• Руханият
  • 13 Тамыз, 2020

ҚАСЕКЕҢНІҢ «БАЛАЛАРЫ МЕН ЖАСТАРЫ»

Өмірінің қырық жылын Қазақ радиосына, алпыс жылын қазақ журналистикасына арнаған ардагер, КСРО телерадио саласының үздігі  Қасымхан Ерсарин 93 жасында дүние салды.

1983 жылы қараша айында Қазақ университеті журналистика факультетін бітіргеннен соң, арнайы жолдамамен Мемлекеттік телерадиокомитетінің (қазіргі корпорация) құрамындағы Қазақ радиосына, оның ішінде ­Балалар мен жастарға арналған Бас редакциясының редакторы болып жұмысқа келдім. Оқып жүргенде, темірдей Темкеңнің кезінде, біздің факультетте қатаң кесте бар еді. Бірінші курстың студенттері жазда өндірістік тәжірибені әуелі, аудандық, қалалық газеттерде, екінші курста облыстық газетте, теле немесе радиода өткізетін еді. Үшінші жылы республикалық газеттер мен баспаларда, теле мен радиода шеберлігін шыңдайды. Төртінші курстағылар, өз еркімізбен, жүрегіміз қалаған журналистік ұйымдарға барып, соңғы жылы көбі болашақ жұмысында «ен салып» та қоятын. «Деканның кестесімен» екі жыл өндірістік тәжірибені туған жерім – «Шалқар» аудандық газетінде, Ақтөбе облыстық телерадиода, одан соң екі жылды Қазақ радиосында өткіздім. Оның жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасы ол кезде, елдің ең көп тыңдайтын радиохабары болатын. ­Шынында да, бұл редакцияға жұмыс істеу, біз сияқтыларға арман еді. Ал Қасымхан аға сол редакцияның Бас редакторы екен. Бас редакцияның бөлім меңгерушісі Кемелбек ­Шаматай шетел редакциясына ауысты да, ішкі «ауыс-түйіс» болып, оның орнына аға редакторы Махмет Түменбаев жоғарылап, ал Мелдебек Айтаев бір саты «аға» боп көтерілді. Дипломымды алып, әке-шешемді қуантып, жолдамамды қалтама салдым да, қараша айының бір күнінде бас ­редактор Қасекеңе келдім: – Білеміз, кадр бөлімі де, жігіттер де айтты (Жігіттер деп отырғаны – редакцияның кішкентай бастықтары). Екі жыл өндірістік тәжірибеден өттің. Дәстүр бойынша, келетін жас ­маман әуелі орта сынып оқушыларына арналған «Пионер серігі» деп аталатын радиогазеттен бастайтын бір тәртіп бар. Аптасына жиырма минут хабар жасайсың. Одан соң, ретімен ересектерге арналған «Өрендер» радиоклубына ауысасың, ал әрі қарай пісіп жатсаң, жастардың «Ұшқын» бағдарламасына барасың. Есіңде болсын, редакцияда тәртіп қатал, ал шаруаның қалғандарын аға редактор Мелдебек түсіндіреді, – деді де бетін бір сипап қойды. Бұл Бас редакция қазақ тілінде балабақша бүлдіршіндерінен бастап, жастарға дейін он-жиырма бағдарлама немесе аптасына 400 минут, яғни алты сағат қырық минут хабар беріп отырады екен. Баспасөз тілімен айтқанда, 180 беттік мақалаға тең деген сөз. Мұндай бағдарламаларды дайындау, сөз жоқ, үлкен күш-жігерді және ұжымдық бірлікті талап ететіні белгілі. Оған қосымша орыс тілінде жасалатын ­хабарлар да тура осындай деңгейде. Әрине, осындай ауқымда атқарылар жұмысты үйлестіріп отыратын Бас редактордың орны, оған жүктелер міндет ауқымы да өте кең. Ол кезде республикамызда жалғыз Қазақ радиосы мен Қазақ теледидары ғана болатын. Ал тәуелсіз, коммерциялық дегендер тоқсаныншы жылдардан бастап ашылған. Сондықтан ба, радио – бұқаралық ақпарат құралдарының ең бір қуатты, әрі жедел, ел қызыға жүріп тыңдайтын қаруы еді. Қасекеңнің қарауындағы «Ұшқын», «Ойлан, тап!», «Сәлеметсіз бе, ­замандас!», «Гүлдәурен», «Жас қалам», «Айгөлек», «Ерден атайдың ертегілері» хабарлары аптасына 400-500-дей хат алып отырған. Әлі есімде, хат бөлімінің апайлары бізге қалжыңдап: «Ау, Қасекеңнің балалары, мына қапшық-қапшық хаттарыңды алып кетіңдер!» дейтін. Жастар – қашанда жаңалықтың жаршысы екені рас. 1987 жыл журналист Ағзамхан Егембаев «Ұшқында» бұрын-соңды болмайтын сырттай радиоайтыс ұйымдастырып, уақытында үлкен резонанс туғызғаны бар. Ал ­айтысты ұйымдастыру әділқазы тобының төрағасы, профессор Т.Кәкішев, мүшесі – сол кездегі комсомол Орталық Комитеті мәдениет ­жастары бөлімінің меңгерушісі болған, қазіргі ҚР Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев еді. Мектептегі оқушы кезінде қазақтың талантты әншісі Мақпал Жүнісова өзі күйші, сыбызғышы, әрі «Өнерге қанат қаққандар» хабарының музыкалық редакторы Нұрахмет Жорабекұлының эфирінде ән шырқаған. Балалар редакциясының «Тілашар», «Айгөлек» бағдарламаларын жасаған ақын, бүгінде республика балдырғандары сүйіп оқитын «Айгөлек» журналының бас редакторы – Қымбат Әбділда болатын. Әсілі, Қымбаттың да журнал ашу туралы ойы осы радиодағы хабарынан басталған сияқты. «Қазақстан» телерадио Корпорациясының төрайымы болған Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанова, ақындар Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, жазушы Гауһар Исаева, журналистер Қайныштай Құлжабаева, Рыс Нүсіпова, Бақыт Досымов, ­Кенжебай Жармұханбетов, Сағындық Нұрекеев, Ерлан Қожагелдиев, Қанат Қайым, Құдиярбек Ағыбаев, Гүлжанат Құстанова, Гүлмира Тойболдина, Әлімжан Сабыржанұлы, Қайрат Мұсақұлов – бәрі өз қызметтерін осы редакциядан бастаған. Қасымхан аға қашан да жастарды қолдап жүретін. Соның бір мысалы, жастар редакциясының «Жас қалам» радиожурналын жүргізуге талантты ақын-жазушылар – Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімхан, Аманхан Әлім, Мәди Қайыңбай, Жұмабек Кенжалин, Талғат Өтегенов, Мақсат Тәж-Мұратты тартты. Сол уақыттарда, Қазақ радиосында салалық бес-алты редакциялар болса, солардың ішіндегі шығармашылық қуаты жағынан осы балалар мен жастарға арналған редакция алдыңғы қатарда жүретін. Сексенінші жылдардағы радиохабарлар мен қазіргі бағдарламалардың айырмасы жер мен көктей. Бүгінгі күні радиода дәстүрге айналған «тікелей эфир» хабарлары таңсық ­болмаса, ол кезде жаңалықтардан басқа тыңдаушыларға тікелей эфирде ұсынылатын бағдар­ламалар тәжірибеде жоқ еді. Хабарлар түгелдей дерлік жазба күйінде ғана жазылатын. Осы Қазақ радиосында салалық редакциялар арасында үлкен хабарларды тікелей эфирге шығаруда да ­бастаманы «Қасекеңнің жастары» көтергені көпшіліктің естерінде бар шығар. Ең алғашқы эфирді 1986 жылы 5 мамыр күні әріптесім Нұржан Мұхамеджанова екеуміз бір сағат бойы жүргізіп едік. Сол кезден бастап «Горбачевтың қайта құру» заманында қазақ қоғамының оянуы, ұлттық сана-сезімнің бас көтеруі, ең бірінші, «Ұшқын» жастар бағдарламасынан көрініс тауып жатты. «Осы дәстүрді өз ұстазым, осы редакцияны отыз жыл басқарған, кейін зейнетке шыққанда өз орнына мені ұсынып кеткен асыл жан Нәзила Баймұратовадан үйрендім» деген бір сөзінде Қасымхан ағамыз. Нәзила апайдың шәкірттері кейін радионың директоры болған Мадрид Рысбеков, әнші Жәнібек Кәрменов, жазушы Дінәш Нұрмұхамедов, журналист Сәбит Сүлейменов еді. Журналист Қасымхан Ерсариннің шығармашылық зертханасын зерттеу барысында көңілге анық түйіп, ­барынша байқағанымыз – қатырма қағазы болмаса да, ағамыз – нағыз педагог, оның нысан-сүрлеуі – ұрпақ тәрбиелеу, мектеп және отбасы құндылықтары еді. Арманшыл да, талапшыл, адал да, әділ Қасекеңнің өмір жолын таңдауына өз ортасы әсер етсе керек. «Қостанайдың шалғай Жайылма деген ауылында тұрдық, – деген бір сөзінде – Мектепте оқып жүргенде, оң-солымызды айырып, өмірге белсене араласқымыз келетін бір арман бар еді... Сол кезде облыстан бізге бір топ жас мұғалімдер келген, жаңа леп, жаңа жаңалықтар дегендей. Олардан көп нәрсе үйренгіміз келіп еді. Амал жоқ, бұл күндеріміз ұзаққа созыла қоймады. Соғыс басталды. Бауыр басқан ұстаздарымыз бірінен соң бірі майданға кетіп жатты. Бірде маған мектеп ­директоры Жасыбай аға: «Қасымхан, мектепке кел, бала оқыт. Әзірге мұғалім табылмай тұр» деді. Мұғалім болып істеу оңай емес екен. Ал менің бітіргенім сегізінші сынып қана. Соғыс басталған соң оқуымды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік болмап еді. «Адам тумысынан ерекше болып тумайды, оның тындырған ісімен ерекше етеді» деген халық даналығы шын екен»... Соғыс да бітті-ау... 1947 жыл. Сегіз кластық сауаты бар, бірақ таудай талабы бар жас жігітке әрі қарай жоғары білім алу үшін орта мектепті бітірді деген аттестаттың қажеттілігі сезіледі. Сол үшін ол қаладағы бір мектепте тексеру емтиханынан сүрінбей өтеді. Өз біліміне сенген Қасекең сол жылы анау-мынау емес, Мәскеуге аттанады, онымен қоймай тарих және мұрағат институтына қабылданады. Алайда, барғаннан кейін аяқ астынан сырқаттанып қалуына байланысты елге, Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Сөйтіп, мұнда келген соң ол құжаттарын Қазақ унииверситетінің журналистика бөліміне тапсырып, студент ­атанады. 1952 жылы жас маман сол кездегі Қазақ телегаф агенттігіне (қазіргі «Қазинформ») редактор-аудармашы қызметіне орналасады да, үш жылдан кейін Қазақ радиосына ауысады. Қасымхан Ерсарин бар өмірін қазақ журналистикасына арнады, радио ­саласында өз мектебін қалады, бірқатар ­редакцияларды басқарды. Қазақ ­радиосы қазақ мәдениеті мен әдебиеті, өнер мен ғылымының ­алтын қоры ­десек, оның жүздеген үздік хабарлары осы қордың жәдігерінде сақтаулы. ­Сонымен бірге журналистің жеке мұрағаты мен жеке аудиотекасында еліміздің есімі аяулы да қымбат тұлғалардың теңдессіз дауыстары, жазбалары мен суреттері бар. Кейбіреулер, Қасекең қызық адам дейді. Қызық болатыны, ол – кіршіксіз балажанды, бірақ тура да, әділ еді. Редакция ұжымы, негізінен, жастар еді, бірі жас отбасы, көбі пәтер жалдап тұратын. Ағамыз бізді баласындай көріп, әрқайсысының жағдайын беске білетін, мұндайда қаламақыны мол бергізетін еді. Ағамыздың досы, академик Манаш Қозыбаев жазғандай: «Қасекең досына – адал, айналаға – жанашыр, кішіге – мейірім, үлкенге – қайырым, жағымпаздыққа –жат». 1990 жылы Қасекең зейнетке шығып, телерадиокомитетке қазақтың аяулы тұлғасы Сағат аға Әшімбаев төраға болған кезде мен Қасымхан ағаның ізімен бас редактор болып тағайындалып едім. Алайда ұстазымыз радиодан қол үзген жоқ, өзінің ең рейтингтік жобасы «Сәлеметсіз бе, замандас!» бағдарламасын біраз жылдар бойы әйгілі диктор Сауық Жақанова екеуі бірге жүргізген. Соңғы жылдарға дейін Қасымхан аға радиоға хабарласып отырды, қартайғанына қарамастан Желтоқсан, 177 мекен-жайындағы Қазақ Радиосы үйіне өзі келіп кететін. Радио ғимаратын аралайды, бірақ ол кісі «сөзшең» емес, сөзі аз: жас әріптестерінің сәлемдерін алады, жағдайларын сұрайды, шәкірттерін түгендейді. Содан соң, іштегі кітапханаға барып, кітап, газет-журналдарды қарайды. Өзінің қойын кітапшасында былай деп жазған екен: «Сенің қолыңа қуатты да, күшті қару беріліп отырғанын ешқашан да ұмытпа.... Қаруыңа адал бол». Расында да, Қасымхан Ерсарин аға қалам-қаруына әрқашан адал болып өтті. Біз Сізді ұмытпаймыз, Ұстаз!

Иманбай ЖҰБАЙ, телерадиожурналист

1383 рет

көрсетілді

80

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы