• Мәдениет
  • 13 Тамыз, 2020

ШАХИМАРДАН ШЫҢЫ

Қазақ еліне кенжелеп келген өнердің бірі – опера. Бірақ белгілі өнертанушы А.Затаевич «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп баға берген қазақ өнерпаздары ортасына кештеу келген операны да тез меңгеріп, бүгінде әлемдік классикалық әншілермен иық тірестіріп жүр. Солардың бірі – Шахимардан Қайдарұлы Әбілов. Бүгінде ол классикалық өнердің шыңына жетіп, әлемнің 50-ден аса мемлекетінде өзінің шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибесін жастармен бөлісуде. Ал ол бұл биікке қалай жетті? Қандай өнер ордаларында білім алып, қанша жылын ізденуге, зерттеуге жұмсады? Әлемнің қанша опера театрларында ән шырқап, неше романстар мен либреттоларды жаттауына тура келді? Міне, біз бүгін 70-тің биігіне шығып отырған ­Шахимардан Қайдарұлының өнер жолына шолу жасап көрмекпіз. 

АЛҒАШҚЫ САПАР...

 Шахимардан Қайдарұлы 1950 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауданы Әрбиген ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайдар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер еді. Ал анасы ­Рутай Қадымқызы жан-жақты ­сауатты ауыл мектебінің ұстазы қызметін атқарған. Әкесі мен анасы да өнерді бағалаған, өздері де ауылдың алты ауызын салған, өнерпаз жандар болыпты. Кейіпкеріміздің айтуынша, алғашқы сахнасы да осы ауыл мектебі мен үйге келген қонақтардың алды болған. Солардың алдында бала даусы даланың бозторғайындай шырылдап тұрып ән салған. Алғашқы алған марапаты да – үлкендердің батасы. «Өркенің өссін, өнерің өрістесін» болған.

Сол өнерді өрістетем деп, ­бозбала ­Шахимардан да 1967 жылы Алматыдағы сол кездегі Эстрада және цирк училищесіне келеді. Ол уақытта ауыл мектептерінде арнайы білім алған музыка пәнінің ­мамандары тапшы. Сондықтан ауыл балалары өнер жолдарын осындай орта оқу орындарында музыкалық сауаттарын ашып, нота үйренумен ­бастайтын. Тек сынақ тапсырғанда ­дауыс, ырғақты ұстай білетін музыкалық қабілет тексерілетін. Егер музыкалық бір аспапта ойнай білсе құба-құп еді. Ал біздің кейіпкеріміздің өзіндік ­баритон даусы, ағасы Тілеуқабылдың гормонда сүйемелдеуімен ән айтқан өнерпаздық қабілеті де бар болатын. Сондықтан сынақтан сүрінбей, студент атанады. Курстастары да кіл мықтылар. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Лұқпан Есеновтер. Ұстаздары – Гүлжахан Ғалиева, Набат Махсудин, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков сынды қазақ өнерінде өз орындары бар тұлғалар. Не керек, кейіпкеріміз олардан аз уақытта көп білім алғанын айтады:

– Эстрада әншісі боламыз деп отырмаймыз. Уақыт тауып Ғарекең мен Жүсекеңді де тыңдаймыз. Не деген диапазон, дауыстарының құдіреті қандай? Сол кезде Мәскеуден бітіріп келген Набат ­Махсудин ағамыз менің жүрегіме бір от тастап жіберді. «Шахимардан, сен эстрада емес, классикалық, академиялық әнші ­болатын адамсың ғой» деді. Содан мен ойлана келе, бірінші курсты бітірген соң, 1968 жылы өзім сұранып, әскерге кетіп қалдым. Бұған майдангердің баласы болғаным да себеп болды ма деймін...

СЕРКЕБАЕВ СЕНІМІ

 Әскерден кейін ­Шахимардан Қайдарұлы музыкалық сауаты болғандықтан білімін жоғары оқу орнында жалғастыруға шешім қабылдайды. Осылайша, Құрманғазы атындағы ­Алматы мемлекеттік консерваториясына құжат тапсырып, мұнда да өз өнерінің арқасында барлық сынақтан сүрінбей өтеді. Сөйтіп, әйгілі Бекен Бекенұлы секілді білікті маманның қолына түседі. Дегенмен, өнердің жолы бұралаң демекші, өзге бір оқытушымен келісе алмай қалады. Сол сәтте тығырықтан шығудың жолын іздеген Ол ұстазы ­Бекен Бекенұлынан не өз класына алуын, не ­Ермек Серкебаевтың ­класына ­ауыстыруын өтінеді. Ол кезде тәртіп қатал, ондай мүмкіндік ­болмайды. Сөйтіп, амалсыз консерваторияны ­тастайды...

Арада сынаптай сырғып үш жыл өтеді. Бірақ өнерге деген құштарлық оның жолын ешқайда бұра алмайды. Айналып, қайтадан Консерватория табалдырығын аттайды. Бұл жолы бірден әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаевты іздеп тауып, «аға, даусымды тыңдап көріңізші» дейді. Өз класында отырған опера өнерінің метрі «Қаламқас» әнін роялда ойнай жөнеліп, орында дегендей қалың қастарын қағып қалады. Сын сағатта сүрінуге болмайтынын түсінген кейіпкеріміз де баритон даусын барынша созып, шырқай жөнеледі. Зеңгір көкке самғаған қырандай, өзі де кең тынысты әнді әуелетіп барып, мамырлата аяқтағанда ұстазы да «браво» деп екі алақанын соғып қалып, өзінің ұстаздық кеңесін айтады:

– Шахимардан, сенде дауыс бар. Даусыңның өзіндік ерекшелігі мен қуаты да жеткілікті. Бірақ сен оқуың керек. Менің саған айтар ақылым, бұл классикалық өнердің жолы ауыр. Кейбіреуі өз жетістігіне 35 жасында, екінші бірі 45 жасында, тіпті үшіншілері 50 жасында жетеді. Сондықтан асықпау керек, көп ізденіп оқыған жөн. Әр орындаған әніңді, опералық рөліңді сіңіру керек. Сенен сондай әнші шығады. Мен саған сенемін!

Серкебаевтың сеніміне ие болған кейіпкеріміз бірінші курсқа қайта қабылданады. Ол кездегі қатал талап пен заман солай еді. Алайда ­Шахимардан Қайдарұлы енді сенім артқан Ермек ұстазын ұятқа қалдырмауға шындап бекінеді. Асықпай жүріп анық басады. Опера өнеріндегі білікті ұстаз ­Бекен Бекенұлының да тәрбиесін көреді. Соның нәтижесінде оқып жүріп-ақ, 1971 жылдан бастап, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және ­балет театрының хор әншісі ­болып қызмет істейді. ­Консерваторияны бітіргенде дипломдық жұмысы «Абай» операсы болады. Ал жұмысты қабылдаған комиссия сол кездегі консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова, «Абай» ­либреттосын жазған композитор Латиф Хамидилер секілді профессорлардан құралған еді. Диплом жұмысына мұқият дайындалған ­Шахимардан ұстаздары алдында өз шеберлігін таныта біледі. Комиссия бірауыздан «бес» деген баға қояды. Әйгілі композитор батасын береді. Ұлы тұлғалардан бата алған ­Шахимардан Қайдарұлы сол күннен бастап өзі де ұстаздық жолды жалғастырады.

ҰСТАЗДЫҚ ПЕН ӘНШІЛІКТІ ҰШТАСТЫРҒАН

 Шахимардан Қайдарұлы ұстаздық ете жүріп, 1981 жылдан Жамбыл атын­дағы филармонияның әншісі қызметін қоса атқарады. Опера әншісі үшін мұның бәрі тәжірибе толықтыру, репертуар жинау сияқты шығармашылықта шың­далу еді. Осы тынбай ізденудің нәтижесінде 1990 жылдан Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы вокалдық-хор факультетінің деканы, жеке ән айту кафедрасының меңгерушісі, 1991 жылдан вокалдық-хор әні кафедрасының доценті, 1997 жылдан жеке ән айту және опералық дайындық кафедрасының меңгерушісі, жеке ән айту кафедрасының профессоры қызметтерін атқарады. 1998 жылдан бастап  Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына солист болып қабылдануға қайта мүмкіндік туады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы ұстаздық ­жолында 50-ге жуық елге танылған әнші-шәкірттерін дайындайды. Олардың 12-сі бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атақтарын алған. Ал ­Шахимардан Қайдарұлының өнер жолындағы осы ұшан-теңіз еңбегі де еленіп, көптеген мемлекеттік марапаттармен марапатталған. Атап айтқанда, 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағын алса, 2005 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төс белгісін иеленеді. 2006 жылы «Қазақстан мемлекеттік сыйлығының» лауреты және «Құрмет» орденінің иегері атанады. Жасынан өнер үшін қызмет еткен кейіпкерімізге бұдан кейін де атақ, дәрежелер беру тоқтатылған емес. 2011 жылы Павлодар облысының Құрметті азаматы атағы берілсе, 2015 жылғы 3 желтоқсанындағы Елбасының жарлығы бойынша ІІІ дәрежелі «Барыс орденімен» марапатталды. 2016 жылы «ҚР тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальі кеудесінде жарқырады.

Кемеліне келген кейіпкеріміз өнер жолындағы жинаған осы тәжірибелерін бүгінде туған жеріне апарып сіңіруге шешім қабылдайды. Ойға алған ісін жүзеге асырғанша жаны тыным таппайтын Ол Павлодар облысының музыкалық колледжі жанындағы вокалдық орындау­шылық Академия негізін қалады. Қазіргі таңда білім ордасында 100-ден аса жас өнерпазды опера өнеріне балғын кезінен баулуда.

ҚАЗАҚТЫҢ ӘНІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН

 Шахимардан Қайдарұлы Ертіс-Баян өңіріндегі ғажайып әншілік өнердің түлегі. Естай, Бүркітбай, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Қали Байжановтардың әншілік мектебін заманауи музыкалық аспаптармен өңдеу технологиясын пайдаланып, әлемдік биікке көтере білді. Ол Алматы мен Нұр-Сұлтандағы музыкалық жоғары оқу орындарында қызмет етіп, өнер ордаларының сахналарында халық әндерінен бастап, шетел классиктерінің шығармаларын да орындады. Оның ­репертуарында арынды ариялар, иірімі терең ­романстар мен қазақстандық және шетелдік композиторлардың 300-ден астам туындындылары бар. Бұл шығармалардың барлығында дерлік  басты партияларды орындаған. Мәселен, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында – Абай, Е.Рахмадиевтің «Абылай ханында» – Бұхар жырау, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» – Ер Тарғын, М.Төлебаев­тың «Біржан-Сарасында» – Жанбота, П.Чайковскийдің «Пиковая драмасында» – Томски, Дж.Вердидің спектаклінде – Риголетто мен Жермона рөлдерін және басқа опера кейіпкерлерін шебер сомдаған біртуар дарын иесі.

Осындай өрелі өнерімен халықара­лық деңгейге көтерілген Шахимардан Қай­дарұлын бүгінде әлемдік байқауларға қазылыққа шақырып, оның пікірімен санасады. Солардың бастыларын атар болсақ, «Искусство XXI века» атты Финляндия, Италия, Австрия, Калининградта өткен «Янтарный соловей», Мәскеуде өткен «Международная русская романсида» ­вокалистер байқауында, Қазан қаласында өткен Р.Яхин атындағы камералық әншілер байқауында, Уфада, Киевте өткен опералық әншілер байқауында қазылар алқасының мүшелігінде болған. Сонымен қатар Шахимардан Қайдарұлы бүгінде Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері мен алыс-жақын шетелдерде жүйелі түрде шеберлік сабағын өткізіп тұрады.

Шахимардан Қайдарұлы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ең үлкен өнер ордаларынан бастап, облыс, аудан, ауыл сахналарында да өз концерттерін берген, туған халқына кең танылған әнші. Елінің құрметіне ие болған әнші әлемдік сахналарда да қазақ әнін шетелдерге насихаттап жүр. Оның Лондондағы Барбикан-холлда корольдік камералық оркестрмен берген концерті жайлы Би-би-си тілшісі былай депті: «Лондон Сити орталығында XI ғасырдағы шіркеуде концерт беріп, тек қана әлемдік танымал жұлдыздардың келгеніне дағдыланған қаладан осынша көп тыңдарман жинау, бұл теңдесі жоқ құбылыс болды». Шахимардан Әбілов өнерінің жарқын тұстары Париждің ­Плейель залында, Винченсо, Берлин, Тель-Авив, Мәскеудегі Ресей композиторлар Одағы және П.И.Чайковский атындағы консерваторияның кіші ­залында да өткен. Гастрольдік сапармен ­Лондон, Париж, Тель-Авив, Хельсинки, Венеция, Вена, Стокгольм, Берлин, Мәскеу, Ыстамбұл, Анкара, Улан-Удэ, Киев, Минск, Вильнюс, Таллин, Ташкент, Бішкек, Уфа, Баку, Қазан, т.б. әлемнің әйгілі қалаларында өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленген.

 «АБАЙ БОЛЫП КЕЛЕ ЖАТЫР»

Ән айтқан қазақтың Абай әндерін шырқамағаны жоқ шығар. Ал Шахимардан Қайдарұлы ұлы ақын шығармашылығын терең зерттеп, оның әр сөзіне мән беріп, терең бойлаған өнер иесі. Өзі армандап жүріп, сонау 1971 жылдан Абай атындағы опера және балет театрында әнші болса, кейіннен арнайы «Абай» рөлдерін сомдады. Содан бері жан қалтасынан Абайдың өлеңдер жинағы түспейтін болған. Ұлы ақынның 1995 жылы өткен 150 жылдығында Алматыдан басталған концерттері облыс орталықтарында ұласып, Мәскеу, Киев, Лондон, Париж қалаларында жалғасқан. Ал биылғы 175 жылдық мерейтойы басталғалы да Шахимардан әншіні еліміздің әр өңірі арнайы шақырып, Абай шығармашылығына арналған концертін өткізуде. Сонымен қатар өткенде ТҮРКСОЙ, ТРТ және Түркия Президенттік симфониялық оркестрінің қатысуымен Анкарада ұйымдастырылған Түркі мемлекеттерінен шақырылған әйгілі опера артистерінің ішінде концерттің ерекше жұлдызы ­болады. Еркеғали Рахмадиевтың Абай өлеңдеріне жазылған әндер циклін орындаған оның даусы залда жаңғырып, көрерменнің жүрегін баурап алады. Оның себебі әнші ұлы ақын шығармашылығына терең бойлай біледі. Жалпы ­Шахимардан Қайдарұлының репертуарында Абай өлеңдерінен жазылған 70-тен аса романстың болуы бекер емес. Бұл жөнінде белгілі абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім былай депті:

– Мен Шахимарданмен сөйлескен ­сайын, әңгімелескен сайын, қонақта болған сайын тыңдағым келеді. Кейінгі кезде ­Шахимардан мені таң-тамаша қалдырып жүр. Мен енді абайтанушымын ғой. Қазір ­Абайды ­Шахимардан арқылы түсініп ­жатырмын. Әншінің осылай ден қойғанына мен таңғалам.  Үнемі Абайдың ариясын айтып келе жатыр. Абай болып келе жатыр.

Шынында, Шахимардан Қайдарұлы­ның шығармашылық ­арнасы бастау алғалы Абай болып ән салып келеді. Мұны еліміз­дің өнер сүйер қауымы емес, шетелдік музыкатанушылар да байқаған. Мәселен, Ресей өнер қайраткері ­Галина Преобреженская төмендегідей пікір білдірген:

– Шахимарданға ерекше алғыс айтамын. Сол арқылы қазақтың мәдениетіне тәнті болдым.  Заманауи қазақ романсы жайлы білдім. Білімді, парасатты азамат.  Абайға деген құрметін айтсаңызшы. Мәскеудегі Абай ескерткішінің прототипі осы ­Шахимардан ғой. Сол маңнан өткен сайын Абайды көрем, Абай боп қарап тұрған досымды көрем. Туған күніңізбен, әріптес. Сіздің көп жыл бойы халқыңызды қуанта беретініңізге сенімдімін.

Әзербайжанның халық артисі, академик Эфлатун Неиметзаде былай дейді:

Құрметті Шахимардан бауырым! Сіздің бұл тамаша дауысыңыз – Құдайдың берген сыйы. Сіз өмір сүрген сайын, сіздің дауы­сыңыз одан әрі асқақтай беретін болады. Есіңіз­де болсын, сіз тек қазақ халқының ғана пер­зенті емессіз, Сіз бүкіл түркі әлемі­нің мақтанышы, қымбат қазынасы және көрнекті өнер шеберісіз. Сіз жасай беріңіз, сіз өмір сүрген сайын түркі әлемінің жаңа жас ұрпағы сіздің сол бір ғажайып үніңізге тәнті болсын және ұлықтасын, дауы­сыңыздың сол әсерлі лебі көптеген жас­тар­дың әлемді танып білуіне септігін тигізсін.

Сізді 70 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Ұзақ та бақытты өмір тілеймін! Құдайым осы ғажайып дауыс иесін әрдайым қолдап жүрсін!

АБАЙ ӘНІ

Шахимардан Әбіловке

Шырқа, Шәке, Тағы да Абай әнін, Естімесем есті әнді қараямын. Арай болып таңымда тербеп тұрып Абай болып жанымды аялағын!

Арасынан дүние базарының, Рухын ұстап шығатын қазағының. Көңілдердің көліне құс қондырар Ғажайыпқа бергісіз ғажап үнің.

Шырқа, ағатай, шырқасаң ел де еңселі, Серілердің соңына ерген сері. Алатаудан, Баянтау, Шарбақтыдан – Арараттың шыңынан көргем сені...

Сен шырқасаң жанымда күнес күліп, Оянады кеудемде бір есті үміт. Сен бақытты әншісің бақытыңды – Байтағыңа келесің үлестіріп...

Бақыт тербеп, бақ қонған, Құт қараған, тамырында тағдыр бар – Түпқараған. талай көріп... дүниенің дүрмектерін – Абай болып шырқауға шыққан Ағам!

Күн тұрғанша тұра бер тұғырыңда, Қасиет бар, кие бар тұнығыңда. Әлем үшін айналып кетті бүгін Абай әні, Шахимардан – бір ұғымға!..

Ғалым Жайлыбай

P.S: 

Шахимардан Қайдарұлы бүгінде опера өнерінің шыңына шыққан әнші. Өзінің осы жетістік­теріне жетпістің желкесінен қарап тұр. Ол нағыз кемеліне келген. Зерттеген, жинаған дүниелерін жазып, болашақ ұрпаққа қалдыруды жоспарлап жүр. Ол теория­лық ғылыми оқулық болмақ. ­Ендеше, мерейтой иесіне осы арман, мақсаттарыңыз орындалып, қазақ ән өнерінің құндылықтары қатарын толықтыруына тілектестік білдіреміз.

Н.СҰЛТАНҒАЗИЕВ

1227 рет

көрсетілді

55

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы