• Әдебиет
  • 13 Тамыз, 2020

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Көрнекті қаламгер Рахметолла Райымқұлов жайлы естелік-эссе

Никто не вечен в мире все уйдет, Но вечно имя доброе живет Сағди

Ол көктемнің кенже қызы – мамыр айында өмірге келді. Соның да әсері болар, мінезі мамырдай мамыражай, айналасына аса жайлы, мінсіз еді. Оның кіндігі жұмақ өлке – Ташкент облысының Бостандық ­ауданы Қараманас ауылында кесілді. Оның балдан тәтті балалық шағы, боздақ жұлдыздай бозбала кезеңі жер жаннаты осы Бостандықта өтті. Содан да болар, оның таланты да жұмақ жердей байсалды, бай, табиғаттың өзіндей таза еді. Бостандық ежелден Қазақстанның жері. Кейін ғой солақай, соқыр саясаттың кесірінен Өзбекстанға өтіп кеткені... Ойхой, алаңы жоқ, мұңы жоқ қайран балалық, па шіркін, жанған отты жалаңаш қолмен ұстайтын көзсіз батыр бозбалалық, о да бір қайта айналып келмейтін, сағындырған дәурен ғой. Па шіркін, сол кездегі адамдар қандай-ды?! Тамсандырып, тақ еткізер таңдайды – өздері де, сөздері де ірі еді, жас ұрпақтың пірі еді! Осындай жұмақ жерде туып, осындай табиғаттың өзіндей таза, асқар таудың асыл алмас тасындай асыл адамдар ­арасында өскен оның жалы биік, жаны ­жомарт азамат болып қалыптасуы табиғи заңдылық болатын.

Өткен ғасырдың басында – дәл айтсақ, 1929 жылы төрт кластың білімімен Ташкенттегі Қазақ педагогикалық ­техникумына түскен, оны 1933 жылы тамамдап Ташкент облысының жоғарғы Шыршық ­ауданында мұғалім болған ол аудандық «Алға» газетінде редактор да болды. 1939 жылы Алматыдағы Қазақстан Коммунистік журналис­тер институтын бітіргесін, бұрынғы «Сталин жолы», қазіргі «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы, сәл кейінірек «Социалистік Қазақстан» бүгінгі ел газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде істеп жүргенде – 1941 жылы майданға аттанып, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскер қатарында болады. Оның бұдан кейінгі өмірі Қазақстан Жазушылар одағында, «Жұлдыз» журналында өтті... Ол өмірден озғалы қырық жылдан асты. Әйтсе де, оның есімі ел есінде. Оның есімін – Рахметолла Райымқұлов атын ұмыттырмайтын өнегелі өмірі, еліне сіңірген ерен еңбегі. Еңбегі дегенде, оның 1949-1993 жылдары Полиграфия және баспасөз қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы болып екі мәрте сайланғанын, баспасөзде басшылық қызметте болғанын емес, ешқашан ескірмейтін бай әдеби мұрасын айтып отырмыз. Солардың бәрін талдап, таразылауға мақала көлемі көтермейтіндіктен, бастыларын ғана тізбелейік. Олар: «Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», тағы басқалар. Көркемсөздің көрнекті шебері Рахметолла Райымқұловтың барлық шығармаларына тән өзіндік ерекшелігі, жазу мәнері, ­айтары анық, бояуы қанық қолтаңбасы оның «Қара жорға» атты кең ­тынысты романында айқын көрініс тапқан. Бұл романның оқиғасы соғыс жылдарындағы ауыл өмірін қамтиды. Бас кейіпкер Сейіт өміріне байланысты баяндалған шегініс арқылы берілетін оқиғаларда майдан өмірі де қамтылады. Романның оқиғасы қою, қызықты. Сол себепті де шығарма бір деммен жеңіл оқылады. Романның «Қара жорға» аталуы да орынды, өйткені шығарманың өн бойына Сейіттің әкесінен қалған рухани мұрасы – «Қара жорға» күйін есіне алып рухтанады. Шығармадағы майдан оқиғалары: «От оранған кеме» оқиғасы, Сейіттің Құрбанмен кездесуі әсерлі бейнеленген. Тылдағы оқиғалардан Ұялы сайдағы драмаға толы күнгі атыс оқиғасы ерекше есте қалады. «Қара жорға» романында жан-жақты бейнеленіп, жақсы дараланған бірнеше кесек кейіпкерлер бар. Олар: қандай қиындық көрсе де адамшылық қасиетін жоғалтпаған, ертеңгі күнге сеніммен қарай білетін күрескер Сейіт; сөзі де, ісі де ірі, даланың көкжал бөрісіндей қайратты да қасарма Қаранар; ақ пен қара бояудың ауқымына сыймайтын күрделі тағдыр иесі, прокурор Кенжеғұл; баяғы бай әкесі Тісбай заманынан бергі ескі кек кеудесіне мұз боп қатқан жүрегі мұздай, іс-әрекеті тұздай Құрбан; тәні ауру болғанмен, жаны сау Жамал; жан дүниесінің жасырын сырлары көп, іс-әрекеті тау жолындай бұралаң тергеуші Батырхан; ажарына ақылы сай Айымжан. Бір-ақ рет көрінсе де өрт кезіндегі өжет іс-әрекетімен оқушының көз алдында қалып қойған Кәрібай бейнесін де осы топқа қосуға әбден болады. Көркем шығармаға сын болатын күрмеуі қатты күрделі компоненттің бірі – диалог. Қаламы төселген ­жазушы бұл сыннан сүрінбей өткен. Соған көп мысалдың біреуі мынау: «– Ұмытпаңыз, әсте, Сталин жұмсап отыр оларды, ал Сталин не істейтінін өзі біледі, еліміз оған сенеді, тіпті өзіңіз ше, сенесіз ғой, ә? – Әлбетте. Оған сенбегенде! – Ә, ендеше былай Биеке, осы Сейітті де бар ғой, Сталин жіберген. Әрине, Сталин жаман адамның қолына билік беріп, өзінен артқанын бізге бер деп бастықтарға ұзын арқау, кең тұсау салып қоймайды. – Не көкіп кеттің сен? Осы Сейітті де бізге Сталин жіберген дейсіз бе? Есің бүтін бе өзіңнің? – Бүтін, бүтін болғанда қандай, – деп жымиды Құрал апа. – Бүтін болса жақсы. Айтшы, құлағыңа кім келіп сыбырлап кетті? – Ешкім де. Бірақ білемін. – Білемін? – Дәл солай, айна-қатесі жоқ...». Міне, осы шағын ғана ­диалогта уақыт рухы, дәуір суреттері бар, характер бар. Сонымен бірге бұл диалог адам характерлерін даралау міндетімен бірге, оқиғаның даму динамикасын арттыруға да қызмет етіп тұр. Сондай-ақ Қаранар мен Сейіттің түн ішінде ат-арбамен Ұялы сайға қарай келе жатқан кезіндегі диа­логтар да өзінің қысқалығымен, қызулығымен, шымыр­лығымен есте қалады. Роман «Шу» деп басталғаннан-ақ оқу­шыны өзінің қою оқиғалар иірімімен үйіріп ала жөнеледі. Романның бас кейіпкері Сейіт майдан даласынан оралған жаралы жауынгер. Жерлестері оған сенім артып, Сейітті «Қарқын» колхозының төрағасы етіп ­сайлайды. Арада аз уақыт өткенде майдан даласынан Сейіттің замандасы Құрбан да оралады. Ел басына күн туған ауыр кезеңде Құрбан ­фашизмге қызмет етеді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары Сейіттің әкесі Тоқатайдың басын кесіп алып, оның бассыз денесін түйеге таңып жіберген қатыгез Құрбан енді келіп Сейіт басқаратын колхозының астығын, мал қорасын өртейді. Өзінің істеген осы қылмысын өзінің прокурор інісі Кенжеғұл арқылы Сейіттің мойнына қиып салмақ болады. Сейіт жаланың құрбандығы болып аз күн түрмеде отырып шығады. Осындай қиын кезде аудандық партия комитетінің бірінші секретары ­Ботабек Молдақметов ұстамдылық, парасаттылық танытады. Жалаға сенбейді, арандамайды. Шиеленіскен оқиғалар Ұялы сайдағы түнгі атыс арқылы шешіледі. Міне осындай қою оқиғалар, кесек іс-әрекеттер үстінде кейіпкерлер образы сомдалады. Жазушы адам портреттерін беруде де алғырлық танытады. Бір ғана ­мысал келтірейік: «Маған ба?! – Құрбан қарқылдай күлді. Оның әшейінде қызыл қоңыр дөңгелек жүзі дереу күреңітіп, бетінің ұшына, қабағы астына тікендей тікірейген қалың түктер шыға келді. Әнтек бітіктеу қара көзінің жиектері қанталап, ­тарам-тарам боп кетті. Долы әйелдің ашуы келгендей түймедей түйілген жанарынан нұр кетіп, көзінің ­алдында пайда бола қалатын бір тамшы жас тұрады» (255-бет). Міне, осы іс-қимыл үстінде берілген қып-қысқа, қызулы портрет оқушының көз алдында тасқа қашалған мүсіндей бедерлі бейнесімен тұрып қалады. Тас мүсіннен артықшылығы көз алдында қозғалысқа түскен, сан құбылған жандылық бар. Қаламы төселген тәжірибелі ­жазушы теңеулерінде да тапқырлық бар. Мәселен: «Өрт сөндірілген, өлген адам жерленіп, жанып кеткен мал есебі анықталған. Бірақ өрт ­туралы сөз, дау сөнер емес». Міне, осы шағын ғана шымыр сөйлемдерде жарасымын тапқан жақсы салыс­тыру бар. «Көзі алақандай болған Құрбан тарпа бас салғалы ұмтылған мысықтан зәресі кетіп, қалт тоқтаған тышқандай қалтырап кетті. Сөйте тұра ол: «Хайл, Гитлер!» деп қаққан қазықтай қалшиып қалды». Осы бір кішкентай ғана мысалдан тапқыр теңеуді ғана емес, адам характерін де көруге болады. Әскери дабыл арқылы көтерілген кейіпкер жар басында өзінің әйелі Зергүлмен кездеседі. Ол бұған қарсы мылтық кезеніп тұр. Осы арадан шегініс ­басталады да, ­автор Жәнібектің Зергүлмен қалай ­танысып, табысқанын ­баяндайды. Жау элементтердің ықпалына түскен Зергүл өз қатесін кеш ұғып, өзін-өзі атып өлтіреді. Осы екі аралықтағы оқиғалар арасынан Жәнібек, Әбдіхамит Нұртаев, Бақтияров бейнелері бой көтереді. Автор өз кейіпкерлерін іс-әрекет үстінде сомдайды. Романның оқиғасы қою, қызық болуымен бірге оның оқушыға берер тағылымы да мол. Сол тағылымның ең бастысы, өмірде қателеспейтін адам жоқ, қателікті дер кезінде көре білсең, жөндеуге де болады, өмірде ешқашан ешкім түзей алмайтын бір ғана қателік бар. Ол – Отанға опасыздық жасау деген идея. Автор осы жақсы идеяны сәтті жасалған кейіпкерлер арқылы оқушы көкейіне ұялата алған. Романның соңғы жағында бас кейіпкер Жәнібек өмірден күдер үзіп өлгісі келеді. Кейіпкердің осы бір ой-сезімі де шынайы. Өйткені мұнда мотивировка мықты. Сөз болып отырған шығарма­лар­дың тілі, тұтас алып қарағанда, құнарлы. Рахметолла Райымқұлов шығар­ма­лары өзінің қою, қызықты оқиғасымен сәтті сомдалған кесек кейіпкерлерімен, оқушыға ұсынар тағылыммен көп кәдесіне жарайтын, көркемдік дәрежесі жоғары, талантты туындылар. Жорғаның жүрісі ат жалын тартып мінген ер үстіндегі азаматқа жайлы. Рахаңның еңбектері де жорғаның жүрісін еске ­салады. ­Рахметолла Райымқұлов ­аударма ­саласында да өнімді еңбек етті. Өзгесін айтпағанның өзінде, тәжік әдебиетінің классигі ­Садриден Айнидің «Бұқара» атты трилогиясының екі кітабын қазақша сөйлеткен еңбегінің өзі бір қаламгерге аз жүк емес. Жазушы Рахметолла Райымқұлов есімін ұмыттырмайтын оның соңында қалған әдеби мол мұрасы ғана емес, жалы биік, жаны жомарт жақсы әкенің өмірін жалғастырып жатқан ұрпағы. Рахметолла ағамен Қазақстан Жазушылар одағының Абылай хан даңғылы бойындағы ғимаратында бірге жұмыс істедім. Ол кісінің бір үлкен қолжазбасына, «Қара жорға» болу керек, редактор болдым. Қаламдас – тағдырлас болғасын жиі араласатынбыз. Ағамыздың жанып сүйген ­жанжары Мәкиза әпкемізді де бір кісідей білемін. Атақты жазушы Зейін Шашкиннің қарындасы Мәкиза әпкеміз сырт тұлға, бет бейнесі ғана емес, жан дүниесі де сұлу, өте ­биязы, бекзат кісілігіне кішілігі сай кісі еді. Сондай отбасыда тәрбиеленген Ақтоты өнерді сүйіп өсті. Табиғи таланты толысып әйгілі сазгер, мемлекет қайраткері – министр ­болды. Рахметолла аға мен Мәкиза әпкемнің сүйкімді перзенті ғана емес, халықтың сүйікті қызы Ақтоты Райымқұлова жайлы сөз болғанда, менің ойыма Эпиктеттің: «Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең кереметі – жақсы тәрбиеленген адам» деген сөзі оралады. Өзбекстанда, Бостандық ауданында Рахметолла Райымқұловтың атында мектеп бар. Өз ағамыз өзбектер құрметтеп жатқанда соңына мол әдеби мұра қалдырған; ел үшін адал еңбек етіп жүрген өнегелі, тәрбиелі ұрпақ өсірген Рахметолла Райымқұлов есімін есте қалдыруға орай Қазақстанда ешқандай жұмыс жасалмағаны өкінішті. Ештен де кеш жақсы. Қазақстан Жазушылар одағы, биік билік иелер. ­Рахметолла Райымқұлов есімін есте қалдыруға нақты жұмыс істеу – ұрпақ ­парызы. Бұл парызды өтеуді Алматыда ­жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта қоюдан бастаған жөн. Сең бұзылса қалған шаруалар да рет-ретімен жүзеге асар. Қалай болғанда да қазақ әдебиетінің алтын қорына азбас, тозбас олжа салған көрнекті жазушы есімі елеусіз қалса басшыларға да, басқамызға да сын. Сын ғана емес, мін. Өлгеннің қамын тірі ойлар, өткенімізді ұмытсақ, өшкеніміз жанбайды. Рахметолла Райымқұлов – ­ха­лықпен бірге жасай беретін қаламгер. Аман болайық.

Сәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алматы

 

1923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы