• Әдебиет
  • 13 Тамыз, 2020

«АБАЙНАМА» ӨЛЕҢДЕР ТОПТАМАСЫНАН

Болат ҮСЕНБАЕВ, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Абайдың тылсым әлемі – Даналық ойдың мәйегі. Ұрпаққа бағдар сілтеген, Ұлағатымен кәделі.

Абайдың қара сөздері – Ақылдың әділ безбені. Жаныма дауа тауыппын Құлазып кеткен кездері.

Төрелік айтқан заманға, Ашынып топас, наданға. Ұлы Абай кейіпкерлері, Жүр әлі біздің қоғамда.

Жүрегін жырмен ұсынып, Танытқан таудай кісілік. Әр сөзі бірі-біріне, Тұрады сәуле түсіріп.

Санамды ойға бөктірдім, Ескерткішіне кеп тұрмын. Абайды сүю арқылы Ұлтымды сүйдім деп білдім.

Жырына жаным жылынып, Өмірді келем ұғынып. Алланың сыйы қазаққа – Абайға біткен ұлылық! * * * Әлібек, шырқа, әніңді әуелет, Абайдан баста сыралғы. Қол соқсын ду-ду қалың әлеумет, Тасташы түріп тұманды.

Абайдың асқақ ариясын айт, Жүректің қылын дірілдет. Құйылсын содан көл-көсір шуақ, Көңілді толқыт құйын боп.

Созылсын әуен, өрлеші шыңды, Қан болып тасыт сезімді. Жарық Ай болып тербеші түнді, Жарқ еткіз күңгірт көңілді. * * * Мүрсейіт қолжазбалары – Кітаптар еді шап-шағын, Санаға салған соқпағын. Мүрсейіт қолжазбалары – Лапылдап тұрған от, жалын.

Мүрсейіт қолжазбалары – Тоғысқан ойлар торабы. Ұзатылатын қыздарға, Жасау боп кетіп барады.

Мүрсейіт қолжазбалары – Ақынның армандағаны. Абайдың үні, алауы – Мүрсейіт қолжазбалары.

Жарқ еткен ойдың жанары – Мүрсейіт қолжазбалары. Мүрсейіт, саған мың алғыс, Қазынаң үшін бағалы. * * * Өмірдің заңын құп алыпты Абай, Соңында тіптен түңілген. Уайымға мелдеп, қуарып самай, Қайғының уын сімірген.

Күрсінтті мені көңілсіз әлем, Жаһанға кейде сыймаймын. Өлең жазбай-ақ өмір сүрер ем, Ақын Абайды қимаймын. * * * Ағыл-тегіл тасқын боп, Жүрегіңді жұбаттың. Ой маржанын тәпсірлеп, Суыртпақтап сыр аштың.

Орнаттың ойдың ордасын, Көкірегіңнен қақпа аштың. Қопарып тілдің қордасын, Тамырлы сөзді тап бастың. Жатады тұтас жұптасып, Ақыл да, ой да, сезім де. Жұртыңа сөнбес рух шаштың, Данасың қара сөзіңде.

* * * Соныдан салдың сүрлеуді, Талпындың тауың шағылмай. Күйзеліп іштей күңірендің, Қорқыттан қалған қобыздай. Таразы басын теңгердің, Өрледің күндей биіктеп. Ілгері кеткен елдердің, Інжуін алдың іріктеп.

Ел болсақ дедің санатты, Кеудеңді арман – от кернеп. Қорлықта жүрген қазақты, Зор жұртқа болдың жеткермек.

Алаштың арай таңындай Сендегі асқақ, ұлы арман. Кедергілерге бағынбай, Жетелеп шықтың мұнардан. * * * Әулиелермен қауышқан Абай, Сұңғылалармен жарысқан Абай. Имандылықты анықтап Абай, Жол салып кеткен ғарышқа қарай.

Керегемді кеңейткен Абай, Уығымды тіктеген Абай. Тұрады қолдап, жебеп мені Абай, Даналығымен рух береді Абай.

Ойлары – шырақ, жырлары – пырақ, Сиқырлы сөздің жол басы – Абай. Мұңдасым да – Абай, Сырласым да – Абай, Қасымдасың ба, Шыңдасың ба, Абай?! * * * Астамсып кетсек найқала басып, Қаймыға түстік тек сенен. Қазақтың жанын айқара ашып, Өзіңдей кім бар екшеген? Оқыған сайын айызым қанды, Әдеп әлемін үлгі еттің. Адамзатқа ортақ тағылымдарды, Тәптіштеп тұрып үйреттің.

Жол аштың тыңнан ғаламға бөлек, Көне соқпақты тарсындың. Ұялап қалған санаға зерек, Өз Абайы бар әркімнің.

Жөн сілте бізге, пайғамбар Абай, Ізгілік нұрын таратшы. Қадам басайық қай маңға қарай, Рухыңмен қолда Алашты! * * * Сыпырдың ой-томағаны, Көкіректі шабыт буып. Сөзің қандай мағыналы, Көрмеген еш жалықтырып.

Өлең көшін өрге сүйреп, Толағай іс тындырғасың. Ақылыңның теңдесі жоқ, Туа біткен сұңғыласың.

Жайқалттың жыр – желектерді, Ең қажетті тауып дәнді. Мұңайғанға медет бердің, Жадыраттың жабыққанды.

Қазыналы ой ақтарып, Тас түнекті түріп кірген. Тоғыз жолдың тораптарын, Саңлағымсың біріктірген. * * * Жарылмайтын жаңғақсың, Жабылса да көп қазақ. Жадағайдан аулақсың, Ой – қатпарың қат-қабат.

Қиюласып, астасып, Қуатты ой, ділмар тіл. Тұратұғын от шашып Әр сөзіңде кіл жарқыл.

Жарықты аңсап жанарым, Намысымды жаныдым. Өміртану сабағы – Сенің дүниетанымың.

Теңізге құр телмірмей, Тереңіне үңілдім. Сендегі отты сөндірмей Алауына жылындым. * * * Шың басында мұнар тұнды, Ақындарда – үміт, күдік. Абай шыққан шың әркімді, Шақырады қызықтырып.

Шыңды бетке ап, шыққысы кеп, Талай ақын шиырлады. Қиындығын ұққысы жоқ, Абай шыңы бұйырмады.

Биік екен шын соншама, Жырды тастап кете алмады. Том-топ кітап шығарса да, Ширегіне жете алмады. * * * Ұшқыр ой, Кемел түйсік, Кенен дарын, Сезіндің заман демін, жел аңғарын. Қазаққа бір данышпан керек-ау деп, Жаратқан үйіп-төккен саған бәрін.

Ұлтыңның айшықтапсың дара кейпін, Мәйекті сөз – серігің, қалам – еншің. Қазақ десе, Абай боп алдан шыққан, Уақытты басып озған феноменсің! * * * Байқампаздықпен дүниені өзгеше танып, Саф асыл сөзді таңдады зердеге салып.

«Сыңғырлап өңкей келісім» жатса – ғаламат, Өлеңді таққа қондырды патшаға балап.

Халқының жайын тұрғасын қапысыз танып, Ақиқатты айтты аямай ащы сынға алып.

Жат қылықтарды жайратты дөп мергендікпен, Түсінем оны емесін жек көргендіктен.

Қара сөзіне қазақтың сіңіріп қанын, Аңсады елдің аспандап биік ұшқанын. * * * Адамзаттың ақылманы – дана Абай, Мінездерге шамданыпсың шалағай. Салмақты ой боп санамызда тұрасың, Наурызбаев құйып қойған қоладай.

Құран сынды құрметтейді мұраңды ел, Әрбір сөзің – ой мәйегі (құнар мол). Сені оқысам сергелдеңнен сейіліп, Тауып кетем шытырманнан шығар жол.

Абай – ғалам, арайлаған таңым ең, Абайы жоқ халықтың да мәні кем. Жаның күйіп мешеулікке мелшиген, Санамызға сәуле шашқан жарық ең.

Тайсалмастан тайталасқа беттеген, Жүрегіңнен туды жақұт – текті өлең. Қитұрқысын бастан кешіп заманның, Абыз едің ел бақытын көксеген.

Жан дүниең жамандықтан жеріді, Алла болды ақылыңның серігі. Оятпақ боп, ұйқың шайдай ашылды, Өзі тірі, көкірегі өліні.

Талай надан тобығыңнан шалса да, Жүрегіңді жайып салдың баршаға. Тұңғиығың бойлатпады бәрібір, Тереңіне үңілсем де қаншама.

О, ұлы Абай – көк тіреген Бәйтерек, Рух беретін сендей қара нар керек. Тәубе деймін, туыпсың ғой бағыма, Абайы жоқ халық болсақ қайтер ек?!

1398 рет

көрсетілді

205

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы