• Басты мақалалар
  • 13 Тамыз, 2020

ЖОЛ-ЖӨНЕКЕЙ ЖОЛЫҒАТЫН ЖАН ЕМЕС

Аз еді, мүлде аз... Сол бір қилы кезеңде, Абайдың өз тұсында, «ми жоқ, құлақ бар» заманда ұлы ақынды ықыласпен тыңдап, оның түпкі ойын түйсінеді дейтін төңірегі тым таяз еді. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...»... Шындап ниет қылсаңыз «жүрегіңнің түбіне терең бойла» дейді хәкім. «Бұл бес күндік» өмірге адам баласының көкірек көзін ашуға келген Алла тағала аманаты, ақиқат ұшқыны – Абайды тануға, Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық өнерін зерделеуге талпынған жанға ­ «...Абайды тудырған дәуірі, тарихи ортасы, осы кезеңдегі қоғамдық қарым-қатынас туралы біраз кіріспе сөз айту қажет» деп, ой салады ғұлама Мұхтар. Демек, Абай мұрасына зейін қойып, оның «нені сүйіп, неден күйгенін» түсінгісі келген жан иесі ақынның заманын барлап қана барып, «Іші толған у мен өрт, сырты дүрдей» кемеңгердің мұң-шері мен арман-мақсатын сезіне алады.

Аз емес, Абайды танып, білуге тырыс­қандар қазір аз емес. Бірақ, бұл – сандық көрсеткіш. Ал оның сапалық жағынан әлі де мәз де емесін айтуға тура келеді. Асыл мұраға жан-тәнімен көңілі ауып, сырласқанша асығып, мөлдір қайнардан шөлін басқысы келетіндерге зәрулік әлі де байқалады. Өзіңіз қараңызшы, жыл ­сайын бір мәрте, тым құрыса ақынның туған күніне орай Абай «бұлағының» басына тізе бүгіп, замандаспен әңгіме-дүкен құрып, жан азығымен неге бөліспеске? Алланың алаш жұртына назары түскен сәулелі шақта біздің жүздеген ақын-жазушы, мыңдаған қаламгерлеріміздің аз ғана бөлігінен басқасының бір селт еткенін көре алмаған соң, қайранбыз. Өзіміз таңдай қағып, пір тұтқан ұлы ақын ұлағатына жас ұрпақты бейімдеп, бағдарлау қай-қайсымыз үшін де парыз емес пе?! Абайдың «мыңмен жалғыз алысқан» өмірі мен сол мыңның көзін ғана емес, көкірегін ашуға жаралған «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» туралы жылына бір толғана алмасақ, бұл қаламгердің өзіне де «қамшы» боп тимес пе!? Аз дейтініміз де содан. Өзі түйсінген, өзін қуантқан Абай сөзінің құдіретін, Абай сәулесін өзгеге де түсіріп, замандасқа жеткізгенше асығар, елді елең еткізер әріптес аздау. Керісінше, ақын өлеңдерін тек мақтан үшін ғана жаттап алып, өздерін ұлы ақынды ұққан, Абай жұмбағын шешкен оқымыстыдай көрсеткісі келетіндер аз емес. Тіпті Сіз бен біз ойлағаннан да көбірек. Аз болмас, әзірге осы айтқанымыз да жетеді. Бірақ, шынтуайтына келсек, Абай – бұл іздеген кезде керегіңді ­тауып ала салатын, сөйтіп, кәдеге жаратуың оңай, қақпағы ашық жатқан асыл сандық емес. Ол қазынаның кілтін ұстағысы келген пендең, алдымен, Әуезовтің «Абай жолының» соқтықпалы-соқпақсыз астарына үңіліп, ғұламаның «Абай Құнанбаев» монографиясының қатпар-қатпар ой-тұжырымдарын санасына тоқып, тағы да сол Әуезов өзі дайындап, «Қазақ әдебиетінің классиктері» айдарымен «Қазақстан» ­баспасынан латын қарпімен шыққан 1933 жылғы «Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ» кітабына жанарын біршама суарған болуы шарт. Олай болса, ендігісін Абайдың өнер шыңы мен ой теңізіне сапарға жиналған ізденушінің өзіне қалдырайық. Ұлы Абайды біздің көпшілігіміз, негізінен, Мұхтар Әуезовтің атақты романы мен ақын жайындағы естеліктер арқылы білеміз. Сонымен қатар хәкімнің мұң-шері мен арман-мақсатын оның өз өлеңдері мен қара сөздерінен табамыз. Өмірін өлеңмен өрген... бірақ асыл мұраға құр тамсанып қана қоймай, оның ішкі сырын байыппен зерделеуге, өлең тілі мен түпкі ойын түсінуге шындап ұмтылсақ ғанибет. Бұл оңай шаруа емес: әрбір жанның ой-өресі мен білім дәрежесі де, тіпті қызығушылығы – ақиқатқа деген махаббаты да ала-құла. Оның үстіне, жалғанның иықтан басқан тауқыметі мен сананы тұмандатқан тұрмыс күйбеңі де көзді алдап, көңілді алаңдата береді. Қалың жұртшылық үшін Абай, өкінішке қарай, әлі де «жұмбақ» күйінде қалуда. Сондықтан біздің бұл әңгімеміз: жас Абайдың оқу мен білімге ерекше ықыласы, өз сөзімен айтқанда, «білмекке құмарлығы»; талаптыға арнаған «білімдіден шыққан сөзі»; ұғымсыз тыңдаушысына көңілі қалғандағы «өз сөзім өзімдікі» және өлмейтұғын, мәңгілік мұрасы хақында өрбиді. Осы арналарды ақтарып, тапқанымызды таразыға тарта келгенде ақынды суына шомылдырған Сырт Қасқабұлақ жайын, зерделі Зере әже мен ұлағатты Ұлжан ана шапағатын, ұлы дала данышпаны Құнанбайдай әке тағылымын да айту парызымыз. Ақын дүниеге келген жарық шаңырақтың сәулесі – тәлім-тәрбие қуатының жасампаз әсері оның өлеңдерінен көзге оттай басылады. Олай болса, сөзіміздің сабақталар көзі, ойымыздың ашылар түңлігі – Абайды ­суына шомылдырған кәусар бұлақ басы, киелі мекен – Сырт Қасқабұлақ екен.

АҚЫН ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН СЫРТ ҚАСҚАБҰЛАҚ СЫРЫ

Қолда бар басылымдардың көпшілігі ақынның туған жерін нақты көрсетуді қажет етпейтіндей: «Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында, Шыңғыстауда туған» деумен шектеледі. Ал туған күні туралы айтуды, тіпті «ұмытып» кетіп те жатады. Шындығында, адамзат өркениеті маңдайына басқан Абай секілді ұлы тұлғалар өз алдына, қатардағы біздің әрқайсымыздың туған жеріміз бен туған күніміз тура ­жазылады емес пе? Ұлы ақын жайындағы сөзімізді, оның туған жерінен, туған күнінен бастауымыз да содан: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы «1845 жылдың тамызының ескіше 10-шы, жаңаша 23-ші жұлдызында Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) ­облысы Абай ауданы Қасқабұлақ аулына қарасты Сырт Қасқабұлақ жерінде күзеу қоныста дүниеге келген. Бұл жер: Семей қаласынан – 103, Әуезов дүниеге келген Бөріліден – 22, Жидебайдан – 97, Ақшоқыдан – 18, Қарауылдан – 98, Астанадан – 903, Алматыдан Семей арқылы – 1193, Аякөзден – 248, Қасқабұлақ орталығынан 3 шақырымда» (Т.Ибрагимов «Жер әңгімеші...», «Интеллект», 2003, 78-б).

Абай туралы әңгімеміздің, әлбетте арқа тірегі – Әуезов Мұхтар Омарханұлы­ның жауһар мұрасы. Соған орай жаңа өзіміз арқа тұтып, сүйенген ­абайтанушы, ­жазушы-драматург Төкен Ибрагимов былайша толғанады: «Жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» дейді Мұхтар Омарханұлы,...сол Абайдың шыр еткен даусына куә Сырт Қасқабұлақ: Шолпан тауының үстіртіндегі жазықты жоталардың бірі, аласалау дөңше төмпешігі, жары бауырынан тесіп аққан көзден – көз қайнардан бас алады да оңтүстікке қарай жүлге қуалап қарсысындағы Ералы қорық жазығына қарай қасқая құлап ағады... ылғалы мол жылдары бұлақ аяғы қалың шалғынды жарып барып Ащысу өзені арнасына сарқатын жылдары аз болмапты». Ұлы ақын шаңырағына 34 бас шырақшы болған марқұм Төкен ағамыз айтқандай, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан екінші ұлын дүниеге әкелген еді. Оның азан шақырып қойған аты – Ибраһим болатын, кейін әжесі Зере еркелетіп Абай атанып кетеді. Ал, енді ғұлама Әуезов жазған «Абайдың өмірбаянын» оқып көрелік: «Абайдың өз әкесі Құнанбай, атасы – Өскенбай, арғы атаcы – Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары ­Айдос, Олжай болады. Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты биі Кеңгірбай – осы Жігітектің баласы. Қайдостан Бөкенші, Борсақ ­тарайды... Ырғызбайдың бірнеше ­баласы болған. Олары: Үркер, ­Мырзатай, ­Жортар, Өскенбай. Ырғызбайдың өзге балаларының ішіндегі ең артығы Өскенбай болады... Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады... Абай Құнанбайдың 41 жасында туған... Екінші әйелі Ұлжан... Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан». Абайдың дүниеге келуі жайында ақынның шөбере інісі Ысқақов Әрхам Кәкітайұлы да өз естелігінде: «Құнанбай ауылдары бір қоныста ұзақ отырмайды, он-он бес күнде жұрт аударып көшіп отырады. Қалың жылқы ауыл маңын шұбырынды дабыл қылып, тез тоздырып тастайды. Бұл жайлаудан июль айының бас кезінде қайта көшіп, жоннан асып Барлыбай, Тоңаша өзендеріне аз күн аялдап, қозы қырқып, күзем алады да, Шыңғыс тауынан бауырға аса көшеді... Бұл бауырда бос су, аққан бұлақ жоққа есеп. Малды ауылдар қонған жерінде бір жылдан бері құлап, құмдап қалған құдықтарын аршып, астау, қауғамен малын суғарып, қандыра алмай сарсаңға түседі. Сондықтан үдере көшуге салады. Үдере көшу деген жүгін ерте салқында артып, қонған жеріне итарқа, жаппа тігіп малын сулатып, сарықтатып, адамы шай қайнатып ішіп дамылдайды да, түстен кейін тағы көшеді. Сондай қалыппен көшкен Құнанбай ауылдары Қасқабұлақ деген бос сулы қонысқа келіп қонады. Таудың төскейінен күнбатыс жағындағы ойқұдық даласына қарай ағып, көлемі мың қойдың қотанындай жеті жерінен атқылап шығып жатқан көзі бар даңғайыр мөлдір сулы бұлақ – Құнанбай, Өскенбайдың күзеуі. Үдере көшіп, шаршап-шалдығып ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді» деп, ақынның туған күнін нақты көрсетеді. Қазақстан Үкіметінің 4 тамыздағы қаулысымен Абай күні – 10 тамыз деп бекітілді. Сонымен, ұлы ақынның туған күнін елімізде жаппай бір күні мерекелейтін болдық. Көптен күткен шешім: Абай – ол жол-жөнекей жолығатын жан емес. Ұлы ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы ойланғанда өз басым хәкімнің жап-жарық, сәулелі, бірақ «соқтықпалы, соқпақсыз» тауқыметті сапарының төрт кезеңін айқын ажыратамын. Бұл арада, мәңгілік айналыста болып, ұрпақтан ұрпаққа ауысар жыл мезгілдеріндей төрт кезең – жай ғана уақыт өлшемі емес. Бұл – туған халқын дүниежүзіне мойындатқан даралық пен даналықтың төрт кезеңі. Бірін-бірі толықтырып тұратын, біреуі болмаса, ақын сыры солғын тартатын, терең мән-маңызын түсінуің екіталай, өзегі өзара тамырлас төрт кезең. Олар бала Абайдың дара Абайға айналған мәңгілікке сапарының сабақтас ­буындары. Осы орайда «ұлылықтың аталған төрт кезеңінің ара-жігін қалай ажыратамыз?» деген сауалға Абай сәулесінің өзі-ақ жол сілтейді. Ақын өмірінің біз таныған төрт кезеңі, өмір мен өнер сапарының төрт ­тарауы: оның біріншісі ұлы ақынның мына бір жұмбағымен қоса шешіледі: «Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің... Мұның шешуі – Білмекке құмарлық (ақынның осы және басқа да жұмбақтары тұңғыш рет М.Әуезов «Қазақстан» баспасынан шығарған 1933 жылғы толық жинақта жарияланған). Олай болса...

«ЖАН ҚҰМАРЫ ДҮНИЕДЕ НЕМЕНЕ ЕКЕН?»

Білмекке құмарлық... Сонымен, білмекке құмарлық көкірегін ашқан Абайдың бір ақиқаты – жан мен рух мәселесі. Бұл алғыр жастың инемен құдық қазғандай табанды ізденісінің, талмай оқуы мен тоқуының арқасында тапқан олжасы, ақиқатқа жақындауы еді. Ес білгенінен бастап өмір сүру өнеріне ден қойған ол заман тасқыны қақпақылға салатын, толқын тұтқынындағы ескексіз қайық емес еді. Абай тірлік тынысын кәнігі тамыршыдай аңдап, адам баласының бүгінгі жағдайымен қатар ертеңгі болашағын барлап, оның бақыты үшін күрескен қайраткер. Ақынның ең алдымен жырлағаны да Адам бақыты болатын. Алланың алты алашқа тартуы – Абайды өзіне қонған Ақиқат ұшқынына жақындатып, ел-жұртын жарыққа ­бастаушы біртуар тұлға ретінде танитынымыз да содан. Хәкім адам бақытына қарама-қайшы нәрсенің бәріне қарсы шыға отырып, айналасын түзетіп, тура жолға салуға ­тырысты. Бұл үшін ол, ең әуелі, жан мен тәнді жаңылыстырып, адаспауға шақырады: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,/Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес./«Мені» мен «менікінің» айрылғанын/«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес». Білмекке құмар ақын өзі таныған тылсым табиғат сыры туралы көзқарасын одан әрі былайша ­дамытады: «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,/«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі./«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,/«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.../Адам ғапыл дүниені дер менікі,/Менікі деп жүргенінің бәрі оныкі./Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,/­Сонда, ойла, болады не сенікі?». Расында да, сонда біздікі не осы? Ойшыл жетінші және қырық үшінші қара сөздерінде жан туралы ойларын одан әрі тереңдете түсіп, енді оны «жанның тамағы» және «жан қуаты» деген тұжырымдарымен былайша байытады: ­­«...өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік». Ендеше, бір уақ көзбен де, көңілмен де зер салайықшы: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны ­болады», «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан... жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды деп. Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде ­асады. Көп заман тексермесең, ­тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер: «ал мен жоғалдым» деп хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді». Демек, жан қуаты тұрақты «күтім» мен қамқорлыққа зәру екен. Оны бір жоғалтқан соң, қанша қусаң да жетуің қиын-ақ. Абай шыр етіп, дүние есігін ашқан орта – Жарық, сәулелі шаңырақ болатын. Кез келген сәбиге жаратылысынан «кішкене болса» да жан қуаты дариды. Бірақ оны «үлкейтудің» тікелей өзіңнің ынта-ықыласыңа байланысты екенін ескермейтіндер қаншама! Ал, ақын әуелден сәулелі, мақсаткер ұрпақ болатын, әйтпесе өзге көптеген қарындастары секілді қоршаған қараңғылық ұйығына жұтылып кете берер еді. Хәкім «ақылды кісі мен ақылсыз кісінің... парқын» таразыға тарта келе мынадай өсиет айтады: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Өкінішке қарай, күн мен жұма түгілі, бүкіл өміріміздің қалай өткенін білмей қалатындарымыз қаншама!? Хәкімге надан жұртты тәрбиелеу аса ауыр тиді, тіпті осы талабының өміріне қауіп төндірген кезі де аз емес. Мәселен, 1898 жылғы маусымда Мұқыр болысын­дағы сайлау кезінде болған одағай оқиғаға байланысты «Үкімет билігіндегі сенатқа шағым пікірін» қараңыз. Орыс патшасының отарлық бұғауы ал­қымнан сығымдап, қазақ қоғамын әбден тұншықтырып тұрған. «Сексеуіл» саясатының бір ғана сойқаны – болыс сайлауы алауыздық отын өршітті. «Осы күні қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғанымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, «тағы болыс болып қалуға болар ма» екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?». Ойшылды одан әрі тыңдап көрейікші: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ»... Ақын сөзінің, өкінішке қарай, әлі де өзекті екенінің куәсіміз. Ұлтымыздың ұлық мінезін құлдық құрты осылайша іріте берген. Басқыншы­лардың толып жатқан алым-салықтары шаруа адамын иығынан жаншып, қазақ жермен-жексен күй кешті. Жемқорлық пен жағымпаздық, парақорлық пен арызқойлық асқындап, тіпті ел бастар тұлғалар да жеке ел болудан күдерлерін үзіп, бөтен жұрттың табанына түскен ит тірліктен жүректері шаншиды: «Алдыңғы ұрпақ бізден бақыттырақ екен» деп Құнанбай дертті, «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың... Көк тұман – алдыңдағы келер заман» деп Абайдың жүрегі қарс айрылатын күн әлі алда. Ресей құлдығынан құтылудың соңғы бір мүмкіндігі қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің қанға боялуымен бірге келмеске кеткендей болатын. Ел жақсысы етігінің тұмсығымен жер шұқып, қазақ құлдық қамытын мықтап киді. Бала Абайдың, әзірге қоғам ахуалы мен адам райынан секем алатындай, ертеңіне алаңдайтындай жайы жоқ. Білім мен өнерге зерек жас әжесі Зере мен анасы Ұлжанның сырттағы дүрдараз дүниеден аулақтау, ерекше әлемінде ержетіп келе жатты. Ол «өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе – шешесі. Абай биыл ғана анық байқады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әнгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады... Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды... жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын. Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса, өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Ол көбінесе өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей, сақтап жүрген зейініне таңғалады. Нелер ескі заман жырларын, айтыс, өсиет, әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен «Жүсіп – Зылиқа» сияқты қиссаларды оқып береді» (М.Әуезов. «Абай жолы»). Ақын білімдіден шыққан осындай әңгімелердің айтылған жерінде қалмай, талапты жасқа кезігуін тілейді.

«Нұрын, сырын көруге... Көкірегінде болсын көз»Қасиетті бабалар өсиеті, зар заман ақындарының жырлары алғыр жасты өздеріне әбден баурап, санасына сіңіре береді. «Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп алған сияқты. Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауға келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенімен, шешесі әбден ­таниды екен... Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді... Абай бұрын тағылым, үлгі – кітапта, білім, өнер – медреседе ғана деп түсінетін. Оған дастан шебері – Низами, Науаи, Физулиде, мұң нәзігі – Шайх-Сағди, ­Хожа-Хафизде, батыр жыры – Фердоусиде көрінетін...» (М.Әуезов «Абай жолы»). Енді, міне, туған қазағының киелі салт-дәстүрі мен өнері де жас дарынның ақылына нәрлі азық болып, қазақ сахарасының түкпір-түкпірінен жеткен асыл қазынадан жаны мол қуат алады. Үй ішінде қос анасы бастап айтатын аңыз әңгімелер мен батырлық ­жырлары, қиял-ғажайып ертегілер Абайдың жүрегіне Алланы қондырып, адамға деген сүйіспеншілігін арттыра берді. Бұдан соң ол адалдық пен әділеттен басқаны, тіпті есту мен көруден қалғандай: «Алла деген сөз жеңіл,/Аллаға ауыз қол емес./Ынталы жүрек, шын көңіл,/Өзгесі хаққа жол емес», демек, мынаны есте ұста: ­«Махаббатпен жаратқан адамзатты,/Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,/Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,/Және сүй хақ жолы осы деп әділетті». Абай үлкендердің айтқан нақыл сөздерін, жұмбақтары мен жаңылтпаштарын пайымдай отырып, айналасындағы көрген-білгенін ақыл таразысына тартады. Әрбір сөздің түп-тамырына үңіліп, оның айтылуының себеп-салдарын салмақтауға, әрбір ойдың нысанасын тап басуға тырысады. Сәулелі шаңырақта небір ақын-жыраулардың айтқандарын зерделей келе Абай туған елінің саф өнерінің қайнарына құныға бас қояды: «Қазақта нелер «Баян-Көрпеш», талай «Ақбала-Боздақтар» барын анық білмеуші еді. Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба ­немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды... Барлас өз жырларына Асан қайғы, Бұқар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақынды – бәрін қоса, өзі құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді. Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын шертетін сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес... «Ел ұйтқысы шайқалды» дейді. Бұрын Абай естімеген зар-шері сияқты» («Абай жолы»). Бала Абайдың сыртқы дүниенің құбыл­малы екіжүзділігіне таңырқап, ­себеп-сал­дарына үңіліп, қарсы күрес ашу үшін, оның алдында «махаббат ғадауатпен майдан­дасқан» мехнаты мол жол ­жатты. Иә, ертерек болатын... әзірге оған төңірегінде­гінің бәрі таңсық. Көкейіндегі сансыз сауалдың жауабын демде білгісі-ақ келеді. Алайда өзінің «неге бұлайына» алған жауа­бынан гөрі сауалы көбейіп кетеді. Ересектер шаруаға асыға ма, әлде білмегеніне ұяла ма, кейіс мінез көрсетіп құты­лады. Жеткіншектің айналасын тануы мен адам мінезін аңғаруы үшін үлкендер сәл мезірет білдірсе, соның өзі-ақ жетіп жатар еді. Көргені мен естігені, білгені мен түйгені үйренуге тойымсыз талап­кердің санасында қаттала беріп, өмірлік жан азығына айналарын олар қайдан ұқсын. Бірақ ауылдағы көзі ашықтардың көрген-білгенінің Абайға аздық ететін күнге дейін де көп қалмаған. Ақынның шығармаларынан отбасынан алған тәлім-тәрбиесі мен Ғабитхан молдадан ашқан ­сауатын Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде одан әрі дамытып, өздігінен ізденуге мейлінше ден қоятынын аңғарамыз. Алайда айтқан насихатының «көңілсіз құлаққа» ұрынып, жаңағы «жартастың қаңқ етіп, түкті байқамасын» көргенде ол айналасынан күдерін үзуге шақ қалады. Жан сырын өлең сөзбен бөлісіп, өмірінің соңына қарай жазатын қара сөздеріне сарқады. Жас Абай алғашқыда, тіпті адамдар арасындағы доғал әрекеттерге таңғалады: «Төркініңнің бергені ­жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған». Мұны және басқа да тырнақалды өлең­дерін суырып салып айтқанда ақын он жаста еді. Білмекке құмар жанды ­ма­залаған сұрақтары басынан асады. Бірақ маңайындағының бәрі де ақыл айтуға жорға болғанымен, күнделікті тірлікте соның көпшілігінің сүрініп жататыны қалай екен? «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма». Замандастарының аумалы-төкпелі қарым-қатынасы, бел алған әділетсіздік, беттен басқан надандық зардабын тартқан халқының мүшкіл хәлінен жаралы жүрегін жырмен жазады, «Ақылмен қара қылды қырыққа бөлмекке, Әр нәрсеге өзіндей баға бермекке», яғни таразы да, қазы да өзі болмаққа дайындалады. Қоршаған дүниеге, адам баласының мінезіне байланысты қылаң берген алғашқы ой ұшқындары жалындай келе Абай жолына жарық түсіреді: «Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны... бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?..». Осылайша, тірліктің сансыз сауалына жастайынан жауап іздеген ақын замандастарынан әлдеқайда ерте оянды: «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме... Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті», «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» дей келіп, ол өз тыңдаушысына «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деген өтініш айтады. Абайдың бұл ақиқатқа жетуі де көп кейін, әрине. Ал, оған дейін, жастық шақтың жалыны мойын бұрғызбағанын өзі де мойындайды: «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ». Хәкім өзіне жазылған ерекше тағдыр барын – ұйқыдағы елін оятуы, тыңнан жол салып, қарындастарын өркениет төріне бастауы керек екенін ерте түйсінді. «Түгел сөзді тыңдауға жоқ» қазағының тағдырына алаңдаулы ақын: «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек...» деп, надандық пен талапсыздыққа төзбек емес: «...Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын», «...білсек екен деген адамның баласы екенбіз» деп, замандастарынан көңілі қалса да келешегінен үміт күтеді. Зере мен Ұлжан аналарының көмегімен халық ауыз әдебиетінің мәйегінен ауыздануы өз алдына, ауылға келетін ақындар мен әншілер, көшелі ақсақалдар Абай атты «мөлдір бұлақтың» көзін ашып, кең арнаға салып жібергендей болатын. Олар, әлбетте Құнанбайды іздеп келеді: бала Абай да ел жақсысының әкесіне жақын жүруге, ақылынан азық алуға тырысатынын сезеді: «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор».

«БАСЫНДА ӘКЕ АЙТПАСА, АҚЫЛ ЖАРЛЫҚ»

Абай қос анасының жүрегінен мейірім жиып, ел ісіне араласқан шағында Құнанбайдай данышпан әкенің, замана қайраткерінің турашыл, қайтпас мінезінен ақыл мен қайратты үлгі етеді: «Басында әке айтпаса, ақыл жарлық,/Ағайын ­табылмаса, ой саларлық». Ол «көзінің нұрындай» көретін Әбдірахман ұлының айықпас қазасы үстінде де өзін сабырға шақыра отырып: «мінезге бай... жасынан түсін билеп, сыр бермеген» әкесін ерекше ардақ тұтады. «Арғы атасы қажы еді/Бейіштен татқан шәрбәтты. Жарықтықтың өнері/Айтуға тілді тербетті» дей келіп, қажының асыл қасиеттерін атап-атап көрсетеді: «мал түгіл жанға ­мырза», «мұңды, шерлі алдын кернепті», «әділ, мырза ер», «тентекті ­тыйып, жерлепті», «Қазақтың ұлы қамалып,/Іздеген жүзін көрмек-ті./Ақылынан ап қайтқан/ Өлгенше болар ермекті», «Ол ­сыпатты қазақтан/Дүниеге ешкім келмепті». Данышпан әке жайында дана пер­зентінің ағынан жарылған мадақ сөзіне Құнанбай қажы әбден лайық еді. Себебі, бұл – шынайы лебіз үміт артқан ұлының ғана емес, оны білетін барша жұрттың аузындағы сөз болатын: «Барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай, таңдана түсіп, сүйсініп қалды. «Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» деп ойлады... Құнанбайды өзі көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі ерекше ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын». Жауһар романдағы Қодар мен Қамқа оқиғасына әке мінезіне деген перзентінің таңданысы, оның тәрбие мектебінің бір ғана дәрісі. Білмекке құштар, үйренуге тоймаған жас үшін Қарқаралыда естіген Шөже мен Балта ақындар жырының да жарыққа бастар, тура жолға салар терең тағылым екені анық: «Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,/Абайлар әрбір сөзді өз халынша. Абай Шөже ақын айтқан «Өз басыңды зор етіп, Теңдес қайдан табарсың?/Ағайынды жат біліп,/Жақынды қайдан табарсың?..» ­деген нақыл сөзді кейін өз тұсынан ­былайша зерделейді: «Менсінбеуші ем ­наданды,/Ақылсыз деп қор тұтып./Түзетпек едім ­заманды,/Өзімді тым-ақ зор тұтып». Әсіресе, әкесінің Абайды таңырқатқан табиғи болмысы, оның жан-тәніне сіңіп, азамат ретінде қалыптасуының арқа тірегіне айналады. Тағы да «Абай жолына» жүгінелік: «Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік, мінез бенен іске де алғыр. Осының бәрі, өз ортасын ­бойымен басып, жыға беруге себеп болатын». «...Жүрісте, отырыста Құнанбай әлі тіп-тік. Қазіргі бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын қинап, алаң еткен кісі емес... Бір Тобықты емес, бір ғана қала адамдары емес, тіпті барлық өр мен ылди дейтін сыбайлас елдердің бәрінің де басты адамдары кеп, бір жұмадан бері Құнанбаймен қоштасып, оң сапар тілеп, қамалып жүрген. Шендес, сырлас жақындардың, қарт замандас достардың бір алуаны «жарықтығым, асылым, құт берекем» деп кеп арыздасып, қоштаса да сөйлеген-ді... Құнанбай өмір бойы сараңдықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін. Мына сапарда да сондай бір нәрсеге бекінген сияқты. Бірақ не істемегін, тіпті қатын-балаға да айтқан жоқ. Барып орындап қайтса, сонда білдіреді. Мұхтар Әуезовтің «Абай ­жолында», тіпті бақталас ел жақсыларының Құнанбайдың қасиеттерін мойындауға мәжбүр болатыны да бар. Абай үлгі-өнеге алатын Құнанбай әкесі дала дәстүрін берік ұстанып, өз қоластындағы ел қамын «қалт етпей күзеткен» қайраткер. Сондықтан қажыны білетіндердің оған деген құрметі де ерекше: «...Мұның бәрі қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметі. Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта, теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап: – Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші! – деді...». Немесе «Осы шақта бір үлкен жұбаныш тапқандай боп бара жатыр. Бұны Ұлжанға айтқан бір сөзінде: – Артымда кім қалды дер болсам, тиянақ-сүйенішім жоқ емес. Жолы менің жолымнан басқа болса да, сенің балаң тірегім! Алдынан жарылғасын. Енді өз дегенін етіп-ақ көрсін. Тарпаң ақыл айтып, шаужайламаңдар! – деген болатын», «Абай мен Құнанбай ең соңғы сәтте үнсіз қоштасты. Әкесі ұзақ құшып, әлі аса қайратты қолымен қысып тұрып, Абайдың бетінен иіскеп, демін ұзақ тартып алғандай болды...» («Абай жолы»). Семейлік абайтанушы ақсақал, талай жыл республикалық «Абай» қоғамдық қорын басқарған, ұлы ақынның жиені Ерсәлімов Балташ аға «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары» кітабында Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхамеджановтың төртінші атасы Күдері қожаның Құнанбай жайындағы айтқан сөздерін өз еңбегінде «Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе?! Келеден арнасы бір із емес пе? Қарадан хан болса да реті бар, Салмаңдар қу кеңірдек, қыл өңешке... Кімің бар Құнанбайдан озып туған, ­Айырма елді нағыз иесінен» деп келтіре отырып, одан әрі былайша тарқатады: «Ең алғаш 1824 жылы бекініс болып іргетасы қаланған Қарқаралыда Құнекең аға сұлтандыққа кіріскен алғашқы кезеңнің өзінде орыс шіркеуі тұрғызыла бастайды. Уәли, Бөкей хан иеліктері Көкшетау, Қарқаралы өңірлерінде патша өкіметінің бекініс, округтерінің ашылуы Құнекеңді қатты ойландырады. Ұлт дәстүрін, ­рухын бөтен пиғылдан сақтау мақсатын көздеп және өзі тікелей мұрындық болып салғызған мешіттің тарихы Сібір қырғыздарының шекара бастығы полковник Клейст мырзаға арнайы хат жазуынан басталады екен». Абайдың «Әбдірахман өлгенде» перзентіне арнап айтатын сөздерінің, асылы, хәкімнің өмірлік ұстанымы екені айдан-анық: «Тұла бойың ұят-ар едің, Ескеріп істеп, ойлаған. Тәуекелге нар едің, Талаппен терең бойлаған. Ерлікке де бар едің, Үйренуге тоймаған. Жасқа жас, ойға кәрі едің, Атаңның атын жоймаған».

Болат Жүнісбеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, абайтанушы

1437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы