• Басты мақалалар
  • 13 Тамыз, 2020

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ: ЕҢ ҮЛКЕН АТАҚ – ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор:

– Төлеген аға, бүгінгі өнеріміздің жай-күйі қалай? Оны одан әрі дамыту үшін не істеу керек деп есептейсіз?

– Бүгінгі күні біздің өнеріміз, мәдениетіміз жақсы деңгейде деп айтуға болады. Мәдениет қызметкерлерін ­даярлайтын айтарлықтай оқу орындары бар. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде жоғары дәрежелі оқу орны тек қана консерватория болатын. Кейін театр факультеті бөлек шықты да, жеке театр институты құрылды. Қазір ол Темірбек Жүргенов атындағы үлкен академияға айналды.

Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақтың ұлттық өнер университеті бар. Мұнда, біріншіден, мәдениет саласындағы мамандарды жоғары деңгейде даярлайды. Екіншіден, Қазақстанда бұрын айналдырған екі-ақ симфониялық оркестр болатын. Ал бүгінде олардың қатары артып келеді. Алматының өзінде, Нұр-Сұлтанда қос-қостан бар. Қарағандыда, әрбір ­облыс орталығында әйтеуір симфониялық оркестр­лер жұмыс істейді. Шынын айтқанда, мұның барлығы тәуелсіз мемлекетіміздегі үлкен жетістіктердің бірі деп ойлаймын.

Театрлар да ашылып жатыр. ТМД елдерін алайықшы. Мысалы, опера ­театры Түркіменстанда жабылды. Баяғы кеңестік кеңістіктегі ешқандай мемлекетте жаңа ашылған опера театры жоқ. Ал біз ­«Астана-Опера» театрын аштық. Бүгінгі таңда ол өнеріміздің үлкен шаңырағына айналды. Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Балет» театры, Қазақ ұлттық Хореография академиясы ашылды. Әрине, осымен тоқтауға болмайды. Осының бәрі мәдениет саласындағы оң құбылыстар деп санаймын.

Аяғын апыл-тапыл басқан жаңа аста­наның әрбір күні есімізде. Нұр-Сұлтан қаласының дамуы, ең бірінші мәдениет саласымен байланысты. Қазір астанада республикадағы ең үлкен филармония бар. Осы филармонияда 500-ден артық адам жұмыс істейді. Шығармашылық ұжымдар да жетерлік. Бұл жағынан Нұр-Сұлтан қаласы Алматы қаласымен бәсекелесе алады. Сан жағынан да, сапа жағынан да теңдей.  Болашақты ойласақ, бұдан да зор жетістіктерге жету үшін Үкіметтің, жалпы мемлекеттің мәдениет саласына байланысты бағдарламасы болуы керек. Сол бағдарламаға орай бюджеттен ақша да бөлінгені дұрыс. Өйткені бәрі бір-бірімен байланысты. Бағдарламаны қабылдап, іске асыру үшін міндетті түрде қаражат қажет.

Меценаттықты да дамытуға көңіл бөлетін мезгіл жетті. Дағдарыс болмай тұрғанда біраз өзгерістер байқалған секілді еді. Сапар Ысқақов деген азаматымыз меценаттық ісін қолға алып, жап-жақсы іс-шаралар атқарып жүрген. Кезінде оған Қазақстанның таңдаулы меценаты атағын бердік. Өкінішке қарай, дағдарысқа байланысты осындай жақсы дәстүр жалғасын таба алмады. Бірақ болашақта меценаттық туралы заң қабылданатын шығар деген үмітіміз де жоқ емес. Бұл заңға өнер саласына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік салаға меценаттықтың пайдасы тиюі үшін нақты тұжырымдар енгізсек деймін. Салық жағынан, не басқа жағынан жеңілдіктер болса іскер азаматтарымыз үлесін қосар еді.

– Өнер деген қасиетті ұғым ғой. Әр адамның басына қона бермейді. Өнер ­жолына қадам басқаным үшін кімге борыштармын деп ойлайсыз? Композитор ретінде қалыптасуыңызға олардың қандай септігі тиді?

– Адам өмірден лайықты орнын ­табуы үшін міндетті түрде қолдау, үлкен тұлғалардың жөн сілтегені керек. Өмірімде маған қол ұшын беретін, ізгі ниетті, ­парасатты жандар болмағанда, мен бүгінгі биігіме жете алмас едім. Міндетті түрде біреу саған ақыл айтуға тиіс, демеушілік жасауы қажет. Кезінде Семейде қызмет етіп жүргенімде Теміржан Базарбаев деген үлкен жүректі композитор азаматымыз менімен кездесіп, әуендерімді тыңдап көрді. «Төлеген қарағым, композитор болуың керек. Талантың, талабың бар екен. Халқыңа керек азаматсың, ­музыка жазуға жаралғансың. Бәрін ­таста да консерваторияға бар, оқы» деп ақыл берді. Жай айтқан жоқ, кесіп ­айтты. Педагогикалық училищеге сабақ беремін, 300 сомға жуық жалақы аламын. Сол шақта ол біраз ақша. Өзімнің үйреншікті қалыптасқан өмірім бар еді. Теміржан ­Базарбаев ағамыз болмағанда мен музыканың үлкен жолына шықпас едім. Ол кісі маған осындай рухани демеу берді. Консерваторияда құжаттарымды қабылдамай жатқанда сондағы кафедра меңгерушісі, ұйғырдың даңқты композиторы Құдыс Қожамьяров барып, менің өтінішіме қол қойдырмаса, не болатыны белгісіз болатын. Сұрастырып көрсем, оның себебі былай екен: Оқуға келгендердің дені уылжыған жас. Менің жасым 25-те, жоғары білімім бар. Комиссиядағылар «кәрі жігіт» деп құжаттарымды қабылдағысы келмепті. Әйтеуір Құдыс ағаның арқасында дайындық курсына түстім. Әйтпесе, елге кетіп қалар едім. Кейін ұлы композитор Ғазиза Жұбановадан дәріс алдым. Ардақты ұстазым маған композиторлық жолға түсуге бағыт берді. Кейін консерваторияны бітіріп жатқанымда «Төлеген, жақсы оқыдың, Лениндік стипендиат атандың. Әрі қарай оқы» деп Мәскеуге жібермегенде, Одақ астанасындағы аспирантураны оқып бітірмегенде, осындай дәрежеге жете алмауым да мүмкін ғой. Бәрі осы дүниеде бір-бірімен тығыз байланысты.

Отбасым «Бітірдің, осы оқығаның да жетеді» деп, ары қарай оқуыма қарсы болды. Мәскеуде Чайковский атындағы консерваторияда екі жыл оқыдым. Барлығы болашақ шығармашылығыма әсерін тигізді.

Егер сені біреу уақытында көріп, уақытында бағыт бермесе және де өзің талпынып, ізденбесең, өмірде жол табу қиын. Менің шығармашылық тұрғыдан өсуіме қол ұшын берген азаматтардың барлығына қарыздармын.

Қайсыбір адамның «Өзім болдым» дегеніне сене алмаймын. Кісі міндетті түрде біреуге арқа сүйейді, оны міндетті түрде біреу алға жетелейді, біреу қолдайды. Мен де әкімшілік жұмыста істеген кезімде өзімнен көмек сұрағандарға шамам келгенше қол ұшымды беруге тырысатынмын.

Кезінде Семейде оқып жүргенде кейде көшеде дауыстап ән айтатынбыз. Сонда біреу естіп, сыртымнан «Әй, мына бала талантты екен» депті. Осы сөздің өзі мені қанаттандырғандай болды. Өйткені «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді ғой қазақ. Сол кезде жақсы сөзге зәру болып жүрген кезім ғой.

Астанада «Шабыт» фестивалін ашқа­нымда таланттарды байқайық деген ой жетеледі. Фестивальдің ең бастысы жеңіс емес, қатысу деген ұраны болды. ­«Еш­кімнің бетінен қақпаңдар, жастардың талабын ұштау керек. Келсін, көрсін. Сосын өз орнын табады» дедім. Оған баға беретін қазылар алқасы. Қазылар алқасына танымал, елге сыйлы адамдарды шақырдық.

«Шабыт» арқылы талай жастың ­талабын байқап, оларды еліміздің аймақ­тарынан астанаға алдырдық. Таланттарын ұштау үшін, оқыту үшін қолымыздан келгенше көмектестік.

– Сіз әнді қандай көңіл күймен, қалай шығарасыз? Әуелі ойлап жүріп, сосын пианино алдына отырасыз ба, әлде нотаға түсіресіз бе?

– Әрбір әуеннің өзіндік тарихы ­болады. Қалай шыққанын кейде байқамай да қаласың. Бірнеше шығарма ұшақпен ұшып келе жатқанда туды. Мысалы, ­астана туралы ән жаздым. Сол ән Карлово-­Варыда түстеніп отырғанда дүниеге келді...

Олжас Сүлейменовтың бастауымен Жазушылар одағында «Семей-Невада» қозғалысының алғашқы митингісі өтті. Митингіде бірінші рет полигон ­туралы шындықты естідім. Өзім Семейдің, Бесқарағайдың жігітімін. Бесқарағай мен Абай аудандары – екеуі де полигонның эпицентрі. Есіме өмірден ерте кеткен әкем, 25 жасында көз жұмған ағам мен әпкем, өзіне-өзі қол салған досым түсті. Бәрі көз алдымнан өтті. Жанарым жасқа толды... Азаппен өмір сүріппіз, бізді ­хайуандай көрген екен ғой. Қайдан білейік, баламыз, аңқаумыз ғой. Бәрі ауылдың сыртына ­жиналатын. Мәз-мейрам болып, үлкендердің арасында тығылмақ ойнап жүгіретінбіз. Анау жақтан шыққан саңырауқұлақты көріп, «Ой, мынау қандай әдемі» деп айғайлайтынбыз... Митингіден шығып бара жатып міндетті түрде үлкен шығарма жазуға бекіндім. Бірнеше күннен кейін әуен келді. Оған «Елім-ай» әні әсерін тигізді. «Елім-ай» – «Ақтабан шұ­бы­рынды, Алқакөл сұлама» заманынан, қазақтың үш ғасырдан бері шырқалып келе жатқан тамаша әні ғой. Ақын Ұлықбек Есдәулетовты шақырып, «Осыған өлең жазып берші» дедім. Ұлықбек әуенді тыңдап алып, мұны «Заман-ай» деп атайық деп, бір күннен соң өлеңін әкелді. Сөйтіп, ән пайда болды.

«Іңкәрім» әнінің де тарихы қызық. Роза апам үйіне шақырып алып, палау пісіріп жатқан кезінде Бәкір Тәжібаев ағай бар, марқұмдардың топырағы торқа болсын, үшеуіміз бір жарым сағаттай отырып сөзін құрастыруға кірістік. Роза апам «Қайырмасында «Іңкәрім-ай» сөзі болсын» деді. Бәкір аға тілге шебер ғой, негізгі сөзін өзі жазды. Апамыз ас үйге палау әкелуге кеткенде аспаппен бірден әуенін ойнап шығардым. Роза апамыз жүгіріп келіп, қосылып әнді айта бастадық.

«Құс жолы» әнін екі ай ыңылдап, пианиномен тердім. Бұл 1974 жыл еді. Екінші дайындық курсын бітіріп ауылға бардым. Анам мен ауылда болсын деп үйдегі жалғыз сиырды сатып, пианино алып берді. Әкемнен ерте айырылдым ғой. Жаз бойы Бесқарағай ауданының Беген ауылында екі айдан аса үйде отырып, әлгі әнді алғаш рет толығымен ойнап шықтым. Қысқа есік алдына ағаш кесіп дайындап қойған. Далаға шығып, сол ағаштың үстінде отырып жылап алдым да жеңілдеп қалдым. Әлдебір сезім баурап, керемет әуен шығарғаным үшін өзіме-өзім риза болдым. Содан бері 36 жыл өтті. Әлгі әуенді ойнасам жан дүнием елжіреп сала береді. Оған Бәкір Тәжібаев өлең жазғысы келді. Бес нұсқасын ­жазды, болмай қойды. Ұлықбекке өтіндім. Бір күні ол «Құс жолы» деген өлеңді жазып әкелді. Ол Ұлықбектің төртінші нұсқасы еді. Өлеңнің 9 нұсқа сөзі ­жазылды. Тоғызыншы нұсқаға тоқтадық. Роза Рымбаеваның өмірлік серігі Тасқын Оқапов «Гүлдер» ансамбліне жетекшілік ететін: «Мынауың ғажап екен» деді. Кейін, 1982 жылы орындады.

Алматыда Таутүргенде шығарма­шылық үй салынған еді. Содан екі шақырым жерде сылдырлап бұлақ ағып жататын. Барлығы бұлақты кие тұтып, басына ырым етіп орамал байлайтын. Бұлаққа мен де жүгіріп барып, жүгіріп қайтатынмын. Бірде солай келе жатып, «Балалық шақ» әуені көктен жеткендей болды.

Көп күш жұмсап жазған әнім бар. Амантай қажы бірде мені әлекке салды. «Төлеген, «Заман-ай» әнін жаздың. Біз әлі егемендік ала алмай жүрміз. Қазақтарды көтеретін «Оян, қазақ!» деген ән жаз» деп бірнеше рет кеңірдегімнен алды. Осыған әуен жазам деп тырмыстым. Тектен-­текке ән шығара салмайсың ғой. Керемет бір әуенді арқа тұтқан жөн. Сол баяғы «Елім-ай» әнін негізге алдым. Марш секілді, жігерлі әуен шықты. Шөмішбайға, Ұлықбекке сөз жазу керегін айттым. Ақырында Ұлықбек жақсы сөз жазды. Ән дайын, Амантай қажыға көрсеттік. Ол кісі Розаны, мені шақырып қойын сойып, ырымын жасап, батасын берді. Сөйтіп жүргенде, егемендік алдық. Қазақты енді қандай күреске шақырасың? Әнді орындатқан жоқпын. Амантай қажы маған өкпеледі. Мен «Кімге қарсы күресеміз? Егемендік алдық, аға халық болдық. Дербес мемлекетімізді құрамыз» деймін. Ән дүниеге келген 1991 жылдан бері 30 жылдай өтті, оны шығарма ретінде жарыққа шығаратын шығармын.

– Сүйген жарыңыз Нұржамал Үсенбаева да есімі елге әйгілі әнші. Өнер айдынында қос аққудай қатар жүргендеріңізге ел сүйсінеді. Өзара үйлесім тапқан жан есебінде бір-біріңізден қандай ұқсастық байқасыз?

– Біз бір-бірімізге рухани демеу береміз. Жасыратыны жоқ, Нұржамал болмағанда, құдай біледі, өмір жолым осылай өрілер ме еді? Нұржамал екеуміз бір-бірімізге ұқсаймыз. Ұқсайтынымыз – өзімізді ғана ойламаймыз. Нұржамал екеу­міз де мансапты, атақты жоғары қойған емеспіз. Үйленген жылы ­Нұржа­мал­­ға «Атақ қуып жүрсең, бүгін барып сұрайын. Бірақ атақ алғаннан даңқты әнші болып кетпейсің. Жезтаңдай әншілік­­тің ­жолын еңбек арқылы ғана табасың» дедім. Отбасымыздың қағидасы осы. Ешқа­шан ешкімнен атақ сұраған емеспіз.

Тым жас кезімде Алматыдағы ­Опера және балет театрының директоры болдым. Сол кезде 12 адам атақ сұрап келді. Көзімнің жеткені: екі-үш адам ақылдасып, атақ береді екен. Бір күні Орталық партия Комитетінің ­хатшысы «Ана артисті халық артисі атағына ұсыныңдар» деп телефон соқты. «Жас қой, әлі еңбектенсін, атақты алғаннан кейін не болады?» дедім. «Жоқ, ұсыныңдар» деді. Жарайды, атағын ұсынып, бердік. Ары қарай ол шығармашылық жағынан өспей, тоқтап қалды. Орталық Комсомол комитетінің мүшесі, шығармашылық жастар кеңесінің төрағасы болдым. Комсомол сыйлығын беру мәселесін шешетін адамдардың бірімін. Сонда да өзім сол сыйлықты алған жоқпын. Бірақ біраз жігіттерге көмектестім. Кезінде Композиторлар одағында алқалы жиын өтті. Қайта құру басталған шақ. Комсомолдың Орталық Комитетінде жастар комиссия­сын басқарамын. Үш композиторды халық артисі атағына ұсынды. Бәрі мақтап ­жатыр. Сөз сұрадым. «Үш кісіні атаққа ұсынып жатқанға қарсы емеспін, бірақ атаққа қарсымын. Халық артисі атағы бар танысым маған «Халық артисі атағының керегі не, ауылға барғанда концертіме ешкім келмейді» дейді. Сіздерге мысал келтірейін. Мәскеуде дүниежүзілік кинофестиваль өтіп жатыр. Екі адамды жұртқа таныстырды. Ленин және Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, академик Иванов. Екіншісі атақсыз-ақ күллі әлемге танымал адам. Ал Ивановты бәрі бірдей білмейді. Мәселе атақта емес. Сондай атақ алу үшін еңбегің болуы тиіс, халық арасына шығармаларың таралғаны абзал, олар халық жүрегінен орын алса, сол атақ-даңқ» дедім. Сыдық Мұхамеджанов тірі классик қой. «Төлеген, саған атақ берсе, алмайсың ба?» деп сұрады. Мен «Алмаймын» дедім. Өмірде солай болу керек. Біздің көзқарасымыз осы. Рас, Нұржамалға атақты өздері берді. Көп жылғы еңбегімді елеген шығар, мені де атаққа кейін өздері ұсынды. Әркімнің өмірдегі көзқарасы әртүрлі. Ешкімге атаққа ұмтылдың деп те сын айта алмаймын.

Мұқағали Мақатаевты алайық. Ешқан­дай атақсыз өмірден өтті. Қанша жыл өтсе де Мұқағалидың жалынды өлеңдері жү­регімізді жылытады, ойлантады, жігер береді. Шәмші Қалдаяқов та көз жұмғалы көп жыл. Тірі кезінде жарытымды атақ ала алмады. Соңында әсем әндері қалды. Бүгін Шәмшіге лайықты атағын халқы беріп жатыр. Ең үлкен атақ – халықтың сүйіспеншілігі. «Қазақстан» орталық концерт залында 80 жылдық мерейтойында іші халыққа лық толды...

– Қазір қайда жүрсіз, немен айналысасыз?

– Ешқашан жұмыссыз жүрген емеспін. Өзіме сеніп тапсырылған қызметтің бәрін абыроймен атқардым және атқара бермекпін. Нұр-Сұлтан қаласында «Мәдениет арқылы әлем» Халықаралық ассоциациясының президенті болып жұмыс істеп жүрмін. Бұл еліміздің мәдениетін әлем жұртшылығына насихаттап, оның жетістіктерін таныстыру, ұлттық музыка мен өнеріміздің бай мұрасын қастерлеп, сақтау, жас таланттарды қолдау ісімен айналысатын ұйым. Сол бағытта тиісті шаралар белгілеп, біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Мәдениетімізді одан әрі дамытып, халыққа эстетикалық, мәдени қызмет көрсету, оның деңгейін көтеру қажет.

Адамның жануардан ерекшелігі неде? Ол ерекшелік – адамның рухани өмірі. Мұндай рухани өмір арыстанда, жолбарыста, қасқырда, маймылда, Алла тағала жаратқан басқа тіршілік иелерінде жоқ. Мен адамның ­рухани дүниесі мен мәдениеті өркениеттің алтын діңгегі деп ойлаймын. Қандай қызмет атқарсам да шығармашылық жұмысымды тастаған емеспін. Қолым босаса ән шығарумен айналысамын. Жүрегімде біраз әуен бар. Соны қағазға түсіріп, аспапқа салып, өңдеу керек. Әндерімді жинақтап, екі дискі шығардым. Өлең жазатынымды көпшіліктің бәрі біле бермейтін секілді. Мәскеу қаласында орыс тілінде өлеңдер кітабым жарық көрді. Әр жерде шығармашылық кешім өтуде. Әйтеуір тынымсыз еңбектеніп, халқыма қал-қадірімше қызмет етіп жүрмін. Елдің көңілін көтеріп, жігерлендіріп, күш-қуат беретін, адамдарға қуаныш, шаттық сыйлайтын тамаша шығармалар жазуды басты мұратым деп санаймын. Бұған дейін шығарған әндерім де жұртшылықтың көңі­лінен шықты, бәрі де елдің ­аузында. «Заман-ай!» әні ұлтымыздың асқақ әнұраны ретінде шырқалады. Шығарма­ларым аға буын өкілдерін, өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, бауырмалдылыққа, парасаттылыққа, ізгілікке, Отанымызды сүюге тәрбиелейді деген ойдамын.

– Сізді айтулы тұлға, қоғам қайраткері ретінде білеміз. Еліміз үлкен індетпен күресіп, ынтымақ-бірлігін көрсетіп келеді. Халқымызға, өнер сүйер қауымға қандай тілек айтасыз?

– Халқымыз талай қанды қырғынды, аштықты, тәркілеуді, зұлматты, тоқырауды бастан кешті. Бәрін жеңіп шықты. Мына жұқпалы ауру әлемге тарағанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы індетке бүкіл халық болып бірлесіп күресу жөнінде бастама көтеріп, үлгі көрсетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде пәрменді шаралар қабылдап, елімізде Төтенше жағдай жариялады, карантин тәртібін енгізді. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты вирус өршіп кетті. Бірқатар бетке ұстар тұлғаларымыздан айырылып қалдық, көз жұмған басқа да адамдар бар. Мемлекет басшысының шешімімен тағы да карантин жарияланып, ауруға қарсы жан-жақты күрес жүріп жатыр. Бірлігіміз мықты ел ретінде халқымыз да жұдырықтай жұмылып отыр. Көптен бері осындай ауыр жағдайға кез келген емес едік. Бұл қиын жағдайды бірлесе жеңіп, тығырықтан шығамыз деп үміттенемін. Осындай шешуші кезеңде мәдениет пен өнер қайраткерлері қол қусырып қарап отырмай, онлайн жүйесі, теледидар, радио арқылы халық алдында әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, халықты серпілту үшін еңбек етіп жүр. ­Келешекте мұндай қатерлі жағдайлар жалпы жер бетінде, Қазақстанда болмасын, ел басына қауіп төнбесін. Мемлекетіміздің қуаты нығайып, әлем алдындағы беделі арта берсін. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді қадірлеп, ­Отанымызды қастерлеп, қорғап жүрейік!

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан

Есенгелді СҮЙІНОВ

Нұр-Сұлтан  

2073 рет

көрсетілді

47

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы