-журналдарда шығып жүрген қол суреттерге қарасаң: бірін­де мұрты мен сақалы қалың да қайрат­ты; бірінде қалың да жұмсақ бұйрасынды; бірінде селдір де ұзындау; бірінде... жіңішке, иір ақшыл сымтемірдің екі сантиметр шамасындағы жиырма шақтысын мұрттың орнына, он сантиметр шамасындағы елу шақтысын сақалдың орнына «іліп» қойған! Қысқасы: суретшілер Абайдың сақалымен ойнап-ақ жүр. Өскеменде солай «жеке­­ше­лен­­дірілген» сақал-мұрттың бірі бұйыр­ған Абай ескерткіші бар еді. Жалпы біздегі ескерткіштердің мәдениетінің өзі сын көтермейді ғой. Айтпағым, Абай бар, өзге де тұлғаларымыз бар – суретін салғанда, ескерткішін тұрғызғанда абай болған жөн. Олар біздің заманнан ­келер заманға осы қалпында жетсе, тұлғаларымыздың шын бейнесінен оп-оңай-ақ айырылып қаламыз ба деген қауіп бар.

Дүкен Мәсімханұлы, ақын, аудармашы:

– Биыл ұлтымыздың ары мен намысына, ұраны мен рухына, бір ауыз сөзбен айтқанда, қазақтың өзіне айналып кеткен ұлы ақын, хәкім Абайдың туғанына 175 жыл толды. «2020 жыл – Абай жылы» деп ­жарияланып, жыл басынан бері әртүрлі мерекелік іс-шаралар атқарылып келеді. Өлеңдерін, қара сөздерін жаппай жарыса жатқа айтып жатырмыз. Дұрыс. Керек. Кітаптарын қайта шығарып жатырмыз. Дұрыс. Керек. Еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі мерекелік мәдени іс-шаралар өткізіп ­жатырмыз. Дұрыс. Керек. Әр қалада ұлы ақынға арналған ғылыми конференциялар онлайн түрінде болса да өтіп жатыр. Дұрыс. Керек. Абай шығармаларын әлемнің негізгі тілдеріне аударып шығарып жатырмыз. Дұрыс. Керек. Ақын өмірі мен тағдырына қатысты кино түсіреміз деп жатырмыз. Дұрыс. Керек. Ақын өмірі мен тағдырын өзек еткен спектакльдер еліміздің барлық театрларында сахналануда. Дұрыс. Керек. Әлемнің жетекші мемлекеттерінің ірі қалаларынан Абай орталықтарын ашып жатырмыз. Дұрыс. Керек. Жалпы айтқанда, биылғы бізді ғана емес, әлемді әлекке салған пандемия жағдайына қарамастан ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан және алда атқарылар іс-шаралар, әрине, көңіл көншітерлік. Дегенмен, бір ғана әттеген-айымыз болып тұр. «Бір ғана» болғанмен, ұсақ-түйек, анау-мынау емес. Өкініш. Ақын Абайдың бейнесін (портретін немесе суретін) әлі күнге тұрақтандырып, сол тұрақтанған бір ғана портретті ұрпағымыздың жүрегі мен шетелдік­тердің санасына әлі сіңіре алмай келе жатқанымыз өте өкінішті! Жалпы санын және авторларын анықтауға мүмкіндігіміз болған жоқ, қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан, шамамен, 100 шақты сан ­алуан шалдың бейнесі бар, мүсіншілердің қолынан шыққан 50-ден астам сан ­алуан шалдың бейнесі бар. Біз өзіміз ­саналы немесе еріксіз түрде соның бәрін «Абай» деп қабылдап жүрміз. Сонда қазақта қанша Абай болған? Өркениетті жұрт үшін бұл өте күлкілі һәм ұят жағдай. Мәселен, біз ағылшынның Шекспирін, орыстың Толстойы мен Пушкинін, қытайдың Лу Шүнін... олардың суретін көрсек те, ескерткіш мүсінін көрсек те бірден танимыз. Бұл арада мына мәселенің ­басын ашып айтуға тиіспіз. ­Шекспир, Толстой мен Пушкин, Лу Шүндер секілді Абай да тарихта болған, өз бейнесі (фото) сақталған ­тарихи тұлға. Біздің айтпағымыз, қылқалам шеберлері мен скульптур-мүсіншілердің шығармашылық фантазиясына шектеу қою емес. Яғни ұлы ақынды аспанда ұшырып, айға қондырып, жүргізіп, тұрғызып, жатқызып, отырғызып, атқа мінгізіп, күймеге отырғызып, кітап оқытып, жазу жазғызып, өлең оқытып, ән салғызып, домбыра шерткізіп, халықпен кездестіріп, жастармен сұхбаттастырып, т.с.с. сипатта суреттер, мүсіндер жасай берсін. Оған жол бос! Тіпті ондайға жұрт қуана қол соқпаса, ешкім де қарсы болмайды. Алайда біздің суретші-мүсіншілер тақия кигізіп, сақал қойсақ болды «Абай» болып шыға келеді деген арзан ойдан аулақ болғандары жөн. Бүгінге дейін «Абай» деп көпшілікке ұсынылып келген көркем туындыларымыздың (сурет, мүсін) бәрінің басында тақиясы, аузында сақал-мұрты болғанымен, байыптай қарасаң, біреуі бітік көз, біреуі бадыраң көз, біреуі қоңқақ танау, тағы біреуі тәмпіш мұрын, тағы біреуі оймақ ерін және біреуі дүрдік ауыз, әне біреуі селдір сақал, мына біреуі қаба сақал, біреуі табақ бет, қарбыз бас, біреуі ат жақты қауынбас... Қысқасы, осындай жүздеген-мыңдаған «шалдың» бәрі «Абай» деп ат қойылғанымен, басым көпшілігі ұлы ақынның өмірдегі бейнесінен мүлде алшақ жатыр. Ұлтымыздың ары мен ұятына, ұранына, паспортына айналып кеткен ақынның суреті мен мүсінінің астына егер «Абай» деп жазып қоймаса, шетелдіктерді айтпағанда, өзіміз де танымаймыз. Бұның себебі неде? Абай атамыздың «байда мейір, кедейде пейіл де жоқ» деп өзі айтқанындай, басшыларымызда мейір жоқ, былайғы жұртта пейіл жоқ! Әйтпесе, Абай сонау арғы ғасырларда өмір сүрген адам емес, ХІХ ғасырдың соңғы ­жартысында ғұмыр кешіп, жиырмасыншы ғасырды көріп кеткен адам. Түр-тұрқы қалай болды екен дейтін емес, ақынның бір емес, бірнеше фотосуреттері сақталған. Жарайды, кино, сахна өне­рінде Абай бейнесін тірі актер сом­дайтындықтан, сойып қаптап қойғандай актер табу мүмкін емес. Дегенмен, қылқалам шеберлері мен мүсіншілерге қарағанда, режиссерларымыз әлдеқайда «мұсылман» екен, Абай рөлін ылғи да барынша түрі-тұрқы ұлы ақынға жақындау келетін актерлерге ойнатады. Қорыта келе айтарымыз, ұлттық ұранымызға, ұлттық рухымызға, ұлттық паспортымызға айналып кеткен Абай бейнесіне абай болсақ екен. Шекспирдің, Пушкиннің бейнесін дүниенің түкпір-түкпірінен қандай жағдайда (сурет немесе мүсін) көрсек те бірден тани кетеміз ғой, сол секілді Абай бейнесі де тұрақты кейіпте болуы керек деп ойлаймыз. Осы мақсатпен, биылғы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу туралы мемлекеттік комиссияның алдына (назарына) мынадай ұсыныс-талап қойғымыз келеді: 1. Ақынның бейнесін тұрақтан­дырып, сол тұрақтанған бейнені ресми түрде жариялау керек. 2. Ұлы ақынға қатысты ел ішінде, шетелдерде өтетін ірілі-ұсақты іс-шаралардың бәрінде ақынның сол бекітілген бейнесін ғана пайдалану туралы арнайы қаулы шығару керек. 3. Шетелдерде, ел ішінде Абайға қойылатын ескерткіш-мүсіндердің түр-тұрпатының ақын бейнесіне ұқсаған-ұқсамағандығы арнайы ­комиссиямен бекітілуі керек. Бұлай кете берсе, Абайды әлемге танытқанды қойып, ертең өзіміз Абайдан адасып қалуымыз ғажап емес. Қазірдің өзінде ақын бейнесінен шатаса бастағанымызды кімнен жасырайық. Қысқасы, Абай бейнесіне абай болайық, ағайын!

Тоққожа Қожағұлов,суретші:

– Ең алдымен, Абайдың суретін қазақтың және өзге де елдердің менмін деген мықты суретшілері салған. Ол суреттердің барлығы бірдей жарамсыз дей алмаймын. Абай бейнесін дәл, тура етіп салған танымал суретшілер жетерлік. Ал енді, дәл өзім Абай бейнесін салуға қалай келгенімді айтсам. 1988 жылы Мұқағали Мақатаевтың портретін салған едім. Сол портретті көрген қаламгерлер, Лашын жеңгеміз риза болып, үлкен бағасын берді. Содан кейін ақын-жазушылардың «Абайды салып көрсеңші. Абайды көп суретші салып жүр, бірақ Абайға ұқсамайды» деген пікірін көп естідім. «Неге ұқсамайды екен?» деп ақын шығармаларын оқып, қарап, іздене бастадым. Ізденіп жүріп, ақынның туғанына жүз жыл толу ­мерейтойына арнап шығарылған, Абай шығармаларының 1946 жылғы басылымын таптым. Ол жинақтың жаңалығы – ақынның суреті басылыпты. Мұхтар Әуезов пен Нығмет Сауранбаев құрастырып, алғысөзді Сәбит Мұқанов жазған екен. Осы кітапты қолыма ұстап көрдім. Абайдың бізге жеткен екі фотосуреті бар ғой. Біреуі Ақылбай, Турағұлмен, екіншісі отбасымен түскен суреті. Сол Ақылбай, Турағұлмен түскен суреті, яғни 51 жастағы Абайдың бейнесі 1946 жылғы кітапқа басылған екен. Енді фотосуреті сақталған ақынның бейнесі әр суретшіде неліктен өзгеріп кеткен деген сауалға келейін. Қателік қайдан кеткен деп, сол 1946 жылғы жинақтағы және өзге де фотосуреттерді салыстырып қарай бастадым. Техниканың дамығаны қазіргі заман ғой. Бұрындары газет-журналдар белгілі тұлғалардың суретін газет-журналға ретуштеп басатын. Міне, сол ретуштеуде біраз өзгерістер жасалған секілді. Кішкене бұрыс сызық адамның бейнесін өзгертіп жіберетінін барлығымыз білеміз ғой. Осылайша, ретуш жасау арқылы әр ­басылым сайын Абай бейнесі ауытқи берген. Абай бейнесі өзгеріп, үлкен бір ақсақалға немесе театр актерлері сомдайтын Абайдың әртіс бейнесіне көбірек ұқсап кеткен жайттар бар. Абайдың 1946 жылы шыққан жина­ғындағы суретін зерттеп алып, ­Мекемтас Мырзахметұлы, Серік Қирабаев, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай сынды ағаларымызбен ақылдасып, ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен Абайдың 1896 жылғы фотосын негізге алып, Жидебайдағы Абайдың портреттік тұлғасын жасап шықтым. Басына бөрік, үстіне ішік кигіздім. Суретті салғанда қазақы болмысты көрсету негізгі мақсатым еді. Абайдың киімін салу үшін тобықты руының сол уақыттағы киімін зерттеп алдым. Жоғарыда атын атаған ағаларыммен тағы да ақылдастым. Сурет дайын болғанда Турағұлдың қызы Мәкен апайға апарып көрсеттім. «Бала кезімізде біз көрген Абай атам осы ғой. Дұрыс істегенсің, Абай атам әлем-жәлем киінбеген, өте сырбаз, таза адам болған. Тура өзін салған екенсің, айналайын» деп батасын берді. Сол кездегі Мәдениет министрлігі суретті сатып алып, Мұхтар Әуезовтің музейіне қойды. Замандас ақын-жазушылар, шығармашылық қауым өкілдері менің суретіме «Ерекше Абай келді» деп баға берді. Абайдың суретін сәтті салған суретшілердің біршама екенін айттым ғой. Бұрындары сол суретшілермен бірге «Абай бейнелеу өнерінде» деген бағдарламаға түстік. Мен де бір-екі ауыз пікір айттым. «Қазіргі Абайдың фотосуреті сақталмаса, туыстарына қарап, образды түрде сала беруге болады. Бірақ нағыз Абайдың бет-бейнесі анық көрінетін фотосуреті бар ғой. Оған басқа киім кигізсек те сол бет-бейнесі сақталуы керек. Абайды жоғалтып алып, сақалы бар қарияны сала берсек, оны Абай деп айтуға болмайды» деген едім. Әлі сол пікірдемін. 2019 жылы Абайдың бейнесін акварельмен салдым. Бұл да Абай бейнесін сақтауға қосқан үлесім деп білемін.

2252 рет

көрсетілді

45

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы