• Әдебиет
  • 13 Тамыз, 2020

Еңбегімен құрметке бөленген

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Шымкент қаласына 2003 жылы барған бір сапарында сол кездегі департамент басшысы Абдулла Ахметовтың есебін тыңдап, еңбегіне өте үлкен баға бергені бар. Өз сөзін: «Нағыз мемлекеттік қызметкер» осы Ахметов Абдулладай болуы керек: есебін нақты, сапалы жасауы, өз тірлігіне үлкен жауапкершілікпен қарауы және кез келген сұраққа түн жарымда сұраса да мүдірмей, шешілетін жолдарын заңға сәйкес Абдулладай жауап беруі керек» деп түйіндеген еді...

Табиғаты таңғажайып Кентау қаласынан түлеп ұшқан Абдулла Ахметов Қазақ ­химия технологиялық институтын (қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) тамамдай сала туған өлкесіне оралып, Кентау қаласындағы «Мырғалымсайсвинецстрой» тресінің құрылыс материалдар комбинатында еңбек жолын бастаған болатын. 1973-1980 жылдары ол Шардара массивін игеруде, фосфор, шина, экскаватор зауыттарының құрылыстарында бригадалар құруда, қой, мақта, күріш шаруашылықтарын өркендетуде, Шымкент қаласының маңынан демалыс аймағын ­(балалар теміржолы, дендропарктер, зоопарк, ипподром) салуда жастарды ұйымдастырып, үлкен жұмыс атқарды. Сөйте жүріп ол білімін тереңдетуді де ұмытқан емес, Алматы жоғарғы партия мектебін саясаткер мамандығы бойынша, тәуелсіздік алған жылдардан кейін Алматы қаласы Қазақ спорт және туризм академиясын тамамдайды. Бұл оқу орындары берген білім Абдулла Ахметовтың кейінгі қызмет жолдарында пайдалы болып, ол Түркістан қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. Егемендігімізді алған алғашқы 10 жылда облыста әлеуметтік салада туындаған қиыншылықтарды – зейнетақыны, атаулы әлеуметтік көмекті, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыны уақытылы алмау мәселелерін шешуде нақты, тиянақты, қыруар жұмыстар атқарды. Әр қалада, ауданда, ауылда мамандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі арқылы сол кезде туындаған қиындықтарды заңды, дипломатиялық жолмен шеше білді. 1999 жылы Кентау қаласында мыңдаған тұрғынның наразылығын мұқият зерттеп, заң жолында мәмілеге келіп, аз уақытта азаматтардың өтініштерін қанағаттандырып, халықтың ризашылығына бөленді. Ол әр жылдары Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкімшілігі еңбек басқармасының бастығы, аппарат басшысы, Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің, денешынықтыру және спорт басқарма бастығы, Бақылау және әлеуметтiк қорғау департаментiнiң директоры, ­Шардара ауданының әкімі қызметінде жүріп, еңбектің қазанында қайнады. Шардара ауданында әкім болған уақыттары А.Ахметов ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайын көтеріп қана қоймай, Шардара су қоймасына судың мөлшерден тыс көбеюіне байланысты ­ауданда төтенше жағдай жариялап, су қоймасын сақтап қалуда үлкен еңбек сіңірді. 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлі­гінің «Еңбек қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институты» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ­директоры қызметінде. А.Ахметов қай салада еңбек етсе де жауапкершілігімен, тыңғылықтылығымен, әділдігімен көзге түсті. «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық ­филиалы Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде әлеуметтік нысандарда белсенді жұмыстар жүргізді, азаматтардың арыз-шағымдары бойынша «Қоғамдық кабылдау» жұмысына, сонымен қатар аудан, қалаларда ұйымдастырып, өткізілетін «Көшпелі қоғамдық қабылдау» жұмысына тұрақты түрде қатысып, тұрғындардың көкейкесті мәселелерінің заң аясында шешілуіне үлес қосып жүр. Еңбегі еленіп, бірқатар ресми мара­паттарға, атап айтқанда, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Түркістан, Кентау қалалары мен Шардара ауданының Құрметті азаматы.

И.СӘТІМ

1462 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы