• Руханият
  • 13 Тамыз, 2020

РУХСЫЗ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҰЛТ ӨМІРШЕҢ БОЛМАЙДЫ

Cұлтан ЖАНБОЛАТОВ, профессор, жазушы

Мәңгілік ел – қаншама мемлекет ұмтылатын асқақ арман. Ол арманға жетуге әбден болады. 4 миллион халықпен шаңырағын көтерген АҚШ арада екі-үш ғасыр өткенде қандай биіктерді бағындырғанын бәріміз білеміз. Демек, бастапқы шарттарды жақсылап келтіре алсақ болғаны. Ол шарттардың ең негізгілерінің бірі – ұлттық, елдік рух. Ұлы Далада атой салған, ғасырлар қойнауынан тарқатсаң, тайпалық-елдік тарихы бар қазақ атты халық рухы күшейгенде шалқығаны, ал рухы әлсірегенде өзгеге жем болғаны әділ тарихта таңбаға басылып қалған. Рухты көтеретін факторлардың ішінде тарихи тұлғалар зор маңызға ие. «If God did not exist, it would be necessary to invent Him» (Құдайың жоқ болса, өзің біреуін жасап шық) деген кей ел-жұрт таңғажайып тұлғаларын әспеттеп жүргені де содан. Қазақ халқы да тарихи тұлғаларының, оның ішінде Абайдың рухты оятудағы маңызын жақсы біледі. Абайдың 175 жылдығына арнаған бұл сөзімді диссертация, трактат қалыбына салмай жаздым. Оның үстіне Абай туралы дағдылы әдеби-сындық анализге де бұрылмай, оның қазақ еліндегі рух құдіреті мен маңызы жайлы қысқа ғана сөз қозғамақпын. Бүгінде Абайды, ел іші түгілі, сырттағы жұрт та білгенімен, мен атаған маңызды жайттарды шын түсіну мен мойындау ел іші үшін тарихи ғана емес, шынайы мәні де өте зор.

Бүгінгілердің дені ұзақ сөзге ықы­лассыздау. Жан бағудың қар­балас­тығынан шығар. Көңілі мен көзі көбіне электрондық келте нұсқалы мәтіндерде. Бәлкім, мұның да залалын тартар. Мұндайлардың ішінен, өзі Шығыстың бел баласы бола тұра, мәңгілік елдің керемет мысалын біле тұра, Шығыстан гөрі Батысқа құштарлар мен еліктеушілер көбірек кезігеді. Батыстағылардың кейінгі ғасырларда ғана, Еділ атты Ғұн қағанының «Тәңір қамшысы» тигесін барып, Араб қағандығының қайқы қылышы жалаңдағаннан соң, шындап ес жиғанын білмесе ­керек. Әйтпесе, Шығысқа мұрнын шүйірмес-ті. Осындайда, 1561-1626 жылдары өмір сүрген, британ текті, Шығысқа қанық идеолог, жазушы Фрэнсис Бэконның өз еңбегінде «Тарихты білу ақыл-парасатты арттырады» дегені еске оралады. Мәңгілік ел мен Абай туралы сөзге де тарихты білген, Абайдың ел мәңгілігіндегі стратегиялық және реал маңызын сезген пайдалы. Абайды «көп бекзадалардың бірі» не «бірер томдықтың авторы» ғана немесе «Абай» эпопеясын «бай баласының жүрген-тұрғаны» ғана деушілер осы маңызды сезе алмай жүр. Мәңгілік империя бола жаздап барып ыдыраған, сөйте тұра, бүгінге дейін әлі де бар жұрт – арабтар. Арабиядағы қоғамның саяси, экономикалық күйі турбулентті, аласапыран күйге түскенде, жай халық быт-шыт болып, діни жікке бөлініп, ру-тайпалар арасындағы қанды қақтығыстан қырылып, ат төбеліндей байларға мейірімсіз қаналып, құруға бет алғанда қазіреті Мұхаммед пайғамбар халқын құтқарудың жолын тапты. Ол Ислам дініне, төтенше жалғыз рухқа күшпен не ақылмен мойынсұну жолы еді. Осы рух пен Мұхаммедтен қуат алған арабтар ғасырлар бойы шалқыды. Сол шалқудан жетілген зиялылардан, көсемдерден туындаған, байыған, күшейген рух, соның құдіретімен нығайған бірлік, кейінірек ол шалқуы басылса да, неше он елге ыдыраса да, араб атын өшірмей әкеле жатыр. Мәңгілік ел дегеннің бірі осындай-ақ шығар. Демек, рух елге, ұлтқа ғаламат зор өміршеңдік береді. Қазақтағы кейбіреулердің осындайға тар, не өзімшіл, жікшіл көзқараста болуы өкінішті-ақ. Байырғы заманаларда Орта ­Жа­зықтағы (Хуаңхы мен Чаңжяң өзен­дерінің төңірегіндегі) хандықтар да қырықпышақ болатын. Әуелі, Чин Шыхуаң 6 хандықты қарумен алып, басын қосты, мәдениетін (жазуын, салтын, т.б.) күшпен бірлікке келтірді. Орта Жазықта бір орталыққа бағынған тұңғыш мемлекет шаңырақ көтерді. Күшпен басын құраған Ғұн қағандығы секілді мемлекеттің болашағын уағында және мықтап ойлай алмағандығынан өміршең болмағаны тарихтан белгілі. Оған кешегі Дала (Моңғол) империясы да, бертінгі КСРО да мысал. Бірақ Чиң Шыхуң басын құраған халық іле-шала Хән әулетін құрды. 10 миллионға да жетпейтін жұртқа қаған болған Лю Баң мен оның мұрагерлері Күң Фузы бастаған ғұламалардың уағызына, өздерінің тума дініне, т.б. рухқа сүйеніп, елін мәңгілікке бастады. Әлгі рухын көтерген бойда, одан кейінгі көсемдері мен ғұламаларын ілестіре жүріп мәңгіліктің кемесімен бүгінге жетті. Айта берсек, Хән, Таң, Юан әулеттері кезінде жаһанның жарымына (кемінде Азияға) ықпал жасады. Еврейлердің жалпы жан саны қазақтардан аспайды. Көрген жан түршігерлік қорлығы қазақтардан ауыр әрі көп. Мекендеген жерінен Рим империясы тарыдай шашыратып жіберген еврейлер (ивриттер) де өз рухына сүйенді, құрып кетпеді, ал бүгінде дамыған капиталистік мемлекет болып отыр. Сондағы сүйенген рухы – ата-тегі Жақып. Рухтың құдіретіне таңғаласыз! Патшалық түзімді қиратып, жаңа заманмен бетпе-бет келіп, 1949 жылы шаңырақ көтерген ҚХР мәңгілік ел болудың мәңгі жолын жалғастырудың амалын, өзіне лайық дамудың жолын ондаған жыл бойы іздеді. Ол жолды реформатор Дың Шяупиң нұсқағанын, ізбасарларының сол реформаны іске асырып жатқанын әлем көріп отыр. Қысқа қайырғанда, бүгін «Ши Жинпиңнің жаңа замандық Жұңгоша социализм идеясы» делінетін бұл жол мынаны басты рух етеді: А. Маркс ілімін шеттік деп жатсынбай, өз елінің жағдайына лайықтап, коммунистік партияның абыройын асқақтатып, тиімді пайдалану; Ә. Кұң Фузы ілімін көне санамай, дәстүрі ретінде құрметтеп, көсемдер аузына жиі алып, халықты сол арқылы бірлікке, гүлденуге шақыру; Б. Бірліксіз тірліктің жырғамай­тынын тарихтан әбден білетін, «бас жарылса бөріктің, қол сынса жеңнің ішінде» болғанын пайдалы санап, өзінен бұрынғыға құрметпен қарау (Дың Шяупиң өзін үш рет жұмыстан қуған Мау Зыдоңды ­елатасы мәртебесінен титтей де түсірмеді. Өзінен бұрынғы көсемдерін жоққа шығарған КСРО-ның қалай ыды­рағанын мықтап ескерді); В. Кей елдер ұзақ жылдық жаппай даму арқылы ғана әрең жеткен демократияға көз жұма еліктеуден аулақ болып, озық ел атануы үшін ең оңтайлы амалды тауып, бір миллиард төрт жүз миллион халқы бар елге 90 миллионға таяу мүшесі партияға басшылық етуді тапсырды. Ол партия бүгін Ши Жинпиңді ұлықтауда. Алып елді тыныш, орнықты ұстап, тез дамытудың ең лайық жолы, бәлкім осы шығар. Г.Тарихтан мол білімі бар, аталған рухтарға аса құрметпен қарайтын, ҚХР төрағасы Ши Жинпиңнің «Мемлекетте, ұлтта рух болмаса болмайды» деуі де осыдан, 5000 жылдық тарихтың сабағынан. Ол ана жылғы Назарбаев университетіндегі сөзінде Абайды айрықша ауызға алып, Абай сөзін жатқа айтқанда да Абайды қазақтың рухына, адамзаттың асыл перзентіне балады. Абай сықылды хәкімдер рухымен суарылған жастардан Қазақстанның нұрлы болашағын елестеткенін айтты. Ұлы да мәңгілік елдің көсемінің бұл сөзінде білген және сезген қазаққа мәңгілік ел болу үшін стратегиялық дем беру де, ол дем ішінде Абай тұлғасына тағзым ету де бар. Әрине, ұмытқан ұрпақ қайта есіне алмады демесек, қазақ тарихындағы рух болар тұлғалар аз емес. Арғы Анахарсис, Тұмар, Мөде, Еділ, Елжаулардан тартып, Абайдан бүгінге дейінгі талайды рух қатарында сыйлауға да, тағзым етуге де әбден болады. Саналы қазақ, ел мүддесін бәрінен жоғары ұстаған қазақ, тар емес, кең стратегиялық жетеге ие қазақ сөйтуге борышты, сөйтіп келді және сөйте береді де. Тарих аттаған сайын оның пайдасы мен күшін де көреді. Бүгінгі заманда Абайдың орны тіпті ерен. Қазақты, Абайды білетін шетелдіктер бұрынғыдан көбейді. Абайды жалпақ қазақ жаппай біледі. Өзіне де, сөзіне де, өлеңіне де, әніне де қанық. Білген жанға Абай тағылымы мол және бүгінгі заман тұрғысынан да етене жақын. Сондықтан тәуелсіздіктен соң Абайды қазақ рухының бірі де бірегейі ретінде атау – Мәңгілік ел болу үшін, рухани түлеу үшін, бірлікті нығайту үшін қажет. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының парасатты стратегиялық бекімі. Амал не, өз ағасын ағалай алмайтын, тәуелсіздік қадірін бағалай алмайтын, бірліксіз тірлік болмайтынын сезінбейтін, өзінің бір күйзелісі үшін елін, ел ағасын, ел рухы саналатын Абай секілді тұлғаларды, ол туралы жазылған әдебиеттерді кінәлайтын өресіздер мен өзімшілдерге Абайдың да, қазақ рухына жарайтын өзге тұлғалардың да қадірі кем. Білетін шығарсыздар, бұрынғы көсемін, ел ардақтаған арысын ұмытқан елдер жырғаған жоқ, қайта кешегі күніне зар. Ескерте кетейін, мен Абайдың Мәңгілік ел болу жолындағы ұлттық рухқа тән стратегиялық маңызын ғана айттым. Мәңгілік ел болудың өзге қажеті мен шарттарына бұрылған жоқпын. Қазақстанға іргелес шығыстағы алып елдің ойшылдарының бірі, өз заманында уәзір болған Гуан Зының «Бақташы» атты шығармасында бір сөз бар. «Иба, мейір, адалдық, ар төртеуі – ел болмысының тағаны» дейді. Гуан Зы мемлекетті төрт тарабынан осындай арқан керіп тұрған, көк тіреген алып діңгекке ұқсатқан. Мемлекет арқандардың бірі үзілсе қисаяды, екеуі үзілсе қатерге ұшырайды, үшеуі үзілсе құлайды, төртеуі үзілсе құриды. Құласа тұрғызуға болар. Ал, құрыса, жоғалғаны деп білген. Абайды, Абай ғақлиятын азаматтардың бәрі тәу етер биікке шығару – елді ұстап тұратын «төрт арқанды» қалыңдатып, ширататынына сеніңіз. Қайталайын, 1789 жылы 13 штаттағы 4 миллионға толмайтын халықпен ресми шаңырақ көтерген АҚШ бүгінге Гуан Зы айтқан төрт шартты орындады. Мәңгілік ел болу үшін, ­алпауыт мемлекет болмаған күнде де, тәуелсіздігінен айрылмайтын ел болу керек қой. Ол үшін, мен сөз еткен Абай секілді тұлғалар арқылы көтерілетін ұлттық рухтан сырт, төрт шартты – кемелділік, білім беруде – озықтық, ғылым-техникада – мықтылық, қазынада – молшылық болуы керек екенін айту өзге тақырыптың міндеті. Бірақ Абайға байланысты стратегиялық сөз бен әрекет бұл төрт шартқа аса қажет. Абайды еске алу салты мәңгі жалғаса берсін! Абайды рух тұлғасы санаған халық мәңгі ел бола берсін! Өзге де тұлғаларды осы қатарға әкелейік!

1 Саншора, Оңғай, Қаңлы Базан, Қорқыт, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Күшлік хан, Қарлық Нашан, Меркіт Тото, Асан қайғы Сәбит, Қасым хан, Жәнібек Бердәулет, Абылай хан, Майқы Хакап, Керей Тұғырыл хан, Қабанбай Қожақұл, Есенгелді Құдайназар, Бейсенбі Дөненбай, ...деп тізе беруге болады.

ҚХР, Үрімжі

1051 рет

көрсетілді

58

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы